Маңызды мәселе: мемлекеттік тілді реформалау тарихы

2841
Adyrna.kz Telegram

Еліміздегі өткір тұрған мәселелердің бірі қазақ тілін көркейту мәселесі. Мемлекеттік тіл ұзақ жылдар бойы өзінің лайықты орнын қоғамда да, мемлекеттік басқару иерархиясында да ала алмауда. Оған әрине көптеген факторлар әсер етеді. Ол ішкі және сыртқы деп екіге бөлсек болады. Ішкі факторға мемлекеттік саясатта тілді реформалауға қырын қарауды айтсақ, сыртқы факторге Ресейдің ықпалын жатқыза аламыз. Дегенмен мемлекеттік тілді дамыту мәселесі нәзік әрі тым асығыстықты қажет етпейді. Себебі реформаны жылдам жүргізуге тырысу тілдің заңдылықтарын сақтамастан оған нұқсан келтіретін өзгерістерге әкелуі мүмкін. Әлемде көптеген мемлекеттер тілдік реформа жасау барысында төл дыбыстарынан айырылып қалған сәттер аз емес.

Тілге реформа жасау дегеніміз тек әліпбиді өзгертумен шектелмейді. Ол жаңа терминдерді енгуз, тілді ғылым тіліне айналдыру, жаңа кітаптар мен туындыларды аудару және оны жазып шығу, мемлекеттік тілді компьютер тіліне негіздеу, балаларға қызықты тіл үйрету анимацияларын жасау және тағы басқа қадамдардан тұрады.

Мемлекеттік тілді реформалау туралы бастамалар тәуелсіздікті қалпына келтірген күннен бастап айтылып келеді. Әліпбиді өзгертуден бастап конституциядағы орыс тілінің ресми тіл статусын алып тастауға дейінгі сан түрлі ұсыныс пен сан түрлі бастама көтерілді. Дегенмен тілді реформалау мемлекеттік тілді латын әліпбиі негізіне көшіруді нақты бағдарлама ретінде қабылдаған сәттен бастап басталды десек те болады.

Қазақ тілін латын әліпбиі үлгісіне көшіру бірнеше қажеттіліктен туындап отыр. Ол ең алдымен ғылым және білімнің ағылшын тілінде болуы, компьютер тілінің латын әліпбиі негізінде жасалуы. Бірақ бұл тұрғыда тілді реформалаумен қатар, халықтың да көңіл-күйін ескерген абзал. Түркияда, Түркіменстанда, Әзірбайжанда және Өзбекстанда латын әліпбиін енгізу тәжірибесі тілге қатысты мәселелерде басым рөл саяси шешімдерге емес, халықтың көпшілігінің пікіріне тиесілі екенін көрсетті. Соның салдарынан әліпби жасаушылардың көптеген ұсыныстары мен нұсқаларын халық қабылдамады, ал кей тұста тіпті төл дыбыстар жойылып кетті. Қазақстан ол қателіктен сабақ алып, латын әліпбиіне негізделген жаңа алфавитті жан-жақты талқылап жатыр.

Өзбекстанда 30 жылдан астам уақыт бойы халықпен талқыламай қабылданған латын әліпбиінің нұсқасын қоғамда қабыл алу қиынға соғуда. Ал бұл мәселеге соңғы елдің басшысы Шавкат Мирзиеев қана нүкте қоя алды. Ол жай ғана филологтарды, өзбек тілінің білгірлерін жинап, олармен арнайы жиындар өткізіп, халықтың ойы мен пікірін ескере отырып әліпбиді өзгертуді түбегейлі аяқтады. Осылайша Өзбекстанда отыз жыл бұрын қабылданған әліпби іс жүзінде енді іске асып жатыр десек болады. 30 жыл бұрынғы мәселе бір аптада шешілді. Ұлттық тілдің латын әліпбиінің соңғы нұсқасын бүкіл өзбек қоғамы біржақты оң қабылдай бастады. Бұл мысал тілді реформалауда қоғамның пікірі мен ойын ескеру қажет екенін нақты көрсете алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты да дәйекті ұстанымы мамандардың, ғалымдардың пікірі алдыңғы қатарда тұруы тиіс. Мемлекет басшысы екпінді «Мәселе кириллицадан латынға көшуде емес, қазақ тіліне ауқымды реформаның жүргізіліп жатқанында» деп анық және нақты айтуда.

Шынында да, әңгіме әріптерді немесе таңбаларды ауыстыруда емес, алфавит жасаудың, емлесі мен ережесін, сөзжасамдық және терминжасамдық үдерістердің негізгі принциптерін сақтай отырып, түбегейлі жүйелі әрі тиімді реформа жасауда болып тұр. Ол үшін біз қазақ тілінің алфавиттік тарихына көңіл аударуға тиіспіз.
Қазіргі қазақ тіліне жақын тілдің қалыптасуы мен дамуы ХІІІ-ХІV ғасырларда жүзеге асты. Алфавиттік жазудың ең көне түрлерінің бірі – 6-7 ғасырларда пайда болған көне түркі жазуы. Мұндай жазудың ең алғашқы ескерткіштерінің бірі 1896-1897 жылдары Қазақстанда Әулие-Ата (қазіргі Тараз қаласы) маңынан табылған. Онда көне түркі жазулары бар 5 тас табылды. Ал 1940 жылы Шығыс Түркістаннан 8 ғасырдың ортасындағы көне түркі жазуының жақсы сақталған 4 қолжазбасы табылды. Бұл олжалардың ғылыми маңызы зор болды. Араб жазуы Орта Азия мен Қазақстанда рухани және зайырлы мектептерде, ресми хат алмасуда қолданылды. Ғимараттар мен құрылыстардың бағаналары, күмбездері әдемі ою-өрнектермен безендірілген еді және онда әріптік жазулар көрініс тапты. Ғалымдар мен ақындар шығармаларын араб тілінде жазып, көбіне жоғары көркемдік деңгейде жасай білді. Шығыстың көрнекті ойшылдарының барлық шығармалары араб және парсы тілдерінде жазылған, өйткені бұл тілдер халықаралық деп саналды. Қазақстанда да солай болды.

Қазақстанда араб жазуы 10-20 ғасырлар аралығында 900 жыл бойы қолданылған. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынов араб жазуы негізінде қазақ жазуына реформа жасап, шетелде тұратын миллиондаған қазақтардың оны қолдануына мүмкіндік берді. Қазақ тілінде қолданылмайтын араб әріптерінің барлығын алып тастап, қазақ тіліне тән әріптерді қосты. «Жаңа емле» деп аталатын жаңа әліпбиді Қытай, Ауғанстан, Иранда тұратын қазақтар әлі күнге дейін қолданады. Оны кейде ел арасында «төте жазу» деп те атайды.

1917 жылдан кейін Қазақстанда латын әліпбиіне көшу қозғалысы басталды. Бірақ нақты қозғалыстар Қазақстанда латын графикасына көшу қозғалысы 1923 жылы бастау алды. Көптеген талқылаулардан кейін 1929 жылы қазақ әліпбиі латын әліпбиіне көшірілді. Латын графикасында газет-журнал басылып, мектептерде латын әліпбиі енгізілді. Осының бәрі білім берудің жаңа түрін, оқулықтар шығаруға және мұғалімдерді дайындауға орасан зор шығындарды талап етті. Латын негізіндегі қазақ әліпбиі 30 әріптен, оларға қазақ тілінің нақты дыбыстарын жеткізуге қажетті белгілермен толықтырылған еді. Дегенмен, Қазақстандағы латын графикасының ғұмыры 1929 жылдан 1939 жылға дейін ғана болды. Яғни он жыл. Бұл тым қысқа уақыт және қоғам санасына сіңіп үлгермеді.

Латын әліпбиін қолдаушылардың Еуропа мәдениетін оның көмегімен түсінуге деген үміті ақталмады. Латын графикасын меңгеру мәдени дамудың еуропалық деңгейдегі жетістіктерін меңгеруді механикалық түрде қамтамасыз ете алмады. Латыншылар мектепте шет тілдерін оқуды да ұйымдастыра алмады. Әйтсе де бұл қазақ жазуы мен баспа өнерінің дамуындағы белгілі бір кезең еді. Бұл кезеңдегі кітаптар қазақ халқының мәдениетінің нысаны мен мазмұны жағынан ұлттық қорына енді. Кейін кириллицаға аударылды. Қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сай 42 әріптен тұратын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпби жобасы 1940 жылы ұсынылды. Сол кезден бастап мектептерде қазақша кітаптарды, газет-журналдарды басып шығару, ресми хат-хабарларды жүргізу, мектептерде оқыту жаңа қазақ әліпбиімен жүргізіліп келеді. Кириллицаға қарсы тарап қазірде көп. Олар кириллицаны заман талабына сай емес және ғылыми жетістік жасалатын әліпби түрі емес деп санайды.

Қазақ тілін реформалау жайлы нақты ұсыныстар 2017 жылы басталды. Онда алғаш рет қазақ тілін латын әліпбиіне өткізу, ал орыс тілінде сөйлейтін жандар үшін кириллицаны қалдыру мәселесі айтылды. Осы уақытқа дейін латын әліпбиінің сан түрі ұсынылып, талқыланды. Бірақ әлі бірде-біреуі нақты қабылданбады. Соған қарамастан мемлекеттік мекемелерде, дүкендер мен ғимараттар сыртынды латын әліпбиіне негізделген жазулар саны артуда. Бұл қоғамның санасы мен көзін жаңа оң өзгерістерге үйрету тәсілі десек те болады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер