Баспасөздің бас сардары

3162
Adyrna.kz Telegram

28 қыркүйек - Шерхан Мұртазаның туған күні

(Эссе)

Шерағаңның шекпенi

Тентектi де сыйлаған,
Телiнi де сыйлаған.
Таланты егер бар болса,
Тепкiлеуге қимаған!
(Журналистiк фольклордан)

Қазақ баспасөзiнiң серiсi де, перiсi де баршылық. Ал шерi бiреу ғана. Ол – Шерхан шерi. Дәл осындай атаумен әдебиеттанудың тағы бiр шерiсi – Шериаздан Елеукенов елеулi мақала жазған. Шерiнiң жайын шерi бiлер деген осы. Қазақ тiлiнiң лексиконында балталаса бұзылмайтын «Шерағаңның шекпенi» деген тiркес бар. Сонау Гогольдiң «Шинелiнен», бүгiнде бiресе Федор Достоевскийге, бiресе Эжен Мельхиор де Вогюэге телiнiп жүрген «Бәрiмiз де Гогольдiң шинелiнен шықтық» деген қанатты сөзден бастау алатын «Шерағаңның шекпенi» – баспасөздiң брендiне әлдеқашан айналып кеткен ұғым. Бұл сөз Шерхан Мұртазаның шекпенiне кiрiп шыққандар үшiн де, онда әлi жүргендер үшiн де, сондай-ақ оған кiрмек түгiлi ақпараттың арыстанымен тiлдесiп көрмегендер үшiн де қадiрлi. Себебi ол – баспасөз әлемiндегi айрықша құбылыс.

«Шерхан Мұртаза!.. Айдынды да айбарлы есiм!..». Мұны айтқан – әр сөзiн зерлеп, әр әзiлiн әрлеп ұсынатын Қалтай Мұхамеджанов. Сол есiмiне дейiн айбарлы адамның шекпенi де осал болмайтыны белгiлi. Бұл шекпендi салмақты да, сабырсыз да, асау да, асқақ та, серi де, сылқым да, қыңыр да, қырсық та паналаған.

Шерағаңның шекпенiнiң iшiне тарландар мен тарпаңдардың бәрi де сыйған. Өр Алтайдан жазып тұрған мақалаларына қарап, қалам сiлтесiнiң бөлектiгiн байқап, Оралхан Бөкеевтi Алматыға алдырған. Содан соң Орағаң бауырын жазып, қазақ даласында Кербұғыдай көсiле шапқан. Мойынқұмға алғаш барған сапарынан кейiн жұрттың мың рет шиырлаған жерiне өзгеше көзбен үңiлiп, әйгiлi «Құм мiнезi» повесiн жазған. Атырау облыстық газетiнде қызмет iстеп жүрген ақын қыз Фариза Оңғарсынованы «Лениншiл жастың» батыс аймақтағы меншiктi тiлшiсi етiп бекiткен. Кейiнiрек оның «Мен саған ғашық емес ем» атты өлеңдер топтамасын газетке жариялап, оқырманға кең танытқан. Арқада өз өрнегiмен даралана бастаған сөз зергерi Ақселеу Сейдiмбектi газеттiң Орталық Қазақстандағы меншiктi тiлшiсi етiп тағайындайды. Сол жылдарда-ақ өлеңiмен өрге беттеген Мұхтар Шаханов Оңтүстiк өңiрдегi меншiктi тiлшi болып қызметке қабылданады. Сөйтiп, ол тұлпарларды тай күнiнен таниды. Қазақ елiнiң әр түкпiрiндегi жас таланттардың бәрiне Шерағаңның шекпенiнен орын тидi. Өзiнiң тiлiнен тауып, сол шекпеннiң шалғайынан байқаусызда шығып кетiп, кейiн үйiрiн қайта тапқан журналистер де жеткiлiктi.

Қазақ қаламгерлерi ол кiсiнiң қарамағында болған сәттерiн сағынышпен еске алады. Бексұлтан аға Нұржекеев «Жалын» және «Жұлдыз» журналдарында қызмет iстеп жүрген кезiнде бас редактордың қызметкерлерiне әрдайым қорған болғаны, тiлшiлердiң сынынан өтпеген материалды ешқашан жарыққа шығармайтыны туралы жазды. Дау-дамай қуалап келген авторға журналистерiн ешқашан жығып бермейтiн көрiнедi. Мереке Құлкенов газет басшысының коммунистiк жүйе мен әдебиеттегi халтурщиктерге қаймықпай қарсы тұра бiлгенi жөнiнде әңгiмелейдi. «Ақ үйден жүзi қабарып, көздерi шатынап, жаралы жолбарыстай шамырқанып келген Шерағаң қарауындағы сайыпқырандарына шаң жуытпайтын», – дейдi ол.

Ал бiрде «Қазақ әдебиетi» газетiнiң кезекшiлiгiнде болған Мұса Рахманбердиев пен Рахымжан Отарбаев секретариаттағы Алашыбай Есмағамбетовтi ертiп алып, сол күнi нөмiрге кетiп бара жатқан бас редактордың әңгiмесiн жақсылап «жуыпты». Ақкөңiл Алашыбай ағам бастығының суретiн «қыз-қырқын құлап түсердей» етiп әрлеймiн деп жүрiп, Шерағаңның бейнесiндегi онсыз да қою мұртына бояуды қалыңдау жағып жiберiптi. Кезекшiлiк еткен нөмiрдi ертеңiне анықтап бiр-ақ көрген көркем тiлдiң хас шеберi Рахымжан ағам былай дейдi: «Мұрттың орнында тура тоқпан жiлiк секiлдi бiр пәле көлбең қағып, бастықтың жүзiн ешкiмге көрсетер емес. Шықпаған шыбын жан. Жан-жаққа бошалап қашамыз». Ол ол ма, әңгiменiң «Жаза» деген тақырыбы бiрiншi беттегi анонста «Жала» деп айғайлап тұрған көрiнедi. Қанша қатал болғанмен, жүрегi кең Шерағаң сонда да үндемептi. Тек оқты көзiмен бәрiн бiр-бiр атыпты да, төмен қарап отырып, «түсiнiктi» дептi. Басқа бiреу болса, «түсiнiктi» деп тiстенбей-ақ, бiрден түсiнiк жаздырар едi. «Жаза» мен «жаланы» шатастырудың қандай екенiн көрсетер едi. Жазуы бiрiнен-бiрi өтетiн сарбаздарын сыртқа лақтырып тастауға қимаған шығар.

Шерағаңның мектебi ылғи да жастармен толығып отырды. Бiздiң қатарластарымыз Қайнар Олжай, Нұртөре Жүсiп, Қали Сәрсенбай, Ермұрат Бапи, Қыдырбек Рысбеков және басқалар майталман бас редактордың шарапатын көрдi. Кезектi iссапардан оралған Қыдырбек досымызға Шерағаңның «Егемен Қазақстаннан» басқа жұмысқа ауысқанын Жиреншенiң заманынан қалған дәстүрлi тәсiлмен былайша «естiрткенбiз»: «Пәтер ауыстырған қалай екен?». «Бұл бiр көкiректегi у екен!». «Жұмыс ауыстырған қалай екен?». «Ол бiр жүректегi шу екен!». «Бастық ауыстырған қалай екен?». «Ой, дүние-ай, «Егеменнен» Шерағаң кеткен екен ғой...», – деп Қыдыш жер таянып отыра кеттi... Ең соңғы тұсы – ойдан шығарылған қалжың, әрине. Шындығында былай болды. Бағанадан берi өз әзiлiмiзбен өзiмiздi шымшылап, ит қылып отырған Қыдырбек: «Қойшы-ей, Шерағаң газеттен кетiп қалды ма?», – деп шоршып түстi.

Шерағаңның газеттен ауысуының жайын сол шаруаның басы-қасында болған, ол кезде Президент Аппаратында бөлiм меңгерушiсiнiң бiрiншi орынбасары қызметiн атқарған Сауытбек Абдрахманов «Баһадүр» атты мақаласында былайша баяндайды: «Сол тұста Қазақ телевизиясының жұмысы мандымай кеттi. Жұртшылықтың көңiлi толмайды. Хабарлары тартымсыз. Халықтың көңiлiндегi сөз айтылмайды. Ақыры ойлана-ойлана келе бiр ойға тоқтадық. Телевизия басшылығын күшейту керек. Сонда оны кiм жаңаша басқара алады? Ондай адам бiреу-ақ – Шерхан Мұртаза. «Егемендi Қазақстан» газетiн жұтындырып шығарып отыр. Бұрын басқарған басылымдарының бәрiнiң бағын ашқан.

Телевизияның да бағын ашады. Солай шештiк. Бұл жолы да мәселенi алдын-ала пысықтау идея авторына тапсырылды. Кабинетте Шерағаң шарт кетсiн. «Жұмыс жаңа-жаңа жолға түсiп жатыр ғой, бағыт дұрыс келе жатыр ғой, ондай шешiмнiң қандай қажеттiлiгi бар? Телевидение деген, радио деген жолап көрген жерiм емес, мен ол жерде не iстеймiн?». Олай айтамыз – көнбейдi. Былай айтамыз – көнбейдi. Кемi жарты сағаттай ырғасуға тура келдi. Ақыры сөздiң бiр орайында: «Шераға, кешегi соғыста Сталин қай майданда жағдай нашарласа, Жуковты сол майданға жiбередi екен. Президент те сiздi қай жерде жұмыс нашарласа, тек сол кiсi ғана жақсарта алады деп, сол жерге салғалы отырған жоқ па?» – деп қалдым. Шерағаң зорлана жымиды… Президент ұйғарымы дегенге тоқтады ма, бағанадан бергi таластан шаршады ма, жаңағы уәжге iштей келiстi ме, бiлмедiм, әйтеуiр ендi аздап жiби бастады».
Бiздiң Қыдырбек досымызды ғана емес, егемендiктердiң бәрiн мұңайтып, қазақтың теледидары мен радиосының құлақ күйiн келтiрiп беруге кеткен Шерхан ағаның шекпенi мұнда да шәкiртке лық толды. «Теледидар – құдiреттi күш. Ол да баяғы ертектегi дәу перi сияқты: кiмнiң «сиқырлы сақинасы» бар, соның құлақ кестi құлы. Адамдарды жаппай мәңгүрт ет десе, мәңгүрт ете алады. Жаппай иманды ет десе, иманды ете алады», – деп кейiпкерiмiздiң өзi айтқандай, ол ұлт санасын тазартуға, қазақтың намысын қайрауға бағыт ұстады. Жаңалықтар бағдарламасы басталарда қанатын кең жазған қыран дүр сiлкiнiп, көгiлдiр экранға шыға келетiн. Қаламгер-төрағаның бастамасымен әзiрленген «Таңшолпан», «Шарайна», «Ертегi айтып беремiн» деген бағдарламалар көрермендi теледидар алдына жiпсiз байлады. Әсiресе, кiрiспесiнiң өзi рух шақыратын «Шарайнаға» Шерағаңның мән бергенi соншалық, кейде бұл бағдарламаның әрiптестер арасында «Шерайна» деп аталғаны да жұртшылықтың есiнен шыға қоймаған болар.
Шерағаң «Қазақстан» телерадиокомпаниясын басқарған тұста жиналыс үстiнде проблеманы жерiне жеткiзе айтатын сол мезгiлдегi Байқоңыр телерадиокомпаниясы басшысының орынбасары, арқалы ақын Шаһизада Әбдiкәрiмовтiң қызуқандылығына сүйсiнетiн көрiнедi. Ол сөз алған бойда, «Ал, Шаһизада, шақылдат!» – дейдi екен. Сол Шәкең серiлiк құрып жүрiп, журфакты жиырма екi жылда әрең бiтiрiп, бұқаралық ақпарат құралдарындағы Байқоңыр тақырыбынан диплом қорғағанда, мемлекеттiк емтихан комиссиясының төрағасы Шерағаң оның мәселенi кәнiгi ғарыш маманы сияқты талдайтынына тәнтi болыпты. Көп ұзамай Қызылорда қалалық телерадиокомпаниясының басшылығына тағайындалған Шаһизада Әбдiкәрiмов Шерхан Мұртазаға телефон соғады. Бұл кезде Шерағаң төраға емес, Мәжiлiс депутаты едi. Ол кеткен соң «Қазақстан» телеарнасының жаңалықтар бағдарламасының «Шарайна» деген атауы алынып тасталған. Осыған орай қызылордалық журналист өз компаниясының жаңалықтар бағдарламасын солай атауға рұқсат сұрайды. «Рұқсат!» – дейдi Шерағаң гүр етiп.
Содан берi ширек ғасырға жуықтады. Үлкен Шәкеңнiң «Шарайнасының» жолын жалғаған кiшi Шәкеңнiң «Шарайнасы» эфирден әлi күнге дейiн түскен емес.

Шеберлiктiң мектебi

Баспасөздi билеген,
Терiдейiн иелеген.
Тектiлiгiн танытып,
Тарпаңдарға тимеген!
(Журналистiк фольклордан)

Бiз – Шерағаңның шекпенi шәкiртке толып кеткен кезде журналистикаға келiп, Бердiқұловтың бешпентiн паналаған буынбыз. Ол заманда Шерағаң мен Сейдағаң туралы аңызға бергiсiз әңгiмелер үнемi айтылатын. Бұлардың екеуi де «Лениншiл жас» газетiн бiрiнен соң бiрi басқарып, халықтық басылымға айналдырған, жалпыға бiрдей мойындалған майталман бас редакторлар едi. Қай жағынан да үлгiлi. Келбеттерi келiстi. Қаламдары қарымды. Шығармашылығы шұрайлы. Батылдықтары дау тудырмайды. Ең бастысы, жүйрiктердiң жүйрiгiнiң өзi малтығып қалатын газет шығару өнерiн жетiк меңгерген. Қазақтың маңдайына бiткен осы екi редактордың арқасында «Лениншiл жас» ұзақ жыл бойы ұлттың рухани құндылықтарын түгелдейтiн алтын қазына саналды. Басылым бетiнде қазақ қаламгерлерiнiң шеберлiгiн шыңдайтын шығармашылық мектеп қалыптасты. Бүгiнгi әдебиетiмiздiң дiңгегiн бiр кезде осы газеттiң отымен кiрiп, күлiмен шыққандар нық ұстап тұр.
Қос саңлақ қай кезде өзара тiлеулес болды. Екеумiздiң қайсысымыз мықтымыз деп, бақ-несiбе жарыстыра қоймаған сияқты. Қайта жастар газетiнiң берекелi дәуiрi осы екеуiнiң есiмiмен байланысты болған соң, олар бiр-бiрiн толықтырып тұрған секiлдi көрiнедi бiзге.

Сейдахмет Бердiқұловтың Шерағаң туралы «Кайнозой аршылып жатыр» деген деректi әңгiмесi бар. Сол жазбасында ол: «1958 жылы көне Мысыр соғыстың көк түтiнiне қақалды. Суэц шатағы. Әр үйдiң динамигiнен «Мұсылман жұрты көтерiл. Араб елiнiң еңсесiн басқысы келген империализм зұлымдарына бiрге аттанайық!» деген ұран бой тiтiретедi. Сол бiр күндерi ойланбастан жарты бет қағазға отты өтiнiш жазып, военкоматқа апарып берген күндер-ай. «Кiшi лейтенат Бердiқұлов, кiшi лейтенант Мұртазаев жолдастар, патриоттық инициативаларыңызға рахмет. Қажет деп тапсақ, ерiктiлер тобына алғашқылардың бiрi етiп жазамыз. Военком Авилов» деген хат тiлдей қағаздардың арасында қазiр де бар болса керек», – деп толғанады.

Бiр кезде екеуi жастар басылымында қатар қызмет iстептi. Жастары да шамалас. Алматының жайма базарын қынама қара белдiк жайлаған елуiншi жылдарда рейдке бiрге шыққан. Осындай бiрлескен шаралардан талай рет ұжымдық мақалалар жазған. Бiр-бiрiн қалжыңмен қажап, көңiлденгенде «Арыстанхан», «Бердикулидзе» деп өзара тiл қатысқан. Сол кездегi әрiптес-досқа деген көңiлiн Сейдағаң былайша өрнектейдi: «Шерхандар жазудың «ақ бурасы ойнағанда» сағат алтыдан соң қалып, түннiң бiр уағында редактордың ескi диванына құлай кетер едi». Ол Шерхан Мұртазаның тыным алмайтын жанкештiлiгiн («Найзаның сағағына ұйықтаған баяғының батырларына теңеп жiберсек, одан Мұртазаев бөсiп те кетпейдi, ақтарыла түсiп, ақ қайнардың тығынын атуы да кәдiк»), газеттiң жұмысына әбден берiлгендiгiн («Толықсыған жас келiншектi, сарышақа балаларды айлап Алматыға тастап, кепканы баса киiп, керзi етiкпен ойдым-ойдым ақ жем түскенше Есiлдiң арғы жағы, бергi жағы, барар тұс Қостанай ма, Торғай ма екен деген күндерiне қос ат алып қуса да Шерағаң жете алмас: иә, жеткiзбей кеткен жемiстi шақ») бейнелi тiлмен баяндап, сұлу сөзбен сурет салады.

Журналист Шерхан Мұртаза жазушы Шерхан Мұртазадан бұрынырақ танылған. Ғафу етiңiз, әдебиет әлемiне екеуiнен де бұрын келген ақын Шерханды ұмытып бара жатыр екенбiз ғой. Кейiпкерiмiз де барлық қаламгерлер секiлдi алдымен өлең өрген. Тек өрiп қана қоймаған, үлкендi-кiшiлi газеттерге ұсынған. Оны айтасың, жырлары ұжымдық жинаққа шыққан. Ендi Шерағаң шайырлығының қалай шектелгенi туралы өзi айтсын. «Елуiншi жылдардың ортасында жаңадан жауқазындай қылтиып көрiнген жас ақындардың жинағы жарық көрдi. Арасында менiң үш-төрт өлеңiм бар. Бiр күнi «Лениншiл жаста» сол жинаққа сын жарияланды. Авторы – Зейнолла Серiкқалиев. Менiң өлеңдерiмнiң быт-шытын шығарыпты. Содан қайтып өлең жазғанды үзiлдi-кесiлдi қойып кеттiм. Сөйтiп, сыншы Зейнолла қазақ поэзиясын бiр халтурадан сақтап қалды», – деп жазды ол.

Публицист Шерханның iлкi қадамы жастар газетiнде басталған. Әсiресе Орталық Қазақстан өңiрiнде тiлшi болып жүрген кезiнде өндiрiс туралы мақалалары көптеп жарық көрген. Кейiнiрек «Социалистiк Қазақстанның» тiлшiсi ретiнде барлық аймақты аралап, ел тiршiлiгiнiң тынысын танытқан. Сарғайған «СҚ»-ның алпысыншы жылғы бiр нөмiрiнде «Балықшының бақыты» деген очерк жарияланыпты. Кейiпкерi – мен туып-өскен Аралдың атақты балықшысы, Социалистiк Еңбек Ерi Ұштап Өтеулиева. Ұштап апамыз әуелi көк теңiзден балық аулап, кейiн де осы саланың шаруашылықтарында қызмет iстеген-дi Бiздiң Қаратереңде сол кiсiнiң жолын қуған Ленин ордендi Күлпаш Бейсенова деген тағы бiр беделдi балықшы апайымыз бар едi. Жалпы, Аралдың танымал балықшы әйелдерi саусақпен санарлық қана. Солардың ең мықтысы Шерағаңның кейiпкерi болыпты.

Бiз оның жиырма алты жасында жарық көрген «Құрылысшы Дәку» деген алғашқы кiтабын парақтап отырмыз. Бар-жоғы 28 беттен тұратын шағын кiтапша. «Өндiрiс жаңашылдары» деген жоба аясында «Жасампаз еңбек адамдары» деген сериямен шыққан көлемдi бiр ғана очерк. Бүгiнгi ұрпақ есiмiн бiле бермейтiн Дәку Әбдиев деген кiм едi? Ол – Ленин ордендi құрылысшы. Осы кәсiптi жетiк меңгерген майталман маман. Сыр бойының тумасы. Ақтөбеде, Қарсақбайда өндiрiс орындарын салуға атсалысқан. 1943 жылы билiк оны майданнан алып қалып, Қарағанды облысындағы Самарқант елдi мекенiне жiберген. Дәку кең далада Темiртаудың құрылысын бастаған. Қарағанды металлургия комбинатынан бастап, барлық кәсiпорындардың ғимараты оның қолынан өткен. Одақтың түкпiр-түкпiрiнен келген жас өрендерге құрылыс салу өнерiн ерiнбей-жалықпай үйреткен. Сол кездiң өзiнде зейнет жасына жақындаған Дәку Әбдиев талай ақынның өлең-жырына арқау болыпты. Олардың бiрi: «Ағылып ұлы Отанның әр белiнен, Жиналды Темiртауға лек-легiмен. Әбдiнiң Дәкуi едi соның бiрi, Жүлде алған «Көкжиденiң» көп ерiнен» деп жырласа, тағы бiр шайыр: «Қалағы Әбдиевтiң жарқ-жұрқ еттi, Бетонның мiнiн тауып қырнағанда. Шебердiң өнерi артты күннен-күнге, Жансызға жан бiтiрiп сырлағанда» деп толғайды. Сөйтiп, бұл кiсi ерен еңбегi арқылы Қарағандыда өрiстеген «өндiрiстiк поэзияны» өркендетуге ерекше үлес қосқан. Сол Дәкудiң өнегелi өмiрбаяны «Лениншiл жас» газетiнiң Қарағандыдағы меншiктi тiлшiсi Шерхан Мұртазаның назарын аударыпты. Осы алғашқы кiтап Шерағаңның шығармашылық мұхитына шығар жолын бастап берген тәрiздi.

Басылымның бапкерi

Шерағаңның шекпенi –
Шыңдалудың мектебi.
Шығармайды ұнасаң,
Шекпенiнен шеткерi.
(Журналистiк фольклордан)

Кейiпкерiмiздiң атын аңызға айналдырған ерекше қыры – газет шығару iсiн басқару өнерi. Сейдахмет Бердiқұлов Шерхан Мұртазаның редакторлығына да лайықты баға бердi. «Ол әсiресе «Лениншiл жаста» айшықты көрiндi. Шерханның редакторлығы да өз алдына бiр жыр екендiгiн жұрт бiлсе керек», – деп сүйсiндi. «Жүректерден жанартау атқылаған күндерде жинаған қор Шерханды ешқашанда саусақтан сорғызбай, қалай ойқастауына да аккумулятор боларына бiз куә», – деп сенiм артады.

Шерағаңның «Лениншiл жасы» оқырманның шексiз ықыласына бөлендi. Оның тұсында «Қыз Жiбек» фильмiнiң Ғабит Мүсiрепов жазған сценарийi газетте жарияланады. Көрнектi қаламгер басқаға емес, осы басылымға бүйрегi бұрыпты. Жыл сайын түрлi тәсiлмен Наурыз мейрамы туралы мәлiмет берiлiп тұрды. Жұртты әбден зәрезап қылған зар заман ақындары Дулаттың, Шортанбайдың, олармен рухтас Бұқар жыраудың өлеңдерi жарық көрген кезi болыпты. Жастар газетi бетiң бар, жүзiң бар демейтiн өткiрлiгiмен де ерекшелендi.

Брежневке арқа сүйеп, қазақ өнерiн қолжаулық қылған «Қазақконцерттiң» басшылары – ерлi-зайыпты Чернышевтарды аяусыз сынға алады. Жас редактор одақтық деңгейде дау тудырған осы мақалаға байланысты өш алғысы келген өктемдiктiң өкпек желiне маңдайын тосты. Бiрде нөмiр шығару барысында қолайсыз клишенiң кесiрiнен Лениннiң суретi сыймай, шүйдесi кесiлiп қалыпты. Бүкiл жүйенi құрған пролетариат көсемiнiң дәу басына ұқыпты қарамағаны үшiн жастар басылымының басшысы тағы да тәртiпке шақырылады. Осындай жағдайда оған республика комсомолының жетекшiсi Өзбекәлi Жәнiбеков үнемi араша түседi. «Туғаным емес, туысқаным емес... Бұл Жәнiбеков неге менi қайта-қайта оқтан алып қалады?», – деп толғанатын кезi осы тұс. Бiрақ осының бәрi Шерағаңды ширықтырып, шыңдап шығарады.

Бiздiң кейiпкерiмiз «Лениншiл жасқа» редактор болып келгенде, таралымы аса көп емес екен. Оны 150 мыңға дейiн жеткiзедi. «Жұлдыз» журналының таралымын 255 мыңға дейiн өсiредi. Кейiн атышулы «Правданың» өзi «Жұлдызды» ұлттық әдеби басылымдардың iшiндегi ең алдыңғы қатарлысы деп атап өтiптi. «Правда», сөйтiп, осы жолы шыңғырған шындықты айтыпты. Өзге жұрт басуға бата алмай жүрген бiр шығармасы «Жұлдызға» жарияланғанда Мұстай Кәрiм: «Суровый издатель Шерхан! Вы сделали почти невозможное», – деп сүйсiнiптi.

Ал Шерағаң шыңға шығарған «Қазақ әдебиетi» газетi дүрiлдеп тұрған кезде бiз студент едiк. Қоғам қайраткерi Сәбетқазы Ақатаев «Жұма күнi келетiн құтты қонақ» деп атаған берекелi басылым үтiр-нүктесiне дейiн оқылатын. Сабақтан келе сала соны iздеп, безiп кететiнбiз. Бiр нөмiрiн жiберiп алсақ, намазымыз қаза болғандай, кiтапханаға тартамыз. «Қазақ әдебиетi» ойлы очерк пен әлеуметтiк сараптаманың мектебi секiлдi едi. Дидахмет Әшiмханов, Мұса Рахманбердиев, Мереке Құлкеновтер апта сайын газет бетiнде қара сөзден құйын тұрғызып, жасын ойнатып жататын. Өмiрi көрмеген өңiрiне барып, ғаламат мақалалар сериясын ұсынған Рахымжан Отарбаев «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп жарияға жар салды. Он алтыншы беттiң иесi Көпен көкем «Қожанасыр қоржынының» қазынасын ұстап отырды. Ара-тұра бас редактордың орынбасары Оралхан Бөкей қаламды қолға алады. О.., жасын ойнағанның көкесi сонда болады... Осылардың бәрi баспасөздiң жүрегiне қан берiп тұрған Шерхан Мұртаза дейтiн алып генератордың тот баспайтын тетiктерi едi. Сол тегеурiндi тетiктер бүгiнгi рухани әлемдi де сетiнетпей ұстап тұр.
Шерағаң газет шығаруды әбден меңгерген адам, барған жерi жайнап сала беретiнi содан ғой дерсiз. Ал бұрын мүлде байқап көрмеген саласы – телерадионы тауыс құстай түрлендiргенiн қайтесiз?! Қазақ телевизиясы қолына қыран бүркiт ұстап, басына бөрiк киiп, иығына шапан жамылып шыға келген жоқ па?! Тележурналистердiң таңмен таласа тұрып, ел-жұртпен есендесуге құмартқаны кiмнiң арқасы едi?!

Ол қай басылымда да журналистердiң тағдырына бей-жай қарамады. 1989 жылы «Социалистiк Қазақстанға» келгенде желтоқсандықтардың суретiн жариялаймын деп, партиядан шығарылған Мамадияр Жақып техникалық қызметте жүр екен. Бұрын осы басылымның жауапты хатшысы, «Жетiсу» газетiнiң бас редакторы болған Мәкең әдепкiде Қаскелеңдегi аудандық газетке жер аударылыпты. Тiптi тиiстi орындар оған тiлшiлiктi де қимай, корректорлыққа әзер келiсiм берiптi. Содан бiрте-бiрте берi қарай жылжып, «СҚ»-ның босағасына қайтадан табан iлiктiрген кезi екен. Шерағаң оны кейiнiрек бөлiм меңгерушiсi етiп тағайындап, редакция алқасының құрамына енгiзедi. Маңғыстаудың мұнай саласына еңбегi сiңген талантты ақын Темiрхан Медетбектi газеттiң сол облыстағы тiлшiсi етiп бекiтедi. Пәтерден-пәтерге көшiп, қиналып жүрсе де, үзбей мақала жазып, елдiң ықыласына бөленген Қали Сәрсенбайды қызметке шақырады. Жүйрiк журналист ұзамай пәтер алады. Бас редактор тек өз сарбаздарын ғана емес, олардың кейiпкерлерiн де жарылқайды. Қали «Қарғаш» деген тамаша эссе жазып, ұзақ жыл ұмыт қалған әйгiлi әншi Амангелдi Сембиндi қазақ жұртына қайта танытқан едi. Шерағаң депутаттық мандатын пайдаланып, өнер саңлағына Алматыдан төрт бөлмелi үй алып бередi. Ол кiсiнiң Қали Сәрсенбайға деген құрметi әлi де ерекше көрiнедi. Дәлел керек десеңiз, кейiпкерiмiз туралы үзбей жазып тұрған белгiлi қаламгер Әдiл Дүйсенбектiң «Шерағамның шеруi» деген кiтабындағы «Қалидың кәзитi» деген шағын әңгiменi оқыңыз.

Редактор – қызметтен кеткен соң да редактор. Шерағаң бертінге дейiн баспасөздiң тамыр соғысын бақылап отырған секiлдi. Оны ақпараттың алыбына айналған ағамыздың қанатты сөздерiнен аңғарамыз. Соның баспасөзге қатыстыларының өзi бiр алуан. «Бiр кем дүниесiнде» де әрiптестерi туралы айтылмай қалмайды. «Журналшылар да түйе сияқты. Арқалағаны – алтын, жегенi – тiкен» деген сөзi баяғыда-ақ ел арасына кең тарап кеткен. Сонымен қатар «Қылыш ел шауып, қазына құрайды, Қалам қазына тауып, қайыр сұрайды» деген ой-тұжырымы да осыған орайлас. Ол баспасөздiң бағасын түсiрiп жүрген қойыртпақ тiл туралы көбiрек толғанады.

Тiл демекшi, қазiргi телевизия мен радиодан «ң» әрпiне тiлi келмейтiн зиялылардың ел тағдыры, тiл тағдыры, ұлт тағылымы жөнiнде пiкiр бiлдiретiнiне көз үйрендi. Бiр қызығы, кейде олардан «ң»-ды айта алмайтын журналистер сұхбат алып отырады. Осыған орай, Шерағаң iлгерiде осы әрiптiң қадiр-қасиетiн танытқан Оспанхан Әубәкiровтiң «Ңөң» деген өлеңiн жариялағанын еске алып, «Содан ендi ойлаймын, жарықтық Осекем әулие екен-ау деп. Қазiргi мына заманда «ң»-ға тiлi келмейтiндер көбейдi. Теледидарды тыңдап отырсаң, «жанағы, жанағы» деп қойып, сөз арасына арам сөз қосып сөйлейтiндер жиiледi», – деп ренiшiн сездiредi.

Бұрынғының журналистикасында ұят деген ұғым үстемдiк құратын. «Артық-ауыс сөйлеп қойсам, аға буын қалай қарайды?» деген ибалылық пен именшектiктiң өзi жарасымды едi. Бүгiнгi ешнәрсеге қарамайтын жаңа буынның селдей екпiнi тiл түгiлi пiлдiң өзiн жығып кетедi. Көсемсөздi көркем сөзден кем көрмейтiн кейiпкерiмiздiң «Публицистиканың жөнi басқа. Көркем әдебиет ауыр артиллерия болса, публицистика – кавалерия» дегенi де – тағылымды тұжырым. Ол баспасөздi емес, басқа сөздi де әдемi ой-пiкiрмен әдiптейдi. Мәселен, «Мыңжылдықтар соңындағы сөз» деген шағын мақаласында «Арал теңiзi тартылып, Арақ теңiзi пайда болды» деп ашына айтады.

Шерағаң елордаға қоныс аударған «Егемен Қазақстанды» бастап келдi. Жай ғана бастап келген жоқ, байырғы басылымның Арқа төсiне орныққанын жалпақ жұртқа жариялады. «Армысың! Бұл келген «Егемен Қазақстан». Қайран Қазақ даласы кең ғой. Сондықтан бұл газеттiң тұрағы да өзгере бередi, аты да өзгере бередi» деп осы бiр ерекше көшi-қонның тарихын баяндады.

Бұл да – баспасөздiң бас сардарына лайықты iс!

Қабiлеттiң қайрағы

Ақиқаттың анығы,
Қағидаттың қанығы.
Көсемсөздiң көсемi,
Ақпараттың алыбы!
(Журналистiк фольклордан)

Баспасөзге әр адам әр түрлi жолмен келедi. «Ай мен Айша» романында айтылғандай, Шерағаңа өзiнiң алғаш көрген журналисi, «Сталин жолы» газетiнiң тiлшiсi Нұртай Шойынбеков ой салған сияқты. Колхоздың кеңсесiне кiрiп келген аққұба өңдi, жүрiс-тұрысы орнықты жаяу журналист бас бухгалтер Зәбираны сауалдың астына алады. Сонда бала Барсхан есепшi апайының сасқалақтаған түрiне қарап, баспасөздiң басқа сөзден айырмасын бiрден байқайды. Онымен қоймай бас бухгалтер бұған тiлшiнi көршi колхозға жеткiзiп тастауды тапсырады. Екеуi бiр атқа мiнгесiп келе жатқанда, әлгi журналист байқаусызда «Иә, Алла!» – деп қалады. Онысынан өзi шошып кетедi. Қоштасып кетiп бара жатқан кезде шығарып салған жас серiгiне «жазып тұр» дейдi. Бәлкiм, қиын-қыстау заманда имандылығын жоғалтпаған осы бiр кейiнгi тағдыры беймәлiмдеу баспасөз өкiлi балағының битi бар балаға дем берген шығар. Сол «жазып тұр» деген жалғыз ауыз сөз Шерағаңа өмiрлiк бағдарлама болды ма екен?!

Шерхан Мұртаза бас редакторлығымен ғана емес, жазуымен де баршаға үлгi болды. Оның публицистикасы көркем шығармадай оқылады. Көсемсөзiнiң өзi тартымдылығымен ерекшеленедi. Оқырманның назарын аударып, жүрегiне жететiн тура жолды таба бiледi. Ұтымды форма қолданудың шеберi. Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың жыл бойы жалғасқан хаттары – ел қамын, ұлт мүддесiн баспасөз бетiнде жоқтаудың айқын көрiнiсi. «Қазақ әдебиетi» газетiнiң алғашқы бас редакторы Ғабит Мүсiрепов пен сол кезде осы басылымды басқарып отырған Шерағаңның әңгiмесiне негiзделген «Екi редактордың сұхбаты» қандай?

Жас Шерхан о бастан ақпаратты тез алатын әбжiлдiгiмен көзге түскен. Алпысыншы жылдарда «Социалистiк Қазақстанда» жүрген кезiнде Алматыға Перудiң әйгiлi әншiсi Има Сумак келедi. Өр мiнездi өнер иесi әдепкiде құстарға елiктеп ән шырқауды үйренген екен. Өз ортасына өте ерте танылған. Әлемде сирек кездесетiн дауыс дарыған Има Сумак ешкiмге сұхбат бермейтiн көрiнедi. Бiрақ сол жолы оның өзiнен он жас кiшi журналиске жүрегi жылыпты. «Сiз бiздiң кечуа-үндiстерге ұқсайды екенсiз», – дептi мейiрленiп. Жазушы өзiнiң «Бiр кем дүниесiнде» оның арғы тағдыры не болды екен деп толғанады: «Кiм бiледi, «Күнге табыну» әнiн айтқанда ол қос қолын көк аспанға қарай созып жiберiп, шырқау биiкке самғап ұшқандай көрiнушi едi. Күн көзiне қарай ұшып кеттi ме...». Шерхан ағаның iздеген кейiпкерi «Бiр кем дүние» жарыққа шыққан 2008 жылы Лос-Анжелесте 86 жасында қайтыс болыпты. Денесi Голливудта жер қойнына тапсырылған.

Кейiпкерiмiз қарапайым нәрсенiң өзiнен көркемдiк көре бiледi. Болмашы дүниеге қан жүгiрте алады. Оқып көрелiк. «Тамшылаған дәрi жүрекке шипа дейдi. Тамырлар арқылы осы тамшы жүрекке де жететiн көрiнедi. Нәр беретiн көрiнедi. Ондай шипадан айналып кетсең болмай ма! Ондай емнiң зекетi болғың келедi. Жасасын тамшылар! Бiрақ сол тамшылар да таусыла бастайды. Өлшеулi ғой. Бұл ғұмырда бәрi де өлшеулi. Әне, соңғы тамшы! Жеке жылжып барады». Бұл – емханада система алып жатқан Шерағаң. Система алмайтын адам жоқ. Бәрiмiз де алдық. Бiрақ сырт көзге сұрқай сол көрiнiске осылай жан бере аламыз ба? Әй, қайдам...

Шерағаңның шығармаларының iшiнен алғаш қолыма түскенi «Қара маржан» едi. Бала кезде оқығандiкi шығар, бас кейiпкер Нариманның әр қимылы көз алдымда тұр. Тiптi комбинат директоры Ониканың кеудесiнiң сырылына, Аманқұл Ақыраповтың қорылына дейiн құлағымда қалыпты. Осы мақаланы әзiрлеу барысында кейiпкерiмнiң бүкiл жазған дүниесiн қайта шолып шықтым. Тiптi бүгiнгi жинақтарына енгiзiле бермейтiн, Жетiсу өңiрiндегi азамат соғысына қатысқан, өз дәуiрiнде басшылық қызмет атқарған Ахметжан Шынболатов туралы жазылған «Ахметжанның анты» деген деректi повесiн де ойға алдым. Оның шығармашылықтың адам айтқысыз азабын тартқанына, өлшеусiз iзденiстiң арқасында ғана биiк белеске шыққан қаламгер екенiне көз жеткiздiм. Мәселен, жиырма алты жасында құрылысшы Дәкудi және менiң балықшы Ұштап апамды жазатын Шерхан мен кейiнгi Шерханның айырмасы жер мен көктей.
Оны қайта шыңдап шығарған күш баспасөздегi тынымсыз еңбек деп ойлаймыз.

Басылымдардағы ұзақ жылғы қызметi қабiлетiн қайрап бергендей болады да тұрады бiзге. Әрине, қайраққа iлiнетiн де, iлiкпейтiн де қабiлет бар. Ал Шерхан шерiнiң қабiлетi қайрақтың өзiн жанып жiберетiн секiлдi. Бұл пiкiрiмiздi қаламгердiң өз сөзiмен тұздықтай аламыз. Ол жазбаларында баспасөздiң пайдасын да («Газет жұмысы – бiр жағынан жазушының досы. Ел көресiң, жер көресiң, сан түрлi адамдармен кездесесiң. Шығармаға жем табылады»), найзасын да («Газет – бiр жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкiрегiңдi кернеген дүниенi алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың iшiнде жүресiң. Түнде де тыным жоқ») өткiр тiлiне тиек етедi.

Тоқсаныншы жылдарда «Егемен Қазақстанның» Алматыдағы ғимаратының бiрiншi қабатынан шағын кафе ашылғаны есiмiзде. Сол кафеде кешке қарай қазақ руханиятының үш алыбы – Қалтай Мұхамеджанов, Шерхан Мұртаза және Камал Смайылов үнемi өзара әңгiмелесiп отырар едi. Бiрi – «Ара» журналының, екiншiсi – «Егемен Қазақстанның», үшiншiсi – «Ақиқаттың» басшысы. Бұл үшеуiнiң жанына жақындауға жас журналистердiң жiгерi жетпейдi. Бiрақ ағалардың өздерi «Камал кафе» деп атайтын дәмхананың iшiнде небiр қызықты әңгiме айтылатынына ешкiмнiң күмәнi жоқ-ты. Бәрiмiз осы үшеуiн сыртынан көру үшiн босағасынан сығалап тұратын сол кафе баяғыда-ақ құрыған шығар. Кафесi түгiл әкесiн ұмытқан заман емес пе?!

Шерағаң о баста ұстазға жарыған. Тағдырдың жазуымен оның мектебiне небiр зиялы мұғалiмдер жиналыпты. Жер аударылып, сол өңiрге жiберiлген Мұхамеджан Қаратаев әдебиет пәнiнен сабақ бередi. Ал химия пәнiн атақты Алаш қайраткерi Жақып Ақбаевтың қызы Аргуния оқытқан. Осындай аса бiлiмдар адамдардан өнеге алған қаламгердiң шығармашылық дiңгегi берiк болғаны анық.
«Қаламгерлiк түйсiктiң болатыны рас па?» – деп қаласың кейде. «Шерхан ағамыз бiр кезде Смағұл Сәдуақасұлы туралы толғана келiп, «Есiл ерлерге туған жерден топырақ та бұйырмаған ғой. Бiр кем дүние...», – деп күйзелiп едi. Кейiннен өзi шығармашылығын қадiрлейтiн ғалым iнiсi Дихан Қамзабекұлы Мәскеу крематорийiнен Алаш ардақтысының денесiнiң күлiн Астанаға жеткiзiп, жер қойнына табыстауға бастамашы болды.

Шерағаңның шығармаларын қайсарлық кернеп тұрады. Кейiпкердiң қайсарлығы. Қаламгердiң қайсарлығы. Сол табандылық оны әлдебiр әумесердiң талап етуiмен ататегiн ауыстырудан, яғни, Мұртазадан Нұртазаға көшуден сақтап қалады. Сол бiрбеткейлiктiң арқасында талай несiбесiне қол жеткiзедi. Көрген қиындығының өтеуiндей болып, алдынан өңкей бiр жақсы адамдар жолығады. Солар келешекке жөн сiлтейдi. Бәлкiм, оның турашыл мiнезiне тәнтi болған шығар.

Шынында да, кешегi өткен ер Әбiш, Алаштың абызы Әбiш Кекiлбаев айтқандай, «Шерағаң – мiнездi адам, мiнездiң жазушысы».

Бар буынның байрағы

Қаламы да күшiнде,
Қарымы да күшiнде.
Шерхан аға сау жүрсiн,
Шекпенiнiң iшiнде!
(Журналистiк фольклордан)

Шерхан ағаның кейiнгi буынға деген құрметi бөлек. Жазған дүниелерiнен оның өзiмен тiлдескiсi келген қаламгерлердiң ешқашан бетiн қайтармағанын көремiз. Ақын Ұлықбек Есдәулетовтiң өлеңмен жазған хатына ерiнбей-жалықпай сыр-сұхбат түрiнде жауап берiптi. Өлеңмен жазған хатқа өлеңмен жауап жаза алмайтынын бiрден айтады. Мұның себебiн тағы бiр толғамында өзi былайша баяндайды: «Ақын болу – арман. Бiрақ ақын емеспiн. Көк есектей митыңдаған көп ақынның бiрi болғым келмейдi». Әңгiмелесуге көңiлi ауған журналистерге де есiгi әрдайым ашық. Оларға айрықша ықылас танытады. Iлгерiде «Сұхбат» газетiнен келiп әңгiмелескен Азат Әкiмов Шерағаң өзiн көлiгiне мiнгiзiп, редакцияға жеткiзiп тастағаны туралы жазды. «Шераға болудың бiр құпиясы үлкенге құрмет, кiшiге iзет көрсете бiлуде болса керек», – деп ой түйедi журналист.

Ақпараттың алыбы жас буынды үнемi қолдап келдi. Олардың шығармашылығын үнемi қадағалап отырады. Бiрқатар еңбектерiнде баспасөздiң аса талантты өкiлi, қазақша оқыса да, орыс тiлiн жетiк бiлген iнi-досы, «Правда» газетiнiң Қазақстандағы меншiктi тiлшiсi болған Тельман Жанұзақовты iлтипатпен еске алады. Бүгiнгi мемлекет және қоғам қайраткерi Мұхтар Құл-Мұхаммед баспа қызметiмен айналысып жүрген тұста «Мына рынок заманындағы шаруашылық басқарудың, ұйымдастырудың, iскерлiктiң жаңа ұлттық үлгiсi» деп баға бердi. Ақпарат өкiлдерi арасынан шыққан тағы бiр танымал тұлға Дархан Мыңбайдың Оңтүстiктегi өнегелi iстерiн барша жұртқа үлгi еттi. Озық ойлы көсемсөзшiлер Нұртөре Жүсiп пен Қали Сәрсенбайдың публицистикасы туралы көшелi пiкiр айтты. Камал Смайыловпен жазысқан хаттарында Смағұл Сәдуақасұлы туралы әңгiмелеп отырып, сол тақырыпты жете зерттеген алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының еңбектерiне жүгiнедi. Тiптi журналистиканың кейiнгi буынының өкiлi, имандылық тақырыбына қалам тартып жүрген Кеулiмжай Құттиевтiң ой-тұжырымы да Шерағаңның «Бiр кем дүниесiне» дәйексөз ретiнде алынған. Демек, баспасөздiң баһадүрi әсерлi әңгiменiң әдiбi мен әдебiне жете көңiл бөледi.

Көсемсөз ғана емес, көркемсөз шеберлерiн де ұмытпайды. Мархабат Байғұт, Нұрғали Ораз, Тұрсынхан Зәкенұлы, Айгүл Кемелбаева сынды талантты жазушылардың шығармашылығына шеберлiкпен талдау жасады. Өмiрден ерте кеткен дарынды ақын iнiсi Бауыржан Үсеновтiң шығармашылық мұрасымен танысуға да уақыт тауыпты. Оның «Бетпақдала қырғыны» деген балладасын оқыған соң «Ақын мен ақбөкен» деген мөлтек мақала жазды. «Ақынның аты – Бауыржан. Бiрақ атақты батыр емес, ақын едi. Ол да Жуалыдан», – деп толғайды. Өлеңiнен үзiндi келтiредi. Мақаласының соңын «Аңды, табиғатты қорғау қоғамы ақынның осы өлеңiн өз мекемесiнiң маңдайшасына жалаулата iлiп қойса ғой», – деп тұжырымдайды. Бiзбен бiрге оқыған Бауыржан осы балладасын журфактағы аудиториялардың бiрiнде отырып жазып едi. Арада жылдар өткенде, Баукеңнiң «ақбөкендерiне» Шерағаңның өзi назар аударады деп кiм ойлапты?!

Бiр кезде Шерхан аға басқарған елiмiздiң бас газетiнiң кейінгі басшысы Сауытбек Абдрахманов кейiпкерiмiздiң шығармашылық болмысын былайша бедерледi: «Журналистикада өзi басшылық жасаған басылымдардың бәрiнiң бағын жандыратын, қай жерде де талантты шәкiрттер шоғырын қалыптастыратын шын мәнiндегi ұлы редактор ретiнде танылды. Мұның бәрi бүгiнде барша жұрт мойындаған ақиқат, шығар күндей шындық. Есiмi халықтық ұғымға айналған, соңғы ширек ғасырда талай-талай нәрестеге аты ырымдап берiлген мұндай тұлғаларды бiздiң қазақ баһадүр деп атайды». Рас. Шерхан Мұртаза, сөз жоқ, ұлы редактор.

«Талай-талай нәрестеге аты ырымдап берiлген» демекшi, балаларына Шерхан ағамыздың есiмiн қойған журналистер де бар. Соның бiрi – «Егемен Қазақстан» газетi бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан. Кiшi ұлы жетi айлығында өмiрге келгенде, Талғат салып ұрып Парламентке барады. Жетiп келуiн келгенмен, Шерағаңмен сөйлесе кетудiң ретiн таппай, сәл кiдiрiңкiреп қалыпты. Сөйтiп қипақтап тұрғанда қаламгер Табыл Құлиясов оны депутат-жазушыға жетелеп әкелiптi. Шерағаң Парламенттiң жиын өтетiн залында отырып, күндей күркiреген даусымен «Тұлпар мiнiп, ту ұстайтын азамат болсын!» – деп батасын бередi. Кейiн ара-тұра кездесiп қалғанда үлкен Шерхан: «Жетi айлығың жетiлдi ме, ей?» – деп кiшi Шерханның жағдайын сұрайтын көрiнедi. Немересiне сол жазушының аты қойылғанын естiгенде Талғаттың шешесi: «А, бiлем... Ана телевизордан жер-жебiрi, жекен суына жетiп сөйлейтiн кiсi ғой», – дептi. Бiле бiлгенге, бұл да бiр Айша... Бiрақ аты Айша емес, Нұрғайша. Ал бүгiнде Еуропада білім қуып жүрген Шерхан Талғатұлын қашан көрсең де, көзiнен көзiлдiрiгi, қолынан кiтабы түспейдi. Үш тiл бiлетiн үштұғырлы бала қалаған тiлiнде оқи бередi. Пушкиндi жатқа соғады. Сiрә, атақты аттасының батасы қонған шығар.

Шерхан аға баршаға белгiлi «Бiр кем дүниесiнде» былай деп жазды: «Егемен Қазақстан» газетiнiң редакциясы зейнеткер менi шолушы қызметiне алды. Кейбiреулерге күлкi: кешегi бас редактор бүгiн сол редакцияның босаға жағында отыр. Ал мен ойлаймын: заманында осы газеттiң бас редакторлары болған Смағұл Сәдуақасов, Тұрар Рысқұлов, Бейiмбет Майлин, Ғабит Мүсiрепов сияқты алыптар басқарған мекеменiң босағасында отырсаң да жарасады». Әлемге әйгiлi Әуезовтiң үлгiсiмен толғасақ, Шерхан шерiнiң жайғасқан жерiнiң бәрi төр. Өйткенi, ол қай кезде де баспасөздiң бас сардары болып қала бермек. Сардар ешқашан сардарлықтан түспейдi.

Бала Шерхан отыз жетiншi жылы тұтқынға алынған әкесiн iздеп абақтыға барғанда, Мұртаза алақандай тесiктен шиыршықталған қағаз ұсыныпты. Ашып қараса, тiгiн машинасының төрт инесi екен. «Бұл не сонда? Ненiң белгiсi? Шығыс Сiбiрдiң Зея деген өзенiнiң жағасында қалған Мұртаза не айтпақ болды?» – деп жазады қаламгер. Ине – ерен еңбектiң, тынымсыз тiршiлiктiң символы. Саналыны сүйреудiң, санасызды түйреудiң белгiсi. Шерағаң инемен құдық қазды, биiгiнiң бәрiне ертегiдегi секiлдi, құрыққа сырық жалғап, оның басына ине шаншып, адам айтқысыз шығармашылық жанкештi еңбекпен шықты. Көсемсөз бен көркемсөздiң құдiретiн пайдаланып, кемшiлiк пен кесел атаулыға қарсы аянбай күрестi. Ақпараттың сабақтаулы инесiн баспасөздiң жалаулы найзасына айналдырды. Мұртазаның ине философиясы оны мұратына жеткiздi.

Шерағаңның ұлт руханиятындағы орнын Ақселеу Сейдiмбектен асыра айтқан адам көп бола қоймас. Ол бiр жиында былай дедi: «Қазақ даласында екi адам Айша деген әйел затына ғажайып ескерткiш орнатты. Оның бiреуi – Қарахан, екiншiсi – Шерi хан!».

Бүгiнгі баспасөздiң барлық буынының байрағы болған Шерхан Мұртаза – өз алдына бiр мектеп. Мерейлi әрi мәртебелi мектеп. Кейiпкерiмiздiң көсемсөзiне жүгiнсек, «Мектеп мұхит толқындары сияқты. Мектеп бiтiргендер қартаюы мүмкiн. Ал мектеп қартаймайды...».

Бiз де соны қалаймыз... Мұндай мектептің ғұмыры түгесілмек емес...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер