"Қасқырдың терісі" - Жарқын Утешова

5664
Adyrna.kz Telegram

Мəскеудегі жалғыз қазақтың киіз үйінің төрінде арлан қасқырдың терісі кереге басынан біршама биіктеу жерге ілінсе де құйрығы жерге тиіп, отауға ерекше паңдық беріп тұратын еді. Cол қасқырдың терісі жоғалып кетті, қолды болды. Жолсапарда ұзақ жүріп, үйге біраз уақыт бас сұқпағаныма өзімді кінəлаудан басқа амалым қалған жоқ. Ішім удай ашыды. Дүниеге қызыққандықтан емес. Бұл тері сонау балалық шақты еске салар ескерткіштей, осында оқыған студенттердің көзіндей болған өте бір қымбат дүние еді. Енді міне соның барлығын өткен шақпен ғана əңгімелеп отырғаным өкінішті. Төр алдында, Қазақстан Республикасының туының қасында, даламның қасиетті рухын паш еткендей, ата-баба дəстүрінің бір салтанатындай болып тұратын. Есіктен кірген бетте мені сонау алаңсыз балалық шағыма тірі қасқырды көзбе-көз көрген атына заты сай, Ақтоғай деген қарт Қаратаудың бөктеріндегі ауылыма бір апарып қайтаратын.

Енді міне қасқырдың терісін емес өмірдің бір бөлшегін жоғалтқандаймын. Бұдан бірнеше жыл бұрын жұмыс бөлмеме Мəскеудегі Халықтар Достығы унверситетінде оқитын бір топ студенттер кіріп келді. Қолдарында қомақты заттары бар. Оқу жылы басталғалы он күндей болған, елден келген беттері. Ел жаңалықтарын, шаруаларын айтып, мəз болып қалдық.

Алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісе отырып, əкелген заттарын көрсете бастады. Қазір Қазақстанда қызметте жүрген, ол кезде Халықтар Достығы университеті жəне бірнеше университеттерде оқитын қазақстандық студенттерді біріктіретін «Сана» атты жастар қоғамының басшысы Жанболат пен əлі де осы унверситет іргесінде жүрген Камшат: «Апай, мынау сізге сыйлық, Оралдан келді» деп, қасқырдың жəне сарғыш өңді дала түлкісінің терісін ұсынды. Тағы бірнеше қазақтың ұлттық киімдерін сізде болсын деп қалдырды.

Қасқыр терісін бөлме төріне ілдім. Ақсұр түсті, арқа жалынан құйрығының ұшына дейін қара жолағы бар, қалың жүнді күлтеленген жуан құйрығы жерге сəл тимей тұрған қасқырдың терісі осы көрінісімен-ақ тірісінде қасқыр біткеннің сұлуы, арланы болғанын паш етіп тұрғандай. Сүйсіне қарадым, бұл қасқырды бұрын көргендеймін. Ол кезде əлі мектепке бармағанмын, шамасы алты-жетілерде болсам керек. Əкем марқұм құралайды көзге атқан мерген кісі болатын. Кеңес кезіндегі аңшылар қоғамының құрметті мүшесі. Мылтығы қашан да төрде ілулі тұратын. Біздің үй кез келген маусымда, тəуліктің кез келген уақытында облыстан келетін аңшылардың бекеті сияқты еді. Анам мектепте мұғалім болса да, ертеңгі сабағына дайындала жүріп, қонақ күтуге ренжімейтін. Əкемнің өзі де жиі-жиі аңға шығып, арқар (ол кезде Қаратау жоталарында арқар көп болатын), қоян, кеклік, қырғауыл алып келетін. Шарбақ іргесінде иректелген арқар құлжаларының мүйіздері жатушы еді. Қызыл қоңыр түсті, тұрқы ірі, аяқтары жуан аты мен құлақтары салпаңдаған жүйрік, қызыл тазысы бабында тұратын.

Жеңгелері əкемді «Бұзақы» деп атаушы еді. Бір əулеттің ең кішісі, он жеті құрсақ көтерген əжемнің кенжесі болғандықтан, ерке болып өссе де, жастайынан қанды қырғын соғысқа қатысқанынан ба, əлде алғырлығынан ба, кез келген шаруаға ыңғайлы, барлық істің көзін таба білетін əкем домбыра тартып əсем қоңыр дауыспен əн де салатын. Қиян шеттегі Қаратау бөктері арасындағы кішкене ауылда тұрса да көзі ашық, жаңалыққа құмар, қазақша-орысша сауатты сөйлеп, таза жазатын, жазуы маржандай болған. Техниканы да жетік меңгерген, моторды шашып тастап жиятын шеберлігі, жүргізушілік өнері қатарының арасында аңызға айналған еді. Малды сойып жіліктегенде, қолы-қолына жұқпайтын.

Үйде сол заманда сирек кездесетін патефон, радио, мотоцикл, шаңғы, коньки, дойбы тастары бірнеше тақтасымен болатын. Өз арамызда жарыстар ұйымдастыратын. Ауыл қарттары ренжісіп қалса, мал сойып, үйге шақырып татуластырып жүретін, сол кезде біздер өнерімізді көрсетіп біріміз билеп, біріміз əн айтып, біріміз əкеміз шығарған өлеңді жатқа оқитын едік. Ешқашан таусылмайтын ауыл тірлігінде, жиі жолсапарға шыға жүріп, өзі жүргізуші, өзі сатушы еді. Соның бəріне уақыт тапқанына қазір таңғаламын. Сол күні аңға шығуға жиналды ма, шағын ұялары бар қызыл кірпішке қорғасын құйып бытыралар дайындады.

Мұндай кездері қасынан қалмай жүретін əдетім. Əкем де менің жүргенімді қалайтындай көрініп тұратын. Ұлы шетінеп кетіп, төрт қыз қатар туылып, менен кейін ұзақ күткен екі ұлы дүниеге келгеннен бе, бетімнен қақпай, мені «Қара қасқырым» деп еркелететін. «Əлі бəрің осы қызды күтіп алып, шығарып салып жүресіңдер» дейтін үнемі. «Алысқа кететінімді қайдан білді екен» деп ойлаймын кейде. Ауыл түні ерте келеді емес пе, шаруаны реттеп жатып қалдық, қай уақыт екенін білмеймін үйдің артқы жағындағы жалғыз терезені тарсылдата: «Шанго, Шанго тұр, қасқыр шапты, қырып барады, мылтығыңды ал, тез шық!» деген дауыстан ояндым.

Жапон соғысына да қатысып, елдің соңынан қырық алтыншы жылы оралған əкемді құрдастары «Шанго» атайтын, бұл жапонша «Шығыс Батыры» деген сыйлы сөз деп қалжыңдайтын. Алдыңғы бөлмедегі, аңшыларға тəн сергек жатып, шапшаң қимылдайтын əкемнің білте шамды жағып киініп жатқанын естіп жатырмын. Есік саңылауынан түскен шамның жарығымен мен де тұрып үстіме қолыма ілккенді киіп, онымен қоймай бауырларымды оятып, есікке қарай ұмтылдым. Əкем қабырғада ілулі тұрған мылтығын алып, анама «Балаларды далаға жіберме» деп, есікті нығырлай жауып, сыртқа шықты. Шапшаң қимылдап, терезенің алдына келдім. Ауыл иттерінің қыңсылап жылағандай жан дауыстары естіледі. Əкемнің: «Сырттан, Сырттан» деген айқайы алыстап барады. Тыста қызыл тазыдан басқа төбет иттің екі кішкене күшігі де қыңсылайды. Сол жылы қалың қар жауған, қазір ондай қар жоқ қой! Біздің тау жақтағы биік шарбақ қардан көрінбей қалатын. Сыртқы есік қысқы аяздан ісініп толық жабылмай тұр, мен қорқа басып, есікке жақындадым. Сол кезде «Қайда барасың?» деп артымнан қолында фонарь шамы бар анам да келді. Одан əрі батылданып, есікті жайлап итеріп қалдым.

Аспан шайдай ашық. Айдың жарығы, қолдағы шамның жарығы… Таң атып қалған сияқты. Қардың үстінде шуаққа бөленіп көзі оттай жанып, шамасы бұзаудай ақсұр түсті, басы дəу, күлтеленген жуан құйрығы жерге қарай салбыраған үлкен қасқыр тұр. Ырылдай ма, əйтеуір аузы ашылып, езуі ыржиып, ақ тістері көрінеді. Ол қорқатын емес, келсең-кел деп, кеудесін керіп бізге қарап маңғазданып тұр. Құдды шебер мүсінші жасаған ескерткіш секілді. Бүкіл əлемдегі қасқырлардың патшасы дерсің! Ерекше паңдық бар, шіркін! Мойынын болар-болмас қана еріне бұрып, əдейі аппақ ұзын тістерін көрсету үшін аузын ашып тұрғандай. Қорқыныштан ба, əлде əжемнің айтқан ертегісінен ғана білетін қасқырды өңімде көріп тұрғаныма түсінбегенім бе, бəрін ұмытып, арбалғандай қозғалмастан қанша тұрғаным есімде жоқ. Қасқырдың сол тұрысы суретке түсіргендей жадымда əлі күнге дейін сақталып қалды. Кейіннен қасқырдың талай ескерткішін көрдім. Бірақ олардың бірде-біреуі маған ұнаған емес. Əттең мүсінші емеспін! Керіліп тұрған арланның ауыл адамдарына тигізген зиянына қарамастан, сол бір сəттегі ескерткіштей сұлу бейнесі үшін жақсы көріп, көпке дейін ұмыта алмадым. Қасқыр жайлы əңгіме болса қалса, кеше ғана көргендей көз алдыма келеді де тұрады. Студенттердің сыйын алып тұрып, «мынау өзі сол қасқырдың тұқымы емес пе?» деген, сұрақ кеуде тұсымды бүлк еткізді…

Есік тұтқасына ұмтылған анам мен мені тарс етіп атылған мылтық дауысы селк еткізді. Керіліп тұрған қасқыр қаңқ етіп, биік шарбақтан көршінің қорасына қарай секіріп жоқ болды. Бізден екі үй арырақ тұратын Сəрсен молда деген атамыз бар еді.Қасқыр солардың қорасына түсіпті.Бұзаулайын деп тұрған сиырының дауысын естіп, шал мен кемпірі шамын ұстап қораға қарай жүгіреді. Өзіне қарай атылған қасқырды көріп, атамыз есікпен қасқырдың басын қыса қояды. Бүкіл ауылды шулатқан қасқырды кемпір-шал он минут төңірегінде ұрып алады.Сол кезде сексенге келіп қалған атамыз, мықты-ау арлан қасқырды есікпен қысып ұстап тұрған деп ойлаймын қазір. Қайран ауылдың қарттары! «Тау баласы тауға қарап өседі» деген осы емес пе!?

Қасқырмен жекпе-жекке түскен талай түлкі-қасқыр алып жүрген əкемнің қызыл тазысы сол айқаста ажалы тура келіп тұр ма, əлде күші сəйкес келмеді ме, «жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген рас екен, ауылдан кетіп, сүйегін таптырмады. Əкемнің аңшылықпен қоштасуының басы осылай басталды-ау деймін. Содан бері үйдің босағасына ит құтамайтын болды. Бұл қасқыр ауру қасқыр екен деп, ертеңіне ауданнан дəрігерлер келіп, ауылдағы қасқырға жақындағандарға ине салып бір ай емдеді.Арлан қасқыр менің кішкене ауылымды бір ай осылай əлекке салған еді. Балалықпен қасқырды енді көрмейтін болдым деп, оны өлтіргендерге іштей ренжіп мен жүрдім.

Ал тон тіктірем деп жүргенде, ауру таратуы мүмкін деп дəрігерлер өртеп жіберген қасқыр терісінен айырылғанына марқұм Сəрсен атам талайға дейін қиналып жүрді. Теріні төрге ілгеннен кейін, осының бəрін еске түсіріп, «Мені Мəскеуге келтірген тағдыр, сені қалай келтірген?», деген сөзді дауыстап айтқанымды байқамай да қалдым. Жарты ғасырға жуық уақыт өткенде сұлу қасқырмен қайта кездескендей болдым. Осылай тағдыр бұйрығымен келген теріні Елбасы сыйлаған киіз үйдің төріне ырым етіп іліп едім. Сонау балалық кездегі бір сəттік көрністей тағы да, сұлу қасқыр көзден ғайып болды… Ол алыста қалған балалық шағымды, күндіз естен, ұйықтасам түсімнен кетпейтін ауылымды көз алдыма келтіріп тұрушы еді. Кімнен болды екен? Қалай ғана батылы барды екен? Жазда бір мықты қазақ той өткізіпті осы киіз үйде, құдаға ма, құдағиға ма ілу етіп берді ме? Əйтеуір, осы қазақтың киіз үйіне зиянның бəрі тек өзімнің қазағымнан келеді де, тұрады. Онысы несі екен?

Жарқын УТЕШОВА, Мәскеу

Утешова Жарқын Қоңырбаевна,1956 жылы, 17 январьда, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы ,  Ақтоғай ауылында дүниеге келді. 1973 жылы мектепті, 1974-1980 жылы Алматы қаласы,Абай атындағы Педагогикалық иниститутың, Жаратылыс тану (ЕГФ) факультетінің химия–биология мамандығын бітірді.1980-1988 Ақтау қаласында № 11 метепте мұғалім және директордың орынбасары болды. 

-  2005-2007 жылы Мәскеу қазақ балаларын қазақ тілінен оқыту үшін,Қызылорда қаласы, Қорқыт –Ата атындағы университеттің , филиология факультетін сырттай оқып аяқтады.

-1988 жылдан,Мәскеу қаласында сол күннен Мәскеу қазақ диаспорасында қоғамдық, волонтерлік жұмыспен айналысып, қазақ диаспорасы балаларын ана тілінен оқытып келеді.

- 2000-2008 жылдары, Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамында Төрағаның орынбасары болды.ҚР-ның Ресейдегі Елшілігімен бірге қазақ халқының мәдениетін, ана тілін шет елде ұлықтау жұмыстарына қатысуда.

-2008 жылдан Мәскеу қаласында, «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттерін сақтау және қолдау «Астана» қорын құрып, осы күнге дейін осы қордың президенті.

- 2004-2014 жылдары үзбей,Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен ҚР –да қазақ тілі мен әдебиеті бойынша Қазақстанда өтетін «Қазақстан –ата жұртым, қасиетім –ана тілім» атты Халықаралық олимпиадаға диаспора балаларын оқытып, өз қаражатымен қатысты.Нәтижесі: 6 оқушы Қазақстанға оралып,қызмет етуде.

-2005-2010 жылдары Ресей Сыртқы Істер Министрлігінің Нахабинодағы гольф-клубына Елбасы Н.Ә.Назарбаев сыйлаған киіз үйді қаморлыққа алып, «Наурыз» мерекесі, «Елшілер күні», «Қариялар күні», «Денсаулық күні» атты кештер өткізіп отырды.

- 2003- 2010 жылдар аралығында Ақтөбе, Түркістан, Тараз, Шымкент, өлкесіндегі тарихи жерлерге, Мәскеудегі  қазақ қариялары мен қазақ балаларын бірнеше рет , тегін саяхатқа апарды.

-2005 ж.Мәскеудегі  қазақ диаспора өміріне арналған,«Жүрегімнің жүгі көп»,

-2006 жылы «Мәскеу Қазақ тілі қоғамына -15 жыл»  атты кітаптары жазылып шықты.

- 2007 жылы «Сағынышым жырыма қанат берген» атты кітабы жарық көрді.

-2010 жылы, Екі ел арасындағы достық көпір атты  тақырыппен, «Мәскеу: Өмір өзен» атты кітабының Алматыдағы Жазушылар үйінде , Тараз қаласында, Сарысу ауданында , Қордай ауданында осы кітаптың тұсаукесері  өтті.

- 2012 жылы Белоруссия мемлекетінде өткен «Әлем ұлттарының фольклоры» атты фестивальда гран-приді жеңіп алған, қазақ жастарының жетекшісі болды. Нәтижесінде жеңімпаз  оқушы Қазақстандағы жоғарғы оқу орынына грантқа қабылданды.

-2014 жылдан ҚР –ның Ресейдегі Елшілігінің Ресей бойынша қазақ тілінен ұйымдастырып келе жатқан олимпиадасының белсенді   алқа мүшесі.

- 2016 жылы, «Ұлт қасиеті» немесе «Мәңгілік елдің сырттағы ұрпақтары» атты кітабы жарық көрді. Осы жылы, Мәскеу Ұлттар үйінде, «Әдебиетте шекара жоқ» , 2021 жылы « Поэзияда шекара жоқ» кештері өтті. Кешке Мәскеуде тұратын ұлттар өкілдері қатысты.

- 2017 жылы  Орынбор қаласына қазақ жастарымен «Ұлттық тіліміз және мәдениетіміз» атты кездесуге шақырылды.Осы жылы қазақтың бел ақыны Төлеген Айбергеновтың 80-жылдық тойын Мәскеудегі Ұлттар үйінде өткізді.

-2018 жылы, Мәскеу қаласында ,ҚР-ның Ресейдегі Елшілігімен бірге «Оренбургский путь Ахмета Байтурсынова» атты кітаптың тұсаукесерін, 2021 жылы Ахмет Байтұрсыновқа арналған « Ұлт ұстазы»  атты дөңгелек стол отырысын ұйымдастырды.

-2020 жылы,21-февральде «Абай-175» тойына арнап,Қазақстанның  Ресейдегі және Германиядағы Елшіліктерінің қолдауымен, Германия мемлекетінің Берлин қаласында «Еуразия ақындары» атты әдеби-музыкалы кеш өткізді.Бұл кешке Европадағы мемлекеттерде тұратын қазақ диаспорасы өкілдері қатысты.Эстафета Францияда тұратын қазақ диаспорасы өкілдеріне тапсырылды. Алдағы уақытта Абайды , қазақ халқын  шет елдерге таныстыру  мақсатында,  Америка штаттарында осы  тақырыпта кеш өткізу жоспарлануда.

Мәскеу қаласында жыл сайын өтетін «Наурыз» мерекесінде 2000 жылдан осы күнге дейін, қазақтың ұлттық бұйымдарынан көрме ұйымдастырып келеді. Қазақстанның Ресейге шекаралас облыстарыннан  ұлттық бұйымдар көрмелері ұйымдастыру жоспарлануда. Мәскеудегі жергілікті үкіметпен бірге барлық қоғамдық жұмыстарға қатысып келеді.

Шет елде тұрып жатқан 35- жыл өмірін қазақ халқы мәдениетін,салт-дәстүрін, тілін сақтау жолына жұмсауда.

Утешова Жарқын Қоңырбаевна, Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Ұлттық «Ана тілі» газетінің Ресейдегі штаттан тыс коороспенденті, Мәскеу қаласындағы, «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттерін сақтау және қолдау «Астана» қорының президенті.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер