Петропавлдан Ресейге көшуді жоспарлағандар ойларынан жаппай айнып жатыр

2995
Adyrna.kz Telegram

Баспанаға сұраныс әлі азая қойған жоқ. Кейбірі тіпті соңғы жиған-тергенін жұмсап, қарызданып, қауғаланып үй алып жатқан шығар. Осы тұста кейбір өңірде баспана бағасы ірі мегаполистердегі бағамен бірдей болып қалғанын айту керек. Мәселен, Петропавлда үй сұмдық қымбаттады деген қауесет тарауда. Жаңадан салынған баспана болсын, ескісі болсын, қай-қайсының бағасы қалтаны қағады. Қазір шаһарда пәтердің бір шаршы метрі орта есеппен 320 мың теңгеден басталады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы 24.kz сайтына сілтеп.

- Осы күні Петропавлда бір бөлмелі пәтер алу үшін қанша қаражатыңыз болуы керек? Қазір өңірде қанша адам үй кезегінде тұр?  

- Қазіргі таңда қалада бір бөлмелі пәтер сатып алу үшін қалтаңызда кем дегенде 14-15 миллион теңге қаражатыңыз болуы қажет. Ал 3-4 бөлмелілері 40-50 миллионға дейін кетіп қалады. Айлығы шайлығына жетпей жүрген қарапайым халық үшін аз ақша емес әрине. Бірақ қымбатшылық қыспаққа алып, нарықтық баға бағынбай тұрса да аймақта баспана алуға сұраныс еш кеміген емес. Мамандардың айтуы бойынша өткен жылмен салыстырғанда пәтер құны орта есеппен 20 процентке өскен. Бұған құрылыс материалдарының қымбаттауы да әсер етпей қоймады. Ал үкімет зейнетақы қорының бір бөлігін үй алуға жұмсауға рұқсат берді. Мұнымен қоса теңгенің тұрақсыздығына байланысты халықтың көбінің қазір баспана алып қалғылары келетіні рас. Ал сатылымға шығарылған үйлер соңғы кездері керісінше азая бастаған.

Осы сұрақ бойынша риэлторлық компания өкілдерінің берген жауабы:

"Жасыратыны жоқ, көрші елдегі жағдай біздегі жылжымайтын мүлік нарығына да әсер етпей қоймады. Мәселен, соңғы он күнде бірнеше банк пайыздық мөлшерлемесін 5 процентке дейін жоғарлатып жіберді. Мұнымен қоса Ресейге көшуді жоспарлап отырғандар ойларынан жаппай айнып жатыр. Бұл да бағаның қымбаттауына септігін тигізеді. Неге десеңіз, сатылымға шығарылған баспаналар саны азайып жатыр. Яғни бәсекелестік болмаған жерде баға шарықтайтыны айтпаса да түсінікті" деп жауап берді жылжымайтын мүлік агенттігінің жетекшісі Гүлмира Ғалымжанова.

Былтыр Петропавлда 222 мың шаршы метрді құрайтын баспана халық игілігіне тапсырылған екен. Бірақ бұл аздық етіп отыр. Өйткені қазіргі таңда қалалық әкімдікте 15 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр. Мамандардың айтуы бойынша жазға қарай баға тағы шарықтамаса арзандамайды. Жалпы Петропавл баспана бағасы қымбат қалалардың тізімінде. Қазірдің шаһар бесінші орында тұр.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер