Қос Тәуекел ханның қазақ тарихындағы дипломатиялық қызметке қосқан үлестері

5898
Adyrna.kz Telegram

Хандар тарихында қос Тәуекел болғаны мәлім. Бірі ХYI  ғасырдың  соңында  тарих сахнасына көтерілген  Шығай ханның ұлы Тәуекел хан болатын.

ХYI  ғасырдың екінші жартысында Қазақ хандығының сыртқы саясаттағы жағдайы өте ауыр болды. Өйткені олар Шибан ұрпағы мемлекеті Моғол хандығы, Ноғай ордасы және Ойрат тайпаларымен сансыз шайқастардан көз ашпаған еді. Билікке келгеннен кейін сыртқы саясатты белсенді жүргізген Тәуекел хан бірнеше көрші халықтарға өз билігін жүргізе бастады. Батыс бағытта ол күшейіп келе жатқан Ресеймен дипломатиялық қатынастар қалыптастыруға күш салды[1,244б.].

ХYI ғасырдың аяғында орыс-қазақ келіссөздері Тәуекел ханның жиені Ораз Мұхамедті Мәскеу кепілдігінен құтқару үшін  орын алды. Патша  Құл Мұхаммед бастаған елшілікке Тәуекел хан туралы  былай айтқан екен: «Қазір сенің нағашың Тәуекел ханзада қазақ ордасында орнықты, ал өзінің інісі Шахмұхамед ханзаданы қалмақтарға отырғызды, ол жақын жерде және бәрі бірге көшіп жүреді, қазір Бұқара патшасымен уақытша болса да тату және ноғайлармен татулығы баяғыдай ағайын сияқты»[2,446,]. Мәскеу патшасының осы келтірген деректері Тәуекел ханның жан-жағындағы халықтармен бейбіт арақатынасын айқындап береді.

Тарихшы, ғалым, қоғам қайраткері Құл-Мұхаммед Мұхтар «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі» деген еңбегінде қазақ-орыс және қазақ-орта азиялық қарым-қатынастары мен дипломатиялық байланыстарының деректік маңызын айта келіп, қос Тәуке ханның  бейбіт бітімгершілік мақсатындағы келісімдерінде өз еркімен бодан болу туралы ресми мәлімдеменің  болмағандығы, Кеңес Одағы тұсындағы тең дәрежеде өткен қазақ-орыс дипломатиялық байланыстарының алғашқы кезеңіне қатысты құжаттардың бұрмаланып, идеологиялық қалыпқа түсірілгендігі айтылады. Бұны зерттеуші «Орыс энциклопедияларында автор А.Позднеев «Шығай ханның баласы, әрі мұрагері, орыс мемлекеттік актілерінде Тевкель деп аталатын хан қырғыз-қайсақ хандары арасында бірінші болып Ресейдің қол астына өту туралы келіссөз жүргізді. Тевкель 1594 жылы Москваға орыстардың тұтқынына түскен немере інісіне бостандық әперу үшін өзін және өзіне қараған орданы қол астына алуын өтінген грамота жібереді» деп жазғандарына қатысты көрсетеді.1586-98 жылдарда хандық құрған Тәуекел бірінші болып Ресеймен дипломатиялық байланыстар орнатты. Тәуекел хан жіберген Құл-Мұхамед бастаған қазақ  елшілігі 1594 жылы  20–29-қаңтарда келіссөз жүргізу үшін Москваға келеді. Бұл туралы патша Федор Ивановичтың 1595 жылы наурызда Тәуекелге жазған грамотасында: «И нам, великому государю царю и великому князю Федору Ивановичу все Русии самодержцу, ваша челобитье и прошенье доносил шурин наш слуга и конюшней боярин и воевода дворовой и содержатель великих государств царства Казанского и Астраханского Борис Федорович Годунов», - деп жазылған [3,114б.]

Тәуекел ханның арнау хаттарына орай 1595 жылы 2 жылға Вельямин Степановтың елшілігі жіберілді де, Тәуекел елшіні өте құрметпен қабылдады. Мәскеу патшасының талабы мен қойған шарттары қисынсыз өте ауыр болғандықтан Тәуекел ханның тарапынан қабылданбады [2, 447б.]                  Қазақ халқының тарихынан сыр шертетін І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында Тәуекел ханға: «Ал құбыласы мен теріскей жағынан дәл қазір төніп тұрған қауіпті Тәуекел хан көрмеді. Түбі қытай боғдыханымен, жоңғар қоңтайшысымен алыса қалар күн туса бұл жақтағы айбарлы көршісі Россияның керегі болар деп ойлады ол. Тіпті Абдолламен соғысқан кезде де орыс патшасының тыныш жатқаны қажет-ақ. Осы жағдайларды есепке ап, ол Түменге өзінің немере ағасы Оразмұхамед батырды елшілікке жіберді» деп орын береді. Тәуекел қазасынан кейін: Сұлтан тұқымынан шыққан Тәуекел артына алты әйелі мен сегіз баласын қалдырды. Иран, түрік, орыс әдебиеттерінде Тәуекел хан деген айбарлы атын қалдырды деп баяндайды [4, 386 б.]

Қазақ хандығы дипломатиялық қатынастарына өзіндік үлес қосқан екінші Тәуекел хан -Тәуке Жәңгір ұлы  ХYII ғасырдың екінші жартысы мен  XYIII ғасырдың бас кезінде билік басында болды.

Тәукенің жастық шағы жоңғарлармен соғыста өтті, онда ол жеке басының ерлігімен, қолбасшылық талантымен көзге түсіп, ел арасында даңққа бөленді. Сонымен қатар ол сол жылдары Моғұл мемлекетіне барған қазақ елшіліктерінің бірін басқарып, дипломатиялық та тәжірибе жинақтады. Әз Тәуке атанған хан ел билігінде болған кезеңді  жұрт «қой үстіне боз торғай  жұмыртқалаған заман» деп атаған [1,250б.] Ел тыныштығы  қай кезде болады? Ел ішінде сындарлы саясат, ел сыртында ымырашыл, достық қарым-қатынас орнатылғанда орын алатыны белгілі. Тәуке ханның дипломатиялық қарым-қатынастары тарихи шығармаларда, тарихи жазбаларда, ғылыми зерттеулерде ерекше мән берілген, әлі де тарихшыларымыз тарапынан зерделеніп, түрлі дереккөздерден іздестірілуде. Қазақ хандығының халықаралық қатынастары тарихи дереккөздер негізінде   XVI–XVIII ғасыр басындағы Мәскеу (Орыс) мемлекетімен, Қырым хандығы, Осман империясы Сефевид (Қызылбас) мемлекеті, Ұлы Моғолдар империясы, Моғұл мемлекеті және Орта Азиядағы Шибан әулеті мен Аштархан әулеті мемлекеттері тәрізді мемлекеттер және халықтармен қарым-қатынастары туралы мәліметтерге назар аударған тарихшы, т.ғ.к Н.Атығаев XVII ғасырдың екінші жартысында орын алған Қазақ хандығы мен Сефевид мемлекеті дипломатиялық қатынастары жазбаларының Тәукемен де байланыстылығы барын алға тартады [5]. «Иран кітапханаларының қолжазба қорларында   Жәңгір ханның ұлы Тәуке ханға (мәтінде Таваккул) жазылған Сефевид шахтарының бірнеше хаттарының мәтіндері бар. Онда Тәуке ханнан басқа Тұрсын хан, Фулад-Сұлтан (Болат-сұлтан) аттары айтылады. Ол орыс дереккөздеріне сәйкес Тәуке ханның ұлдары болған. Иран тілінің маманы, т.ғ.к. Г. А. Қамбарбекова Мұхаммед Тахир Казвинидің өзінің «Аббас-наме» шығармасында Исфаханға ІІ Аббас-шахқа кездесуге Түркістан хандығынан  қазақ елшісінің келуі туралы жазған мәліметіне назар аударады. Онда елшіге тиісті қабылдау көрсетіліп, лайықты сыйлықтармен еліне жіберілгендігі айтылады. Зерттеушінің пікірінше, бұл Жәңгір хан мен оның ұлы Тәуке елшілері болған. Бұл материалдар Тәуке ханның II Аббас-шах (1641-1666), II Сефи Сулейман (1666-1694) және Сұлтан Хусейн (1694) сияқты Сефевид билеушілерімен ұзақ мерзімді байланыстардың бар екенін куәландырады. Осы деректерге негіз ретінде зерттеушілер Атыгаев Н.А., Жандосова З.А. II Аббас шахтың Әз-Тәуке ханға жазған хатының мәтінін ғылыми журналда жариялады. «Августейшее письмо Таваккул-хану, сыну Джахāнгūр-хана, правителю казахов (wālī-ye qazāq)  IV .  Отправлено  в месяце джумāди ал-аввал года 1072  л. х.   V  из Исфахана  VI . Обладателю султанской власти, величия, могущества, славы и милости Таваккул-хану. Демонстрирующее взаимную дружбу и увеличивающее взаимную привязанность письмо Вашего Величества, покровителя владычества и славы, защитника могущества и великолепия, радетеля пышности и власти, опоры престола державности и триумфа, лучшего из потомков великого дома Чингизхана, пользующегося благосклонностью Всемогущего Господа  получено. Это послание принесло благорасположение и удовлетворение в добрый час и счастливое время, когда святейшая особа Царя Царей находилась в здравии и благополучии, сопутствуемая победой и удачей, приносящими славу, являющуюся примером для других государств. Учитывая благотворный (kīmiyā-ta’sīr, букв. «действующий как философский камень») характер и искреннее содержание этого письма, уведомляющего о непоколебимом следовании курсу дружбы и примирения и уповающего на ответное письмо Государя и его доверие такого рода посланиям, оно пролило хрустальный свет на чистое сердце  Государя  и стало причиной повышения внимания со стороны его милосердной души. Вследствие этого, поскольку между двумя высокими сторонами была заложена основа дружеских отношений и открыт путь любви и дружбы, завеса недоверия и непонимания была поднята, и желания обеих высоких сторон отныне будут удовлетворяться по взаимному согласию. Признавая все высокие стремления и все честные намерения условием упорядочения дел и укрепления основ величия и великолепия благоприятной звезды пышности и почитания, открыватель ворот взаимной переписки и корреспонденции выражает свое сокровенное желание, чтобы дружественные отношения уравновесили существующую цепь  вооруженных  столкновений и войн  между сторонами , и внимание Государя было обращено на их плоды. Дни султанской власти, величия, могущества и счастья»[6].Осы құнды дерек, хат мәтінен байқағанымыз Тәуекел Шығайұлы бастаған келісімдер негізінде яғни «Орыс мұрағаттық құжаттарында 1594 жылы Құл-Мұхаммед, Мәскеу мемлекетіндегі Тауекел-ханның елшісі, Сефевид Аббас Шахтың Мәскеуге сапары туралы хабар алып, «бізге қызылбастармен бірлесіп, бұқарлықтарға қарсы тұру керек» деп өз мақсаттарын айқын көрсеткендіктен»[5] және де Сефевид мемлекеті мен қазақ хандығы арасындағы саяси қарсылықтар дұрысталып, Тәуке-Тəуекел хан тұсында жеке мемлекетке құрмет көрсетіліп, одақтас ретінде дипломатиялық қатынастардың жандана түскенін байқаймыз. Әз-Тәуке хан өз кезегінде 1686 жылдан 1693 жылға дейінгі аралықта орыс патшасына 5 елшілік аттандырғаны белгілі.

Қазақ Хандығы тарихында  көрші мемлекеттермен үнемі соғыс қимылдарын жүргізгеннен гөрі келіссөздер арқылы мәселелерді шешуді көреген хандарымыздың қолдағанын тарих беттерінен көруге болады.

Күнделікті мемлекеттік қызметтің бір түрі ретінде дипломатия XIV – XVII ғасырлардың тоғысында кең етек алғаны белгілі. Сол кезден бастап мемлекет билеушілерінің сарайларында тұрақты дипломатиялық өкілдіктер пайда болып, мемлекеттік мекеме жүйесінде – мемлекеттер арасындағы хат алмасумен айналысатын шетелдік өкілдер мен елшілерді қабылдайтын, келіссөздер жүргізетін және басқадай да мемлекет аралық істерді орындайтын арнайы қызмет қалыптасты. Оны дипломатиялық қызмет деп атаймыз[7,8б]. Қазақ тарихында дипломатиялық қызметтің негізін қалыптастыруға үлес қосқан ұлттың қайраткер тұлғаларының есімін бүгінгі азат ұрпақ ләйім құрметпен еске алып, ұлықтап отыру парыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. 1. Атығаев Н.А. Қазақ хандығы тарих толқынында. Очерктер-Алматы: Елтаным баспасы,2015.-384б.
  2. Қазақстан тарихы.(көне заманнан бүгінге дейін).Бес томдық.2-том.-Алматы: «Атамұра»,2010.-640б.
  3. Құл Мұхамед Мұхтар. «Орыс энциклопедияларындағы қазақ шежіресі»-Алматы:Атамұра,1994.-224б.
  4. Есенберлин І.Көшпенділер:Тарихи трилогия.-Алматы,2006-912б.
  5. УДК94 (574).02/.08 Казахское ханство в системе международных отношений Евразии «edu.e-history.kz» № 3
  6. Золотоордынское обозрение / golden horde review. 2018, 6 (3)
  7. Әліпбаев А.Р. Дипломатия тарихы: Дәрістер жинағы.-Алматы:Қазақ университеті,2013.-148б.

 

Назерке СЕРІКҚЫЗЫ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер