Арқадағ 25 күнде тағы бір кітап жазып тастады

1156
Adyrna.kz Telegram
Фото: tdh.gov.tm
Фото: tdh.gov.tm

Түрікменстан Халық мәслихатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов әріптестерімен, балаларға арналған қайырымдылық қорының өкілімен және республиканың Ғылым академиясының басшысымен өткен кездесуде жаңа кітабын таныстырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы «Туркменистан сегодня» ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Бұрынғы президенттің айтуынша, бұл кітапты ол еңбек демалысында жазған.

Гурбангулы Бердімұхамедов дәстүр бойынша еңбек демалысын шығармашылық жұмысқа арнағанын, елдің даңқты тарихы туралы көптеген ойларын қағаз бетіне түсіргенін атап өтті.

Нәтижесінде Hakyda göwheri («Ақыл-ой маржаны») атты жаңа кітап жарық көрді. Бұл еңбекте Махтумқұлы Фраги шығармаларының жалпыадамзаттық құндылықтарға әсері, сондай-ақ оның ұлттық мәдениет пен әлемдік өркениетке қосқан үлесі туралы материалдар қамтылған.

«Қай кезеңді алып қарасақ та, түрікмен мәдениеті әрдайым ерекше құндылықтарымен танылып, адамзат тарихына үлкен әсер еткенін байқауға болады», – деп атап өтті Аркадаг.

Сондай-ақ, саясаткер Түркі мәдениеті халықаралық ұйымының (ТҮРКСОЙ) шешімімен 2024 жыл ұлы ақын әрі ойшыл Махтумқұлы Фраги жылы деп жарияланып, Анау қаласы түркі әлемінің мәдени астанасы болып танылғанын еске салды. Бұл түрікмен халқы үшін зор мақтаныш екенін Бердімұхамедов атап өтті.

Халық кеңесінің төрағасы жаңа кітаптың алғашқы данасын өз әріптестеріне ұсынды. Ол бұл кітаптың жақын күндері басылып, көпшілікке қолжетімді болатынын айтты. Кеңеске қатысушылар авторды жаңа шығармашылық жетістігімен құттықтап, Аркадагтың кітаптары тек түрікмен халқы үшін ғана емес, бүкіл әлем оқырмандарына құнды нұсқаулық әрі оқулық болатынын атап өтті.

Мемлекеттік БАҚ Гурбангулы Бердімұхамедовтің Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедовке жазған ашық хатын да жариялады. Бұл хатта автор жаңа еңбегінің алғашқы данасын Махтумқұлы Фраги шығармашылығына арнағанын айтып, оны мемлекет басшысына сыйлық ретінде қабылдауды сұраған.

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, Hakyda göwheri атты жаңа кітабымды жолдай отырып, сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және абыройлы қызметіңізде тек сәттілік тілеймін», – деп жазды Аркадаг ұлына.

Гурбангулы Бердімұхамедовтің демалысы 1-25 қараша аралығында өтті. Осылайша, ол шамамен бір айдың ішінде жаңа еңбегін жазып үлгерді. Бұл кітап саясаткердің библиографиясындағы 61-ші еңбек болып отыр.

Пікірлер