295 теңгелік ампуланы 1000 теңгеге сатқан

3058
Adyrna.kz Telegram

Еліміз бойынша барлығы 8 мыңның үстінде дәріханалар бар. Қазір соларың 1400-не  тексеріс жүргізілді. Тексеріс барысында 5640 теңгеге сатылуға тиісті ингавиринді 8000 теңгеге, 295 теңгелік лидокаин гидрохлоридтің бір ампуласын 1000 теңгеге, 1862 теңге тұратын клексонды 2450 теңгеге сатқан. Мұндай фактілер 100 деп саналады. Бұл туралы "Адырна" ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің AntikorLive жобасына сілтеме жасап хабарлайды.

 

Аталған жобаның Facebook парақшасында өткізілген сұхбат барысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрілігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуы бойынша,  қазіргі күні еліміздің қалалары мен ауыл – аймақтарында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және құқық қорғау органдарының қызметкерлерінен құралған мониторинг топтар дәріханалардағы дәрі - дәрмектердің бағаларына тексерістер жүргізуде. Соңғы екі аптада барлығы 1400 ден астам дәріхана тексерілген. Бұл еліміздегі 8 мыңнан асып жығылатын дәріханалардың 10-15 пайызын құрайды.  Дәрілердің бағаларын  жоғарлатып сатқан 100 – ге жуық факті анықталды, көбінесе дене қызуын түсіретін және вирусқа қарсы дәрілерге, антибиотиктергне, антикоагулянттарға бағалар қосылып сатылған.

Жалпы дәрі-дәрмектің  бағасын  20 теңгеден 2 – 3 есеге дейін арттырып сатқан. Қазіргі  күні халық арасында қатты сұранысқа ие, атауы көпшілікке таныс вирусқа қарсы  дәрі – дәрмектің  бірі  ингавириннің Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес белгіленген шекті сату бағасы 5640 теңге болса, ал дәріханаларда ол 8000 теңгеге сатылған. Тағы бір қасқалдақтың қанындай болып сұранысы шарықтап тұрған лидокаин гидрохлоридтің бір ампуласы үшін шекті сату бағасы 295 теңге болса, ал іс жүзінде дәріханаларда бұл баға 3-4 есеге дейін артып, 1000 теңгеден сатылған. Коронавирустың емдеуде кеңінен қолданылып жүрген кликсан антикоагулянтының белгіленген  шекті сату бағасы 1862 теңге болса, ал дәріханаларда 2450 теңгеден сатылған.

Тимур Сұлтанғазиев өз сөзінде  тағы бір жаға ұстатар деректі айтып өтті. Дәрілердің бағасын тексеру барысында, еліміздің дәріханаларында заңсыз сатылымға түскен жалпы құны 10 миллион теңгеден асып жығылатын 200 ден астам дәрі- дәрмек анықталған. Бұл дәрілерге   Қазақстан Республикасында сатуға рұқсат берілмеген,  олар тіпті сапа сертификаттарынан өту (тіркелу) шараларын да өтпеген. Бұл дәрілерді сату жалпы халық денсаулығына теріс әсерін тигізуі мүмкін.

Қарапайым халық  дәрі- дәрмектердің дәріханаларда сатылуға тиісті белгіленген шекті бағаларын қайдан білулеріне болады? Егерде  дәрілердің артық бағалармен сатылып жатқандығын көрсе бұл туралы қа       йда хабарласуға болады?  Бағаларды шарықтатып, өз білгендерін жасағандарға немесе сатуға рұқсат жоқ дәрілерді сатқан дәріханаларға қандай жазалар қолданылады? – деген заңды сұрақтар туындауы сөзсіз. Осы сұрақтарға да Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі егжей-тегжейлі жауап беріп өтті.

Денсаулық сақтау жүйесін реттейтін арнайы кодекс бар, сол кодекске сәйкес жылына екі рет Денсаулық сақтау министрлігі дәрі – дәрмектердің  дәріханаларда сатылатын шектеу бағаларын және қоймалардағы көтерме бағаларын белгілейді. Осы белгіленген бағалар Әділет немесе Заң порталдарында жарияланады. Дәрі – дәрмектердің дәріханалардан қандай бағада сатылуы керек екенін осы порталдардан қарауға болады. Алайда бұл күрделілеу жолы, оны екінің – бірі қарай бермейді, іздеп уақыттарын жоғалтқылары келмейді.

 

Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі, заман талабына сәйкес, смартфондарға арналған дәрі – дәрмектердің шектеу бағасын қиналмай анықтауға болатын DariKZ  деген қосымшаны іске қосты.Бұл қосымшаны пайдалану өте оңай, қосымшаны ашып кез – келген дәрінің атауын енгізсеңіз сізге осы дәрінің шекті бағасын көрсетіп береді, немесе дәріханаға барып керекті дәріңіздің штрих кодын осы қосымшаға сканерлеп түсірсеңіз де бағасын көрсетеді. Егер сіз қандай да бір дәрінің  шекті бағадан артық сатылып жатқандығының куәсі болсаңыз, осы қосымшаның шеткі жағында батырма бар, сол батырманы басып  қадағалаушы органға хабарлауға болады.

Т.Сұлтанғазиевтің сөзінше Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес егер жеке тұлға тарапынан дәрілердің бағасын белгіленген бағадан жоғары сатылғандығы анықталса онда оған 70 Айлық есептік көрсеткіштен жоғары айыппұл салынады, ал егер үлкен дәріхана болса онда 1000 АЕК – ке  дейін айыппұл салынады. Бұл шаралар мұндай фактілер бірінші рет  анықталса қолданылады, ал егер қайталанатын болса, онда дәріхана лицензиясынан айырылады, яғни қызметі тоқтайды деген сөз.

Дәрі – дәрмектердің қымбат бағаға сатылып жатқандығы туралы Денсаулық сақтау министрілігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау комитетіне, осы комитеттің аймақтағы департаменттеріне қоңырау шалып,  министрліктің сайтына жазып, арнайы портал бар екен, сол порталға да енгізіп, DariKZ қосымшасы арқылы да шағым түсіріп жұртшылық тарапынан қадағалау күшейтілуі тиіс.

Сонымен қатар «Адалдық алаңы»  Республикалық жобалық кеңсесінің жетекшісі Төлеген Байғұлов,  дәріханалардың  дәрі – дәрмектерді жоғары бағада сатқандығына тап болған жағдайда, тұрғындар 8-702-000-24-94 whats’app нөмеріне хабарлауға болатындығын жеткізді. Бұл нөмер осы мәселеге байланысты арыз – шағымдарға арналған «Адалдық алаңының» арнайы нөмері.

Президент жарлығымен шағын және орта бизнесті тексеруге жарияланған мораторийге байланысты, егер тұтынушылар тарапынан арыз-шағымдар келіп түспесе, тиісті органдар дәріханаларға барып, баға мәселесін емін-еркін тексере алмайтын көрінеді. Сол себепті әрбіреуіміз өз тұтынушылық құқығымызды пайдаланып, жоғарыда айтылып кеткен жолдар арқылы арыз – шағымдар жіберуге ерінбейік, ағайын.

Елімізде дәрі тапшылығынан көршілер Ресеймен шектесетін кейбір өңір тұрғындары өздерінің жеке көліктерімен шекара асып, Ресейден дәрілер әкелген болатын. Бұл дәрілерді олар кәсіпкерлік мақсатта емес, өздері үшін  немесе жақындары үшін жеткізген еді. Бірақ осы әрекеттері үшін шекара қызметкерлері мен полиция қызметкерлері тарапынан   біраз кедергілерге, қиыншылықтарға тап болғандықтары жасырын емес.

"Негізі  біздің елдің адамдары шет елден жеке өздері пайдалану мақсатында дәрілік заттар әкелулеріне рұқсат бар ма жоқ па?" – деген сұраққа министрлік өкілі Денсаулық сақтау жүйесінің кодексіне сәйкес, әрбір азамат өзі пайдалану үшін шет елден дәрі алып келе алады деп қысқа қайырды. Бұл үшін ешқандай да құжат рәсімдеп керек емес екен, тіпті тіркеуден өтпеген дәрілік заттардың түрлерін де еш кедергісіз алып келуге болады екен.

Министрлік өкілі де айтылған мәселелер бойынша халық арасында тиісінше түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз деп уәде берді.

 

Еркегүл Тоқтамұрат,

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер