Арыстар арасындағы хаттар (құнды дерек)

2735
Adyrna.kz Telegram

ХАТТАР

Құнды хаттар – Гүлнар Міржақыпқызының жеке мұрағатынан алыныпты. Хатты бүгінгі әріпке түсіруде «қандай да бір жаңсақтық кетпесін» деп, жасының егделігіне қарамастан, Гүлнар апайдың өзі жіті қадағалапты.

Арыстар арасындағы хаттар:

Қадірлі Әли!

Орталықты Қызылордаға көшіру жөніндегі мәселенің түпкілікті шешілмеуіне байланысты сенің көп хаттарыңа дер кезінде жауап қайыра алмадым. Енді Қазақ-қырғыз институты көшпейтін болса да, шәкірттердің оған қарамай астанаға барамыз деп шешкенін көріп, мен де Қызылордаға қоныс өзгертуді жөн санадым. Сондықтан ол жаққа пәтер қарау мен іздестіруге әйелімді жібердім. Биылғы жыл орталықтың көшуіне байланысты елге бара да алмадым. Енді көші-қоным біткен соң, тамыз бен қыркүйек айларында баруды ойлап жүрмін. Егер сенің профессорың Торғай мен Ырғызға қарай шығатын болса, маған да онымен бірге шығу қажет шығар. Оның өлең-ән жинауы, суретке түсіруі – менің де ежелден ойластырып жүрген дүниелерім еді. Егерде профессордан үйрену жазса, маған үлкен олжа болары хақ. Қазақ мемлекеттік баспасымен келісілген шартқа сәйкес, мен жаңа емле бойынша үш грамматика және қазақ әліппесін қайта жасауым керек. Аяқталу мерзімі: біріншісі – 15-ші маусым, екіншісі – 1-ші шілде, үшіншісі – 1-ші тамыз, төртіншісі – 20-шы тамыз. Міне, сол уақытқа шейін басқа жұмыстарға қарауға мұршам жоқ, оның үстіне Қазақ-қырғыз институтында оқу басталса, тағы да уақыт болмай қалады. Сол себепті де 20-шы тамызға дейін Ибраһимнің (Абай) ғұмырбаянын жаза алмайтынымды анық айтамын. 20-шы тамыздан соң уақыт бола ма, жоқ па – оны білмеймін. Сендерге өз суретімді жібермекпін. Бірақ байқа, менің бейнем енгізілген дәптеріңді алмай қойып жүрмесін. Біздің коммунистер Мәскеу коммунистері секілді жартыкеш емес, нағыз 96-шы пробалы.

Алтынсары баласының суретін «Шолпан» журналының №6, 7, 8 кітап жинағынан табасыңдар. Одан басқа менде суреті жоқ.

Міржақып Қостанай үйезіне кетті. Кеше одан алған телеғырамның мазмұны мынадай: «Гая ерледі: ұл туды».

Мен Пішпекте өткен қырғыз мұғалімдерінің сиезінде болып келдім. Күн тәртібіне қойылған мәселелер мыналар: тіл, әріп, емле, ғылыми пән сөздері, ескі сөздерді жинау, мектеп түрі.

Латын әліпбиі жөнінде оларда бұған дейін бір жиналыс болып, шешім шығарған екен. Сиез соны мақұлдады. Ол шешім төмендегідей: «Латын әліпбиін қырғыздың болашағы үшін пайдалы деп табу. Алайда оған араб әліпбиіне кейбір өзгерістер ендіру». Олар Нәзірдің латын әліпбиін арабшадан нашар дейді.

Бізде үлкен және кіші әріп болмауы қажет, сонымен бірге тасқа түсетін әріп және жазбаша әріптің айырмашылығы байқалмағаны жөн.

Орысша жағырапияны Академиалық орталық баса алмайды. Оны Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының талқысына салып, сонан соң хабарлармын. Соңғылар бастыртады деп ойлаймын, өйткені оларға қазақ жағырапиясы өте қажет.

Құшақтап сүйдім. Ақымет.

1/VІ. 25-ші жыл.

Бауырым Ақымет!

11-маусымда жазған хатыңды алдым. Профессор тамыз және қыркүйек айларында Ырғыз бен Торғайға барып, сол жақтан Қызылордаға соғатын боп уәде беріп, Берлин қаласына қайтып кетті. Мен оған Қостанайдан бастауын өтіндім. Ол бұған келісті. «Егер осы өңірлерге барсаңыз, Ақымет Байтұрсынұлын ұшырастыруға тиіссіз», – дедім мен тағы да.

Егер сенің келісіміңді біліп, оған хат жазып, хабарласып, ақпарымды Мәскеудегі неміс өкілдігіне тастап кетпекшімін. Ол өзі біздің қазақ өкілеттілігіне соғып, анықтап сұрап алатын шығар.

Тамыз айында өзің қайда болмақсың? Мырзағалиевті неміспен ұшырастыруға жіберерсің. Еуропа сүзектің микробын әлдеқашан тапқан. Лизажанның профессоры дәріс үстінде айтатын көрінеді: «Макс па (менің немісім), жоқ мен бе, бұл микробты тапқан сияқтымыз», – деп.

Макс бұл жөнінде ештеңе демеп еді. Бәлкім, оның зерттеуінің нысанасы да сол шығар. Егер сен оған қосылсаң, тіпті жақсы болар еді.

Біздің Орталық баспада көрнекті құралдар шеберханасы бар. Олардың қаржысы жеткілікті. Жұмыс жоспары ауқымды. Бүкіл КСРО бойынша халық ағарту ісіне қажетті нәрселер әрбір ұлттың жағдайы мен ерекшелігіне қарай жасалынбақшы. Мен оларға «Қазақ Академиялық орталығымен байланысыңдар» деп кеңес айттым. Академиялық орталық енді қазақ мектебі мен көшпелі оқу үйлеріне келеді-ау деген ережелерін көрсетіп, арнайы жұмысымен қоса осы мүмкіндікті пайдаланып, өз бағасын берсін.

Академиялық орталық, осыны орындауға тырысыңыздар.

Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Ол бірде бір ән сөзін білмейді ғой. Болмайтын нәрсені айтады. Мен оны бірыңғай әншілердің үйіне апарып ән салғыздырттым. Дауысын мақтастық, бірақ ән салған кезде, мен қатты ұялдым. Айтқан әнінің сөзінде мән болсайшы.

Парижде мәнді әнді талап етеді. Әншіні Парижге жібере отырып, бір әннің сөзін болса да жаттатқызуға болады ғой. Әміремен бірге баратын басқа халықтардың әншілері ұлттық киімдерін киген, ал біздің Әміре орыс мещандарынша киініпті. Бұл соншалықты қиын ба?

Абай мен Алтынсары баласы жөніндегі жазуыңды күзге дейін бітірсең кеш емес. Нәзір де Абай туралы жазбақшы. Мейлі жазсын. Алтынсары баласы Ыбырай хақында өзің жазсаң, жақсы болар еді. Ол сенің ағаң емес пе. Егер ол қазір өмір сүрсе, сендей болар еді, ал сен ертерек дүниеге келгенде, оның ісін жасарың хақ.

Сенің ересек сауатсыздарға арналған кітабыңда «бізге» керексіз қазақ хандары мен билерінің сөздері бар екен. «Еңбекші қазақтың» 30-санындағы №19 қосымшасында Ғаббас: «Кітапта бір коммунист жоқ» деп жазыпты. Оған жолдас Мардан «Ақ жол» бетінде жауап қайтарды. Мардан жақсы айтыпты. Мен Марданның мұны неге жазғанын білдім: біздің «жазушы» қазақ коммунистер саған риза емес әрі араз көрінеді. Сен кітабыңда Мағрифаның інісінің мақаласына дейін орын беріп, мына «жазушылардың» еңбектерін кіргізбепсің. Орыстың мұндай кітаптарында Ленин мақалалары толы болады екен. Қазақ кітаптарында ондай сүрең байғұс Сәкеннен өзгеде жоқ. Мұны жақында маған соққан коммунистің бірі айтты. Мен оның есіне мынадай мысалды түсірдім: Көктем шығып, күн аспанға жоғары көтеріліп, тіршілік атаулы ояна бастағанда, Юпитер бұқа кейпінде жерге төмен түсіп, сиырлардың арасында ұрпақ өндіру қамымен жүреді екен. Бірде жай ғана кәдімгі бұқа – Юпитер Құдай болуды ойлапты. Сонда біреулер айтыпты: «Бұқаның Юпитер боламын деп армандауы – бос қиял» деп.

Қазақ коммунистері Ленин болуды қаласа, жол ашық. Әлгі бұқаның кебін құшып жүрген қазақ коммунистері Ленин бола ала ма дегенімде, мына «төрем» көңілсізденіп әрі өкпелеп қалды.

Келініне барды деп, Күрден әкесі Едігеге қол жұмсағанда, Едіге айтқан екен: «Егер арғымақты қорласаң, жақсы ат қайдан келмек? Қара сұңқарды қорласаң, ондай құсқа қолың қайта жете ме? Егер жерді өртесең, азықты қайдан алмақсың? Шашымды ақ шалып, көзімді шел басып, қартайған шағымда өз атаң – мені сынасаң, қайдан жақсы боласың» деп («Көксілдер»). «Көксілдер» мен «Шайырда» осындай өлеңдер бар. Осыны жазуға болады ғой.

Орталық баспаның тапсырмасы бойынша Мағжан Жұмабайұлы әліппе мен өз бетімен оқитындарға арнап кіріспелік жазған-ды. Кеше Нәзір айтады: «Мағжан Жұмабайұлының жазған кітабы Байтұрсынұлының кітабынан жақсы» деп. Ол кітаптар әлі басыла қойған жоқ. Маған көрсетпеді де. Бірақ Нәзір сыншы емес.

Меңдешұлы жолдас «Бөкейханұлы Еңбекші Қазаққа мақала жазады» деп шағымданыпты. Бұл шағымы 15-маусымда Орталық комитет жанындағы Баспа бөліміне түсіпті. Мен әлгі шағым бойынша онда отырған татарлар тиісінше тезден өткізді. Мәскеу коммунистері: «Қазақтар – ұлтшылдар» деп жалпыға жар салып айқайлап жүр. Мен олардан: «Айтып жүргендерің не?» деп сұрасам, олар: «Өздерің өздеріңе шағым жасап жүрсіңдер, яғни оны жазған – өз қазақтарың» деп айтады.

Жазғандарымызды аяқтадық. 30-маусымда елге қарай шығамын.

Мадиярдың балалы болуымен құттықтайын деп едім, бірақ мекенжайын білмеймін. Осы жөнінде Мадиярға жазып жіберші. «Еңбекші Қазақ» маған тиесілі ақшамды бөлер ме екен, соны Жолдыбайұлынан білші…

Хат жаз. Әлихан.

Мәскеу,

23/VІ-25 жыл.

Замандас інісі Міржақыпқа жазған хаттары:

32-ші жылдың декабрдің 31-і

Міржақып, Мырзағазы, Ғазымбек қарақтарым!

Мен Арқангелға 30-ноябрде келдім. Келген күні демалыс күні болғандықтан, ешкімді тауып алуға болмай, далаға түнегендей болып, түнімен жатпай, көшеде қыдырып жүрумен болдым. Таңертең барған адамды келесі таңға дейін таба алмадым. Жанымда бірге барған 4-5 адам, олар да солай болды. Түнді солай өткізіп, ертеңіне Абдолланы тауып алып, 17-декабрге дейін соның үйінде болдым. Онан кейін пәтер тауып алып, бөлек шықтым. Мұнда пәтер табу деген өте қиын жұмыс екен. Таныс арқылы болмаса, өз бетіңе пәтер табу деген болмайды. Абдолла өзінің таныстары арқылы әрең тауып берді. Келгеннен бері орын іздеудемін. Әлі табылған жоқ, тұяқ ілікпей қалды. Бос орындарға – біріне әуелі профсоюз мүшесін аламыз дейді; біреулеріне – үшекеңнің ұлықсатын сұраймыз деп, сұрағаннан кейін болмайды дейді. Орынсыз адамға нан картешкесін, ысталобый картешкесін бермейді. Ол картешкелер болмаса, нанды, тамақты базар бағасымен алып ішесің. Базар қымбат, нанның килесі – 5-6 сом. Бөлкені 25-30 сом, сүттің литрі – 4-5 сом. Майдың килесі – 45-50 сом. Оған қалай ақшаң шыдасын. Алып келген аз ауқатым әлдеқашан бітіп қалды. Абдолла мен Қыр баласы екеуінің атсалысуымен жан сақтап тұрған жай бар. Қыр баласы орында болып, бұрынғы адресімен тез хабарластым. Сендерге орын тауып жайғасып, жазайын деп едім, орын болмағасын көңілді хабар жаза алмай тұрған жай бар.

Құшақтап сүйем. Ақымет.

Келесі хат:

33-ші жылдың 26/ІІ.

Дендерің сау, аман жүрсіңдер ме? 31-декабрде бір хат жазған едім, оны алған-алмағандарыңнан дерек жоқ. Мен әлі орынға кіре алмай жүрмін. Мекемелерді ықшамдау мен жер аударғандарды алмау деген ағын тұсына кез келіп, еш жерге орналаса алмай тұрғаным. Орын болмаған соң қай жағынан да болса хал нашар болатыны белгілі. Бір жағынан ауру, екінші жағынан суық, үшінші жағынан аштық – үш жақтан қысып, әркімнің ат салысқан көмегі арқасында күнелтіп келе жатқан жай бар. Бұл қалыппен көпке бармай, бір шегіне барып тынатын шығармын. Қыр баласы қолдан келген көмегін істеп-ақ жатыр. Бірақ көмекпен күнелту мұнда өте қиын. Қара нан килосы 12 сомға жетті, ол не шыдатар, жұмыста болмаған соң, нан картешкесі, ысталобай картешкесіз нанды базардан алып жемеске шараң жоқ. Базар бағасы анау, онымен қанша нан сатып алуға, тойынып тұруға болар. Кәзір әбден арықтап, жүдеп болдым. Жылы киім жоқ. Күн мұнда Аралдағыдай емес, өте суық. Суық тағы бір жағынан айналдырған соң қалай күнелтпек. Елдің қабаты өздеріңе мәлім күйде, мәнісі кеткен. Қыр баласының ел жайынан жазған хаты қолды болып, қолыма тиген жоқ. Қу жақ екі жолдасымен орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ – соқырға көрінген, саңырауға естілген болса керек. Әлімхан, Әуезұлы екеуі тәуба қылып шыққан. Басқалары: Сейдәзім, Мұқамеджан Т., екі дос, Ақбай ақсақ інісімен, Әшім, ұзын Мұхтар – бұлар Воронеж қаласында; аудандарында – Қошке, Жұмағали, Мұстафа Б., Әбдірахмен, Нәшір, Күдері баласы – бәрі де қызметте – қатын-балаларымен тұрған көрінеді. Мен де қатын-балаларым мұнда келуге, мен де онда баруға рұқсат ет деп, Мәскеуге арыз беріп едім хабар жоқ. Жақын арада жазушының бұрынғы қатыны бастық болып тұрған мекеме арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйім бәрін айтып, өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлетінмін деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан ешнәрсе шықпаса, шынында өлу ғана қалады. Мұнда срогы біткендерді де босата қоймай, бәрін осында ұстап отыр екен. Соңғы күндерде босатулары сұрапыл, күн-түні қағаздарын беріп, қойша ағып жатыр. Күн біткендерден ешкім қалмайтындай көрінеді. Өздері қалам деп тілесе ғана қалдырады. Мұнда Абдолла қатын-баласымен тұрады. Олар да мекеме ықшамдауына ілігіп еді, қатыны басқа орын тауып кірді де, өзі бұрынғы орнына 10 күннен соң қайта кірді. Жақын арада Алматы жағынан үй-іштерімен көп қазақ келді деп еді. Оларға әлі жолыққаным жоқ.

Қош, Ақымет.

Келесі хат:

34-ші жылдың 8/ІІІ.

Қарақтарым, Міржақып, Мырзағазы! Сондамысыңдар! Дендерің сау ма! Ғазымбек қайда? Мен қатын, баламның қасына жібер деп сұранып, мұнда келдім. Өткен сентябрден бері осындамын. Айына 150 сом жалақысы бар, бір орынға ілініп едім, онан осы марттан бастап шығарып тұр. Қазір жұмыссыз тұрмын. Қыр баласынан хат алып тұрамын, аман. Соңғы бір-екі хатында Смағұлдан басқамыз аманбыз деп жазған екен, онысы немене екенін анық білмеймін. Елдос Алматыда, оқыту жұмысында деп жазады. Оның өзіне әлденеше рет жазып, жауап ала алмай-ақ қойдым. Сендерге жазып, жауап қайтпаған соң тағы да жазып отырмын. Қолдарыңа тиісімен хабар берерсіңдер.

Б.С-дан сәлем. Ол қояншық ауруы болып біткен. Шолпан мен мұнда келгенше Алматыға кетіп қалыпты. Ағайындардың бәріне сәлем.

Сүйем. Ақымет.

Ахметтің елге сәлемі

Бұл өлең-хат Серікбай Мамырқанов арқылы жеткен. Өлең-хат бірнеше дүркін БАҚ-та жарияланым көрді. Алғаш 1989 жылы «Біздің Отан» еларалық айлық газетте қаңтарда, Сол жылы «Қазақ әдебиеті» апталығының маусымдағы санында жарық көрді. Осы өлең-хатты жеткізуші жөнінде және айдаудан келген аманаттың ұзақ жылдар сақталуы туралы мәліметтер берілген: «С.Мамырқанов Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауылының тұрғыны. 1929 жылы ел ішінде Кеңес төрағасы болып жүрген тұста жазаға ұшырап, Ақ теңізге айдауға жіберілген. 1932 жылы Ақ теңіз бен Балтықты жалғастырған Беломор каналы ашылғанда сол аймақта айдауда жүрген А.Байтұрсынұлына кез болған» –деп, олардың тағдыр тәлкегінде дәм-тұздас болған тұста осы он шумақты өлеңмен А.Байтұрсынұлы туған еліне сәлем жолдағаны айтылады. «…Өлең Серікбайдың өзі жазған және ел аузынан жинаған шежірелері топталған дәптерінен алынды» деген мәлімет береді.

Күрескер ақан Ахмет ту-у тозақта жүріп те қайраты мұқалмай, сағы сынбастан, ойлағаны тағы елінің қамы болып, сүргінге салған жұртына кінә артпастан, «…Ел-жұртты бізден бұрын көре қалсаң, Сәлем айт алты арысқа бізден тегіс» деп, айдауда тағдырдың тезімен бірге болған жерлесі арқылы туған елге сәлем-хат ретінде өзегін жарып шыққан өлеңін арнайды. Бір ғажабы, елден «баз біреулердің» қасақана көрсетуімен айдалып кетсе де сол жұртына деген сағынышын жасыра алмайды. Ақынның: «…Кеттік деп сенен алыс қамығады. Сарыарқа сайран еткен, қайран мекен, Ерте-кеш соны ойлап, сағынады» деген өлеңінде «өзектен тепкен Отанына» өкпесін артпай, керісінше «өз ошағы, өлең төсегі – Қазақ еліне» шексіз махаббатын арнайды.

АХМЕТТІҢ ЕЛГЕ СӘЛЕМІ

(хат арқылы)

Талапты жастың бірі – сен бір балам,

Келіпсің дәмің айдап Қарағайдан.

Қаңбақтай жел аударған ажырапсың,

Ел-жұрттан, туысқаннан кейін қалған.

Басынан ер жігіттің нелер кетпес,

Қажыма, қайратты бол, еш нәрсе етпес.

Бейнетің көрген түстей болар ұмыт,

Шығарсың азаттыққа ерте иә кеш.

Басың жас, қызығың көп көрер алда,

Мұңайма бақсызбын деп бүгін таңда.

«Ұлы той көппен көрген» деген бар ғой,

Байқасаң аман қалған адам бар ма?

Не білгір, не данышпан – бәрі келген,

Жас та көп бұл арада кәріменен.

Танысып, талай жұрттың жайын біліп,

Жолдас боп жүрсің міне, бәріменен.

Осының үлкен олжа өзі саған,

Не көрді елде қалған басқа адам.

Өкінбей мұндағы өткен өміріңе,

Өрге жүз, өрнек алып осылардан.

Күн туар есен-аман елге қайтар,

Қызықтың бастан кешкен бәрін айтар.

Ысылып тең-құрбының алды болсаң,

Көргендер көріскенде басын шайқар.

Ақыры сергелдеңнің болмай теріс,

Өзіңе қайырлы боп мұнда келіс,

Ел-жұртты бізден бұрын көре қалсаң,

Сәлем айт алты арысқа бізден тегіс.

Айтарсың, Ақ теңіздің аралында,

Айдалған ағаларым қамауында,

Баяғы көксегені сенің бағың,

Жүрсе де бақташының қарауында.

Кеш жатып, ерте тұрып жабығады,

Кеттік деп сенен алыс қамығады.

Сарыарқа сайран еткен, қайран мекен,

Ерте-кеш соны ойлап, сағынады.

Ызғарлы Ақ теңіздің күні тұман,

Бар екен ағаларда үлкен шыдам.

Бел байлап тәуекелге жүріп жатыр,

Басқа сөз айтқаны жоқ дерсің бұдан!


Ахмет Байтұрсынұлының 6 томдық шығармалар жинағынан

zheruiyq.kz

Пікірлер