Биылғы жылы міндетті әлеуметтік сақтандыруға қандай өзгерістер енді?

2165
Adyrna.kz Telegram

Өткен жылдың соңында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Міндетті әлеуметтік сақтандыру» заң жобасына қол қойған болатын. Аталған заң 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

 «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" АҚ-ның бас директоры Алмас Құрмановтың сөзінше, заң  Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылдың 10 қаңтарындағы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" атты Қазақстан халқына жолдауында айтылған мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің еңбек өтілі мен мөлшері арасындағы өзара байланысты күшейтуге қатысты тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленген. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысаны ретінде 2005 жылдан бастап енгізілген. Оның 15 жыл бойы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлері тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралмаған.

 Биылғы жылдан бастап әлеуметтік төлем мөлшерін анықтау кезінде жүйеге қатысу мерзімі 5 жылдан асса, әрбір жыл үшін коэфиценттер 2%-ға ұлғаяды. Мүгедек адамдардың әлеуметтік деңгейін дұрыс саралау және арттыру мақсатында, еңбекке қабілеттілігінен айырылу мәселесі бойынша төлемдердің мөлшері енді медициналық-әлеуметтік сараптама белгілеген жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесіне сай айқындалады.

Бұрын аталмыш жүйеде орташа коэффициенттер қолданылған. Осылайша, егер 95% еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі кезінде 0,7 коэффициенті қолданылған болса, жаңадан 0,95 болады. Мысалы, орташа айлық табысы 150 мың теңге, жүйеге қатысуының 10 жылдық өтілі бар және жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 95% деңгейінде белгіленген жұмыскерге жаңа параметрлерді ескере отырып, төлем мөлшері 53 183 теңгеден 79 394 теңгеге дейін (өсім 49,3%) ұлғайды. Сондай – ақ, аталған қызметкер бюджет қаражаты есебінен мүгедектігі бойынша Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады. Ол 1 топтағы мүгедек үшін 59 872 теңге. Сәйкесінше жүйенің аталған қатысушысы үшін төлемнің жалпы сомасы - 139 266 теңгені құрайды,-дейді Алмас Құрманов.

  Осылайша, мүгедектік туындаған кезде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып жұмыс істеген адам екі көзден (бюджет және МӘСҚ), ал жұмыс істемеген адам - тек бюджеттен төлем алады. Асыраушысыз қалған отбасылардың әлеуметтік қорғалуын арттыру мақсатында заңда асырауындағылар санының коэффициенттері де ұлғайтылды:

1) бір асырауындағы адам 0,4-тен 0,5-ке дейін;

2) екі жағдайда 0,5-тен 0,65-ке дейін;

3) үш жағдайда 0,6-дан 0,8-ге дейін;

4) төрт және одан көп асырауындағы адамдар 0,8-ден 1,0-ге дейін.

Жалпы, әрбір коэффициенттің өсуі бұрынғы санның шаммамен 25% - ын құрайды. Мысалы, орташа айлық табысы 150 мың теңгені құраған және жүйеге қатысу өтілі 10 жыл болған асыраушы қайтыс болған жағдайда асырауындағы үш кісігетөленетін әлеуметтік төлем мөлшері 45 585 теңгеден 66 858 теңгеге дейін (өсім 46,7%) ұлғайды. Үш асырауындағы адамға бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айрылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы 57 689 теңгені құрайды. Тиісінше, төлемнің жалпы сомасы – 124 547 теңге (бюджет және МӘСҚ). Осылайша, белгілі бір әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтар бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы және МӘСҚ - тан әлеуметтік төлем ала отырып, жұмыс істемейтіндерге қарағанда артықшылыққа ие болады.

 

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер