Береке ЖҰМАҚАЕВА: Карантин аяқталса да біз оқытудың жаңа үрдісінен бас тартпаймыз

3705
Adyrna.kz Telegram

«Қашықтан оқытуды» «қашықтықтан оқыту» деп «ғашықтық» болып жүргендер де табылды ғой. Осындайда кейбір шалатілділер қашық деген алыс деген сөздің синонимі екенін білмей ме деген ой туады. Сонымен қаласақ та, қаламасақ та сұраныс пен технология өз дегеніне көндіретініне көз жеткендей. «Қашықтан оқыту» уақыттың өзі ұсынып отырған жолдың бірі. Дәл қазіргідей төтенше жағдайда оң жол мен тиімді шешімді технология өзі ұсына қойғаны қуаттарлық. Ал қашықтан оқытуды Қазақстан ЖОО дары қолға алғанына да біраз болған еді. Сырттан оқитын бөлімдер қашықтан оқуға ауысқанда оқытушылар да әртүрлі платформаларда сабақ дайындау ісін бастап кеткен болатын. Еліміздегі мынадай төтенше жағдайда жоғары мектеп пен жалпы білім беретін мектептердің жаппай онлайн оқуға еріксіз шөшсе де, оның тиімді жағын енді танып біліп жатқан сияқты. Шындығында онлайн оқытудың да тиімді жақтары баршылық: білімгерлер аудиторияда отырғандай әрнәрсеге бір алаңдамай, бүтіндей бар зейінімен оқу материалына ден қояды. Қазіргі заман адамының қолдағы құрылғысының дисплейіне ой-зейінімен еніп кететінін өзіміз де көріп жүрміз. Ендеше, әртүрлі мәнді-мәнсіз роликтерге емес, сабаққа еніп кетіп жатса несі айып?! (мүмкін әшейінде телофонға телмірумен көп уақытын өткізетін жастар сабақтан кейін әрнәрсені бір қызықтайтын бос тірлікке зауқы соқпас) Оның үстіне оқытушыға да жақсы жағдай туды десек болады. Сабаққа қажетті материалдың бәрі қол астыңда. Компьютеріңде тұрған видео ма, презентация ма, ментальді картаң ба, ворд материал ма экранға ауыстыру арқылы оңай көрсете қоясың. Сабаққа қатысушылардың да барлық дайындаған дүниелерін көрсетуіне мүмкіндік мол. Тек рөлді ауыстыра қойсаң болғаны. Тағы бір тиімді жағы керібайланысты барлық қатысушыңнан ала аласың. Сұрағыңды қойып, жазып жібер десең, заматта олардың рефлекциясын көресің, сабақтан тыс асықпай оқып шығуыңа болады. Көпшілікпен бөлісе де аласың. Сондықтан мұғалімдерге мүмкіндік молайды. Ал, техникалық жағдайды айтып жылап жүргендер ауыл жағдайы болар деп ойлаймын. Біздің мұғалімдеріміздің технологиялық жағынан жетілуіне, өз білімдерін көтеруіне (шарасыздан болса да) тәуір жол ашылды. Ал біздің университетте бұл оқыту түрлері онсыз да бар болатын. Өз тәжірибемде аудиториялық сағаттарға қосалқы түрде классрум, moodle, edmoda бағдарламаларын қолданып жүргенмін. Дәріс материалдарын жүктеп, оған белгілі бір тапсырмалар беру, аудиториялық сағаттарды үнемдеуге сеп боларлық жақсы тәсіл деп түсінгенмін.
Ал елімізде вируска байланысты карантин жарияланғанда оқу орындары арнайы курс та ұйымдастырды. Klassroom, moodle, webex бағдарламалары бойынша курстар қатар жүргізілді. Интернет заманында бұл бағдарламалардың жұмыс қызметін білгісі келген адам өзі-ақ үйреніп алса да болады. Барлығы ютуб желісінде де бар. Меніңше әр ұстаз өзінің сабағының сапалы болуына қам жеуі керек. Сабағының жүйелі әрі сапалы болуы алдымен ұстаздың өз мақсаты мен міндетіне кірмей ме?! Қандай қолжетімді тәсілмен болсын (ол онлайн ба, аудиториялық сабақ па) мақсатыңа жетуің міндеттеледі. Сондықтан ұстазға сенім білдіру керек. Қоғам мұғалімге сенім білдіргенде, соған қарай ұстаз да өз ісіне адал болғанда ғана біздің қоғамды саналы деп айтуға болады. Кей оқу орындарында «жемқорлыққа қарсы күрес» деген желеумен оқытушылардың өзі оқытқан шәкіртінен емтихан алу жағдайын өзгерткені байқалады. Емтихан уақытында пән оқытушыларынан өзге оқытушылардан бақылаушы қою немесе емтихан алу құзыретін бүтіндей басқа оқу орталықтарына ауыстыру ұстазға деген сенімсіздіктен туған деген ойдамын. Әр ұстаз өзі берген білімнің сапасын көруге мүдделі емес пе? Менің пікірімше, шәкіртіңнің білім, білігіне оқытушы алдымен қам жейуі керек. Осындайда қазақтың бір мақалы еске түседі: «Ет сасыса тұз себерсің, ал тұз сасыса қайтпексің» деген. Ұзтазға сенбеген қоғамда саналы шәкірт қалай қалыптаспақ?! Біздің қоғам ашықтыққа әлі де көше алмай отырған сияқты. Мәселен техникалық қиындықтарды айтқан мұғалімге барлығы шулап қоя берді. Авторитарлық пен бюрократизм бар жерде білім болуы да екіталай.
Көпшілік қаласа да, қаламаса да еліміз болып оқытудың жаңа жүйесін көріп жатқан жайымыз бар. Менің пікірімше, білім беру саласы өзгерістің жаңа кезеңіне көтеріліп келеді. Ертең карантин аяқталған күннің өзінде біз оқытудың жаңа үрдісінен бас тартпайтын сияқтымыз. Тәжірибеміз толыға түсетіні анық. Әрине, онлайн оқыту аудиториядағы ұстаз бен шәкірттің қарым-қатынасын бүтіндей алмастыра алмайды. Дегенмен оқытудың параллель үрдісі ретінде тәжірибемізге еркін енетініне көз анық жетеді. Түрлі гаджеттерге тәуелділік ХХІ ғасырдың қауіпті үрдісі. Оны жоққа шығара алмаймыз. Шәкірттеріміз мүмкіндігінше уақыттарын тиімді пайдаланса, техника құрсауынан бөлек салауатты өмір салтын сүрсе, ал ұстаздарымыздың шығармашылық жұмысына, өзіндік ізденісіне жетерлік уақыты болса деген тілектеміз.

 

Береке ЖҰМАҚАЕВА,

Сүлеймен Демирел университетінің профессоры

Пікірлер