ЛӘЗЗАТ АХАТОВА: Хайп үшін біреудің өмірі, тағдыры ойыншық боп қалған ба?

2668
Adyrna.kz Telegram
Қазіргі таңда “Адвокаттардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы тәртібі туралы” (Правила поведения адвокатов в СМИ) Ереже нормаларын қабылдау бағытында жұмыстар жасалып, жергілікті адвокаттар алқасының әрқайсысы Ереженің өз нұсқасын жасап, республикалық алқаға жіберіп жатыр.
Дәл қазіргі уақытта керек Ереже екені даусыз.
Осы Ереженің бір пунктында:
“БАҚ-та адвокаттардың ақпарат таратуының негізгі стандарттары:
1) объективтілік;
2) заңдылық;
3) шынайылық;
4) адамның және азаматтың жеке өмірін, ар-намысын, қадір-қасиетін құрметтеу болып табылады”-деп көрсетілген.
Одан өзге, адвокатқа көрінеу жалған, дәйексіз мәліметтерді таратпау, кез-келген ақпаратты түбегейлі тексеріп, шындықты ғана жазу керектігі міндеттеледі.
Сонымен қатар, адвокаттың бұқаралық ақпарат құралдарындағы мәлімдемелерінде құқықтық нигилизм, агрессияның кез-келген түрі, араздық жат болуы керек.
Бұны не себепті айтып отырмын?
Осы заң нормалары тек адвокаттарға ғана емес, заңгерлердің бәріне қатысты шығарылу керек!
Олай дейтінім - адвокаттық лицензиясы болмағанмен, танымал заңгер ретінде ел алдында жүрген кей кісілер тарапынан елге ақпарат жарияларда анық-қанығына көз жеткізбей, тілдік агрессияға жол беріліп, адамды қорлау, қадір-қасиетіне тіл тигізу фактісі де орын алып жатады.
  • Тілдік агрессия – бұл көңілге қаяу түсіретін сөз айту, жағымсыз көңіл күй, сезім немесе ниеттің сол сөйлеу жағдаятында ерсі, дөрекі, анайы тілдік қалыпта білдірілуі. Ғылымда бұл құбылыстың анықтамасы осы.
  • Ал қорлау мен жала жабу баптары бойынша сарапшы маманның қорытындысы төмендегідей:
“Тілдік агрессия айрықша ниет – адресанттың (сөйлеуші / жазушы) адресатқа коммуникативтік тұрғыдан залал (кемсіту, қорлау, келемеждеу) келтіруге мақсатты бағытталған қалауы немесе өзіндік мүдделерін (өзін таныту, өзін-өзі қорғау) қайсыбір «тыйым салынған» тәсілдермен жүзеге асыру ойы түрінде көрініс беруі мүмкін”
Бұл ретте заңдық тұрғыда қандай жауаптылық көзделгенін айтпасақ та, көзі ашық әрбір адам біледі.
Тілдік агрессияға жол беріп, қадір-қасиетіне тиюмен қатар, адамның фотосын рұқсатсыз желіге жүктеу де орын алып жатыр. Ал енді бұл- Ата заңымыздан бастап, еліміздің басты Заңдары-Қылмыстық және Азаматтық Кодекстерімен тиым салынған заң бұзушылыққа жатады.
Осы қарапайым ғана заң нормаларын белден басып, жоғарыда көрсетілген құқық бұзушылықтар жай адамның емес, білдей заңгерлік жоғары білімі бар, елге білікті құқыққорғаушы ретінде танымал, Ұлттық Кеңес мүшесінің тарапынан орын алып жатса, заңгерлердің өздері анық-қанығын ажыратпай, мәселені толық зерттемей, атүсті ақпаратқа сеніп, тұлғалардың ар-намысына, кәсібіне тіл тигізіп жатса, қайтпек керек? Құқықтық нигилизм дейді бұны.
Ет сасыса тұз себерміз, ал тұз сасыса, не себеміз?..
Ал сайттар толық зерттелмеген оқиғаны заңгерлердің сөзіне сеніп, елге жариялап отырса ше? Кибербуллингтің нағыз көрінісі осы емес пе? Рейтинг үшін жерден жеті қоян тапқандай, үстірт материалдарды жариялау қашан тиылады? Журналистік зерттеу деген бар емес пе еді? Журналист те елге ұсынып жатқан материалын жан-жақты зерделеп, екінші тараптың да уәжін естіп, шындыққа сәйкес етіп, жазбай ма? Ең оңайы-біреудің постын (рас па, өтірік пе, анықтап жатпай) көшіріп, баса салу. Қазіргі сайттардың жұмысы сол.
Сонда Аягүл өлімінен сабақ алмағанымыз ба? Сол қадір-қасиетіне тиіп жатқан тұлғалардың жақындары, туыстары, балалары, ел-жұрты, таныстары бар емес пе? Олар да - біреудің жары, анасы, баласы, ет жақыны емес пе? Олар қандай күйде? Хайп үшін біреудің өмірі, тағдыры ойыншық боп қалған ба?
Бұл постты жазуыма түрткі болған-өзін заңгермін деп есептейтін Айгүл Орынбектің Түркиядағы тренингке қатысты дауға еш қатысы жоқ Айнұр Тұрсынбаеваны “айтыстың аққуы едің, коучтардың қарғасына айналдың”-деп, фотосын салып, пост жазуы, ол аздай, танымал продюсер Мақпал Қаратайға “гений, коуч”, “бұл саған жай ескертуім, үстіңнен қылмыстық іс қозғалады”-деп қоқан-лоққы жасауы - заңнан хабары бар, заң саласындағы маманның айтатын сөздері ме? Бұл тек екі ғана мысал. Танымал заңгердің жазбаларының дені осындай, тіл мәдениеттілігінің төмендігі анық көрініс табады.
Аталған тұлғалардың шынымен кінәсі, немесе дауға қатысы болса, алдымен заңгер ретінде тиісті органдарға шағым жазып, құқықтық көмек беруіне кім кедергі? Жоқ, ақ-қарасын ажыратпай жатып, хайп үшін желіні шулату ма, мақсаты?
Кінәлі болса, іс қозғатсын, ол іс түбегейлі зерттелсін, сотқа жетсін. “Қылмыстары” анық дәлелденген жағдайда барып қана желіге жариялауға болмас па еді?
Сонда қызметіміз, не сөзіміз ұнамай қалған адамдар қай-қайсымыз туралы атүсті ақпарат берсе, тексермей, желіге жариялай салу, ел алдында көрінеу жалған ақпарат жариялау-қаншалықты заңға сәйкес әрекет? Заңгерлер қауымы, кәсіби пікірлеріңізді күтем.
P.S. Ал Түркиядағы жағдай туралы анық-қанығын түбегейлі зерделеп алған соң ғана, айтайын. Қазір материалдарды зерттеп жатырмын.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер