Қытайдағы қазақтар: “Жігіт той күні қайынжұртында отын жарады”

4632
Adyrna.kz Telegram

Туған еліне оралған қазақтар мен жергілікті қазақтардың салттарында қандай айырмашылық бар? Adyrna.kz ұлттық порталы Қазақстанға оралған қандасымыз Гүлден Әзілбектің өз аузынан Қытай қазақтарының үйлену той жасау ерекшеліктері жайлы сұрап білді. Гүлден қазіргі таңда Сүлейман Демирель университететінің 4-курс студенті.

Қара жорға болмаса, тойдың сәні келер ме?

Қазақ тойындағы сауық-сайранда (гулянка) кейде шектен тыс дарақылыққа бой алдыратынымыз жасырын емес.  Қытайдағы қазақтар бұл қылықты бойларына жуытпай, ұлттық иммунитетін сақтай алған екен. Олардың кортежі былай өтеді екен:  

">
 

Той басталарда буындарын былқылдатып қара жорға билеп, мерекенің соңын да осы бимен аяқтайды. Той әрі мәнді, әрі сәнді өтіп, ұлттық биді де әр жиын сайын жаңғыртып отырады.

Сыңсу айту

Ақ отауым тіккен жер майдан болсын,

Ақ жүзімді көрерге айнам болсын.

Кісі әкесі кісіге әке дейді,

Айналайын әкемдей қайдан болсын?!

Ұзату тойда жарасым тапқан осынау жолдар кітап беттерінде ғана қалып кеткені қынжылтады. Қытай қазақтары үшін  бұл дәстүр ұзату тойдың ажырамас бөлігі. Қызды шығарарда анасы қимастық шерін білдіріп, сыңсу өлеңін бастайды. Артынша жүрегі елжіреп, қыз да қостайды. Қыз кіммен көріссе, соныменен сыңсу айтып қоштасады. Қыз жасауын нар атанға артылып, салтанатпен шығарып салады.

">

Қызық екен?!

Тойда қатарынан киіз үй тігіледі. Жағдайы барлар екі үш үйден тігіп, бірінде дастархан қамын жасайтын келіндері жүреді, бірінен қыз шығады. Той жасаған күні қызды үйден шығармайды. Үш төрт күн немесе бір апта өз жұртында тұрады. Туыс туғандары ұзатылып шықпас бұрын үйлеріне шақырып дәм береді. Содан кейін барып ұзатылады.

Ең қызығы!

Жігіт қыз жақтың тойына келгенде той күні отын жарғызады, еттің астына от жақтырады, су әкелгізеді. Бұл жұмыстарды адам жетіспегеннен емес, сол ауылдағы туыс туғандардың алдында жігіттің  шаруаға икемділігін сынау үшін жасатады.

Қызды қалай ұзатады?

Қызды ұзақтан алып келсе, жігіт жақ қыз отыратын көлікті гүлмен безендіріп алып барады. Бірақ үйге дейін онымен келмейді,  үйге таяғанда жылқыға мінгізеді.  Сол ауылдың атқамінер жас жігіттері “Жеңгемнің көлігін өзім алып шығам” деп жеңгесіне қайырымдылығын білдіру үшін жылқысын алып шығады. Жеңгесі ат-көліктің арасына кәде қыстырып қояды. Бұл кәде жылқыны әкелген жігітке бұйырады. Үйге тағы жақындай бергенде аттан түсіп, ары қарай жаяу жүреді.

Қыз кәдесі деген не?

Күйеуінің жұртына жаңадан түсіп жатқан келін өлең айтарын (кәдесін) ала келеді. Кәдені жігіт жақтың жақын көршісіне береді де, сол үйден шай ауыз тиіп шығады. Содан кейін жар-жар айтылып, жеңгелері қыздың басына  салы жауып жігіттің үйіне алып келеді.

Кәдені неге көршіге береді?

Тойдан кейін таң атқанша жастардың отырысы болады. Жыр айтып, әндетіп таңды атырады. Осы отырыс кәде алған көршінің үйінде болады. Себебі той болған үйде ауылдың  үлкендері отырады. Жастар олардың арасында ойнап-күліп, тамаша жасай алмайды. Ол үлкен әбестік боп есептеледі.

Қыз-жігіт араласып отырмайды

Мейрамханаға келген қонақтар қыз жігіт болып араласып отырмайды. Сол қанатқа ерлер жайғасса, оң қанатта қыздар отырады. Жиылғандар құлақтың құрышын қандырып, домбырамен әсем әнге де салады. Той соңы қайыс тарту, қыз қуар, балуан салу секілді ұлттық ойындармен жалғасады.

Еліміздің әр тұсында салт-дәстүрді әртүрлі ұстанатыны сияқты мұнда да әр аймақтың өз ерекшеліктері бар. Бұдан басқа кейбір салттардың қазақстандықтармен ұқсас тұстары кездеседі. Себебі бұл салттар қазақ арасында бұрын да болған, бірақ уақыт өте келе халық жадынан ұмытыла бастаған. Дәстүр жалғастығын сақтай білген Қытай қазақтары көпке үлгі.

Аяулым Әбілда, “Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер