Ауыл шаруашылығын дамыту - бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді

1612
Adyrna.kz Telegram

Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов ауыл шаруашылығын дамыту арқылы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік болатынын айтты.

Өңір басшысының төрағалығымен өткен отырыста ауыл шаруашылығына қатысты, әсіресе көктемгі егіс науқанына дайындық туралы басқарма басшысы Амангелді Саламат кеңінен баяндады.

«Өңірде егістіктен жоғары өнімдер алуға үлкен септігін тигізіп келе жатқан тамшылатып суару технологиясына көңіл бөлінуде. Ағымдағы жылы тамшылатып суару технологиясымен егілетін егістік көлемдерін 161 гектарға ұлғайтып, 3167 гектарға жеткізуге, жаңбырлатып суару технологиясын 80 гектарға ұлғайтып, 776 гектарға жеткізу жоспарлануда»,- деді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат.

Сонымен қатар, басқарма басшысы облыс бойынша ағымдағы жылы егістік жұмыстарымен 1 600 жуық адамы бар 390 ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмыс жасайтынын жеткізді. Оған қоса көктемгі егіс жұмыстарын атқаруға 862 трактор мен ауыл шаруашылығы техникалары науқандық жұмыстарға толық дайын екенін мәлімдеді.

Жиында өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов салаға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

«Өңірімізде тек мұнай мен газ өндіру саласында ғана емес, ауыл шаруашылығын дамытуға да қолайлы аймақтар жетерлік. Облысымыздағы Жайық, Ойыл және Жем өзендері суармалы егін шаруашылығын өрістетуге үлкен мүмкіндік береді. Осы жағдайды тиімді пайдалана отырып, егін шаруашылығын ілгерілету бағытында жаңа жобаларды іске қосу тетіктерін қарастыру қажет. Сол арқылы біз саланы дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімдерін сырттан тасымай, өзімізде көптеп өсіру арқылы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік жасаймыз. Бұл біздің басты мақсатымыздың бірі»,- деді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов.

Сондай-ақ, облыс әкімі бірінші кезекте саланың жұмыстарын игеруде жергілікті тұрғындарды қамту қажеттігін баса айтты.

Ал, басқарма басшысы жергілікті тұрғындарды жұмысқа шақырғанмен қызығушылық танытпай отырғанын, бес жүздей шетелдік азаматқа маусымдық жұмыстарға байланысты шекарадан өтуге рұқсат берілгенін, оларсыз, жоспардағы өнім алынбай қалу мүмкін екенін жеткізді.

Аймақ басшысы аталған мәселені біртіндеп шешу қажеттігін тапсырды.

Сондай-ақ, басқарма басшысының мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидиялық қолдаулар жасауға 262 млн теңге қаражат бөлінген. Оған қоса, Ресейдің Астрахань қаласында өткен семинар-көрме жұмысына өңірдің бірнеше ауыл шаруашылығы кәсіпорындары қатынасып, тұқым, технология, өсімдік қорғау құралдарына байланысты шарттар жасасып келгені айтылды.

Айта кету керек, биыл «Қазсушар» мекемесінің 14 суару-суландыру жүйесі облыстың 9 мың жарым гектарды құрайтын егістік көлемін суарады.

Пікірлер