«Төсек сырын» ашқан «топас» бағдарлама қазаққа керек пе?

4807
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық  Еуразия-1 арнасы рейтинг қуудың жолына түсті ме, соңғы уақытта ток шоулар мен түрлі керекті керексіз бағдарламалар санын арттырды. Солардың бірі және жұрттың наразылығын тудырған, жабылуын талап еткен «Неке сыры» бағдарламасы.

Телеарнаның ресми сайтына назар салсаңыз, көркемөнер, көңілашар бағдарламалары, гуманитарлық және жаңалықтар жанрын көрерменге ұсынатынын айтады. Ал теледидарды ашсаңыз, сананы улайтын, ұлттық құндылықтан жұрдай шоулардан көз сүрінеді.

Арнаның бағдарламалау саясатында «ағартушылық, зияткерлік, ойын-сауық жанрындағы мәдени бағдарламаларға басымдық беріледі» деп көрсетіліпті. «Неке сыры» бағдарламасын қарап отырған көрермен бұл бағдарламаның қандай жанрда, қандай бағдарламалау саясатымен үндесетінін ажырата алмасы сөзсіз.

«Әнші Қайраттың әйелі жүргізеді, келін мен ене сыйластығының үлгісін көрсетіп, тәжірибесімен бөліседі» деп жалаулата жарнамалаған бұл бағдарламаға көрермен «топас бағдарлама» деп баға берді. Келін мен ененің сыйластығын осылай "көрсетсе", басқа дүниені бағдарлама жүргізушісі Жұлдыз қалай көрсетпек?

Жұрт неге «Неке сыры» бағдарламасына «топас бағдарлама» деп баға берді?

Рейтинг қуу деген осы екен деген бе, арна бағдарлама жүргізудің тізгінін журналистикадан хабары жоқ Жұлдыз Әбдікәрімоваға ұстатыпты. Қайраттың әйелі жүргізетін бағдарлама болғаны үшін теледидарға телміргендер  әртістер мен жасандылыққа тұнған дүниені шындай еткісі келгендердің әрекетін анық байқады. Студияға келген кейіпкерлердің сөз саптауы мен жүргізушінің сауатсыз сұрақтарынан құлақ тұнады. Ана тілінде сауатсыз сөйлейтіндерді жалпақ жұрттың алдына шығару  - мемлекетті құраушы қазақ ұлтын сыйламау емес пе?

Қазақ аудиториясының тамырын дөп басамыз деп санаса керек, несие, алқаш күйеу сынды тақырыптар таңдалыпты. Алайда бағдарламада шынайылықтың шеті де жоқ. Содан болса керек, «Неке сыры» ә дегеннен сын тезіне ұшырады. Жұлдыздың бір сарындағы үні мен орынсыз сұрақтары бағдарламаны тіпті алғысыз етіп тастағанын аңғару еш қиын емес. Бұлардың бәрін елең көрмеген «Неке сырының» авторлары көрерменнің төбесінен жай түскендей етпекке тыраштанғаны сонша, жұбайлардың төсек қатынасына қатысты тақырыбын телеарнаға шығарады. Жұрт шу етті. Мынадай «топас» бағдарламаны жабу керек деп ашуға да мінді. Төменде сол пікірлердің санаулысын ғана назарларыңызға ұсынып отырмыз:

«Жабылсын, мына топас бағдарлама? Қазақты мазақ етуді тағы бастадыңдар ма?»

«Өтірік бағдарламағой,адамнын миына кіріп шықпайды тіпті енесі 68 жаста келіні 64 жылғы апаммен бірге оқыдым дейди, және 16 жаста турмыс құрдым дейді енді кай сөзі шын? Кішкене өтіріктіде дұрыстап құрастыру керек еді»

«Ойбай, енді тұратын-тұрмайтынды, қосылған-қосылмағанды шығаратын болдыңдар ма?»

 «Тағы не қалды көрсетілмеген?», «Қайын әпкесі келгенше сеніп отыр едім, қайын әпкесі келгесін спектакль сияқты болып кетті. Сөздері жасанды болып кетті»

 «Жұлдыз, өте ұят, ата-енең қалай рұқсат берді екен, мынадай бағдарламаны жүргізуге?»

«Мундай кенес айткан психолог тегин кенес берседе алмас едим.Озин сыйламагасын осылай болды дегени неси,мына псиолыгтын озине психолог керек кой» дейді.

 «Вирустан қорқып жүрсек, мыналар дене мүшесімен алысқаны несі?»

Төсекті айтып рейтинг қуудың жанталасын көрсетті 

Күйеуімен бір жылдан бері төсектес бола алмай жүрген әйел студияға көмек сұрап келіпті. Сөйтеді де, оның күйеуі неге әйеліне жоламай жүр деген сұраққа жабылып жауап іздейді. Бағдарламаның сарапшылары  актер, блогер, редактор, спортшы, уролог сияқты тақырыпқа қатысы шамалы адамдар. Студия «әйеліңмен төсектес болуға мндеттісің» деген сарындағы шуға тұнады. Бұл не? Қазақ қашан жұбайлардың жеке мәселесіне араласып еді? Қай атамыз төсегінің дұрыс емесін ел талқысына салып еді? Рейтинг қуудың жөні осы екен деп, шектен шығуға бола ма?

Бағдарламаның шарықтау шегі студияға Раузаның күйеуі Арман  келгенде басталды. Жүзін маскамен жасырған Арманды «Игілік» журналының бас редакторы Меруерт Әйтенова  тұрпайы  сұрақтарымен түйреп, тіпті «сен түгілі алпыстағы ағаларың күн сайын секіріп жатқанда, саған не жоқ. Өмірдің мәні, адамның парызы» дей келе, «төсек қатынасы дұрыс емес әйел дәмді тамақ та жасап бермейді» деп айғайлағаны естір құлаққа түрпідей тиді. Үлкен де, кіші де қарайтынын ескерсек, мынадай сөздердің  теледидадардан айтылуы мәдениетсіздіктің де шырқау шегі десек, артық болмас. Өйткені мың жерден басқа ұлтқа еліктесек те, қазақ қоғамының мынадай дүниелерді қабылдай қоюы екіталай.

Қара пиардың нанын жеу қаншалықты қисынды?

Әрине, бұл бағдарлама жұрттың қызу талқысына түсті. Әрине, телеарна сол қызу талқының өзін қара пиарға балап, әрмен қарай отқа май құйғандай етіп есіре түсері сөзсіз. Бұлсөзімізге «Қалаулым» деген есі бар адам қаламайтын бағдарламаны дәлел ретінде айтуға болады.

Байқасаңыз, осындай шоулар мен арзанқол бағдарламаның көрермені -алыс ауылдағы зейнеткер мен келін-кепшік, жастар. Көрейін деп көрмейді, амалсыз көруге мәжбүр. Неге? Себебі, басқа көретін ештеңе жоқ. Интернет желісі тұрмақ, байланыс желісі жоқ ауылдың халқы осындай мазақ, топас шоуларды көрмегенде, қайтсін?

Міне, телеарналар да осы жағын жақсы біледі. Сол себепті де ойдан қырдан көшіріп алған дүниелерін көрерменнің алдына итке сүйек лақтырғандай тастай салатын болған. Танымдық, тәрбиелік мәні бар бағдарлама қазір  телеарналарда саусақпен санарлық. Өйткені соңғы он жыл көлемінде арналар «халықты топастандыру» саясатын қарқынды жүргізіп, енді соның жемісін «жеуде». Түкке пайдасы жоқ сериалдар мен шоуларды жұрттың санасына сыналап енгізіп, жіпсіз байлай берді, байлай берді. Нәтижесі міне! Айғайлатып тақырып қойып шақырса болды, көрермені лып етіп жетіп келе қояды. Көрерменді құрметтеп, сыйлап жатқан телеарна жоқ. Есесіне «нені берсе, қылғытып жұта беретін» көрермені бар. Ең өкініштісі, үлкендермен бірге осындай арзан шоуларды балаларымыз да еріксіз «тамашалайтыны». Осындай бағдарлама көріп өскен ұрпақтан ертең кім шығады? Бұлай кете берсек, ұлттығымыздың тамтығы да қалмайды ғой?! Қалай етпек керек, сіз не айтасыз, құрметті оқырман?

 

Асылжан МАМЫРБЕКҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

 

Пікірлер