Өзбекстан министрлігі: Өзбекстан Ресейге уәде берген емес

6547
Adyrna.kz Telegram

Өзбекстанның Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі Мәскеуге ресейлік тауарларды Еуропаға экспорттау үшін баж салығынсыз дәліз ретінде қызмет етуді ұсынбады және бұл туралы ресейлік БАҚ-та хабарлау негізсіз. Бұл туралы министрліктің 25 наурыздағы ресми мәлімдемесінде айтылды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Бұған дейін РИА Новости ресейлік басылымы Өзбекстан Республикасы Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі жанындағы Шетелдік инвестицияларды тарту агенттігінің директоры Улугбек Касимходжаевтың түсініктемесіне қатысты ақпарат таратқан болатын, ол басылым мәліметінше, Ташкент Мәскеуге ресейлік тауарларды Еуропаға экспорттау үшін бажсыз дәліз ұсынған.

Агенттіктің хабарлауынша, Касимходжаев Өзбекстанда Еуропамен саудада ЕО-ның «GSP+» кеңейтілген преференциялар жүйесі бар, Мәскеу бұл артықшылықты пайдаланып, Өзбекстан арқылы Еуропаға өз өнімдерін кедендік баж салығын төлемей экспорттай алады.

«Жақында ғана Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі жүйесінде жұмыс істей бастаған Улугбек Касимходжаев РИА Новости басылымы журналистінің сұрағына түсініктеме бере отырып, "GSP+"жүйесінің жеңілдіктері мен преференцияларын қолданудың практикалық аспектілері мен тетіктері туралы толық хабардар болмағанын хабарлады. Оның бұл салада құзыреті жеткіліксіз, бұл оның құзыретіне кірмейді және осы тақырып бойынша мәлімдеме жасауға құқығы жоқ», - деп атап өтті министрліктерде.

Осыған байланысты, Министрлік Улугбек Касимходжаевтың түсініктемесі Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігінің бұл мәселеге қатысты ресми ұстанымы емес екенін мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың сәуірінде Өзбекстан Еуропалық Одақтың GSP+ жүйесіне мүше болды. Бұл жүйе бойынша Өзбекстан Еуропаға 3000-ға жуық тауарды кедендік баж салығынсыз, 3200-ге жуық тауарды кедендік баж салығы төмендетілген негізде экспорттау құқығына ие. 24 ақпанда Ресей Украинаға соғыс жариялағалы халықаралық қауымдастық, соның ішінде батыс елдерінің көпшілігі Мәскеумен экономикалық және саяси байланыстарын үзді. Батыс Ресейге қарсы көптеген санкциялар салды. Осының салдарынан Ресейдің Еуропа елдеріне өнімдерін экспорттау немесе Батыстан импорттау мүмкіндігі айтарлықтай шектелді.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер