1990 жылдың шілде айы. Радиоқабылдағыштан Шәмші ағамыздың концерті беріліп жатыр екен. Арасында журналист қыздың сұрақтарына Шәкең өзі жауап беріп отыр. Демімді ішіме тартып, тыңдай қалдым. Сазды әуен тұла бойыңды балқытып, қиялыңа-қиял қосқандай баурап барады... Есіме 60- жылдардың бас кезі түсті...
Ол кезде мектепте оқимын. Өткен ғасырдың 60-жылдары Кентау қаласы, Тау-кен саласында "проходкалау" жөнінен әлемдік рекордттарды жаңартқан экономикалық та, әлеуметтік мәдени жағынан да, республикада алдыңғы қалалардың бір болды. Кәрі Қаратаудың баурайында орналасқан осы бір шағын да, әсем қалада менің балдаурен балалық шағым өтті. Көктемнің жайма-шуақ күндерінің бірінде № 2 мектеп интернаты, сынып жетекшіміз Хасенов деген ағай ән сабағында: «Ал, балақайлар, бүгін біз мына бір тамаша әнді үйренеміз»,- деді. Қолындағы бір жапырақ қағазда ән мәтіні. «Әннің авторы – сүйікті композиторымыз Шәмші Қалдаяқов» деді де, өзі шырқай жөнелді. «Ана туарлы жыр» әнінің әуені мен тамаша сөзі бәрімізді бірден баурап алды. Шалғай ауылдардан келіп, қалада мектеп-интернатта оқып жатқан қара домалақ балалар алыста қалған аналары есіне түсіп, көздеріне жас алды. Сүйемелдеуші аккардеоншы бала бізден 4-5 сынып жоғары оқитын, кейіннен ел таныған композитор, марқұм Сейдолла Бәйтереков еді...
Радиоқабылдағышты тыңдап отырмын.
Ән қалықтап барып басылды. Шәкең өнер туралы, әндері жайында әңгіме айта бастады... Ақиқатына жүгінсек, өткен ғасырда 90-жылдардың бас кезінде композитор ағамыздың бейнесін, өзімен аралас-құралас үзеңгілес жолдастары болмаса, жалпы халық біле бермейтін еді. Шәмші Қалдаяқовтың тұсында кино, телевидение республикамызда дамыған кезі емес пе? Ол кездері теледидарды қоса қалсаң әншілеріміз ән айтып, ақын-жазушыларымыз өлеңдерін оқып, алдыңғы қатарлы жұмысшы, калхозшы жалынды сөздерімен есте қалатын. Бірақ олардың ортасында халқы шын сүйіп қабылдаған Мұқағалиға да, Жұмекенге де, Шәмшіге де орын табылмады. Кезінде Ресейдің ақын-композиторы, кино-театр әртісі В.Высоцский де орталық телевидениеден аластатылған екен.
1990 жылдың тамыз айында Шәмші ағамыз 60 жасқа толды. Радиодан бір хабар, 2-3 газетте ол туралы мақалалар жарық көрді. 1991 жылы қаңтар айында Алматыдағы орталық концерт залында композитор әндерінен концерт болып, екі кеш зал халыққа лық толды. Бірақ Орталық Комитеттен, мәдениет министірлігінен бірде-бір лауазымды адамдарды байқамадым, атақ-даңқынан ат үркетін өнер адамдары да көзге түспеді. Атақтан жұрдай, шалғайда жүрген Шәмші кім еді олардың жанында? Кешті ұйымдастыруға қарсы болып, кедергілер де келтіргендер болған екен. Осы жағдайлардың бәрі сезімтал Шәмшінің ден-саулығына кері әсерін тигизгені даусыз. Тек қана халқының Шәмшіге деген ыстық ықыласы ғана оны ұстап тұрған екен ғой... «Концертті өткізіңдер, бірақ мерейтой туралы бір ауыз сөз болмасын» деген бұйырыққа қарамастан, ақын Тұманбай Молдағалиев саханада Шәмшіге арнаған өлеңін оқыды. Ұлы режиссер-педагог Асқар Тоқпанов мерейтой иесіне батасын берді.
Сол салқын қабақ Шәкеңнің 60 жылдығына орай атақ бергенінде де байқалды, соның дәлелі ретінде жазушы Оразбек Бодықовтың мына әңгімесін толық беруді жөн көрдім.
"Шәмшінің бұл өмірде тартқан тауқыметі аз емес-тін. Әйтсе де, оған "Қазақ ССР-ы өнеріне еңбегі сіңген қайраткер" деген атақ берілер ме екен? - деп күтіп жүрген күндердің сарсылдырған азабын айтып жеткізуге тіл жетпейді.
Бұл – 1989 жылдың жаз айы болатын. Біздер Шымкенттің түбіндегі Ленинск деген ауылда Темірбеков Райымқұл деген музыкант жігіттің үйінде қонақ болып отығанбыз. Таңертенгілік газетті қарап отырған Шәмшінің даусы оқыс шықты.
- Мә! - деді ол маған газетті ұсынып, - мына указды оқы.
Мен қарасам, газетте Шәмшіге "Қазақ ССР-на еңбегі сіңген мәдениет қызметкері" деген атақ берілген жарлық жарияланыпты. Екеуміз бір-бірімізге жалт қарастық. Сағаттың тықылы тоқтап қалғандай болды. Жүрегімізде жүртін бір әдемі сарын бар еді, ол да сап тиылды... Ал, ең бастысы, екеуміздің бар үмітіміз бірден үзілді. Әсіресе, Шәмшінікі.
Себебі, бар өмірін шығармашылықпен өткізген Шәмшіде не еңбек кітапшасы, не стаж жоқ болатын. Сондықтан да оған зейнетақа тиісті емес-тін. Егер оның композиторлық еңбегі бағаланып, "өнер қайраткері" деген құрметті атақ алса ғана арнайы зейнетақы алатын. Ал, "үздік мәдениет қызметкеріне" ондай ерекшелік тиіс емес.
- Ие, бәрі бітті... Тынды... - деді Шәмші терең күрсініп. – «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» деген екен біреу...
- Апырай, неге бұлай етті? Олардың бұл ісі сізді композитор емес, автоклуб бастығы дегені ғой, - деп қалды Райымқұл.
Ие, кім десе о десін! Әйтеуір, Шәмшіге зейнетақы жоқ. Бүкіл қазақ халқына отыз бес жыл рухани азық берген Шәмші, енді алпыстан асып еңкеюге айналған шағында көк тиынсыз қалды деген сөз бұл.
-Дүниеде не нәрсе терең? Қай көл? - деді Шәмші даусы әрең шығып.
-Білмеймін. Мүмкін, Байкал шығар...
- Жоқ, көңіл,- деді Шәмші. - Бірақ, сол көлдің шөлге айналғаны жаман... Құдайым, Байкал суала көрмесін.
Мен Шәмшіге жалт қараған едім, есіл ер жылап отыр екен. Ол екеуміз үш жыл бірге жүргенде, мен Шәмшінің шын жылағанын көрген емеспін. Жүрегі нәзік, өзі сезімтал Шәмші оп-оңай көңілі босап, көзіне үйірілген қос тамшыны үзіп тастап отырушы еді. Ал, бұл жолы шындап жылады. Әлдекімдердің оңдырмай атқан оғына, қолынан бар келгені ғой, көз жасымен жауап берді. Шәмші – бала сияқты қорғансыз, кейуана секілді дәрменсіз еді. Сондай адамды жылату – адам жүрегіне қуаныш егетін әсем әнді жылатқандай боп сезілді маған. Міне, композитордың 60-жылдығы қарсаңындағы болған оқиға».
Шындығында Шәмші Қалдаяқовтың екінші өмірі, егемендігімізді алған кезден бастау алды десе де болады. Халқы қанша сүйіп, құрметтесе де, Мемлекет тарапынан марапаттардан қағжау көріп қажыған Шәкеңе 1991 жылы желтоқсан айының соңында, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы жарлықтарының бірі болып "Қазақстанның халық артисі" деген ең жоғарғы атағы берілді. Бұл кезде Шәмші ауруханада жатқан еді. Не бары екі айға жетер жетпестен қайран Шәмші дүниеден өтті. Кейіннен "Менің Қазақстаным" әні Егеменді еліміздің Гимніне айналды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды... Бірақ, тым кеш еді, бұл марапаттаулардың қызығын ол көре алмай кетті.
Сонымен алпысты алқымдаған Шәмші Қалдаяқов осы жасына дейін не кино, не телевидение мамандарын қызықтырмаған екен.
Осындай коммунисттік қоғамның Шәмшіге деген теріс көзқарасы қалыптасқан ауыр кезеңде, халқының сүйікті композиторы Шәмшінің жарқын бейнесін экранға шығаруға бел байладым. Бұл да болса ұлы Шәмшінің жаралы жүрегіне демеу болар деген үлкен үміттен еді... Халықтың қалауы да солай болатын.
Композитор ағамыздың экрандағы бейнесін кейінгі ұрпақ көре алмай қала ма? Сонда тек фото-суреттерімен шектеліп қаламыз ба? – деген ой мені мазалай берді. Халық әндерін жатқа айтады, бірақ авторды бір көруге зар. Қой, бұл болмас. Қолдан келсе, Шәмші ағамды тауып алып, киноға түсірейін, өзін сөйлетіп, арман-шерін ақтарып халқына көрсетейін деген шешімге келдім.
Міне «Қайран, Шәмші» атты телефильмнің жобасы да сол шақта көңілге ұялаған еді. Ол кезде мен «Қазақтелефильм» студиясының режиссерімін. Алдында ғана "Барып қайт, балам, ауылға" атты қазақтың біртуар ұлы, шығыс жекпе-жегінің майталманы «Мұстафа Өзтүрік» фильмін түсіріп біткен едім. Ол өз алдына бір тарих.
Керекті материалдар жинамақ болып, кино-фото мұрағатына, ұлттық кітапханаға барғаныммен түк бітіре алмадым. Архивтік кинохроникаларда Шәкеңнің бірде-бір бейнесі болмай шықты. Сонда ғана мен өзіме артылған жауапкершіліктің аса зор екенін сезінгендей болдым.
Сасайын дедім. Енді не істемекпін? Сценарий жазу үшін де көп нәрсені зерттеу керек. Шәкең туралы бірдеңе біледі-ау деген адамдардан сұрастырып едім: «Е-е, сен Шәмшіні Алматыдан таба алмайсың. Оны Жамбыл, Шымкент жақтан ізде» деп кеңес берді. Сөйтіп қатты қиналып жүргенімде, Құдай беріп, «Лениншіл жас», «Оңтүстік Қазақстан» газеттерінде жарияланған жазушы-драматург Оразбек Бодықовтың «Шәмші туралы жыр» деген новелласын оқып, жерден жеті қоян тапқандай қуандым.
Орекеңнің қазақ халқына табыстап кеткен құнды еңбегінің бірі осы естеліктер кітабы. Шәкеңнің өмірінің соңғы төрт жылында жанында бірге жүргенде, Қайран Шәмші бар сырын ақтарығаны белгілі. Шәкеңнің басынан өткен оқиғаларын, әңгіме-дүкен, әзілдерін Орекең қағазға түсіріп отырған. Шәмшінің композиторлығы бір басқа, ол тігісін жатқызып әңгіме айтқанда, тыңдармандарын өзіне баурап алады екен. Қазақтың халық әндернің тарихын өте жақсы білген. Әсіресе, Ақан Серінің "Шырмауық" әні, Естайдың "Қорланын" тыңдаудан бір жалықпаған екен. Тараз қаласы маңындағы Дүнген ауылында, Шәкеңнің бітпей қалған үйінің гаражында түнеген түндерде, қою шәйді ұрттай отырып, таңды атырып, талай әңгімелер айтылған да шығар...
1990 жылы қаңтар айында Шәмші ағамыздың 60 жылдығы Алматыдағы концерт залында өтті дедім ғой. Екі күн қатарынан болған концертке халық көп келді. «Қайран, Шәмші» фильмнің алғашқы кадрлары сонда түсірілген болатын. Сол жолы Шәкеңнің қасына жолай алмадым. Айналасында қаумалаған қарапайым халық қошеметтеп-ақ жүр екен. Қуанып қалдым. Бір байқағаным, ресми лауазымды шенеуніктерден тек сол кезде Алматы қалалық кеңесінің төрағасы Заманбек Нұрқаділов қана көзге шалынды. «Бұл жерде әңгімелесудің реті келмес, кейін жеке сөйлесерміз деп шештім». Алайда, мұнымның қате екенін кеш сездім, себебі, тағы да Шәмші ағамызды таба алмай қалдым. Ол кісімен жүздескенімше де тамылжыған тамыз айы келіп жетті. Шәкең Шымкент қаласынан менің үйіме телефон шалып, алдағы аптада Алматыға келетінін ескертті де, «барған соң хабарласам» деді. Бұдан бұрын сұхбаттасып көрмеген адаммен кездесуге іштей дайындалып жүрдім.
Ағамыз айтқан уақытында келіп, телефон шалып, Құрманғазы оркестірінң ғимаратында болатынын айтты. Салып ұрып сонда бардым. Далада аптап ыстық болғанымен, бұл жерде салқын екен. Анадай жерде, басында қазақы оюланған тақиясы бар Шәмші ағамыз әнші Зейнеп Қойшыбаевамен әңгімелесіп тұр. Жандарында ешкім жоқ. Жүрексінгенімді білдірмей жандарына тақау келдім.
Міне, сәті түсіп көптен сөйлесе алмай жүрген Шәмші ағаның жанында тұрмын. Өзі орта бойлы, қарапайым киінген. Жалпы шырайлы жүзіне ақ шалған мұрты да жарасып тұр.
-Ассалаумағликум, аға, - деп амандасып қолын алдым. – Сізді киноға түсірем деп әбден мазаңызды алып, артыңыздан қалмай жүрген Тілеген Ахмет деген ініңізбін.
Шәкең Зейнеп апайға: «Осы уақытқа дейін «сізді киноға түсірсек» деп, ешкім келмеген еді, «мені түсіріңдер» деп, мен де ешқайда бармаған екем. Ал, мына інім қайда жүрсем де тауып алып, «сізді қайтсем де киноға түсіруім керек» деп, ниет қылып жүр екен, мен келісімімді бердім»,- деді. Апай да ол кісіні қолдап жатыр.
Қуанышымда шек жоқ. Не керек, Шәкең: "Бір айдың шамасында Шымкент жаққа барып келермін, содан кейін жұмысты бастайық" - деген соң келістік.
Негізінде болашақ фильмнің жобасын ойластыра келе, мынадай шешімге келген едім. Шәкең кезінде Қиыр Шығыста төрт жылдай әскери қызметте командир болған екен. Кім біледі, сол бір Сахалиннің қарлы бораны мен теңіз толқындарынан, салқын жазы мен күзгі суықтарынан бір мезгіл тыныстап отырғанда, алыстағы көне, қасиетті Отырар есіне түсіп, сарғайған сағынышынан небір әуендер туған шығар...
Фильм Шәкеңнің әскери қызметте жүрген жері – Сахалин аралынан басталуы керек. Бұл бір жағынан, 60-қа келген ағамызды 25-інде жүріп өткен жерлерін аралатып көңіл сергітіп қайту еді.
Сонымен не керек, Сахалинге ұшу үшін бір ай бұрын билет алу керек екен. Алматы - Хабаровск, одан әрі басқа көлік дей ме, әйтеуір, не керек, билет қолда, Шәмші ағаны күтіп, түсіру тобы сақадай сай отырдық.
Шәкеңнің «келемін» деген уақыты да болды. Бірақ ол кісі келмеді. «Апыр-ай, не боп қалды екен?» деген ой мазалай берді, уәдесіне берік екенін алғашқы кездесулерден-ақ сезіп қалғам. Шымкенттегі туысына хабарластым. Сөйтсем Шәкең аяқ-астынан науқастанып қалыпты, қазір Арыс санаторийінде емделіп жатыр екен. «Енді қайттік?» деп не істерімді білмей жүргенде сол жақтан, Сабырхан Асанов ағамыздың келе қалмасы бар ма... телефон арқылы хал-жағдайын сұрастырып жатырмын. «Шәмші ағаның хәлі өте нашар, қиналып жатыр, кеше Шәуілдірдегі қарындасының үйіне әкелді» деді ол кісі. Сол күнгі Алматы - Шымкент жүрдек пойызымен оператор Аман Ысмайыл екеуміз жолға шықтық. Мақсатым – қайткен күнде де ауылға барып, ағаның хәлін білу, ыңғайы келсе, киноға сөйлетіп, түсіріп алу болды. Түні бойы ұйықтай алсамшы. Ойлар сан-саққа жүгіреді, оған пойыздың дөңгелектерінің тарсылы қосылғандай... Таң ата көзім ілініп кеткен екен... пойыз тоқтап тұр. Шымкенттке келіппіз. Такси жалдап, 150 шақырым жердегі шағын ауылға жеткенімізше, түс ауып қалған еді. Тып-тыныш ауыл көшесімен жүріп келеміз. Әр кімнен сұрастыра келе, үйді де таптық. Киноаппараттарымызды көтере-мөтере аулаға кіріп келсек, қайран Шәмші аға есік алдында екі иінінен әрең дем алып отыр екен. Көрмегеніме бір айдың жүзі болып қалған еді, қатты жүдеп кеткенін бірден байқадым.
Үш күн орнынан тұра алмай, қатты қиналып жатқан Шәкең біз келердің алдында ғана басын көтеріп, есін жиып отырғаны сол екен. Қанша қиналып отырса да, сыр білдірмей, біраз әңгіме айтты. Оларды кинотаспаға түсіріп алдық. Бұл кинокадрлар түгелімен телефильмге енгізілді. Басында көгілдір елтірі терісінен тігілген бас киімі, көзінде мұң, науқастан қажыған Шәкеңнің қолында темекі... Бұл бейне көрермендердің есінде қалған шығар деген ойдамын. Кейіннен осы кинокадр кітаптарға, журналдарға да басылып шығып елге тарап кетті. Осы уақыт ішінде дәмді сорпа да дайын болған екен. Шәкеңді көп қинамай, үйге кіріп, қазақша жайылған дастарханға келіп, малдас құра жайғастық. Шәкең ыстық сорпаны жантайып жатып ішкендей болды. Дастархан үстінде, бізді жөндеп күте алмағанына өкінгендей: "Інім Тілеген, мына аурудан айыққан соң біз кино түсіруді Шардарадан бастайық, онда бар жағдайды жасайтын інілерім бар..."деп ол сөзін аяқтай алмай, ұзақ жөтеліп алып ауыр күрсінді.
Сол жылы Отырар ауданының мерей тойына дайындық жүріп жатқанын, Шәкеңнің оған қосар үлесі – ақын Сабырхан Асановтың сөзіне жазылған "Отырардағы той" екенін өз аузынан естідік. "Мазасын алмайық, дем алсын" деген оймен ол кісіге денсаулық тілеп, аудан орталығына тарттық. Көне Отырар жерінде киноға кіретін біраз эпизодтар түсірілді, содан, бір кездері Шәмші ағамыздың өнер жолы басталған Ташкент қаласына барып, керекті деген жерлерді таспаға тарттық.
Бұдан кейін Шәмші ағаны, басқа да деректі кадрларды пленкаға түсіріп алуға мүмкіншілік болмайтынын мен қайдан білейін... Бәрімізде "Сауығып кетер" деген үлкен үміт болды... Амал не... Алланың ісіне шара бар ма...
Шәкеңнің аяқ-астынан науқастанып қалуына байланысты, толыққанды фильм түсүруге жағдай келмеді. Ендігі мақсатым, халықтың қалың ортасында жүреген Шәмші Қалдаяқов образын, тек қарапайым ауыл адамдары арасында көрсету керек деп шештім. Телефильмдегі мандолмен Шәмші әнін айтып отырған ауыл тракторисінің бейнесі, шағын калхоз концертінде композитор әнін тыңдауға келген көрермендер сұхбаты – соның дәлелі болса керек. Туған жері қасиетті Отырарда түсірілген осы кинокадрлар Шәкеңнің ауыл топырағынан жаралып, өмірінің соңғы кезеңін қарапайым жағдайда, халқының арасында өткізу бейнеленген бұл фильмде.
Шәкеңді сол ауылда жатқан жерінен Алматыға алдырып, «Совминнің» ауруханасына жатқызған ақиық ақын Мұхтар Шаханов ағамыз болатын. Әйтпесе, тек коммунист шенеуніктер емделетін ауруханаға, партияға да мүше емес, өмірінде партия туралы бір ән жазбаған Шәмші Қалдаяқовты кім жолата қояр дейсің...
Фильмді монтаждау үстіндемін, ол кезде қазіргідей видео жоқ, кинопленкаға түсіреміз, оның да өз қиыншылықтары жетерлік, көп уақыт алады.
Күнде жұмыстан соң Шәкеңе бір соқпай кетпеймін, жаңа газеттер апарып, фильмнің түсірілу барысынан хабардар етіп тұрамын. Бір күні сол қабаттағы кезекші медбикемен сөйлескенімде ол кісінің жазылмайтын дертке шалдыққанын естідім. Тұла бойымда ток жүріп өткендей болды. Бұдан кейін менің Шәкеңе деген ыстық ықыласым арта түсті. Фильмнің сәтті шығуын асыға күттім. Бар арманым тезірек бітіріп, Шәкеңнің өзіне көрсету... Әдетімше ауруханаға келдім, сөйтсем, кезекші келушілерді жібермей тұр екен. Мен оның жанына келіп, Шәмші Қалдаяқовқа жіберуін өтіндім.
- Ол қай Шәмші? Анау алқаш па? Ана жылы бір тойда араққа тойып алып құлап жатқанын көргенмін, - деген дауысты естіп, артыма жалт қарасам, жасы қырықтарды шамалаған, беті ұсқынсыздау, аузы басы алтынға толған, үлде мен бүлдеге оранған, семіздіктен жарылып кетердей болып тұрған, пәкене келген, беті секпіл-секпіл әйелге көзім түсті. Шыдай алмай, қаным басыма шауып: "Сіз олай ғайбат сөйлемеңіз! Оның қандай халде жатқанын білесіз бе?! Құдай басыңызға бермесін", - дедім. Сонда Шәкеңнің ішімдік деген пәлені аузына алмағанына көп жыл болған, 1991жылдың желтоқсан айы еді.
Жаңа жыл қарсаңында 1991 жылдың 30 желтоқсанында Шәкеңді ауруханадан үйіне алып кетуге келдік. Отбасына барып демалғанын қалады. Шәкең осы екі айда қатты әлсіреп қалыпты. Тіпті әлсіздіктен өз аяғымен жүре де алмай қалған екен. Түсіру тобының салдырлап қалған ескі "Кубань" автобусына дейін коляскаға отырғызып жүргізіп келем... "Міне, осындай күйге түстік, қарағым", - деп ауыр күрсінді Шәкең аға.
Шәкеңді үйіне алып келіп, отбасының ортасында киноға түсіріп алудың сәті түсті. Балалары Әбілқасымды рояльда, Мұхтарды скрипкада ойнатып түсіріп алдық.
Жаңа жылдың алдында композиторлар Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуовке "Қазақстанның халық әртісі" деген атақ берілді.
- Аға, Президентіміз қолдап, халқымыз құрметтеп, сізге абыройлы, үлкен атақ беріп жатыр! - деп құтықтадым.
- Рахмет, елеп-ескергендеріне... Ертерек бергендерінде темір-терсектері таусылып қалмас еді ғой...- деп, ол ауыр күрсінді.
Бір кездері Дінмұхаммед Қонаевтың Шәмші ағаға сыйға берген пәтерінде, Шәмшінің өмірінің соңғы кадрлары осылай отбасы ортасында түсірілген еді.
Сонымен не керек, фильмнің монтажын бітіріп, көшірмесін жасайтын цехқа тапсырдым. Дегенмен, көңіл шіркін көншімеді. Себебі, Шәкеңнің науқасына байланысты "айтылуы керек еді-ау", деген көп нәрселерді іске асыра алмадым... Тек қана Шәмші ағамды ірі планда, үлкен ой үстінде түсіріп алғаныма шүкіршілік еттім. Сол кадрларға қарап отырып, ол кісінің бетжүзінен, көз жанарынан өзі өмір сүрген уақыт табын сезімтал жүрек сезер деп ойлаймын.
Фильмдегі басты эпизодтардың бірі, Шәмшінің "Менің Қазақстаным" әніне арналған. Ол бұл әннің шығу тарихын қысқаша баяндап берген еді.
1986 жылғы желтоқсан айның көтерілісі кезінде мен Алматы көркем-сурет институтында оқып жүргенмін. Оқиға басталардан бір күн бұрын, дәлірек айтсам, 16-нан 17-не қараған түні жатақханадағы студенттер жанталасып ұрандар жазып жатты. Бір топ жігіт түн жамылып, қала жастарын алаңға шығуға үгіттеу үшін, Алматыдағы студенттердің жатақханаларына аттанып кеткен.
Менің көз алдымда желтоқсан көтерілісі осылай басталған еді. Содан қаладағы жастар "Менің Қазақстаным" әнімен рухтанып қарулы әскерлерге қатты қарсылық көрсетті.
Кадрда: Қарт ана жалғыз өзі трибуна жанындағы тепкішекте отыр. Әжім басқан бет жүзінде қасірет табы көрінеді. Бұл – ұл-қыздары жапа шеккен көп аналардың бірі еді. Алыстан бүлдіршіндер хорының орындауында "Менің Қазақстаным" әні естіледі, ол бірте-бірте күшейе түседі. Экранда желтоқсан көтерілісінен көріністер өтіп жатыр. Бұл – КГБ тыңшыларының жасырын түсіріп алған кинобейнелері болатын.
Міне, қарт ана қан төгілген алаңнан әзер кетіп бара жатыр, осы кезде кейуананың жүрек дүрсілін естиміз.
1992 жылдың ақпан айында кезекті кино түсірілім қамымен жол-сапарға шықтым. Ол жақта жүргенде де болашақ фильмнің тағдырына алаңдаумен болдым. Пойызбен Алматыға келе жатып, радиодан Шәкеңнің – қайран Шәмші Қалдаяқовтің қайтыс болғанын естідім. Вокзалдан тура Ғабит Мүсірепов атындағы жастар театрына тарттым. Халық көп жиналған екен, келіп жатқандар легі толассыз. Оңашада тұрып мен Шәмші ағамен үнсіз қоштастым...
Әнін айтып ер жеткеніммен, Алла тағала ол кісімен кездестіруді өмірінің соңғы айларына жазыпты. Мен композитордың сол бейнесін мүмкіндігім болғанша, қаз-қалпында болашақ ұрпақтар үшін түсіріп алып қалуға тырыстым.
Шәмші аға, қайтыс боларынан бір күн бұрын, халін сұрай барғандарға, өзі туралы түсірілген тұңғыш фильмді көргісі келетінін айтыпты... Олар болса мені іздеп студияға келеді, фильмді сұраса, ондағылар көшірмесі дайын болмағанын айтып шығарып салыпты...
Осыны естігенде неге екенін білмеймін: "Ағаның фәнидегі көп армандарының соңғысы осы болып қалды ма екен?"- деген ойда қалдым...
Қайран, Шәмші...
Тілеген АХМЕТ,
Abai.kz