Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған шараларды білесіз бе?

10949
Adyrna.kz Telegram

2015 жылғы сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев өткеннің ең қасіретті оқиғаларын зерттей отырып, шаң басқан архивтегі талай деректерге үңіліп, бейтараптылық танытуға шақырды. Қазақтың көп ұлттылығы кеңестік саяси жүйенің жемісі болғанымен, тағдырдың жазуымен қазақ даласына келген өзге ұлт өкілдері кең байтақ дархан даланы мекен етті.  Қазақ жері тарыдай шашылған түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақтың астына біріктіріп, оларды біртұтас, ынтымағы мол халыққа айналдырды. Бұл - үлкен ерлік.

Алдымен тарихтың ең қиын-қыстау кезеңдеріне көз жүгіртейік. 1928 жылдың аяғында «буржуазиялық ұлтшылдар» атанғандардың барлығы дерлік – Алашорданың бұрынғы басшылары жалған айыппен тұтқындалды. «Алаш» партиясының бұрынғы өкілдерін барлық әдіспен қылмыстық қудалау басталды: бұқаралық ақпарат құралдарында қайраткерлерге жала жауып, тікелей арандатушылыққа, отбасы мүшелерін тұтқындауға дейін қолданылды.
С.Хожанов, Ө.Исаев, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов, О.Жандосов және тағы басқалар «ұлтшыл фашизм», жапон барлауымен байланысы, тыңшылық әрекеттері үшін айыпталды. Бұл кезеңде Ж.Аймауытов, Ә.Байділдин, Д.Әділев атылды, қалғандары әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Олардың біразы 1937-1938 жылдары (М.Дулатов және т.б.) лагерьде қаза тапты.

Ұлттық зиялы қауым өкілдерінің тағы бір тобы, 40-қа жуық адам 1930 жылы қыркүйек-қазан айларында тұтқындалды. Көп ұзамай олардың 15-і (М.Тынышпаев, Ж.Ақпаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Қ.Кемеңгеров және т.б.) Ресейдің шалғай аймақтарына жер аударылды. 1937-1938 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған, «ұлттық фашистер» дептжала жабылғандардың арасында бір кездері Қазақстанның мүддесін қорғаған, 1931-1933 жылдары қазақ халқының жаппай қырылуына ашық наразылық білдіргендер де болды.

Репрессияға ұшыраған қайраткерлерді қамауға алатын, айдауға жіберетін ГУЛАГ, Карлаг (Қарағанды ), Степлаг (Дала), АЛЖИР (Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған, Ақмола қаласында) лагерлері құрылды. Ол аумақты тiкенектi сыммен қоршап, тiсiне дейiн қаруланған әскер бөлiмдерi күзеттi.

Аналарға қатігездік көрсеткен «АЛЖИР» сияқты лагерь дүниенің еш жерінде болмаған. АЛЖИР казармаларында 18 мыңнан астам әйел болған. Кейіннен өлім жазасына кесілген адамдарды жаппай жерлеген орындар да жарыққа шыға бастады. Солардың бірі Алматы маңында 1937- 1938 жылдары Жаңалық ауданында кездейсоқ табылған.

Тоталитаризмнің мыңдаған жазықсыз құрбандары жасырын жерленді, олардың ішінде белгілі жазушы-ақындар М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, көрнекті ғалымдар А.Байтұрсынов, С.Асфендияров, ірі мемлекет және қоғам қайраткерлері, басшылары да бар еді. Қуғын-сүргінге ұшырағандардың құрамында қазақтар, поляктар, орыстар, немістер, корейлер, ұйғырлар, өзбектер, т.б. да болды. Ресми деректерге сүйенетін болсақ, 1937 жылы тәжіктер арасында жеті адам, өзбектерде бір адам, әр халықтан екі немесе үш адам, қазақтарда жиырма бес мың адам репрессияға ұшыраған.

100 мыңға жуық қазақстандық осы оқиғаның құрбанына айналып, оның 20 мыңнан астамы атылды. Жазықсыз сотталғандар қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышпаев, М.Дулатұлы, Т.Рысқұлов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Сейфуллин сынды көрнекті мемлекет және саяси қайраткерлер бар еді. 2020 жылдың 4-желтоқсанында Нұр-Сұлтанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті, оны құру туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айында мәлімдеген болатын. Бұл тақырып республикада ұлттық егемендік және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мәселесімен байланысты қозғалды. Халықаралық мемориалда «Коммерсант» репрессия құрбандары санаттарының толық тізімін жасау «Ресейде де шешімін таппаған маңызды міндеттердің бірі» екенін еске салған еді. Осы мақсатта мемлекет тарапынан құрылған комиссиялар өз жұмысын әрі қарай жүзеге асырып жатты. Олардың басты мақсаты - 20-ғасырдағы ашаршылық пен репрессияға саяси баға беріп, ғылыми тұрғыда зерттеу. Соның негізінде жан-жақты зерттеу, арнайы тарихи құжаттарды жинақтау, оларды кітап қылып басып шығару, есімдері белгісіз күйде қалған азаматтардың тізімін анықтау сияқты көлемді жұмыстар жасалып жатыр. Ал арнайы комиссияға жүктелген міндет:

1. Осы оқиғаға қатысы бар қазақтарды ақтау туралы заңнама ұсыныстарын әзірлеу;
2. Саяси ақтауға жататын тұлғалар санын анықтау және бекіту;
3. Құрбан болғандардың жерленген жерін іздеп, оларды халықтың есіне сақтауға арналған шараларды ұйымдастыру;
4. Ақталғандардың құқықтарын қайта қалпына келтіру.

Бірақ бұл комиссияның жұмысы кеше басталды деген сөз емес. Осыған дейін де талай тер төгіліп, жұмыс атқарылды.

1990 жылдан бастап Қазақстанда тарихи жадыны сақтау және тоталитаризм құрбандарын ақтау бойынша мақсатты қадамдар жасалды. Соның нәтижесінде «1940 және 50-жылдардың басында заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған, ақталған азаматтарға көмек көрсету шаралары туралы» Жарлық қабылданды. Ал 1993 жылы 14 сәуірден бастап «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң өз күшіне енді. Қазақстанда саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте сақтау мақсатында 1997 жылғы 5 сәуірдегі Президент Жарлығымен 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып жарияланды. 2011 жылы Жарлыққа маңызды толықтырулар енгізіліп, 31-мамыр қазақстандықтар үшін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.

1997 жыл Тұңғыш Президенттің Жарлығымен Жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланды.

Қоғамдық сананы жаңғырту – халықтың өткені, бүгіні мен болашағының көкжиегін байланыстыратын тұғырнама, оның рухани мұраты – ұлттық сананың сан алуан бөліктерін үйлестіру.

Қазақстанда өткен ғасырдың 30-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын, халықтарды депортациялау құрбандарын еске алу мақсатында ең ұлы гуманитарлық және этикалық тұрғыдан мінсіз дәстүр – Алғыс айту күні дүниеге келді. Бұл мейрам 2015 жылы 23 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті барлық этностардың бір-біріне және қазақтарға алғыс айту күнін белгілеуді ұсынған еді. Осындай маңызды қадамдармен жер аударылғандарды туысқан ретінде, бауыр ретінде қабылдады. Қазіргі таңда Қуғын-сүргінге ұшырағандар мен жер аударылғандардың ұрпақтары ата-баба аруағын еске алу үшін әлемнің түкпір-түкпірінен Қазақстанға жыл сайын келіп жатыр.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының барлық мұражайлары – бүгінде мәжбүрлі еңбекпен түзеу лагерлерінің жазықсыз құрбандарын мәңгі есте сақтауға арналған бірегей мемориалдық кешендерге айналды.

Еліміздегі алғашқы саяси мұражайлардың бірі – Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығында 2001 жылы 2 қарашада Шымкент қаласында ашылды. Ол "Оңтүстік Қазақстан саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы" деген атаумен белгілі. «Ғибадат» залында ХХ ғасырдың 30-жылдарында оққа ұшқан 2500-ге жуық «Ұлы террор» құрбандарының есімдері мәңгілікке жазылған тақтайшалар орнатылған.
«Долинка селосында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» мұражайы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Өкімімен Қарағанды ​​облысы әкімінің 2001 жылғы 24 ақпанда құрылды. Бұл мемориалдық кешеннің бірегейлігі - мұражайдың 1933-1935 жылдары тұтқындардың өздері салған Карлаг әкімшілігінің тарихи ғимаратында орналасуы.
2007 жылдың 31 мамырынан бастап Ақмола облысында саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мұражай-мемориалдық кешені «Алжир» (Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері) жұмыс істейді. Мұнда келушілер ащы кезеңнің қайғылы оқиғаларымен таныса алады. Мәселен, Мұражай-мемориалдық кешенінде бірнеше обьектілер орналасқан. Мәселен, "Сталин вагоны" жер аударылғандар мен сотталғандарды тасымалдауға арналған. Ал «Қайғы аркасы» монументі екі дүниенің – өлі мен тірі дүниенің аралығындағы киелі өлкені бейнелейді. Ескерткіш қайтыс болған күйеуі мен жоғалған балалары қайғырған әйелдің жанайқайын сезіндіреді.

«АЛЖИР» тұтқынында болған 62 ұлттың әйелдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында шет мемлекеттердің елшіліктері мемориалдық белгілер орнатқан. «Үмітсіздік пен әлсіздік» композициясы нәзік жандылардың бойындағы шарасыздықты бейнелейді. Лагерьдің тамұғын бастан өткергендердің барлығына арналған «Көз жас» стелласы. Онда ГУЛАГ картасы мен Қазақстан аумағында орналасқан және Карлагқа бағынышты 11 лагерьдің атауы көрсетілген. Әйелдердің, тікенек сымның ар жағындағы балалардың көз жасы – лагерь тұтқындары мен олардың ұрпақтарының қайғылы тағдырын елестетуге болады. "Алаш" саябағы 1,5 гектардай жерді алып жатыр. Кезінде бұл жерде лагерь тұтқындары бау-бақша өсірген, ал бүгінде оны қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған ескерткіштердің барлығы, өткен күннің еншісінде қалған ызғарлы күндерді еске түсіреді.
2017 жылы Алматыда 1931-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Композицияда қажыған баланы қолына ұстаған шарасыз әйел бейнеленген. Ескерткіш Қарағайлы алаңында бой көтерді. Үш метрлік мүсін қола мен граниттен жасалған.
2018 жылдың 27 желтоқсанында Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы ашылды. Ондп Сталиндік қуғын-сүргін жылдарында жазықсыз жапа шеккендерді мәңгі есте сақтау 4125 адамның есімі жазылған мемориалдық тақта орнатылып, олардың өмірбаяндық деректері көрсетілді.
Қазақстан Ішкі істер министрлігі сонау 2016 жылдың ақпан айында ведомствоның сайтында 1930-1950 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандары және оларды ақтау туралы ақпаратты іздеуге арналған онлайн сервистің іске қосылғанын салтанатты түрде жариялаған болатын. «Мыңдаған адамға бұл ақпарат туыстарының тағдыры туралы ақпарат алу үшін қажет. Олар тарихи ақпаратты толық қалпына келтіру үшін ғалымдарға, тарихшыларға, журналистерге қажет», - деп атап өтті министрлік. Сол кезде репрессияға ұшыраған 110 000-ға жуық адамның деректерге қол жеткізе алатынын айтқан еді.
Оның үстіне, бұл қадамдар Нұр-Сұлтандағы тарихи жады мәселелерінің ұлттық егемендік идеясымен тығыз байланысты екенін көрсетеді. «Әділетсіз сотталғандардың есімін мұқият сақтай отырып, біз іргетасы – Тәуелсіздігіміз болып табылатын жарқын болашақты құра аламыз», - деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. «Ұлы террордың Кеңес мемлекеті аумағында тұратын халықтарға қандай орасан зор шығын әкелгені бәріміздің есімізде. Қуғын-сүргін жылдарында Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен Қазақстанға 5 миллионнан астам адам жер аударылды. 100 мыңға жуық қазақстандық қуғын-сүргіннің диірменінен өтті, оның 20 мыңнан астамы оққа ұшты», - деді Елбасы 31 мамырдағы 2020 жылғы жолдауында.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1920-1950 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдыру шараларын мемлекеттік деңгейде қолға алған. «Тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жұмысын аяқтау үшін мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құруды тапсырдым», - деді Президент. 24 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік комиссия құру туралы жарлыққа қол қойды.
«Бүгін біз ұжымдастыру жылдарында аштықтан қаза болған немесе туған жерін тастап кетуге мәжбүр болғандарды мұңая еске аламыз. Бұл бақытсыздық 3 миллионға жуық адамның басына келді», - деп еске алған еді Ел басшысы бір сөзінде.

Комиссияның басты мақсаты - саяси қуғын-сүргін қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жұмысын аяқтау, сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандары санаттарының толық тізімін зерттеу болып табылады.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайлары халықтың жадысы мен қайғысы ғана емес, сонымен бірге тарихи зерттеу орталықтарына айналады. Әрине, әр мұражайдан, әр құжаттан, әр құрбанның есімінен сол кезеңнің ызғарлы желі есіп тұрады. Сондықтан мемлекет тарапынан құрылған комиссия мен олар жасаған түрлі іс-шаралардың нәтижесінде ешқандай оқиға ұмытылмасы, маңызын жоғалтпайтыны белгілі.

Пікірлер