Екі жігіт полиция бөлімшесінде көз жұмған: "Тырнағына ине тығып, қабырғаларын сындырған"

11697
Adyrna.kz Telegram

"Қасіретті қаңтар" оқиғасынан кейін Семей қаласында 6-қаңтар күні Жандос Жотабаев, 10-қаңтарда Елдос Қалиев ұсталған. Екеуі де полицияның уақытша ұстау мекемесінен тірі шықпаған. Денесінде ұрып-соғу ізі қалған қос азамат та жұмбақ жағдайда көз жұмған. Бұл туралы Аzattyq.org мәлімдеді. 

26 жастағы Елдос Қалиев 10 қаңтарда жолдастарымен бірге досының әке атанып, нәрестелі болғанын тойлаған. Түнде қаңтар наразылығына байланысты енгізілген комендант сағаты басталғаннан кейін Елдос үйіне қайтқан. Елдостың інісі полиция бөлімшесіне барғанда інісінің көлігін көрген, алайда оны полиция бөлімшесіне кіргізбеген.

Артынша полиция қызметкерлері шығып, "ініңіз қарсылық көрсетіп, қаза тапты" деп қысқа қайырған. Айдос інісі туралы: "Мұрны, қабырғасы, сол жағы толық сынған, омыртқасына үшкір зат тыққан, белінен төмен қарай аяғының арты түгел көгеріп, қанталап кеткен, басында да дәл сондай жарақаттар бар", - дейді.

Елдостың денесін көрген досы Талғат Исламов былай дейді: "Басқаша айта алмаймын: оны өлтірген. Медициналық сараптама жасаттық, қабырғасы денесіне кіріп кеткен, бір аяғы түгел көгерген, басы жарылған. Бүкіл денесінде тепкінің ізі бар. Тырнақтарының астына ине жүгірткен. Мұндайды бірінші рет көрдім. Шымыр жігіт емес еді, салмағы 60 килограмға да жетпейтін. Адамды осынша айуандықпен өлтіру деген... Сараптамада "асқазаны орнынан жылжып кеткен" деді. Әр тырнағына ине тыққан. Қаныпезер, тіпті фашистің өзі бұлай жасамайды ғой. Халыққа ант берген құқық қорғау органдары мұндайға қалай барды?" – дейді.

Семейдің тағы бір тұрғыны 36 жастағы Жандос Жотабаев 6-қаңтарда "митингіге қатысқаны үшін" ұсталған. 8 қаңтарда Жандосты уақытша тергеу изоляторына ауыстырған. Тергеу изоляторына туыстарын, жақындарын кіргізбеген. 17 қаңтарда уақытша тергеу изоляторының қызметкерлері жедел жәрдем шақырған. Медицина қызметкерлері Жандос Жотабаевтың өлімін тіркеген.

"Мүрдесін суретке түсіріп алдық, үсті-басы көк ала қойдай. Сау жері жоқ. Денесін тілген кезде плеврит, бір өкпесінде 750 миллилитр, екіншісінде 251 миллилитр сұйық зат бар деген қорытынды жазып берді. 11 қабырғасы сынған. Бұл қағаздың қайда екенін білмеймін. Соңғы қорытынды бір айдан кейін беріледі деді. Бірақ онда не жазылатынын білмеймін, өзіңіз де түсініп отырсыз ғой", – дейді марқұмның інісі Ердос Жотабаев.

Аталмыш қайғылы істермен адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның құқық қорғаушысы Ерлан Қалиев айналысуда. 9 ақпанда ол Семей қалалық прокуратурасы "Елдос Қалиев пен Жандос Жотабаевтың өліміне байланысты Семей өңірлік жемқорлыққа қарсы күрес қызметі қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлімі ("билігі мен қызмет құзыретін асыра пайдаланудан болған ауыр салдар") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады" деп мәлімдегенін хабарлады. Бұл бап бойынша бес жылдан он жылға дейін бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер