РҮСТЕМ АШЕТАЕВ: Қазақтың байларына базынам немесе жұмыссыздық жандарыңа бата ма?

5992
Adyrna.kz Telegram

Пандемиядан кейін халықтың ахуалы біршама әлсірегені ешкімге жасырын емес шығар. Қаптаған тойханалар мен көңіл көтеретін орындардың жабылуына байланысты, осы салаға тікелей-жанама қызмет жасап келген қаншама адамдар мен "кәсіпкерлер" тоқырауға ұшырады.  Атап айтқанда тойхана иелері мен сол жерде қызмет жасаушылар, сұлулық салонындағы мамандар мен сұлулық салонының иелері (жалдаушылары), әнші-бишілер мен асабалар, "гулянка" көлік иелері мен той ұйымдастыру орталықтары, фотографтар мен фото студиялар және т.б.

Біздің Шымкенттегі тойханалардың саны қаладағы мектептердің санынан, кафе-ресторандардың саны балабақшалардың санынан асып кетпесе кем емес шығар.

Сонда деймін-ау, қалталы азаматтар өндіріс орындарын ашқанша, сауық-сайранға арналған орындар ашып, көп "басты қатырмай" аз күшпен лезде үлкен эффектіге жететін жеңіл "бизнестен" әріге ойланғылары келмегені ме?

Әлде, ертең заман тұрақсызданса, арты қалай болар екен деген ойға келуге ақылдары жетпегені ме? Меніңше алысқа ойлау қабілеттері мен ақылдары жетпеген.

Мұның себебін мен былай көремін.
Қазіргі қалталы азаматтарымыздың дені 90-шы жылдары алып-сатармен, білімнің емес "тілге пысықтардың" заманында байып алғандар. Сол азаматтар "Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің" деген қағидаға сай, қалай байып бастаса, солай жалғастыра бергенді қалағандар. Әрине, ол заманда өзіміз ештеңе өндіре алмағандықтан бәрін сырттан тасып күнелттік. Сол "алып-сатар дәуірінен сығымдалып" шыққандар, үлкен қаржылардың арқасында көптеген ғимараттар мен "шұрайлы" жерлердің иесіне айналды.
Бірақ жиған қаржыларына сырттан тасып жатқан өнімдерін өзімізде өндіретін өндіріс орындарын ашудың орнына, сырттан әкелушілердің "оптовиктеріне" айналып кетті. Яғни, біздің ішімізде жиналған валютаны үлкен көлемде сыртқа тасушыларға айналды. (Шетелде демалып, сол жақтың көлігін алып, зәулім үй соғып ішін және сол шет елдің өнімдерін толтырды).

Біздердің "элитамыздың" экономикалық білімсіздігі мен өз экономикамызға қаржы құюдың ұлтымыз үшін пайдасын түсіне алмаған сауатсыздығының әкелген "қасіретін", олардың мықтағанда соққан бір-бір мешіттері жауып кете алады деп ойламаймын.

Қазір 90-шы жылдар емес. Заман өзгерді. Заманның өзгергенін көз көрді ме(байлардың)?
Жоқ! Олар сол қалпы заманнан қалып кетті. Енді сол "сығымдалып" шыққандардың "оза шапқандары" мемлекеттік тендерді жағалады. Сол жақтан жырымшылап байыды. Сол жақтан "тасығанымен" тағы да шетелді байытты.
Мемлекеттік тапсырыстың көп бөлігі құрылыс саласына бөлініп отырды. Өйткені, урбанизацияның заңдылығына сай, тұрғын үй мен олардың инфраструктурасына деген қажеттілік артты. Бұл қажеттілік жақын арада азаймақ та емес.

Сонда деймін-ау, осы саланың басы-қасында жүріп, соншама сұранысты көре тұра, осы салаға қаржы құйып, тұрғын үй салып, халыққа сатуға бастары жетпеді ме? Жоооқ! Мен олардың бастары жетпейді деп айта алмаймын. Оларды тек құлықсыздық пен (елден артық дәулет берген құдайының алдында) елінің қазіргі күйзелісінің жауапкершілігінің бір бөлшегі мойындарында тұрғандығын түсіне алмайтын тоғышарлықтары ұстап тұр деп айтамын.
Бастарың жетпесе, бастарына жарты компьютердің "құйып алған" жастарды жина айналаңа. Идеяларын тыңда. Ұсынған жобаларын қаржыландырып, акционері бол! Жоооқ! Оны қайтсін бұлар?! Айналасына өңшең ағайын-туыс, құда-жекжатынан тұратын, тепсең "басынан" теңгеден басқа ештеңе түспейтін сенімді "жасағын" жинап алған.

Қаншама қалталы азаматтарға барып, келешегі жақсы жобаларды бірге атқаруға ұсыныс жасап көргенбіз. Әңгімеңнің алғашқы екі минутынан соң, сенің информацияңды "игеруден" қалады. Тек бүгін беріп, ертең алатын жобаны қатырады.

Қытайдың байларында табысының 10% пайызын күмәнді(рисковый) жобаларға салып отыру қағидасы бар екен. Өйткені ол жоба жүріп кететін болса, сол салада біраз уақыт бәсекелессіз қимылдап, үлкен табыстарға жетуі мүмкін. Сондықтан тәуекелге барып отырудан қорықпауға машықтанған. Мысалы, Қытайдың байлары өз өнімдеріне сұраныс арттырып, тіпті әлемдік нарыққа еркін шығарулары үшін әлемге танымал брендтердің акцияларын сатып алып, брендтерін пайдалану құқықтарын сатып алуға машықтанған. Кезінде 2003-ші жылдары IBM бөлімшелерін сатып алып, артынша Lenovo өнімдерімен ішкі нарықта самсунг, Ассерлерді ығыстырып тастап, әлемдік нарықты жаулай бастауы. Жақында "Мерседес" концернінің акцияларын сатып алуды үдетіп, қазір осы конценнің 15%-ға жуық акциясына иелік етуі. Жақында мерседес маркалары қытайдың ішкі нарығында Таиота, хюндайларды ығыстыра бастаса таңқалмаңыз.

Қарап отырып қарның ашады. Қара халық мақұл, қалталы байлардың да үкіметке масыл болып отырғанын көріп, қолыңды бір сілтейсің. Ондайға құлаш сермемей-ақ қойсын бұлар. Мысалы, Шымкенттің он бизнесмені бірігіп, көп қабатты тұрғын үй салып, халыққа сатумен айналысуына не кедергі? Әрі халыққа жұмыс бересің, әрі халықты тұрғын үймен қамтамасыз етесің, әрі мемлекеттің жүгін азайтуға үлес қосасың. Бұл іс сенің екі мешіт соққаныңнан кем сауап бере қоймас.

Әй, бірақ, мұны ұғуға да "бас" керек. Сол байларымыздың біразының депутат болып алғандарын қайтерсің тағы?..

Жалпы айтпағым.... БАЙЛЫҚТАРЫҢДЫ БЮДЖЕТТІ СОРУҒА ЖҰМСАМАЙ, БЮДЖЕТКЕ ПАЙДАЛЫ ІСТЕРГЕ ДЕ ЖҰМСАП, ЕСЕЛЕУГЕ БОЛАДЫ.

Пікірлер