Төтенше жағдайдың ұзартылуы Қазақстанға қандай қауіп төндіреді

2902
Adyrna.kz Telegram

16 наурыздан, яғни төтенше жағдай жарияланған күннен бастап елде шағын және орта бизнес жұмысын уақытша тоқтатты. Сауда орындары мен базарлар жабылды. Мыңдаған қазақстандық жұмыссыз қалды. Жуырда президент төтенше жағдай режимін бірінші мамырға дейін ұзартты. Бір жарым айға созылғалы тұрған төтенше жағдай Қазақстан экономикасына қалай әсер ететінін отандық сарапшылардан сұрап көрдік.

Экономика мен халық арасындағы таңдау

Белгілі қаржыгер Расул Рысмамбетов індеттің таралуын тоқтату үшін карантин ең тиімді шара деп санайды. Шағын және орта бизнестің жағдайы мәз болмаса да, режимнің ұзартылуын құптап отыр.

"Шағын және орта бизнес жалпы ішкі өнімнің шамамен 25-28 процентін құрайды. Дәл қазір бұл секторда жағдай көңіл көншітерлік емес, әрине. Сауда тоқтап тұр, барлығы тұралап қалды. Жалпы, кез келген төтенше жағдай, оның ұзартылуы біздің экономикамызға теріс әсер етеді. Алайда, азаматтардың жаппай індетке шалдығуы одан да жаман деп ойлаймын. Сондықтан бұл жерде жақсы-жаман деп таңдау жасай алмаймыз. Режимнің ұзартылуы қажетті шара деп санаймын", - деді қаржыгер.

Оның үстіне 20 сәуірден бастап бизнестің кей түрлері біртіндеп жұмысын бастайды. Сондықтан, көштен бұрын байбалам салудың қажеті жоқ, сөзін жалғады Рысмамбетов.

"Карантин аяқталғаннан кейін шағын және орта бизнестің кейбір компаниялары мүлде жабылып қалуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. Біреуі жабылса, басқасы іске қосылады. Экономиканың қай саласы қатты зардап шеккенін де карантиннен кейін талдау жасап, шығындарды есептеп, байыбына бара жатармыз. Әзірге, карантиннің аты карантин, оны сақтау керек", - деп санайды сарапшы.

Ол саудадан бөлек, қазір ауыл шаруашылығы да қиындықтарға тап болғанын айтты.

"Көктемгі егіс жұмыстары басталды. Президент өз сөзінде егін науқаны зардап шекпеуі керектігін ескерткен болатын. Сол себепті мемлекет дала жұмыстарын уақытылы өткізу үшін қолдан келгенін аянып жатқан жоқ. Егіс науқаны дегенде, бұл тек бидай емес, көкөністер және тағы басқа. Менің ойымша, карантиннің салдары ауыл шаруашылығына да тиеді. Бірақ шағын және орта бизнеске қарағанда, бұл сала аз зардап шегеді", - деді Рысмамбетов.

Қазақстан карантинге дейінгі өміріне қашан оралады

Қаржыгер еліміз соңғы бес жыл бойы экономикалық дағдарысты бастан өткеріп келе жатқанын атап өтті.

"Дағдарыс карантинге дейін басталған. Оның аяқталуына кемінде екі-үш жыл уақыт кететін шығар. Ал төтенше жағдайға дейінгі өмірімізге оралу – әрі кетсе, үш-төрт айдың еншісінде. Посткарантиндік кезең, яғни былтырғы жылдың экономикалық көрсеткіштеріне күзде қол жеткіземіз деп ойлаймын. Бірақ, әрине, тағы бір карантиннің құрсауында қалмасақ", - деп болжамымен бөлісті сарапшы.

Жұмыссыздар артып барады

Ал белгілі экономист Мақсат Халық Қазақстан әлем елдерінің көпшілігі таңдаған жолға бет бұрғанын айтты. Билік халықтың денсаулығын ойлап, төтенше жағдай жариялауға шешім қабылдаған. Карантин енгізуге себеп болған екінші фактор – отандық денсаулық сақтау жүйесінің індетпен күресуге дайын болмауы.

"Шынын айту керек, бұл көп компанияға кері әсерін тигізіп жатыр, әсіресе қызмет көрсету саласына. Өйткені бәрі тұрып қалды. Кәсіпкерде, бірінші кезекте, шығын шықпауы керек, сондай заңдылық бар. Табысы азайса да, шығын болмау керек. Сондықтан олар, жұмысшыларын бірден ақысыз еңбек демалысына жіберді. Жауапсыз компаниялар бірден банкрот жариялады.  Жұмыстан шығасыздар, ақша төлемеймін деп. Мұның бәрі, түптеп келгенде, жұмыссыздар қатарының өсуіне әкеп соғып отыр", - дейді Халық.

Айтуынша, миллиондаған адамның 42500 теңгеге үміттеніп, өтініш беруі қаншама халықтың табысынан айырылып, жұмыссыз қалғанын көрсетеді.

"Ұлттық экономика министрлігі кеше ғана өз мәлімдемесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8% болған, қазір 5,8 процентке өсті деді. Яғни, жүз мың адамға көбейген. Алайда, өтініштердің санына қарасақ, бұл көрсеткіштің шындықтан әлдеқайда алыс екенін көреміз. Демек, жағдай өте қиын", - деп санайды экономист.

Мақсат Халық әлеуметтік салаға карантиннің салдары ауыр тиеді деп отыр.

"Билікке өтінішім бар"

Сарапшы үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасын қолдайды. Әсіресе, құрылыс саласын жандандыруы өте орынды деп санайды.

"Бірақ, осы тұста менің билікке бір өтінішім бар. Құрылыс материалдарын шетелден тасымай, отандық өнімдерді пайдаланса құба-құп болар еді. Үйді шетелдің құрылыс материалдарымен тұрғызсақ, ол баспананың бағасы шарықтайды. Өйткені дәл қазір доллар да өсіп кетті. Халықтың  баспанаға қолы жетпейді, қымбат болғаннан кейін алғысы да келмейді, сұраныс төмендейді. Бұл бізді бәрібір дағдарыстан құтқармайды. Сондықтан да отандық шикізат өнімдеріне баса назар аудару керек. Отандық материалдармен бой көтерген тұрғын үй арзанға сатылады, әрі жаңа жұмыс орындары ашылады. Кезекте тұрған халық біртіндеп баспаналы болады, бұл алдағы уақытта әлеуметтік фонға оң әсерін тигізер еді", - дейді экономист.

Мақсат Халық осы жолғы дағдарыстың табиғаты бөлек екенін атап өтті.

"Өйткені ол коронавирусқа байланысты енгізілген карантинмен ұласып жатыр. Әлеуметтік салаға ауыр соққы болып тигелі отыр. Биыл жағдай оңалып кетеді деп айту қиын. Келесі жылы да жалғасуы мүмкін. Мемлекеттің бір ғана плюсі бар – ұлттық қорда біраз қаржы жиналған. Мұнай бағасы қазіргідей төмен болып тұра берсе, ол ақша бізге бес жылға жетеді. Дағдарыс үш жылға созылса, мемлекет әзірге сол қаражатты пайдаланады", - дейді сарапшы.

Ол мұнайға сену қазақ экономикасының ауруына айналғанын атап өтті. Сондықтан осы сәтті пайдаланып, ел экономикасын түрлендіруге тырысу қажет екенін айтты.

"Екіншіден, әрине, ауыл шаруашылығына көңіл бөлінуі керек. Логистика өте өзекті болып келе жатыр. Сосын IT саласына ден қою қажет. Карантиннен кейін өмір мүлде басқа болады. Қазір білім де, жұмыс та онлайн, бәрі осы бағытқа қарай ауысуда. Демек осы салада болашақ бар", - деп қорытты сөзін Халық.

Нұргүл Абай,

Sputnik.

Пікірлер