Депутат өзін ақымақ деген ер адамды сотқа беріп, 100 мың теңге төлетті

2734
Adyrna.kz Telegram

Сот Facebook-те облыстық мәслихат депутатын қорлаған ақтөбелікке жаза тағайындады,  деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Диапазон" сайтына сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, бәрі әлеуметтік желіде басталған. Онда ауыл шаруашылығы колледжінің директоры Амангелді Есеркепов (облыстық мәслихат депутаты) зейнеткерлікке салтанатты түрде шығарып салынғаны, іс 2021 жылы жазда болғаны айтылады. Желі қолданушыларының бірі "ақымақ", "старпер" деп, оны қорлайтын сөздер жазған. Мұны көрген депутат пікір жаған автордың үстінен қылмыстық сотқа арыз жазған.

Айыпталушы азамат ауыл шаруашылығы колледжінің бастапқы әскери дайындық пәнінің бұрынғы оқытушысы болып шыққан, бұған дейін оны Есеркепов прокурордың қаулысымен жұмыстан шығарып жіберген екен.

Айыпталушы әлеуметтік желіде тіл тигізбегенін, ол жерде тіпті тіркелмегенін айтып, кінәсін мойындамаған.

Сот бұрынғы БӘД мұғалімін қорлау сөздері үшін 50 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шығарды, бірақ кейін рақымшылыққа байланысты оны бұл жазадан босатқан. Сондай-ақ, сотталушы Амангелді Есеркеповке моральдық шығын үшін 100 мың теңге және бұл іс бойынша адвокаттардың жұмысы үшін 500 мың теңге төлеуге міндеттелді.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

Пікірлер