Қытай билігі Тибеттің мыңдаған тұрғынын әскери оқу орталықтарына күшпен жөнелтуде. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, бұл орталықтар еңбек лагеріне көбірек ұқсайды деп айтылады Jamestown Foundation Америкалық үкіметтік емес зерттеу ұйымы жасаған баяндамада. Алайда Қытай Сыртқы істер министрлігі (СІМ) мұны жоққа шығарып, ешкімді күшпен еңбекке жегіп жатпағанын айтады деп жазады bbc.com.
Бұл баяндама ақпарат құралдарында жарық көрген материалдар мен спутник арқылы түсірілген саяси құжаттар негізінде жасалған. Американдық сарапшылардың бұл тұжырымын Рейтер агенттігі де растады.
Баяндамада Тибеттегі жағдайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы жағдайға қатты ұқсайтыны да сөз етіледі. Миллиондаған мұсылман ұйғырдың «қайта тәрбиелеу» лагерінде құқығы бұзылып жатқаны туралы бұған дейін БАҚ-та сан рет хабарланды. Мұсылмандарды өз дінінен күштеп бас тартқызу мақсатында осындай лагерде ұстап отырғанын мойындамаған ресми Пекин бұл лагер емес, экстремизммен күрес орталығы деп дес бермеуде.
Ал Тибеттегі лагерлердің құрылуы кедейшілікпен күресудің бір тәсілі болуы мүмкін деп болжайды америкалық сарапшылар. Осындай лагерлер аясында Қытай билігі жағдайы өте төмен ауылдық отбасыларды өндіріс орындарына жұмысқа жегуді көздеуі мүмкін. Құқық қорғаушылар Тибет, Шыңжаң секілді аудандарда этникалық аз ұлт өкілдері тұратынын ескерсек, бұл тәсіл идеологиялық «тазарту» әдісі болуы әбден мүмкін деп болжап отыр.
Осыған дейін де қуғын-сүргінде жүрген Тибеттің бұрынғы басшысы Лобсанг Сенгай қытайлар «оқу орталығы» деген желеумен тибеттіктерді күштеп еңбек ету лагеріне мәжбүрлеп кіргізіп жатқанын мәлімдеген еді.
Ал енді Джеймстаун қорының қолда бар дерегіне сүйеніп, Қытайда біз ойлағаннан да ауқымды көлемде адамдарды азаптауға арналған лагерлер барына күмән қалмады. Зерттеушілер нені анықтады?
Тибет және Шыңжаңның тәуелсіз сарапшысы Адриан Зенцтің есебі бойынша, осы жылдың жеті айында қайта даярлау деп аталатын «оқу орталығынан» 500 мыңнан астам жер шаруашылығымен айналысушы мен малшылар «дәріс алған». Сонымен қатар қытай билігі Тибет халқын жаппай басқа жаққа көшіруге арнайы квота тағайындаған.
Сондай-ақ, осы баяндамада қытай билігінің «қытай еңбек ережесі мен қытай тілін және жұмыс этикасына үйрету» атты оқу бағдарламасы жоспарланғаны айтылады. Осы зерттеу авторының ақпаратына сенсек, Қытай билігі «жұмыс істей алмаймын, істегім келмейді, істей алмаймын» дейтіндерден құтылудың төте жолын ойлап тапқан сыңайлы. Алайда нақты қандай жол екені әзірге белгісіз. Есепте көрсетілгеніндей, егер осы оқу бағдарламасы жүзеге асса, тоқыма өнеркәсібіндегі, құрылыс, ауыл шаруашылығындағы жұмысшылар ең төменгі жалақыға жұмысқа жегіледі екен.
Тибеттіктерге арналған бұл «жоба» Шыңжаңдағы ұйғырларға жасалған «жобамен» қатты ұқсас. Шыңжаңда билік ұйғыр мұсылмандарды ешбір сұраусыз, сот, тергеусіз әлдебір оқу орталықтарына күшпен жөнелтті.
Шыңжаңда да, Тибетте де үкімет тарапынан кедейшілікпен күресу туралы науқан жарияланғаны мәлім. Бұл ұқсастық та бекер болмауы мүмкін дейді тәуелсіз сарапшылар.
Десек те, Джеймстаун қорының баяндамасында тибеттіктер жүрген лагерде өз еркімен барғандар да бар көрінеді деген долбар бар.
Джеймстаун қоры сарапшыларының баяндамасына қатысты Қытай СІМ өкілі: «Күшпен жұмысқа жегуде» деген адамдар туралы нақты ақпар жоқ. Ешкім де күшпен еңбекке жегіліп жатқан жоқ. Халықаралық қауымдастық шындық пен өтірікті ажыратып, дәлел мен жалған ақпардың арасын ажыратып, ал өтірік ақпарат жарға жығатынын біледі деп үміттенеміз», -деді.
Мақаланы орыс тілінен аударған: Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,
«Адырна» ұлттық порталы.
Фото ашық дереккөзден алынды.