Домбырамды қолға алмай, ән салмай қалған күнім жоқ… – Бейбіт МҰСА, дәстүрлі әнші, «Мен қазақпын» тележобасының жеңімпазы

3585
Adyrna.kz Telegram

Келіскен уақытта кездесетін мекенге де жеттім. Кейіпкерімнің қай бөлмеде екенін табу қиынға соқпады. Дәліздің ең соңындағы бөлмеге дейін домбыраның сүйемелдеуімен шырқалған қазақ әні жетелеп барды. Сөйтіп, бұл жолғы сұхбат берушім әнімен қарсы алды. 

Былтыр «Qazaqstan» телеарнасында жарты жылдай «Мен қазақпын» жобасы жүргізілді. Телебайқау дәстүрлі әнші, күйші, термешілердің басын қосты. Жобада күйшілер Жанғали Жүзбай мен Айгүл Үлкенбаева, композитор Бағдат Естемес, дәстүрлі әнші Ардақ Исатаева, жыршы Ұлжан Байбосынова сынды өнер майталмандары қазылық етті. Қазылардың төрағасы Мырзатай Жолдасбеков болды. Еліміз бен көршілес елдерден үш мыңнан аса өнерпаз қатысты. Жыл аяғында мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік ретінде талдықорғандық Бейбіт Мұса «Үздік әнші», ақтөбелік Ардақ Елеусіз «Үздік күйші», маңғыстаулық Оспан Құлсымақ «Үздік термеші» атағын жеңіп алды.

Біздің кейіпкеріміз Бейбіт Мұса жоба барысында қазылардың жоғары бағасына ие болды. Мырзатай Жолдасбеков: «Бейбіт – қазақтың дәстүрлі өнері үшін туған адам», – деп баға берді. Ал Ұлжан Байбосынова: «Бейбіт – домбырамен айтса да, ансамбльмен айтса да, орындаушылық деңгейін дәлелдей білетін мықты орындаушы», – деген еді эфир барысында.

Қазақтың Бейбіттей әншісінің өнеріне грузиннің танымал»Мандили» триосының әнші қыздары да қызығып, бірге «Гүлдерайым» әнін орындағаны желілерде кеңінен таралып кетті. Осыдан бірер жыл бұрын Бейбіттің телевизиялық «Сегіз қырлы» жобасына да қатысып, көзге түскені естеріңізде болар. Сонымен, әншімен сұхбатымыз «Мен қазақпын» жобасын әңгімелеуден басталды.

– Бұл халықаралық жоба болды. Өзге елдерде тұратын қазақтың дәстүрлі ән-күй өнерінің жүйріктері де қатысуға ниет білдірген. Моңғолия мен Қытай, Алтай мен Тарбағатай қазақтары да осы сында өз өнерлерін көрсетті. Еліміз бойынша бұл байқауға қатысуға үш мыңнан аса өнерпаз өтініш білдіріпті. Соның ішінен алдымен 700 өнерпаз іріктеуден өткен. Ал Алматы облысы бойынша 60-қа жуық өнерпаздан өтініш түсіпті. Байқау шарты бойынша әр облыстан бір әнші, бір күйші, бір термешіден іріктелді. Сөйтіп, 60 өнерпаз Астанада бас қостық. Әр сала бойынша бас жүлдегер анықталғанша алты ай бойы бақ сынастық.

Өнер да спорт сияқты, өнерпаз да үнемі «формада» жүруі тиіс. Әйтпесе, кейде әртістер өзін-өзі дамытпай, шыңдамай, жаңа нәрсе үйренуге талпынбай, бір сарынға түсіп алуы мүмкін. Ал мұндай байқаулар сол жағынан жақсы ықпалын береді. Білдей бір облыстың атынан шығып тұрған соң, намысқа тырысып бақтым. Миллион көрермен мен ұстаздарымның алдында ұятқа қалмауды ойладым. Байқаусыз да үнемі өз-өзімізді дайындап жүреміз ғой, дегенмен мұндай байқау атаулы жаңаша серпін береді. Дайындық үстіне дайындық қоса түсесің. Кіл жүйрік қатысып жатқан сайыста дәстүрлі әнші деген атымызға лайық болуға тырыстық. Өзара тәжірибе алмастық, алты ай бірге жүріп, бауыр болып кеттік. Қысқасы, бұл жоба дәстүрлі өнерде жүрген жандарға зор демеу болды. Өзімнің бұл байқауға қатысудағы басты мақсатым – өнер теңізіне тамшыдай болсын өз үлесімді қосу. Құдай бұйыртып, бас жүлдені иеленіп қайттым.

– Бойында жылт еткен өнері бар жас өрендердің дәстүрлі жанрға сүйіспеншілігін арттыру үшін қайтпек керек?

 Өзім қара домбырамды қолымнан бір сәт те тастаған емеспін. Қайда жүрсек те, дәстүрлі өнерді насихаттап жүрміз. Той-думан болсын, концерттер болсын, әрдайым дәстүрлі ән бағытында өнер көрсетіп келемін. Рамазан Стамғазиев сынды ағаларымыз эстрада саласында да табысты өнер көрсетіп жүр. Эстрадалық концерттерде жиі бой көрсетті екен деп, дәстүрлі өнерді ұмыт қалдырды дей алмаймыз. Сол эстрадалық кештердің өзінде әр салған әнін қазақы нақышпен орындайды. Ол кісілер қай уақытта болса да, домбырасын қолына ала сап жанды дауыста еш қиналмастан орындап береді.

Жарнаманың бірден-бір тәсілі – көгілдір экран. Ал телеарнамыз арқылы ұлттық өнерді насихаттауға көп уақыт бөліне бермейді. Мысалы, Жүсіпбек Елебеков, Кенен Әзірбаев атындағы дәстүрлі байқаулар жыл сайын өткізіледі. Бірақ, ол байқаулар көбіне осы саланың айналасындағы өнерпаздар арасында ғана белгілі. Өйткені, бәрі жабық сипатта өтеді. Қай қалада өткізілсе, сол жердегі аз ғана көрермен тамашалайды. Ол көрерменнің дені қатысушы өнерпаздың отбасы ғана болуы мүмкін. Ал көпшілікке телеарнадан арнайы бағдарлама ретінде көрсетілуге мүмкіндік берілсе, жас буынның қызығушылығы артар еді. Эстрадалық бағыттың жарқырап, дәстүрлі өнердің кенжелеп тұрғаны да осындай жайттардан деп ойлаймын. «Мен қазақпын» алдағы жылдары да жалғасын тапса, тамаша үрдіс болар еді.

  Жыл сайын Ұлттық консерватория мен өңірлердегі өнер университеттерінен дәстүрлі ән мамандығы бойынша біраз өнерпаз түлеп шығады. Олардың бәрі бірдей өз кәсібі бойынша жұмысқа орналаса ала ма?

– «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» дейді емес пе? Шын өнерпаз ешқашан жерде қалмайды, өз орнын қалайда табады. Өнер деген мамандық емес, Құдайдан берілген ерекшелік қой. Нағыз өнерпаз арнайы қызметке орналаспаса да, халық ішінде жүріп-ақ өз несібесін таба алады. Баяғының сал-серілеріндей қай жерде жүрсе де сыйлы, құрметті болу әркімнің өз қолында. Дәстүр деген сөздің ар жағында бүтін бір ұлт тұр.

«Сіздің орындауыңыз бұл кештің форматына келмейді» дейді…

 Өткенде Ұлттық арнадағы «Мәселе» бағдарламасында Еркін Шүкіманов ағамыз бір назын айтты. «Біз концертке жиі шықпаймыз, шақыра бермейді»,  деді. Ол сөзінің астарынан «концерттің бәрі эстрадалық сипат алып кетті» дегендей сыңай сезіледі. Бұл турасында не дер едіңіз?

 Қазір «формат» деген дүние бар. Кей концерттерде дәстүрлі әнімізбен өнер көрсетіп жатсақ, «Сіздің орындауыңыз бұл кештің форматына келмейді» дейтін кездер де болады. Өйткені, концерттің көбі эстрадалық стильде өтеді. Ал дәстүрлі ән кештері өте сирек.

Сол үшін «Мен қазақпын» сынды байқауларды жеткіншектер арасында да өткізсек, оның жақсы әсері болары анық.

 Сіз өзіңіз де бір облыстың орталығында жүрген әншісіз. Республика көлеміне таныс атыңыз, атағыңыз бар. Сол жеткіншектер арасындағы байқауларды өткізуге неге өзіңіз себепкер болмасқа?

 Жақында ғана Дамир Абашев деген қобызшы досымыз бас болып, Алматы облысы, Ақсу ауданында облыс көлеміндегі дәстүрлі өнер байқауын ұйымдастырдық. Сол бастамаға қолымыздан келгенше біз де атсалыстық. Ол байқауға 7 жастан  22 жасқа дейінгі өнерпаздар қатысты. Осы байқауды енді республика көлемінде өткізсек деген ойымыз бар.

Балада, ең әуелі, туа біткен дарын болу керек. Өнерге сүйіспеншілік керек. Мен Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Тастыөзек деген жүз түтінді ауылда дүниеге келдім. Балабақшадан бастап ән орындап келемін. Үй ішінде ешкім өнердің адамы емес. Әйтеуір ес білгелі өз бетімше әрнәрсені үйренуге тырыстым. Армандадым. Сол арманның жетегімен консерваторияға түстім. Одан кейінгі жылдары да әлі үйренумен, ізденумен келеміз.

«Арқаның әні» дегенді арқаланып айту деп түсініппін…

 Консерваторияға түсуіңіздің өзін керемет қып әңгімелейтініңізді естіп едік. Сонымен, оқуға қалай қабылдандыңыз?

 Иә (күлді). Ауылдың балалары халықтық өнерді жақсы меңгерген, бірақ арнайы бағыттайтын ұстазы болмаған соң, кей нәрсенің аражігін ажырата алмауы мүмкін. Домбырамен ән айтуды жақсы көргеніммен, дәстүрлі ән өнері қазақта бес аймаққа бөлінетінін, олардың бүк-шігін білген жоқпын. Радиодан естігенімді өз бетімше орындап жүретінмін. «Еркем-ай», «Гүлдариғай» сынды қарапайым халық әндерін, сосын Кенен атамыздың, Алтынбек Қоразбаев ағамыздың әндерін орындайтынмын. Сөйтіп, мектеп бітірген соң, консерваторияға бардым. Қайрат Байбосынов, Қанат Құлымжанов, Ардақ Исатаева сынды танымал аға-апаларымыз емтихан қабылдап отыр екен. «Қай өңірдің баласысың?» – деп сұрады алдымен. «Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Тастыөзек ауылынанмын», – дедім. «Елің кім?» – деді. «Арғынмын» – дедім. «Түһ, ол өңірде қайдан жүрген Арғынсың, жарайды, ендеше Арғын болсаң, Арқаның бір әнін орындап берші?» – деді ағалар. «Арқаның» дегенді «арқаланып» деп түсіндім де, «Алтынбек Қоразбаевтың әні «Жан ана», – дедім. Негізі, Рүстем Қоразбаевтың әні ғой. Әнді хабарлағаным сол еді, аға-апайларым бір қырылып күліп алды. Ұстазсыз үйренген әнім ғой, өзімше орындап шықтым. «Ой, шіркін-ай, тағы бір Арқаның әнінен жіберші, қане?» – деді езулерін жия алмай. «Ойбай-ау, менің орындауым ұнап жатыр екен, өтіп тұрмын-ау» деп ойлап қоямын іштей. «Алтынбек Қоразбаевтың әні «Шашбаулым», – деп хабарлап, оны орындап шықтым. Ұстаздарым одан әрмен қыран-топан күліп жатыр. Сөйтсем, әлгі жерде «приколдың» астында қалып жатыр екем, оны ұғып жатқан бала бар ма?! Ештеңені ұқпаған соң, ұялмайсың да. «Мына баланы ала-айықшы?» – деді Ардақ Исатаева апайымыз күлкісін тия алмастан. Талабыма қызығып, ары қарай өзіміз тәрбиелеп аламыз деп отыр екен ғой. «Енді он күннен кейін негізгі емтихан болады, сен сол күнге Кенен атаңның «Бозтарғайын» дайындап кел», – деді. Он күннен кейін Кенен атамыздың әндері мен Қапез Байғабыловтың «Үш Меркі» әнін дайындап барып, сыннан өткенмін. Музыкалық еш білімім болмағандықтан, алдымен екіжылдық дайындық курсына қабылдандым. Бас-аяғы 6 жыл оқып, «Жетісу ән-жыр мектебі» бойынша дәріс алып шықтым.

 Әулеттеріңіздеәншілік өнер бұрын болмаса, енді сізден басталатын шығар?

 12 жасар ұлым Расулдың қызығушылығы бар. Ән айтады, домбыра үйреніп жүр. Сазсырнай аспабы бойынша байқауларға қатысып, жеңімпаз атанып үлгерді. Фортепиано үйірмесіне де қатысады. Ал біз баланы музыка мектебіне емес, каратэ секциясына жібергенбіз. Бірақ, каратэсін де, басқасын да бір күнде тастады да, өнер мектебіне өз бетімен кетіп қалды. Алғаш орындаған әндерін де ешкімнің айтуынсыз өз бетімен үйреніп, орындап жүргенін байқадым. Содан талпынысына балта шаппайын деп, арнайы ұстаздардың қолына тапсырдым.

 Бабыңызды жоғалтып алмау үшін не істейсіз?

Қай салада жүрсең де, ілім-білім керек. Қандай ән орындасаң да, оның ар жағындағы тарихын білуің керек. Қазақ тарихын, сал-серілер өмірін білуің маңызды. Демді үнемі қалыпта ұстап тұру үшін спортпен де шұғылдануың қажет. Сол үшін жүгіремін, бұлшық еттерді шынықтырамын, бассейнде жүзумен айналысамын. Дауысқа арнайы жаттығулар да жасап тұрамын. Дауысты күту үшін салқын су ішпеу керек. Арақ-шарап, темекіден аулақ жүрген жөн. Сахнаға шыққанда үлкендер риза болып батасын берердей, кішілер сені үлгі тұтатындай болуға тырысу қажет. «Болмасаң да, ұқсап бақ…» деп, жаман әдеттерден аулақ болуға тырысамыз.

Жақында қайырымдылық мақсатта бірнеше концерт өткізуді жоспарлап отырмын. Концертке түскен қаржыны мұқтаж жандарға берсем деген ниеттемін. Бір жағынан қаржыны қажет етуші жандарға пайдамыз тисе, бір жағынан кешке келген көрерменге рухани ләззат сыйлаймыз деп үміттенемін. Дәстүрлі өнердің азаматтары бет-бейнесін көрсетіп, танымалырақ болудан гөрі, рухани азық беруді көбрек мақсат етеді. Сол үшін күніне бірнеше сағаттан жандарын жеп дайындалады. Мен де күн сайын бірнеше сағаттан әнімді айтып, дайындаламын. Домбырамды қолымнан тастаған, ән айтпай қалған күнім жоқ.

–Ылайым солай болсын!


Сұхбаттасқан Қарлығаш ДОСАНОВА

“Ақ желкен” (№3, наурыз 2018 жыл)

Пікірлер