Жазықсыз қырылғандардың жаны жай тапсын деп...

3944
Adyrna.kz Telegram
10/12/1915-Execution of Austrian spy by Serbian Gendarnes. --- Image by © Bettmann/CORBIS
10/12/1915-Execution of Austrian spy by Serbian Gendarnes. --- Image by © Bettmann/CORBIS

ХХ ғасыр Қазақстан үшін ең ауыр және азапты кезең болды. Қазақ халқы аштық, әділетсіз қудалау мен соғыс, көтеріліс, күштеп қоныс аудару саясатын бастан кешіріп, миллиондап қырылды. Сталиндік жүйе елді, халықты сақтап қалуға тырысқан ұлт зиялыларын қудалап, саяси қуғын сүргін ұйымдастырды. Олардың ішінде Алаш арыстарынан бастап, қарапайым шаруаларға дейін бар еді. Отызыншы жылғы қырғын кейін де жалғасын тапты. Кеңес-герман соғысында да қудалау шаралары жүріп жатты, ал соғыстан кейін тарихты, әдебиетті зерттегендер де қыспаққа алынды. Соғыста Германия тарапына өтіп, «Түркістан легионында» соғысқандар жайлы әлі нақты ақпарат жоқ, оларды ақтау шаралары іске аспай жатыр.

Қазақстан тәуелсіздігін қалпына келтірген сәттен бастап, репрессияға ұшырағандарды ақтау шараларын бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары саяси қуғын құрбандарының басым бөлігі ақталды, алайда толық емес. Сондықтан соңғы жазықсыз тұлға ақталғанша бұл жұмыс жүргізілуі тиіс деген позиция бар және ол іске асуда.

Қазақстанда 2020 жылғы 24 қарашада Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссияның жұмыс жоспарында 19 іс-шара қарастырылған. Олар ашаршылық жылдарынан бастап жазықсыз қудаланғандарды ақтап, арнайы құжаттарды көтеріп, архивті тексеру үстінде. Тарихымызда азаттық үшін арпалысып өткендер аз емес. Отызыншы жылғы қолдан жасалған ашаршылықта 372 ресми көтеріліс болып, онда ондаған мың адам қаза тапты. Оның барлығы дерлік есімі ақталып, әділетті тарихи бағасын алмады. Бұл ұлт пен ата баба алдындағы орындалуы тиіс борыштың өтелмегендігі іспеттес сипатталып келеді. Араға жылдар салып, сол боздақтарды ақтау жұмыстары да басталды. Ел арасында «басмашылар», ал шындығында азаттық үшін күрескендерді саяси тұрғыдан ақтау бойынша мемлекеттік комиссия құрылды.

Жалпы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссия бұрын да болды. Ол тура депутат Берік Әбдіғаниұлы былай деп пікір білдірген еді: «Құрбандарды ақтау комиссиясы бұрын да болды. Бірақ белгілі бір баптар бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған адамдар сол заңның аясынан тыс қалды. Мәселен, «бандитизм» бабы бойынша айыпталғандардың арасында ақталғандар жоқ еді. Негізінде олар қарақшылар немесе бандиттер емес еді ғой. 1928, 1931, 1933 жылдары малы тәркіленгенде билікке бағынбағандар болды, олардың бір бөлігі ақталмады. Олардың арасында адам өлтірген адамдар да болды, олар ақталмай қалды. Олар «қызылдарды» өлтірді. Меніңше, сол көтерілістерге қатысушылардың көпшілігі ақталған жоқ. Осы комиссияда жұмыс істей отырып, ақталғандардың басым бөлігі 1989-1992 жылдар аралығында екенін көрдік. Ал ақталмай қалғандардың көпшілігі адам өлтіргені үшін қылмыстық істер бойынша сотталғандар. 1993 жылғы заңда сотталғандарды, сот үкімімен атылғандарды және аты шулы «үштіктерді» ақтау қарастырылған. Біз бұл тізімдерді кеңейтіп, Қытайға, Ресейге, Өзбекстанға, Қырғызстанға депортацияланған, мүлкінен айырылғандарды қосуды көздеп отырмыз. Бұл кісілердің тізімі жоқ, атамекенін тастап кеткен жүздеген, мыңдаған қазақтар туралы ғана мәлімет бар. Комиссия оларды оңалтуға жататындар тізіміне енгізу мәселесін көтеріп отыр. Түркістан легионында қызмет еткен адамдарды ақтау мәселесі де қарастырылуда. Олардың көпшілігі тұтқынға түсіп, легион құрамында соғысуға мәжбүр болды. Олардың арасында ақтауға жатпайтындар да бар дейді. Мұндай адамдар туралы даулы мәселелерді жеке қарастыру керек. Олардың көпшілігі өлім жазасына кесілді, яғни репрессияға ұшырады. Кейбіреулері 20-25 жылға сотталды. Бірақ, мысалы, Жамбыл облысының бір тумасы Франциядағы барлық тұтқындардан жасақ жинады. Осындай қарама-қайшы жағдайларды зерттеу керек. Қазір комиссия аясында 1927-1933 жылдары әрекет еткен қарақшы деп аталатын қарулы жасақтардың мәселесін зерттеумен көбірек айналысамын. Тізімдері жасалады. Қ.Алдажұманов пен Т.Омарбековтың, басқа ғалымдардың Батпаққарадағы, Созақтағы көтерілістерге, Маңғыстаудағы Адай көтерілісіне, Абыралыдағы көтерілістерге қатысты деректері бар. Көтерілісшілердің есімдерін халыққа қайтаруымыз керек. Аты аталғандардан басқа тағы жүздеген топтар болды. Бұл адамдар шынымен батыл әрекет етті. Ырғызда, Қарақұмда, Қызылқұмда көтерілістер болып, қызылдар мешіттерді атқораға айналдырды. Имамдар мен хазіреттер мұны ақырзаман белгісі ретінде бастан кешірді. Ал ол жерде көтерілісшілер билікке аштықтан емес, дінін қорғап, рухын қорламау үшін шықты. Малды тәркілеуге наразылық екінші мәселе болатын, біріншісі рузани тәуелсіздігін, рухани байлығын қорғау үшін еді. Қуғын-сүргіннің неліктен байлардан басталғаны құжаттарда көрсетілген. Халық арасында олардың беделі Кеңес үкіметінен де жоғары болды. Сондықтан бірінші солардан бастады. Мал-мүлікті тәркілеу, байларды көшіру осы мақсатпен басталды. Байларды шығыстан оңтүстікке, солтүстіктен батысқа жіберіліп, ауылдарды таратып отырды», - дейді ол.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, Мемлекеттік комиссияның қызметін қолдау жөніндегі жобалық кеңсенің жетекшісі Сабыр Қасымов қуғын-сүргін құрбандарын толықтай құқықтық және саяси ақтау қажеттігі туралы былай дейді: «Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарының осы санатын толық құқықтық, ең бастысы, саяси оңалту туралы арнайы мемлекеттік акт қабылданған жоқ. 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының заңында қуғын-сүргін құрбандарының бұл санаты мүлдем аталмаған, азаттық үшін күрескен құрбандар туралы бір ауыз сөз жоқ. Бұл қуғын-сүргін ең ұзақ, ең жүйелі және ең қатыгез және жасырын болғанымен», - дейді ол.

Сабыр Қасымовтың пікірінше, уақыт өткеніне қарамастан Қазақстанның бостандығы мен тәуелсіздігі үшін азаматтық күрес жүргізген, бірақ сол үшін қуғын-сүргінге ұшыраған халықтың, халық топтарының, саяси және қоғамдық ұйымдардың саяси әрекеттерін ақтау қажет. Қоғамдық-саяси, рухани, ғылыми, мәдени және шығармашылық салалардағы осындай қызметі үшін қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды ақтау да жалғасын табатын болады.

Cабыр Қасымов тағы бір сұхбатында былай деген еді мемлекеттік комиссия мен ақтау процесі жайлы: «Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін 1928-1932 жылдардағы қазақстандықтардың жаппай саяси қуғын-сүргінімен ұштасып, қазақ халқының тең жартысының қырылуына әкеліп соқтырған саяси науқандар ең үлкен қасірет болды. Сол кезде қазақтың жартысы аштықтан ғана өлді деуге болады. Большевиктік-сталиндік биліктің халық көтерілістерін басу, саясатты халыққа қарсы зорлық-зомбылықпен жүзеге асыруы кезінде қазақтардың көп бөлігі қырылып, қаза тапты. Біз олардың санын алғаш рет анықтауға тырысамыз.

Осы жолы халыққа қарсы әрекеттердің қандай мақсатпен, қандай әдістермен жасалғанын, олардың қандай әлеуметтік зардаптар мен адам шығынына әкелгенін соңына дейін жеткізіп, жан-жақты және объективті түрде тексерсек, зерттесек, онда біз баршаға нақты көрсетіп, дәлелдей аламыз. Сонда біз халқымыздың осы қасіретіне халықаралық баға беру мәселесін сенімді әрі нанымды түрде қоя аламыз. Сондықтан мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Мемлекеттік комиссия 10 жұмыс тобының 5-і негізінен шаруаларға қарсы саяси қуғын-сүргіндерді зерттейді деп шешті», - дейді.

Елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясы осылайша өз жұмысын жасауда. Мыңдаған жазықсыз жанның қырылып, миллиондаған халықтың босып кетуі, аштан өлуіне саяси баға беретін, әділетті шешім қабылдайтын уақыт та жақын қалғаны анық. Бастысы асығыстық танытпай, әр құжатты мұқият зерттеп, нақты дәлелдемелермен жұмыс жасау. Барлығы да жазықсыз қырылғандардың жаны жай тапсын деп іске асуда...

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер