Рим Папасы Франциск президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға келу жоспарын растады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францискпен бейнеконференция арқылы келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында Қазақстан мен Ватикан арасындағы ынтымақтастықты нығайту перспективалары, сондай-ақ конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогты ілгерілету мәселелері талқыланды», - делінген хабарламада.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қазақстан астанасында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің күн тәртібіне ерекше назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл оқиғаның Қазақстан үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы сұхбаттасушыны конфессияаралық келісім мен бірліктің қазақстандық үлгісі туралы хабардар етті, сондай-ақ ауқымды саяси және экономикалық реформалардың жүзеге асырылу барысы туралы айтты.
Рим Папасы Мемлекет басшысына кездесу мүмкіндігі үшін ризашылығын білдірді және оның Қазақстанға ресми сапарын, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысуын растады. Ол алдағы сапар мен форумға қатысудан үлкен үміт күтетінін атап өтті.
«Мен дінаралық диалогты, мемлекеттердің бірлігін және жақындасуын ілгерілету тұрғысынан осы маңызды оқиғаны асыға күтемін, бұл бүгінгі күні өте маңызды», - деді Франциск.
Ол қазіргі күрделі геосаяси жағдайда әлемдегі бірлік пен келісімге қол жеткізудің айрықша маңыздылығын атап өтті.
«Біз сіздердің елдеріңіздің қаншалықты жан-жақты және біртұтас екенін көріп отырмыз. Бұл тұрақтылықтың негізі. Қазақстанның мұны түсінгеніне қуаныштымыз. Сіз менің қолдауыма толығымен сене аласыз, мен сіздің күш-жігеріңізді бағалаймын», - деді Рим Папасы.