ОЛЖАС ӘБІЛ: Қытайдың түпкі мақсаты қандай?

3306
Adyrna.kz Telegram
Тибет. Мен бұрнағы бір жылдары тарихи деректерге үңілгенде осы тибеттіктердің көне тарихында бір сұмдық дәстүрді көріп қатты таңғалған едім.
Тибет халқының бабалары бұрын адам жегіш каннибал болыпты. Бұлар бір кезде о дүниелік болған ата - анасын іреп сойып жеп қойып отырады екен. Бұны олар "бұл біздің марқұмдарға деген сүйіспеншілігіміздің белгісі, олар үшін біздің асқазанымыздан артық қабір жоқ, біз де олардың әруағынан нәр аламыз" деп түсіндіріпті міс. Және бұлар бұрын мәйітке айналған бабаларының бас сүйегінен ыдыс жасап содан сусын ішетін көрінеді. Бұны 13 ғасырлардағы саяхатшы Г. Рубрук өз жазбаларында атап өтеді. Оны кейін14 ғасырда Марко Поло да растайды. "Бұлардың осы дәстүрі көршілес халықтардың ашу- ызасын тудырып отыр" дейді Рубрук.
Бүгінде осы Тибет Қытайдың құрамында. 1911 жылы Қытайлық Цин империясының күйрегені белгілі. Сол кездегі Қытайдың әлсіздігін пайдаланып бұрын Цин қоластына қараған Моңғолия, Тува, Тибет сынды көптеген елдер бостандық алады, сол тұста Тува секілді халықтар орыстың қоластына өтіп алады. Ал Тибет 1913 жылы ресми азат болады. Содан бұлар бергі 30- 40 жыл азаттық алған жылдары не істеген дейсіз ғой? Түк те істемеген. Мөлие тоңқаңдап тас құдайларына табынып елтігеннен басқа дәнеңе де істемеген. Сөздің тоқетері осы.
Лхаса атаулы діни орталықтарын астана қылған, сол қаланы қасиетті қала санап шал- шауқаннан бастап бала - шағаларымен емпеңдеп сол қалаға ат шаптырым жерден тоңқаңдап кіретін бопты. Қасиетті қала мыс.
Бұл кезде қытайлықтар бұл елге қатысты "ұзын арқан, кең тұсау" саясатын ұстанып, тибет шенеуніктерінің тамырын басып, оларды жағалап керемет сыйлықтар жасап, асқан аярлықпен сатып алуға тырысады екен. Бұндайды жалпы орыс пен қытай қатырады. (Бұндай нәрсе біздің де басымыздан өтті, біздегі кейбір мақаулар әлі күнге шейін бабасының орыс империясынан алған награт - сыйлықтарын,шендерін айтып мақтанады.) Қытай өкіметі де өзімен мүдделес, өзіне адал көршілеріне таралғы таратып, кеуделеріне салпыншақ асқанды тәуір көреді.
Хош сонымен, Қытайда 40 жылдар аяғы коммунистер билікке келеді. Келгеннен соң Мао Цзыдун Тибетті Қытайдың бөлшегі деп танып, артынан көп ұзатпай коммунистер Тибетке басып кіргенде, жүз мың мұздай құрсанған қытай әскеріне тибеттіктер асып - сасып 8 мың шиті мылтықпен, садақпен қаруланған әскерін қарсы қойыпты. Қытай әскері оларды шыбын шаққан құрлы көрмей басып өтіп, Тибетке өз өкіметін орнатады. Осы кезде бұрын біраз мұрты майланған тибеттік шенеуніктер елін сатып қытай жағына өтіп кетіпті. Бұл кезде, Тибеттің Далай Ламасы боқмұрын бала, билікте ел билеп оның уәзірлері отыр. Бұл уәзірлер сол тұста елдің іргесін бекітіп, қуатты әскер жасақтап, мықты мемлекет құрудың орнына табандары жалтырап Қытай мен Үндістан арасында жүгіріп "многовекторніс" дегеннен басқа түк те істемепті.
Ақыры, олардың сол олақтығының кесірінен тибет халқы Қытайдан мықтап таяқ жеді. Ұзын сөздің қысқасы, сол замандағы аталарының бейқамдығы үшін бүгінде олардың ұрпағы өксіп жылап аянышты жағдайға душар болды..
Сол жылдардан бері Қытай өкіметі тибеттіктерді аяусыз жаныштап келеді. Қытайға қарсы тибеттік бас көтерген құрбандар саны сол заманнан бері миллиондап саналады. Қытайдың басқыншылық саясатына қарсылық ретінде 2011 жылдан бері 50-60 тибеттік өзін - өзі өртеген екен.
Жалпы сол заманнан бері шетелде жүздеген тибеттік саясиланған құқық қорғау ұйымдары құрылып АҚШ пен Үндістанды арқа тұтып өз азаттығы үшін Қытай үкіметімен жағаласып келеді. Бірақ оны қытай өкіметі ұрсын ба, қысық көз қытай беттері бүлк етпей әлі өз білгендерін істеп отыр. Ғаламтор беттеріндегі бір кадрда өртенген тибеттік шалажансар азамат "тіліміз бен дініміз құрыды, тіліміз қытай тілі араласқан қойыртпақ болды, біздің халқымыз хал үстінде жатыр" деп күбірлеп өліп барады.(Интернетте видеосы бар екен, қараңыздар). Бұл азаматтың кейпі маған, бүгінде өшіп бара жатқан Тибет халқының образын көрсеткендей болды.
Ал Тибеттің заңды өкіметі сол заманда шекара аса қашып, Үндістанды паналады, бұлардың сыртқа кетіп босқын атанған халқы да өте көп. Ол да заңды. Ел іргесі сөгілген соң халқынан әбден береке кеткен екен.
Қытаймен көршілес бір халықтың тағдыры осындай. Ал тағы бір халық — жоңғарлар тіпті жоқ боп кетті. Міне сіздерге тағы бір қытайға көршілес халықтың трагедиясы.
Қытай жалпы көршісінің әлсіздігін өзінің пайдасына оң жарататын ел, оны бұл ел сан ғасырлар бойы дәлелдеп келеді. Егер сіз әлсіз болсаңыз, оған күніңіз түссе, сылқ еткізіп жұта салады.
Енді мен статистикаға қарап отырсам, соңғы кезде Қытай өкіметі қорғаныс саласына миллиардтаған қыруар қаржы шашып жатыр екен.
Олардың қазір қорғаныс саласына бөлінген шығыны азулы АҚШ мемлекетінен екі есе ғана кем екен. Бұрын он есе, жиырма есе кем еді, ол кезде қытай қорғаныс саласына аса қатты мән бермейтін еді, бірақ оның қазіргі шамасы сұмдық. АҚШ тың жайы белгілі, ол әлемді билеп отыр, ал Қытайдың түпкі мақсаты қандай???
Мен кейде былай ойлаймын, егер Тибет халқы тасқа сыйынып, елтіп, мүлгіп, ұйықтап өз тәуелсіздігінен қалай айырылып қалғанын білмейтін халық болса, біз думандатып, тойдан - тойға секеңдегеннен басқа түк те бітірмеген халықпыз.
Біз дозадан дозаға шейін өмір сүретін нашақорлар секілді бір сенбілік тойдан екінші сенбілік тойға шейін өмір сүретін шегіртке халықпыз. Өйткені статистикалық қарапайым қазақтың ми қатпарында тойдан басқа түк те жоқ.
Біз "қазақтың тойы бітпесін" деп ұрандап, дарақы ырқыл - жырқылымен өзімізге төнген қауіпті де сезбей думандатып жүрген халықпыз, ал қауіп қазір дәл іргеге төнді. (Осы орайда бір айта кетерлігі сол тойларымыз баянды болса бір жөн, қазір біздегі некелердің 30 пайызына шейін ажырасып жатады екен, бұл ажырасу үрдісі бізде ұлттық трагедияға айналды, оны да ойлаған ешкім жоқ).
Біз қазір әнебір мультфильмдегі құдды өзін - өзі сайлап алған Жулиан патшаларын ортаға алып еңкілдеп билеп жүрген Мадагаскар лемурлары сияқтымыз, осы мультитуынды - дәл біз туралы туынды десем артық айтқаным емес.
Біз қазір, келешек ұрпағын ойламаған ана бейқам тибеттің аталарының істегенін қайталап жүрміз. Бұл ақиқат.
Меніңше, біз халық ретінде дер кезінде есімізді жиып, ДЕРЕУ (түсініп тұрсыздар ма, ДЕРЕУ) қуатты мемлекетімізді, айбынды әскерімізді, озық экономикамызды, жаһандық үздік ғылымды меңгермесек, осы идеямен ауырмасақ, күйіп жанбасақ, оны іске асырмасақ, түбі айтпады демеңіздер, біз осы тибет - жоңғарлардай құрдымға кетеміз.
Олжас Әбілдің жазбасынан
Пікірлер