Дәрігерлер Қазақстаннан кетіп жатыр

8899
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі таңда елімізде 5000 дәрігер мен 8500-ден астам орта медициналық қызметкерлер жетіспейді екен. Бұл жетіспеушіліктің ең қауіпті тұсы да сол, әсіресе ауыл аймақтарда дәрігер тапшылығы тым жоғары.  2020 жылдың шілдесіндегі есепке сүйенсек, қазақстандық ауруханаларда дәрігерлердің жетіспеушілігі 5201 адамды құрайды.  Он сегіз миллион шамасында халқы бар Қазақстан үшін бұл өте назар аударарлық мәселе.

Өкінішке қарай, бізде дәрігерлер мәселесі көптеп көтеріле бермейді. Көтеріле қалса да, көбіне жемқорлықпен байланысты дәрігердің әрекеті ғана ақпарат құралдарының бас бетінен орын алады. Ал басқа жағдайда адам саулығының жауапты маманы саналатын дәрігердің  проблемалары тасада қалып қоятыны тағы бар. Естеріңізде болса, осыған дейін мұндай проблемалар мұғалімдерге қатысты жиі көтеріліп, айтылатын. Соңғы он жыл көлемінде мұғалімнің жалақысынан бастап, әлеуметтік мәселесіне дейін жазбаған, сөз етпеген БАҚ жоқ. Содан болса керек, қазіргі кезде мұғалімдерге қатысты көп проблеманың түйіні тарқап, реттеле бастады. Ал дәрігерлер мәселесі бұлай көтеріліп, бұлай реттелген жоқ. Керісінше, күн өткен сайын күрделеніп бара жатқандай. Неге?

Әрине, Қазақстанда дәрігер туралы сөз айтылса, ең алдымен кез келген адам «дәрігерлер ақша берсең ғана емдейді, ақшаң болмаса, арам қатасың» дегенді алға тартады. Мұны жоққа шығара алмайсыз. Қазір бір жапырақ дәрігерлік анықтаманы алу үшін міндетті түрде қалтаңызға қолыңызды саласыз. Қалтаңыздан қолыңыз бос шықса, әлгі дәрігерлік анықтаманы ала да алмайсыз. Ал ауырып, ем іздесеңіз, мыңдап, миллиондап шығындалуға тура келеді. Олай етпесеңіз, емдеуші дәрігеріңіз сізге көзінің қиығын да салмайды. Мұндай сорақы жағдай қалай қалыптасты? Дәрігерлер қалыптастырды ма? Денсаулық сақтау министрлігі ме, әлде өзіміз бе? Өкінішке қарай, бұл жемқорлық жүйесін қалыптастыруға дәрігердің де, министрліктің де және өзіміздің де ықпалымыз болды. Ақша сұрамаса да, дәрігердің қалтасына теңге салатындар бұрын да болды, ал қазір тіпті көп. Бұрын пара алуды ар санаған ақ халатты жандар бүгінде ондай ақшаны кәдімгі жалақысындай көріп еркін алатын халге жетті. Үшінші тарап министрліктің бұл жемқорлыққа қандай қатысы бар дерсіз. Министрлік бүгінге дейін түрлі реформа жүргізуден әріге аса алмай отыр. Ол аз десеңіз, дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын мәселе етіп көтеріп, соны реттеуге ұмтылған Денсаулық министрі есіңізде бар ма? Дәп бір бұл министрлікке келгендер тезірек өз қалтасын қампитуды ғана ойлайтындай көрінеді кейде. Міндетті әлеуметтік медииналық сақтандыру (МӘМС) деді. Оның ақшасы ұстағанның- қолында, тістегеннің- аузында кетті. СК Фармация туралы айтудың өзі-артық. Коронавирустан халық қырылып жатқанда, қалтаның қамын күйттеген фармация өкілдері аспиринді алтынның бағасымен теңестіргені ел есінде. Медицинамыздың басқа салаларында да жағдай мәз емес. Перзентханалар пара алу-берудің қайнаған қазанына айналды. Хирургия, реаниматология саласы ғой, тіпті сорақы. Ашықтан-ашық ақша сұрайтын дәрігерге толған.  Мұнан бөлек, ең үлкен проблема білікті мамандардың жоқтығымен байланысты. Қазір қай дәрігерге барсаңыз да, көкейде ең алдымен күмән тұрады. Неге? Өйткені, соңғы бес жылда дәрігердің біліксіздігінен, қателігінен ажал құшқандар саны күрт артпаса, кемімей отыр. Пандемияның дәрігерлеріміздің деңгейін айқындап бергені тағы бар.  Айта берсе, ел медицинасының қазіргі ахуалы көңіл көншітерлік халде емес. Керісінше, өте қорқынышты жағдайда деуге болады.

Енді мына дерекке назар салыңыз,  Денсаулық министрлігі келтірген статистикаға сенсек, 2017 жылы 1062 медицина қызметкері, 2018 жылы-1225, ал 2019 жылы – 1212 адам медициналық білімі бар мамандар елден кеткен. Жыл сайын мыңдаған дәрігер Қазақстаннан кетіп жатыр. Ауылдағы дәрігер қалаға, қаладағысы шетелге кетуде екен. Жағдайды түзету үшін денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлердің жалақысын 2025 жылға дейін  550 мың теңге деңгейіне дейін көтеруді жоспарлап отыр. Алайда ол уақытқа дейін қазір өзіміз «пара бермесең емдемейді» дейтін дәрігерімізден де айырылып қалмаймыз ба? Егер Қазақстанда дәрігерге барлық жағдай жасалған болса, шетел асып несі бар? Бәлкім, енді дәрігерлер мәселесін қолға алатын, жіті назар аударатын уақыт келген болар? Бұлай кете берсе, алдағы он жылда Қазақстан дәрігерсіз қалары сөзсіз ғой. Сіз қалай ойлайсыз, не істемек керек?

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер