Мағжан еңбектерін бір жүйеге келтірсек…

3513
Adyrna.kz Telegram

Қазақ әдебиетінде ойды бейнелеп айтудың хас шебері болған Мағжан Жұмабаевтың туғанына биыл 125 жыл толады. Ақын есімі ақталған 1989 жылдан бері оның шығармашылығына арналған ғылыми-зерттеу еңбектерінің қатары артып келеді. Оқулықтар жазылып пайдалануға ұсынылды. Ақын еңбегін зерттеп-зерделеп ғылыми атақ алған зерттеушілердің де қатары баршылық. Сондықтан болар, Мағжанның жаңадан табылып жатқан шығармалары да күн сайын көбейіп келеді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. 

Бірақ осы жаңадан табылған еңбектер оқырмандарына ақын қолымен жазылған қалпында жетіп жатыр ма? Міне, бұл көңілдегі күпті сауал. Себебі Мағжанның ең соңғы шығармалары, дәлірек айтқанда өлеңдер жинағы 1995 жылы, марқұм профессор Мүсілім Базарбаевтың басқаруымен «Ғылым» баспасынан жарық көрген еді. Бұл – ғалым мамандардың сүзгісінен өтіп, оқырмандарына табыс етіл­ген жақсы жинақ болып шыққан еңбек. Одан кейінгі аралықта Жұмабаев шығармаларын қайталап жарыққа шығарумен әртүрлі жеке меншік баспалар айналысатын болды. Ондай баспалардан жарық көрген ақын өлеңдерінің мазмұны ғана өзгеріп жатқан жоқ, әріп қателерін ескермегенде, қайсы бір өлеңдеріндегі жолдар тұтасымен алынып тасталуда. Болмаса редакторлар тарапынан сөздері өзгертіліп басылып жатыр. Соған бір ғана мысал, «Алтын қалам» сериясымен 2009 жылы жарық көрген Мағжан өлеңдері.
Осы кітапта Мағжанның 1912 жылғы «Шолпан» жинағында жарық көрген «Пайғамбар» өлеңіндегі төмендегі шумақ толығымен алынып тасталған:
Қап-қара түн. Толқынданған қара қан.
Қара түнде өңшең соқыр шұбырған.
Сол шұбырған сансыз соқыр алдында.
Ентелеген кәдімгі Иван есалаң.
Ақынның аталған өлеңі 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін жазылған. Бұл өлең жарық көргенде Ленин әлі шетелде қашып жүрген. Николай патшаны Керенский құлатып, уақытша үкімет орнайтыны, оны Ленин 1917 жылдың 7 қарашасында ауыстыратыны, оған ком­мунистер билік ететіні әлі белгісіз болатын. Д.С.Мережковский 1914 жылғы дүниежүзілік соғысқа дайындық жүріп жатқандығын «Дети ночи» өлеңінде бейнелеп жазғанда, Мағжан «Пайғамбар» өлеңімен оған жауап берген. Ақыры Мағжан 1938 жылы атылып кетті. Содан бергі аралықта 81 жыл өтті. Қорқы­ныш ыды­рады, бірақ соған қарамастан, жинақты шығаруға қатысқан редакторлар тағы да саяси «сақтыққа» барып, сол шумақты кесіп тастапты.
Ондай кесуді «Орал тауы» өлеңінен де кездестіреміз. Одан төрт шумақ алынған. «От» өлеңінің тоғызыншы жолындағы «Тілімен жұмсақ сүйеді» деген жол «жа­лынмен» деп өзгертілсе, «Заулап, өрлеп аспанға» деп аталатын жолдан «Күннен туған баламын» деген жолға дейінгі аралықтағы 24 жол қысқартылған. «Алыстағы бауырыма» деп аталатын өлеңнің ең соңғы шумағы өзгертіліп, жолы ауыстырылған. «Жаралы жан» өлеңінің үшінші шумағының төртінші жолындағы «Қарайды бейшара жан оңға, солға» деген жолдар, «Қарайды бейшара жан оң мен солға» деп түзетілген. Мұндай түзетулерді «Мен кім?» деп аталатын өлеңі мен өзгелерінен де кездестіруге болады. Тере берсе жетерлік. Мұндай түзеу мен күзеуге, қысқартуға ұшырағандардың дені саяси өлеңдері. Осыдан келіп, соншалықты өзгертулер жасайтындай б­аспа неден қорықты деген ой туады. Кеңес үкіметі қайта оралып келеді деп сақтанды ма? Өздері түсініктемесінде жазғандай, «ұлтын, жұртын өртеніп сүйген» ақынның рухын осылай сындырудың сыры неде? Қалай дегенмен де осы қалпында бұл жинақтағы өлеңдерді ғылыми-зерттеулерге пайдалануға болмайды. Теріс пікір тудыратыны анық.
Жоғарыда баспагерлер тарапынан күзеу мен түзеуге, қысқартуға ұшыраған өлеңдер нендей мақсатпен жазылғаны менің «Жырымен жұртын оятқан» (1998), «Мағжан символист» (2007) атты монографияларымда текстологиялық тұрғыдан талданған. Ол профессор ­Ш­­.Елеу­кенов­тың зерттеуінде де айтылып кеткен. Одан өзге де әдебиет зерттеушілерінің еңбектерінде жан-жақты дәлелденген. Ендеше баспа қызметкерлері н­еден ­састы? Ол зерттеулермен мектеп оқушыла­ры­нан бастап жоғары оқу орындарын бітірген мамандардың бәрі таныс. Қала берді шет мемлекеттерде де сол талдау­лар негізінде оқытылып жатыр. Е­ндеше өткен ғасырдың басында жазылған Мағжан өлеңдеріне қайта цензура жүргізу қажет пе еді? Қалай десе де, баспагерлер ақын мұрасына қиянат жасағандарын аңғармаған.
Бұл мәселенің тағы бір қыры бар. Соңғы жылдары ақын-жазушылар шығар­ма­ларын жүйелеп шығару жөніндегі бұрыннан қалыптасып келе жатқан ­баспа тәртібі бұзылды. Тіпті вұмытылған десе де болады. Себебі баспа ісін жақсы меңгерген мамандардың көпшілігінің көзі кетті. Олардың орнына келген ­жастар бейхабар. Жөнсіз қысқартуларға ұшырап, келесі ұрпаққа бүлінген күйінде жетіп жатқан Мағжан мұрасы соған дәлел. Ендеше, соны ескере келіп ақын­ның 125 жылдық мерейтойына орай, шығармаларының толық жинағын қайта шығарған жөн. Оған тағы бір себеп, ақын жинағы ең соңғы рет 1995 жылы сапалы шықты. Содан бергі аралықта жаңадан табылып жатқан Мағжанның мұрасы мол. Тек солардың өзін жинақтағанда тағы да 2-3 том қосылары анық. Өкінішке қарай, соның бәрі әркімнің қоржынында жүр. Тапқан адамдар өз қаражатына шығарып келеді. Ол кітаптардың таралымы өте аз болғандықтан оқырмандарына жетпей жатыр. Енді солардың басын қайта біріктіріп, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтындағы білікті мамандардың сүзгісінен өткізу арқылы қайта шығару – ақын тойы алдындағы борышымыз.
Мағжан 1927 жылғы «Балаларға тарту» жинағына басшылық еткенде 2 ертегі, 9 жаңылтпаш, 12 жұмбақ шығарып кірістіргендігін естиміз. Бірақ ол еңбектерді әлі өз көзімізбен көріп, оқығанымыз жоқ. Себебі Мағжан ұсталып кеткеннен кейін оның есімімен байланысты туындылардың көпшілігі қайта басылымдарында алынып тасталды. Болмаса өзгелердің иелігіне өтті. Енді соларды қайта салыстырып тексеру керек. Сәбит Мұқановтың пікіріне сүйенсек, «Ақжол» газетінің 1924 жылғы дейінгі сандарында Мағжанның көптеген өлеңдері жарияланған. Ол әлі толық іздестірілген жоқ. Жарық көрген өлеңдерінің талас т­удыратын тұстары да мол. Мәселен кезінде Сәбең «Таудың толғауында» «Семетей мен Манасың, Қысыр бір қысқа болмасын» деген сөздеріне саяси мән беріп, сынаған екен. Өлең «Ақжол» газетінің (№409, 1924 ж.) санында жарияланған деп сілтеме жасайды. Осы өлең 1995 жылғы Мағжан жинағында «Семетей мен Манасың, Қысыр бір қисса болмасын» деп жазылған. Ендеше екеуінің қайсысы дұрыс? Бұл да тексеруді қажет етеді. Сондай пікірді «Түн айтқызды» атты өлеңінен де кездестіреміз. Сәбит «Тәңірі ме, әлде байғыз ба? Үн іздеп жаным күңіренген» десе, Мағжанның 1995 жылғы жинағында «Үнді естіп жаным күңіренген» деп жазылған. Өлең 1921-1922 жылғы аштыққа байланысты жазылған.
Ашаршылықтың қолдан жасалған­дығын әлем назарынан жасырып, ол туралы баспасөз беттерінде тыйым салынғанын тарихтан білеміз. Сол тұста «ашаршылық болған жоқ» деген жалған пікір тудырылып, шындық жасырылды. Мағжанның «қолымды желге жайғызба» деп отырғаны, қазақ қасіреті жасырылып, «жел» сөзге айналмасын, онда қолымды жайып «өтірікке» бата бергендей боламын деп күйінеді. Ендеше аталған өлеңді бастапқы қалпына қайта келтірген жөн. Мағжан өлеңдерінің көпшілігі «Сана» және «Ақжол» газеттерінде жарияланған. Бұл басылымдар Ташкентте жарық көрген. Сол қаладағы мамандардың да пікірлерін е­скеру керек. Мағжанның Қорқыт ата, Ы­бырай ­Алтынсарин туралы зерттеулерінен мүлде хабарсызбыз. Бұл мақалалар да сол қалалардан табылып отыр.
Сондай-ақ соңғы жылдары Петропавл қаласының архивінен Мағжанның орыс тілінде жазылған еңбектері табылған. Сол мұраларды сауатты етіп аудару күн тәртібінде тұр. Ендеше Мағжанның 125 жылдық мерейтойы алдында ақын шығармалары төңірегіндегі олқылықтарды жөндеп, әр жерде шашылып жүрген еңбектерінің басын біріктіріп, бір жүйеге түсіріп, түпнұсқамен салыстыра отырып, түсініктеме жазып, қайта шығару керек. Ол ақын аруағы алдындағы борышымыз болмақ. Бұл міндетті тәжірибелері мол м­амандар қызмет ететін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына тапсырып, қаражат аударса, мәні зор, с­ауатты әрі сапалы іс атқарылған болар еді.


Бақыткамал ҚАНАРБАЕВА, 
«Қайнар» академиясының 
профессоры, мағжантанушы,

"Ана тілі".

Пікірлер