Профессор Қинаят Шаяхметұлының «Қазіргі қазақ тіліндегі екі функциялы аффикстер» атты зерттеуі қазіргі қазақ тіліндегі -дай//-дей, -сыз//-сіз, -ша//-ше, -лық//-лік, -лы //-лі, -қы //-кі, -дағы //-дегі», -шы//-ші қосымшаларының бифункциялылық материалына құрылған. Қосымшалардың қос қызмет атқаруы – жеке алып, жіті талдауға тұратын тілдік факт.
Аффикстердің бифункциялылығы турасында ғалым былай дейді: «Сөзжасамдық функция орындайтын аффикстердің сөзтүрленімдік функцияға да икемделіп, қосалқы екінші қызмет атқаруы, немесе, бұған керісінше, негізінен, сөзтүрленімдік функция орындайтын аффикстердің сөзжасамдық функцияға да қабілеттеніп, екінші қосалқы қызметке енуі бифункциялылық болады». Қинаят Шаяхметұлы сөзжасамдық аффикстер мен сөзтүрленімдік аффикстердің бір-бірінен өзгешелейтін төмендегідей қызметтік қасиеттерін көрсетеді:
Сөзжасамдық аффикстердің белгілері ретінде:
1) Сөзжасамдық аффикстер өздері қосылған түбірлер мен негіздерге жаңа мағына беріп, оларды дериваттап, лексикалық басқа бір бүтінге айналдырады. Мысалы: Сөз – сөйле, көмек – көмекші;
2) сөзжасамдық аффикстер өздері қосылатын түбір я негіздерге талғампаз болады. Мысалы: «Аңшы», «жылқышы» т.б. деп айтуға болса да, «жәндікші», «үйрекші» дегендей болып айтылмайды;
3) сөзжасамдық аффикстер арқылы пайда болған бүтін сөзді сөздіктерде жеке ұяда-реестрде береді;
4) сөзжасамдық аффикстер түбірлер мен негіздерге қосылуда сөзтүрленімдіктерден орын реті (иерархиясы) бойынша бұрын келеді;
5) сөзжасамдық аффикстер өзіне екпін тартады;
6) сөзжасамдық аффикстер өзінен соң басқа да сөзжасамдық аффикстердің қосылуына бөгет болмайды. Мысалы: Жұмыссыздық, кеңесшілдік т.б.
Сөзтүрленімдік аффикстерге тән қасиеттер:
1) Өздері қосылған түбірлер мен негіздерге жаңа мағына бермейді;
2) жаңа дериваттану болмағандықтан, мұндай негіздер лексикалық бүтін ретінде сөздіктерде берілмейді, берілсе, жеке реестрлік ұяда бірінші орын иеленбейді;
3) қолданылуында белгілі бір категорияны немесе сөздер тобын (разряд) тегіс қамтиды;
4) сол кең қолданылу нәтижесінде үстеме, түрлендірме мәнін жинақтап білдіретін грамматикалық абстракция жасайды;
5) өздері қосылуға ұйтқы, тірек болатын негіздерді талғамай, сөз құрылымында алатын орнына да бекем болмай, алдынан сөзөзгерімдік (сөзтүрленімдік) жалғаулар мен жұрнақтарды жібереді, сөйтіп стандартты тұтастықтан айрылған ондай негіздер сөз емес, сөз түрі болады;
6) кейде екпінсіздік қалыпта кездеседі;
7) өздерінен соң сөзжасамдық аффикстерді қабылдауға бейімділік көрсетпейді.
Аффикстердің сөзжасамдыққа қоса сөзтүрленімдік те қызмет атқаратыны жайында Ыбырайым Маманов пікір айтқан болатын (-дай//-дей, -лық//-лік, -ша//-ше аффикстерінің қосқызметті екендіктерін ашып айтқан). Алайда бұл пікір кең таратылмаған.
Қинаят Шаяхметұлының объектісіндегі аффикстердің ішіндегі -дай//-дей-ге тоқталатын болсақ, ғалым -дай//-дей аффиксіне қатысты бұрын-соңды айтылған пікірлер, негізінен, үш бағытта шоғырланғанын айтады (1. Сөзжасамдық аффикс, 2. Сөзжасамдық емес, сөзтүрленімдік, 3. Бірыңғай сөзжасамдық та емес, сөзтүрленімдік те емес, екеуі де – әрі сөзжасамдық, әрі сөзтүрленімдік).
-Дай//-дей- аффиксі туралы көптеген пікір білдірілген.
Мысалы: П. М. Мелиоранский: -Дай//-дей – салыстыру септігінің жалғауы.
Қ. Жұбанов: -Дай//-дей аффиксі – теңдес септіктің жалғауы.
С.Кеңесбаев, С.Жиенбаев: Дай//-дей аффиксі – сын есім жасаушы.
Ғ.Мұсабаев, С.Исаев: -Дай//-дей аффиксі сын есіммен қоса үстеу
де жасайды.
Ы. Е. Маманов: -Дай//-дей аффиксі қазақ тілінде әрі сөз жасаушы,
әрі форма жасаушы қызмет атқарады.
Қинаят Шаяхметұлы төмендегілерді атап көрсетеді:
-Дай, -дей, -тай, -тей қосымшасы сөз тудырушы қосымша ретінде:
а) үстеу жасаушы аффикс:
Қали сырттай сыр бермеді (Мұқанов).
Мен өзі үлкенді үлкендей, кішіні кішілей атағанды жақсы көрем (Ысқақов) және т.б.
б) сын есім жасаушы аффикс:
Таудай, балдай және т.б.
-Дай, -дей қосымшасы форма тудырушы қосымша қызметтерін
атқарғанда (сөзтүрленімдік):
а) -Дай//-дей аффиксі зат есімдердің көптік тұлғаларына
қосылып, сөзжасамдық функция орындамайды, яғни олардан сын есім категориясына тиесілі жаңа бүтіндер шығармайды.
Көкбай сөйлемес бұрын кең көмейін кенеп, әншілердей үнді дыбыс шығарады (Әуезов).
б) -Дай//-дей аффиксі тәуелдік жұрнақпен тұлғаланған зат есім
негіздеріне қосылып, сөзтүрленімдік функцияда болады.
Бәрі де ерттеулі секілді, бірақ ері қазақтікіндей емес, жалпақ (Шарипов) және т.б.
Ғылымдағы сабақтастықты сақтау аса маңызды іс. Қинаят Шаяхметұлынан дәріс алдым. Ұстазымның жолын жалғап, салыстырмалы-тарихи әдіс арқылы салыстырмалы-тарихи грамматика негізінде қазақ және түрік тілдерінің грамматикалық құрылымдарының ұқсастықтарын зерттеу мақсатында Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінде ф.ғ.д., профессор Хикмет Қораштың жетекшілігінде «Қазақ және түрік тілдеріндегі жануарларға қатысты мақал-мәтелдердің салыстырмалы зерттелуі» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған едім (Морфологиялық, лексикалық, фонологиялық жүйелеріндегі ұқсастықтары бойынша).
Шәкәрім университетінің ректоры, ф.ғ.д., профессор Бауыржан Амангелдіұлы Ердембеков «Ірі филолог, тіл жанашыры, ұлағатты ұстаз, нағыз ғалым. Дәл осы анықтамалықтар еш асыра сілтеусіз Қинаят Шаяхметұлына тиесілі», – дейді. Қинаят Шаяхметұлы – қазақтың шоқ жұлдызы. Дана адам еді. «Шартарабы» даналық кітабы іспетті. Ғылымның көкжиегін кеңейткен ұстазымыздың рухы пейіште шалқысын!
Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы,
Ғылым бағыты бойынша «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, ҚР БҒМ жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі