АСХАТ ҚАСЕНҒАЛИ: «Орешник» деген зымыран бар ма, жоқ па деген сұрақ туындайды

112
Adyrna.kz Telegram
Фото: Dimitar Dilkoff/Getty Images/AFP
Фото: Dimitar Dilkoff/Getty Images/AFP

Державалардың басты ұстанымы біреу – қарсыласқа көзірлеріңді бірінші болып ашып көрсетпеу. Сенің көзіріңді бірінші білу арқылы қарсыласың өз ойынын түзеуге не өзгертуге тырысады. Сол себепті де тараптар көзірлерін ашпауға тырысады. Соңына дейін сақтайды. Бұл әсіресе әскери қақтығыстарда анық көрінеді.

Украина соғысында Ресей бірнеше көзірін ашып көрсетіп қойды. Барлығы да зымырандарына байланысты еді. Ресей әлемде гипердыбысты зымыранды алғаш жасаған елміз деп өзін жария етті. 2018 жылдан бері «Кинжал» авиациялық гипердыбысты зымыранын әскери қолданысқа бергенін айтты. Ресейлік тарап зымыранның жылдамығы 10 Мах деді және әуе қорғаныс жүйелері атып түсіре алмайтынын айтты. Әскери сарапшылар таңдай қағып жатты.

Бірақ барлығын Украина соғысы өзгертті. 2023 жылы, мамырдың 4-күні Украинадағы Patriot әуе қорғаныс жүйесі «Кинжалдың» бірін қағып түсірді. Артынша зымыранды атып түсірген сәтте оның жылдамдың 10 Мах емес, 3 Мах екені анықталды. Яғни ресми мәліметтен 3 есе аз деген сөз. Кейін «Кинжалды» қытайлық әскери сарапшылар да сынға алып жаза бастады. Ordnance Industry Science and Technology журналында қытайлық сарапшылар Кинжалды «гипердыбысты зымыран деуге келмейді» деп бағалады. Ал көптеген сарапшылар «Кинжал – бар болғаны ұшақтан атылатын Искандер деуге болады» деді. Осылайша мақтаулы Кинжалға қатысты сарапшылар күмәнді бағасын бере бастады. Ал атып түсіруге болмайтын зымыранды 80-ші жылдары шығарылған ескі Patriot атып құлатты. Сөйтіп бір көзір ашылып қалды.

Ары кеттік. 2016 жылы Ресей кемеге қарсы гипердыбысты «Циркон» зымыранын сынақтан өткізіп жатқанын айтты. 2023 жылы әскерге қолданысқа беріп, 2024 жылы Украинаға осы зымыранмен бірнеше мәрте соққы жасалғаны жайлы ақпарат шықты. 2024 жылдың қарашасында Украина бір «Цирконды» атып түсіргенін айтты. Алайда шындығында бұл зымыран қолданылған немесе қолданылмағаны жайлы нақты ақпарат жоқ. Егер қолданылған болса және оның біреуін расымен әуе қорғаныс жүйесі қағып түсіргені рас болса, онда тағы бір көзір ашылды деген сөз.

Соңғы шабуылға қатысты. Ресей Украинаға қарсы «Орешник» атты зымыранды қолданғанын айтты. Әдеттегідей ресейлік тарап «ол зымыранды әлемде қағып түсірер кешен жоқ» дейді. «Цирконды» да, «Кинжалды» да солай сипаттаған-ды. «Орешникті» қағып түсіруге бола ма деген сұрақты анықтау үшін «Орешник» деген зымыран бар ма, жоқ па деген сұрақ туындайды. Себебі кей әскери сарапшы су жаңа «Орешникті» бұрынғы РС-26 «Рубеж» зымыраны болуы мүмкін деп топшылайды. Яғни жаңа зымыран дегеніміз, модернизацияланған ескі зымыран болуы да ғажап емес дейді.

Бұл зымыранды атып түсіруге бола ма? Барлығы да бұл зымыранға қатысты шынайы сипаттама пайда болғанда шығады. Оның жылдамдығы, ұшу траекториясы, маневр жасау ерекшеліктеріне байланысты. Украина әскерінде әзірге бұл зымыранды атып түсірер әуе қорғаныс жүйесі бар-жоғы белгісіз. Киев бізде ондай мүмкіндік жоқ деуде. Киевтің айтқаны рас болуы да мүмкін немесе осы жайтты пайдаланып Батыстан басқа әуе қорғаныс жүйелерін сұрап, әуе қорғаныс жүйесін күшейтуге талпынуы ықтимал. Украинада мысалы әуе қорғаныс жүйелерінің ішінде қуатты саналатын THAAD, Хец, GBI жоқ. Жақын аралықта берілмейді де.

Осылайша Ресей Украина соғысында көзірлерінің бірнешеуін ашып көрсетіп қойған сияқты. Ал Батыс әзірге өз көзірлерін шығармады. Батыстың Украинаға берген қарулары 90-шы жылдары шыққан ATACMS-тар, 80-ші жылдары шыққан HIMARS-тар, Javelin-дер. Ең жаңа зымырандары сол 2000-ның басында шығарылған Storm Shadow-лар болар. Бұл қарулар Батыстың көзірлері емес, сан соғыста сыналған «ардагерлер» ғой бұлар.

Украина әр атып түсірген зымыранға қатысты ақпаратты сөзсіз Батыспен бөліседі. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Польша, Германия және басқамен. Украина әуе кеңістігіне кірген зымыран/дронның жылдамдығы, ұшу ерекшелігі және басқа жайлы ақпараттар жинақталады. Кейін оны қалай атып түсіруге болады, әр зымыранды атып түсіруге қатысты түрлі антизымыран зымырандар жасалады. Көзір ашылды дегенге қатысты айтқаным ғой.

Ashat Kasengali

Пікірлер