1916 жыл: босқындар мен тыл жұмысындағылар тағдыры

3863
Adyrna.kz Telegram

Жуырда Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатында Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің тарихи маңызы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Оған еліміздегі жетекші оқу орындарының тарихшы ғалымдары Х.Әбжәнов, Т.Омарбеков, С.Смағұлова, Б.Нәсенов, Е.Ермұханов, Ш.Тілеубаев, Р.Оразов, Н.Рахметұлы тәрізді жиырмадан астам баяндамашылар, мәдениет және өнер саласының өкілдері, сондай-ақ, конференция аясында өткізілген көрмеге арнайы дайындаған жұмыстарын көрсетуге келген ағаш және темір ұсталары Қыстаубай Нағи, Ағайынды Махмұт пен Айтберген Құлментегілер, кесте шеберлері (жазуы кестесі мен сурет кестесі) Зейнелхан Мұхаметжан, Жазгүл Жұмабай және осы жиынға қызығушылық танытқан барша азаматтар қатысты.  Жоламан Құжиманов, Еркін Нұрханов, Айбек Мәуітұлы тәрізді ұлттық өнер өкілдері ән мен күйден шашу шашты. Шарада оқылған баяндамалар тың тақырыптарды қозғады. Мысалы, Х.Әбжәнов «1916 жылғы көтеріліс: Тарихи көзқарас эвалюциясы», С.Рүстемов «1916 жылғы қазақ-қырғыз үркіншілігі», С.Смағұлова «1916-1917ж. тыл жұмысындағы қазақтар және ұлт зиялылары», С.Сейфүлмәлікова «Орталық Азиядағы 1916 жылғы көтеріліс: тарихи-фактологиялық аспектілер», Ш.Тілеубаев «Жетісудағы 1916 жылғы Ұлт-азаттық  көтеріліс «Ыстық таза орыс уезін құру жобасы» және сирек қордағы материялдар мен тарих төрінен бағасын ала алмай жүрген батырлар төңірегіндегі баяндамалар оқылды. Конференцияда көтерілістің көптеген өзекті мәселелері сөз болды. Ғалымдарымыз Ресей мен Өзбекстанда қолжетімсіз деректердің бар екенін, ондағы мәліметтерді алу мүмкін болмай тұрғандығын жеткізді.

  Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қоры ұйымдастырған республикалық бұл конференцияда ғалымдар бір-бірімен тәжірибе алмасып, деректік қорларын молайта түсті. Нақты құжаттар бойынша сөйлеген ғалымдардың тың деректерін біз оқыман қауымға ұсынуды жөн көрдік.

Тарихшы Сәулебек Рүстемовтың айтуынша, халықты бала-шағасымен қырып жіберу жиі орын алуына орай бас сауғалаған 300 мыңға жуық адамды құрайтын жетісулық қазақтар мен қырғыздар Қытай жеріне асты. Соның нәтижесінде 1916 жылдың соңына қарай қазақтардың үлес салмағы Жаркент уезінде 73%-ға, Лепсі уезінде 47%-ға, Верный уезінде 45%-ға азайды.

 Қазақ-қырғыз босқындары жазалаушы отрядтардың тонауынан және жолда қырылған малының аман қалғанын Қытай жеріне айдап барғанда сондағы қалмақтардан құрылған қарақшылар тобына тағы тоналды. 

     

Қытайға бас сауғалап барған босқындар Шыңжаңның алты аймағына – Іле, Тарбағатай, Алтай, Қашқар, Ақсу және Байынғұлын  аймақтарына шашырай орналасты. Оның ішінде босқындар ең көп барған аймақтар Іле мен Тарбағатай болды. Шамамен 200 мыңдай босқын Іле аймағын паналады

 

 Босқындардың қатарында мал-мүлкінен айырылғандардың саны тым көп еді. Ондай босқындарға Қытай жерінде босқыншылықтың тақсіретін тартуға тура келді. Өз жерінде жазалаушы отрядтардың ойранын бастан өткеріп, Шыңжанға жеткен қазақ-қырғыз босқындарының ауыр жағдайға душар болғаны жайлы  М. Дулатов былай деп жазған-ды: «Жаяу, үй-күйсіз Қытай жеріне жеткенде қар жауды, қыс түсті. Онда жаны ашитын жан таба алмай, қара басты. Аштан өліп бара жатқан соң қалмақ, қытайларға бала-шағаларын сата бастады. Адам базары ашылып, баланың құны бір шелек бидайға шықты. Бой жеткен қыздарын, жас келіншектерін қаны қара қалмақтар алып кетті. Аш-жалаңаш, аузына не түссе, соны жеп, қайда болса, сонда жатып, неше түрлі дертке ұшырап тағы қырылды. Бақытсыз сорлылардың мұң-зарын, көз жасын естір құлақ, көрер көз болмады. Туған жер, өскен ел, кешегі бастан кешкен қызық дәурен көздерінен бұл-бұл ұшты. Мыңды айдап, жүзді сапырып шалқыған байлар бір үзім нанға зар болды. Әлпештеп өсірген балалары телміріп, көрінгеннің көзіне қарап, мойнына дорба салып қайыршы болып кетті. Бай-кедей, жас-кәрі, жақсы-жаман айырмасы бітіп, бәрі бірдей сорлы болды. Бәрі бірдей мұңлы болды. Атадан ұл, анадан қыз, жардан жар айырылды. Жүрек қанға, көз жасқа толды».

       

Тарих ғылымының докторы Светлана Смағұлованың айтуынша, Ақ патша жарлығы бойынша Қазақстан мен Орта Азиядан қара жұмыстан алынатын 400 мың адамның 240 мыңы қазақтар болды.

Ә. Бөкейханов бастаған қазақ зиялылары Орынборда 1916 жылдың 7 тамызында болған Торғай, Орал, Ақмола және Жетісу облыстары өкілдерінің бас қосуында қара жұмысқа алынғандарға қатысты бірнеше қаулы қабылдап, оны үкімет орындарына жолдады. Онда тыл жұмысына алынғандарды 30 адамнан біріктіріп артель құрып, араларына бір тәлмаш жіберу және он артельге бір молданың болуын қамтамасыз ету, ауырып қалған жұмысшылар майданда жараланғандармен бірдей медициналық көмек алу, жұмысқа алынған қазақтарды қалалық мекемелерге немесе земстволық одаққа енгізу, жұмыскерлерге жылы киім жеткізу үшін тегін вагондар мен оны жеткізуге әр болыстан екі өкілге рұқсат қағазын беру, белгілі себептерге байланысты демалыс беру мәселелері көтерілді.

1916 жылғы 7 қазандағы Жоғарғы Басқолбасшы штабының Бас басқармасының басшысы, генерал-майор Ронжиннің бұйрығымен тыл жұмысына  шақырылған бұратаналардың 18 000-ы (36 партия) Солтүстік майданға, 18 000-ы (36 партия) Батыс майданға, 9000-ы  (18 партия)  оңтүстік-батыс майданға бөлініпті.

img_3761

Конференция аясында «1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске - 100 жыл» атты кітаптар, фотожәдігерлер, құжаттар және қолөнер бұйымдары көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ағайынды танымал темірші шеберлер Мұхамеджан, Махмұт, Айтберген Құлментегілер (1916 жылғы көтеріліс кезінде қолданылған қару-жарақ, сауыт-саймандар), белгілі суретші, бізкестеші Мұхамеджан Зейнелхан (тарихи тақырыптағы бізкесте көркем суреттері), ағаш шебері, киіз үй жасаушы Қыстаубай Нағи (киіз үйдің ішкі жабдықтары мен ер-тұрман), мәдениеттану магистрі, бізкестеші Жазгүл Жұмабай (көне түрік жазуымен жазылған кәдесыйлар) және тағы басқалар қатысты.

img_3776

 


Жасұлан НАУРЫЗӘЛИЕВ,

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорының мүшесі

 

Пікірлер