Көккөңбек қабырғалар

3432
Adyrna.kz Telegram

Көккөңбек қабырғалар

...Бірер сағаттан соң,
Ван Гогтың «Тұтқындар» картинасындағыдай
қабырғалары көккөңбек
камераны айналып жүре бастадық,
Дәлізден «Тоқ...», «Тоқ...» етіп келе жатқан
Аяқ киім даусынан қорқып.

Көккөңбек қабырғалар –
көк туды есімізге салады;
Ақорда төрінде ілініп тұрғанын емес,
алаңда желбірегенін
есімізге салады көккөңбек қабырғалар.
Біз бейне сол туды жамылып
Алаңда көз жұмған
адамның мәйіті басында
айналып жүрген
әруақтар секілдіміз –
Дәлізден «Тоқ...», «Тоқ...» етіп,
Аяқ киім даусы жақындап келеді.

Қанша айналғанымыз есімізде жоқ,
Көздерімізді төменге қадап,
Шөккен таулардың шоқыларын басып,
Айды мойнымызға іліп,
Ту жамылған әруақтар секілді
Айнала беріппіз,
Айнала беріппіз,
Айнала беріппіз –
Ортамызда марқұмның рухына ұқсап,
Бейне бір біз отырған камераның торындай
Қамшының ізіне қамалған
Көкмойнақтың тұрғанын да елемей.
Біз оны сәл бұрын
Көрші камерадан әкеп тастаған
тұтқын деп ойладық:
Оның кісінегені мен
тұтқынның шыңғырған үнін ажырата алар емеспіз.
Көкмойнақ кісінейді,
Тұтқын шыңғырады,
Көкмойнақ шыңғырады,
Тұтқын кісінейді.
Дәлізден «Тоқ...», «Тоқ...» етіп,
Аяқ киім даусы жақындап келеді.

Көккөңбек қабырғалар
Аяқ киім даусы жақындаған сайын
Көк ту болудан қалып,
Иірімді суға айнала бастайды.
Біз бейне көк тудың құшағында
Суға батып бара жатқандаймыз.
Күн де аспанда емес,
Қыран да аспанда емес,
Суға батып бара жатқандай бәрі.
Көрші камерадағы азаптан,
Көшедегі атылған оқтан,
Көкмойнақты қалайша
аман ап қалуға болады?
Қалайша тірі алып қалуға болады,
Ту түстес қабірдің ішінен?
Дәлізден «Тоқ...», «Тоқ...» етіп,
Аяқ киім даусы жақындап келеді.

Біз сонда соңғы үмітімізбен
суға батып бара жатқан күнді
Көкмойнақтың тұяғына септік,
Қыранның қанатын бердік.
Самға енді, Көкмойнақ!
Сенің алтын тұяғың бар,
Алып қанатың бар,
Сен енді еркінсің, Көкмойнақ!
Қалықта төменге қарамай!
Сәлден соң,
Ту түстес қабірді су басады.
Біздің өлігіміз судың бетіне ісіп шығады сәлден соң,
Көк тудың бетіне қалқып шығады біздің өлігіміз.
Қанымыз – күнге,
Сүйегіміз – қыранға,
Қамшының ізі – оюға айналады, Көкмойнақ.
Күні ертең қиялымыздағы жерұйықта
Болашақ бізді ту ғып желбірететін болады, Көкмойнақ.
Болашақ сенімен жүйткитін болады, Көкмойнақ.
Қалықта төменге қарамай!
Қалықта!
Дәлізден «Тоқ...», «Тоқ...» етіп,
Аяқ киім даусы жақындап келеді…
«Тоқ...».
«Тоқ..».
«Тоқ...».

Файзолла Төлтай

facebok парақшасынан

Пікірлер