Қытайдан қашып келген қос қандасымыз Мұрагер ӘЛІМҰЛЫ мен Қастер МҰСАХАНҰЛЫНЫҢ қазан айында «Пана іздеуші тұлға» куәлігінің мерзімі аяқталады. Содан кейін жағдай қалай болмақ? Алдағы уақытта екі қандасымыз босқын мәртебесін алуы мүмкін бе? Қазақстанда қала ма? Осы сұрақтар бойынша «Адырна» тілшісі екі азаматтың адвокаты Ләззат Ахатоваға хабарласқан болатын.
– Босқын мәртебесін ала алған жоқ деп кесіп айтатындай ол мәселе әлі қаралған да жоқ қой. Карантинге байланысты уақытша ұзартылды. Қыркүйекте комиссия мүшелері жиналады, сонда қараймыз деп айтып жіберді. Өйткені сол кезең вирустың қатты өршіп тұрған, екінің бірі ковидпен ауырып, ел басқа шаруаның бәрін тастап, жанымен арпалысып жатқан қиын кезең еді. Күніне пәленбай арыстарымыз бірінен соң, бірі кетіп жатқан қайғыдан көз ашпаған мерзімге тап болдық..Түрмеден 22-де босаса, артынша бес күннен кейін, куәлік мерзімдері де аяқталып жатты. Құжаттары Өскеменнен (ШҚО көші-қон Департаментінен) Көкшетауға (Ақмола обл. миграцияға) келіп те үлгермеген кезде босқындық беріле салмады деп өкпелеу - логикаға да сыймайтын нәрсе еді. Қытайға қайтаратын ниеттері болса (мемлекеттің), Сайрагүлге отказ бергендей (оған үшінші ретте куәлік мерзімін созуға отказ берген) төртінші рет созбас еді деп ойлаймын,- дейді адвокат Ләззат АХАТОВА.
Босқын мәртебесі берілмеген күнде жағдай қалай болады? Екі азамат депортациялана ма деген мәселеге де Ләззат ханым жауап берді:
– Елдің біразы “ойбай, Европаға кетпесе болмайды”- байбалам салып жатыр. Европаға кетудің өз тәртібі, заңды процедурасы бар ғой. Алдымен бұл екі жігіт Қазақстаннан босқындық сұрады. Сол елде ол мәселе қаралып, отказ берілсе ғана, басқа елдерден босқындық сұрап, ол елдердің бірі қабылдаса ғана кете алады. Сол себепті босқындық туралы арыз қаралып, комиссия шешімі шықпайынша, пәлен-түген деп бал ашу артық. Ол арыздары тұрғылықты мекен-жайлары бойынша Ақмола облыстық көші-қон басқармасында арнайы жасақталған комиссиямен қаралады. Ал Қазақстан босқындық беруден бас тартса, басқа елдерден босқындық сұрау туралы хатты мен сонау қыста, іс сотқа кетпей жатып, тергеу барысында-ақ БҰҰ-на жіберіп, жауап алып қойғанмын. Оны фейсбукте жарияладым да. Онда бұл мәселенің алдымен Қазақстанда қаралу керектігін, ол ел босқындықты беруден бас тартса ғана, көмек бере алатындығы айтылған. Сол кездерде республикалық шекара қызметі басшысы Ділмановтың екіұшты сұхбаты шығып, күдік көбейген уақыт болатын. Мен сол уақытта БҰҰ-ға хат жолдадым. Оны жігіттер де, басқалар да жақсы біледі. Енді не себепті бүкіл әлем пандемиямен алысып, жандарымен арпалысып жатқанда, олай байбалам салып жатқаны, ол кісілердің түпкі ниеттері маған жұмбақ..
Фото Жас алаш сайтынан алынды
Ағын АЙДЫН,
«Адырна» ұлттық порталы