Дос КӨШІМ: Ресей ертең бізге де соғыс ашуы мүмкін

11866
Adyrna.kz Telegram

Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа саясаткер Дос Көшім өзінің саяси бағасын берді. Оның ойын "Адырна" тілшісі сұрап білді.

- Дос Қалмаханұлы, Ресей-Украина қақтығысы жөнінде не айтасыз?

- Ресей өзі осыдан 7-8 жыл бұрын-ақ «ұлыған қасқыр» кейпінде келе жатыр. Ұлыған қасқыр білгенін істейді ғой. Ресейдің Путин келгелі бері жүргізіп отырған империялық саясаты - осы. Олар Кеңес үкіметін Ресей үкіметі деп ойлайды. Путин өз сөзінде6 КСРО-ның тарауы ХХІ ғасырдың ең үлкен катастрофасы деп айтқан болатын. Сондықтан олардың көздеп отырғаны тараған Кеңес үкіметін қайтадан жинау. Енді олар соғыспен де, қанмен де, зорлықпен де жинауға кірісті. Саяси ойындар, саяси әңгімелерді былай қоя тұрғанда, мәселе әлімжеттікте болып тұр. Қолдарынан келетін әлімжеттікті жасап, басқа бір тәуелсіз елдің жиегін, территориясын тартып алуға толықтай кірісті. Бұл бұрыннан келе жатқан мәселе. 1991 жылы Молдованы, одан соң 2008-жылы Грузияның Абхазиясы мен Осетиясын алып қою қаупі туды, артынша Қырымды басып алмақ болды. Ал енді Донбасс пен Луганскты керек деп отыр. Ресей ертең бізге де соғыс ашуы мүмкін. Басқаға да бас салуы ғажап емес. Бұл Ресейдің ашықтан-ашық жасап отырған агрессиясы.

Бұл жағдайға бүкіл әлем өзінің бағасын беріп жатыр, бірақ өкінішке қарай Қазақстан әлі де екі ұшты бағамен шектеліп отырған секілді. Бұл жерде бүкіл әлем бір бағытта болмаса, салғырттық танытатын болса әлемдік соғысқа ұласуы мүмкін. Меніңше, БҰҰ-ның саясатын да жаңарту керек сияқты. Себебі, агрессор өзінің әрбір жасаған ісіне халықаралық ұйымдардан басқа елдерден нақты баға алмаса оны тоқтату қиын. Сол «ұлыған қасқырдың» мойны үзіліп кетеді немесе басқалардың бәрін қырып кетеді.

- Сіздің саяси болжамыңыз қандай? Әлемді не күтіп тұр?

- Қанатын кең жайған, позиционды үлкен соғыс болады деп ойламаймын. Қазіргі кездегі соғыстардың бәрі баяғы екінші дүниежүзілік соғыс секілді емес. Бұл жерде белгілі бір қарулы  қақтығыстардың болуы мүмкін. Одан кейін барып сауда болады. Ол саудада екі жақ меніңше тең түсіп тұр. Ресейді ешкім тыңдап жатқан жоқ, бірақ Ресейге еш жерден қарулы қарсылық жасалмағаннан кейін ол өзінің позициясында қалады. Санкция салынады, әлемдік белгілі бір шеттету орын алады. Бірақ Ресей бұларға қарамайды. Бұлар да өмір бойы соғыс пен ашаршылықты көрген ел ғой. Кеше ғана осы тақырыпқа қатысты Сергей Дувановтың мақаласы шықты. (Сергей Дуванов – қазақстандық журналист, публицист – жур. ескертпесі) Қазақстандық орыстардың осы мәселеге деген көзқарасы туралы ашып жазған екен. Мені алаңдататыны бұл жайттың соңы не болатынан гөрі Қазақстан бұл мәселеге қандай деңгейде араласа алады, не болмаса қандай деңгейде жапа шегетіні. Біз агрессордың одақтасы кейпінде отырмыз қазір. Бұл да моральдық, экономикалық жағынан жақсы емес. Себебі, санкцияның бір ұшы міндетті түрде Қазақстанға тиеді. Онымен қоса біздің осыған араласып қаламыз ба деген қауіп тағы бар.

- Қазақстандық әскер көмекке аттанғаны қаншалықты дұрыс?

- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымның (ҰҚШҰ) ережесі бойынша тек қана белгілі бір елдегі территорияның ішіндегі соғысқа ұлттық әскер көмекке бара алады. Бірақ, ЛХР мен ДХР Ресейдің территориясы емес. Сондықтан да, ереже бойынша ҰҚШҰ әскері бұған араласпауы керек. Ал олар өтініш беріп, екі елде референдум болып немесе заңдық негіздеме жасау арқылы олар Ресейге қосылса, ҰҚШҰ әскерін кіргізуге ереже жүзінде рұқсат. Әңгіме әскерде емес. Менің қарным ашып отырғаны, Қазақстан тарапы өзінің нақты көзқарасын ашқан жоқ. Мысалы, кеше Израиль, Түркия сынды елдердің көзқарасы мен ой-пікірін сараптадым. Бізден бұл оқиғаны агрессия деп қабылдаймыз деген сөз айтылған жоқ. Бұл да қорқыныш ұялатады.

- Ресей өз дегеніне жете ме?

- Уақытша жетуі әбден мүмкін. Бірақ, оған ешқашан Халықаралық ұйымдар да, Батыс та, Украина да еш уақытта келіспейді. Меніңше, Приднестровск, Абхазия, Осетиялар кейіннен қайтарылады. Әр нәрсе өз орнына келеді. Бірақ ол 10 жылдан кейін бе, 20 жылдан кейін бе белгісіз. Болған жағдай өз орнына қайта келгенімен, оның үлкен шығынмен, қанмен келетіні айдан анық. Ресейдің де ішкі жағдайы мәз емес. Ол демократиялық мемлекет болған жоқ. Өркениетті елдердің қатарында болуымыз керек деген халықтың ұмтылысы да бар. Бәлкім, біздегі «Қаңтар оқиғасынан» да күшті оқиға ол жақта да орын алады. Соған сәйкес олардың да сыртқы саясаты өзгереді.

Меніңше, біздің президенттің «Жаңа Қазақстан» құруына тек ішкі саясаттың өзгерісі ғана емес, сыртқы саясаттың өзгерісінің ықпалы зор. Бүгінгі күнде, бұрынғыдай Ресейдің етегінен ұстайтын қалыптасып қалған саясаттың уақыты емес. «Жаңа Қазақстан» сыртқы саясатын қалай өзгертті деп қарасам, өзгерген ештеңені көріп тұрғаным жоқ. Экономикалық одағымыз болсын, кедендік, әскери байланыс болсын бәрібір сол бұрынғы өзімізді езіп жаншыған, өзімізді отар қылған елдің етегінен ұстаудан айырылмай жатырмыз. Егер де қоғамның, мемлекеттің бағытын өзгертеміз дейтін болсақ, бұл жерде де өзгеріс болуы керек.

- Жауабыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер