200 мыңға жуық бала биыл қосымша біліммен қамтылады

681

Шымкент қаласындағы барлық мектептерде жалпы 242 мыңнан аса бала білім алса, олардың 200 мыңға жуығы осы жылы қосымша біліммен қамтылады. Бұл туралы білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева қала әкіміне 2022 жылы атқарылатын жұмыстар жайын баяндау барысында айтты.

Балаларды қосымша біліммен қамту көрсеткіші өткен жылы 73,4 пайызды құраса, биыл 77,1 пайызды құрайтын болады. Қосымша біліммен қамтылған оқушылар үлесін көбейту үшін жан басына қаржыландыру есебінен мәдениет басқармасы тарапынан 6000 бала, дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан 14000 бала, білім басқармасы тарапынан 5000 балаға қаржы қаралып, жалпы 25000 бала түрлі үйірмелер мен спорттық секцияларға қамтылатын болады. Сонымен қатар 60 тан астам мектептің спорт залдарын жалға беру арқылы спорттық секциялар ашылатын болады. Одан бөлек, жаңадан заманауи «Оқушылар» сарайының құрылысы басталды. Осы жұмыстардың аяқталуымен 2025 жылға дейін оқушыларды қосымша біліммен қамту 100 пайызға дейін жетпек.

Қосымша білімсіз балалардың әлеуетін толық ашу мүмкін емес екенін айтқан қала әкімі Мұрат Әйтенов әр бала қосымша біліммен қамтылуы тиіс екенін атап өтіп, нәтижеге қол жеткізу үшін нақты тапсырмалар жүктеді.

«Әр баланың сабақтан тыс үйірмелер мен секцияларға қатысу мүмкіндігі болуы маңызды. Барлық мектепте спортпен айналысуға жағдай жасалу керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес балалардың мемлекеттік тапсырыс арқылы жекеменшік ұйымдарда да қосымша білім алуына жағдай жасалуда. Сондықтан жекеменшік спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелер санын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуы тиіс», -деді қала басшысы.

Басқарма басшысы педагог мәртебесі туралы заңға сәйкес қосымша білім беру қызметкерлерінің де еңбекақысы жыл сайын өсетінін және санаттар үшін қосымша ақылары ұлғайтылатынын мәлім етті.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket