БЕКБОЛАТ ҚАРЖАН: Қазығұрт ауданындағы халықтың зар-мұңына құлақ түріңіздер!

2090
Adyrna.kz Telegram

Еститін мемлекеттің басшылары, Қазығұрт Ауданындағы халықтың зар-мұңына құлақ түріңіздер!

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа;
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайловқа;
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттарына.

Мынау видео фрагменте сөйлеп отырған Түркістан болысы, Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев. Арман Абдуллаевтың айтуынша, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауылы округінің жерлері Қазақстан Республикасының жерлері емес. Бұл Қазақстан Республикасының территориясына кірмейді. Неге?
Себебін сіздерге былайша түсіндіріп берейін:

1. Арман Абдуллаев Алтынтөбе ауылы округіндегі жерін даулап отырған халыққа келіп, мен сендердің мәселелеріңді шешіп бере алмаймын, шешіп беремін деп те уәде ете алмаймын деп отыр. Халқының мәселесін шешіп бермесе, әкім мырза не үшін халықтың алдына келіп отыр!? Себебі, Алтынтөбе ауылы округі Қазақстан Республикасының терриортиясына кірмейді. Арекең ҚР "Жер Кодексінің" 103-бабы Алтынтөбе ауылы округіне қарастырылмаған деп, азаматтардың талабымен, уәжімен келіспей отыр.
Ареке, мұны қалай түсінеміз!?

2. Алтынтөбе ауылы округінің жерлері Қазақстан Республикасының территориясына кірмегендіктен, осында отырған жергілікті халықтың 30 жыл бойы құқы тапталып, 30 жыл бойы өзінің заңды мүддесінен айырылып, зар илеп отырғаны аудан әкімі Арманды алаңдатпайды.
Ареке, мұны қалай түсінеміз!?

Ареке, сіз кеше ғана келдім деп халықтың алдында ақталып отырсыз. Сізден алдыңғы әкімдердің де халыққа жақсылық жасағаны шамалы еді. Сізден алдыңғы әкім қаралар халықтың жерін тартып алып, қу таяқты құшақтатып жібергеніне ширек ғасырдан асып, 30 жылға таяпты.

Сіз айтып отырсыз, ҚР "Жер Кодексінің" 103-бабы Алтынтөбе ауылы округіне қарастырылмаған деп. Демек, Алтынтөбе ауылы округі Қазақстан Республикасының территориясында емес.
ҚР "Жер Кодексінің" 103-бабы бойынша жергілікті тұрғындардың әрбірі шарты жер үлесін алуға құқылы еді. Бірақ сіздің айтуыңызша, бұл заңнан сіздің халықты алдаусырата айтқан сөзіңіздің салмағы ауыр тартып тұр. Кешіріңіз! Сізді мұнша құдіретті деп ойламаппын.

ҚР "Жер Кодексінің" 103-бабында көзделген азаматтардың шартты жер алу құқығы ҚР Конституциялық заңдарында көзделген дәлелдеуді қажет етпейтін мән-жайлар болып табылатын еді. Бірақ, өкінішке орай олай болып табылмайды екен. Олай болып табылмайтынына енді көзіміз жетіп отыр.

Ареке, сіз басқарып отырған Қазығұрт ауданына қарасты Алтынтөбе ауылы округінің халқы 30 жыл болды, әлі өздерінің туған өлкесіндегі жерлеріне қожайындық жасай алмауда. Халықтың қолына әкімшілік аппаратын меншіктеп алғандар мемлекеттік актіні берер түрі жоқ. Жерді сіздің алдыңыздағы әкімдер халықтың құқын ескермей, корпорацияға өткізіп жіберген. Өздері қалталары толғанша пайдаланған. Содан халықтың берекесі кетті. Азаматтарымыз бір бірін жау санап, бір бірінің жағын сындырып жатқанын, сотта азаматтық іспен қаралатын істердің бәрін қылмыстық іспен қарап, халықты қорқытып ұстаймыз деп ойлайсыздар ма? Мұның бәрін сіз бес саусағыңыздай біліп отырған адамсыз ғой. Үміті дірдектеп тұрған халқыңыздың құқы мен мүддесін сіз қорғамасаңыз, Байден мен Путин келіп қорғай ма!?

Ал, Көрші округтердің халқының жағдайы біздің округтен 15 жыл алға шығып кеткен. Олардың жерлері өздеріне таратылып берілген, ал, Алтынтөбе ауылы округінің халқына ҚР "Жер Кодексінің" 103-бабына сай жер үлестіріліп берілуі қарастырылмаған деген уәжіңізді халықтың алдында дәлелдеп беріңізші! Сіздің азаматтығыңызды сонда көрейік!

Ареке, ауданның әкімі ретінде Алтынтөбе халқына инвестиция тартып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жұмыс көзін ашпай-ақ қойыңызшы! Сізден оны сұрамай-ақ та қояйық. Сіз халықтың өз жерін өзіне қайтарып беруге үлес қосудың орнына, ҚР-да Заңсыз құрылым болып отырған, халықтың үлесін, ұлттық бюджетті сауын сиыр қылып отырған, жерін меншіктеп алған Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың сөзін сөйлеп, аз ғана топтың үддесін қорғап отырғаныңызды мен жақсы түсінемін! Неге деп айтпай-ақ қояйын. Халыққа өзінің жері керек. Сізден халық алдыңызға барып артық ештеңе де сұрап отырған да жоқ қой. Халыққа жері берілсе, өз шаруасын өзі атқара береді.

Ауыл азаматтары жұмыс жасайын, кәсіп қылайын десе жері жоқ. Үй салайын десе, тағы жері жоқ. Жұмыссыз қаңғырған, азып-тозған жастардың тағдыры сізді ойландырмай ма!?

Ареке, мынау алдыңызда сөйлеп отырған халықтың Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғаннан бері жері жатқа кетіп, құқы қорғалмаған, мүддесі қайтарылмаған. ҚР-дағы алғашқы жекешелендіру жылдарында, одан кейінгі 3 рет жекешелендіру науқанында бұл халық өзінің мемлекеттен үлесін алмаған. Сол 1991-1993 ауыр жылдары жекешелендіру науқанында өзінің үлесін ала алмаған мынау халық тұрмыстың ауыр тауқыметін басынан өткеріп, бір бөлке нарға зар болып, әбден қорлық көрді. Бізді асырап баққан ата-аналарымыз бізге әупірімдеп тапқан бидайын қуырып беріп асыраған еді. Соңында басшылық жерлерін қабат-қабат мекемелерге өткізіп, өз басымен қаңғыртып жіберген. Сонда да мынау халықты аямайсыңдар ма!?

Ареке, «Мемлекеттік ауылшаруашылығы кәсіпорындарының мүлкін жекешелендіру негіздері туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 14 қаңтардағы Заңына және Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 23 желтоқсандағы №2721 «Жекешелендіру туралы» Заңдары негізінде бұл халық 30 жыл бұрын меншік иесі болып табылуы керек еді. Бірақ оны ескерер басшылық болмады. Сізден алдыңғы әкім қаралар бұл халықтың құқын қасақана таптаған.
Әбден жаншылып, құқы тапталып отырған халықтың құқын ары қарай таптаудың кезегі сізге келіп жетті ме!?
Мынау сөздеріңіз не сөз!?

Сіз жақында халықтың ортасына келіп, кездесу өткіземін деп отыр екенсіз. Сізге осы сұрақтарға жауап беруіңізді, халықтың өз жерін қайтарып беруді талап етеміз. Біз осы уақытқа дейін өтінетін едік, енді тек талап етеміз.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер