Белдеменің сегіз сыны

4221
Adyrna.kz Telegram

Көшпелі өркениеті жасаған түркі-моңғол халықтары төрт түлік малды ат-көлігі, ас-тамағы ғана емес, рухани өміріне жан азығы етіп пайдалана білді. Әсіресе, балалар мен  жасөспірімдерге қаршадайынан малды бағуға кәсіптік бағдар беру, ол үшін малдың сүйек бітімін, дене-құрылысын, мінез-құлқын үйрету салтын ежелден қалыптастырды. Кейбір еуропа шығыстанушылары қазақтардың мал сою дәстүрін бақылап, олардың хайуанның әр бір дене-мүшесін, жілік-сүйегін жік-жігімен ажыратып, буын-буынымен босатып, оңай бұзып, шапшаң сойған қасапшылық өнерін жоғары бағалап, қазақтарды «табиғи хирург» деп бағалаған еді.

 Малдың сүйек мүшесін таныту мақсатында түркі-моңғол халықтары арасында ескі заманда пайда болған жасөспірімдер мен жастарға бағытталған диалог түріндегі дидактикалық ойынның бір түрі «Белдеменің сегіз сыны» деп аталады. Бұл ойын қазақ, моңғол, қырғыз, хотон халықтары арасына таралғаны белгілі болып отыр (1,2,3,4).

Белдеме  –  малдың омыртқа қаңқасы жүйесінің  арқадан (жота) кейінгі бөлігіндегі тізбекті сүйек. Әдетте ол алты дана болады. Малдың бел арқасының қалың  етті, бұлшықты, сіңірлі, қыртысты, сүбелі бөлігі. Жалпы, омыртқа атаулының тесігінің ішінен жұлын тұтасы өтетіндіктен белдеме де өте жанды әрі нәзік мүше болып табылады. Белдеме мал қаңқасының артқы бөксе бөлігі саналатын құймышағына тіреліп  тұрған беломыртқа болғандықтан  күш қозғалыстың барлығы оған түседі. Сол себептен де қара өлеңде «Қара нар жүк көтермес, бел кеткен соң» деген жолдар бар (Қазақтың этнографиялық атаулар, ұғымдар мен категорияларының дәстүрлі жүйесі. Алматы, 2011. Т. 1. 421-б).

Қазіргі балалар белдеме қаңқасының пошымына байланысты оны «аэроплан сүйек» деп те елестетеді.

Белдеме омыртқа – қазақ салтында сыйлы қонаққа жамбастан кейін тартылатын кәделі де дәмді мүше. Ал Қазақстанның орталық аймағы Сарыарқада соғым сойғанда арнайы омыртқаға (беломыртқаға) шақыру салты да қалыптасқан.

Осындай сыйлы қонақасы кезінде кәделі табаққа тартылған сыбағалы белдеме пышақпен әбден мүжіліп болған соң, қонақтар жастарға тәрбие беру мақсатында «белдемені сынау», яғни «белдеменің сегіз сынын айту» салтын орындайтын болған. Кәделі табақтан тоя дәм татып болған соң меймандар енді етінен босаған белдеме сүйекті сынау арқылы үй иелерін, әсіресе жастарды көңіл көтеруге, тамашаны қызықтап бой сергітуге ұмтылдыратын болған. Ол үшін  кейде келген қонақ табақтас болған адамдардан немесе үй иелері мейманнан «белдеменің сынын айтуды» талап етіп, белдеме омыртқаны ортаға ұсынады. Егер үлкендер белдеменің сегіз сынын білетін болса, үндемей, білмейтін жастарды сынайды. Ал жастардан мұны білетін адам табылмаса, білгір үлкен адам белдемені қолына алып, салтты орындай беретін болған.   

 Сонымен, осындай ойын кезінде қазақ, моңғол, хотон халықтары негізінен белдеме сүйектің құрылысына сегіз (кейде тоғыз, он екі) түрлі сын айтқан. Бұл салт жастардың тілін ұстарту, тапқырлыққа, зеректікке,  шешендікке баулуға құрал болған.

Беломыртқаның көзге шалынатын бөгенайлы әрбір негізгі бөліктерінің, яғни омыртқа құрылысының атауларын былайша шағын өлеңге айналдырып,  теңеулер айтатын:  

1.Батырдың маңдайы.

2.Шешеннің таңдайы.

3.Жұмыр жердің жаннаты.

4.Самұрық құстың қанаты.

5.Асқар таудың заңғары.

6.Өзен-судың аңғары.

7.Арғымақ аттың азуы

8.Ұстаның ыңғыруы.

9.Барлығы – жүйрік аттың ер тұрманы.

Қазақ арасына белдеменің сегіз сыны туралы неше түрлі аңыз- әңгіме,  өлең-жырлар ерте заманда таралған болу керек. Осындай аңыздың бір нұсқасын ақын С.Орайханұлы ел аузынан жазып алады:

 «Ағлақ деген сері жігіт өзінің ақын досы Жүкейді ертіп, Шүйдің наймандарын аралап, қалындық таңдайды. Ақыры бір ауылға құда түсіп, қызбен келісіп, ата-анасы қызын беретін болады. Ағлақтың елі алыс қалғандықтан, ұзақ жатып, қыздың тойын жасатып, алып қайтуға тура келеді.

Күйеу жігіт пен досы қыздың туыстарын аралап, таныса бастайды. Қыздың аталас тағы бір туысы шақырып, думан жасаса керек. Бозбалалардың ортасында ойын қыза-қыза келіп, ет жеп отырған кезде наймандардың бір тақуа жігіті мынандай ұсыныс шығарады. Ол мұжыған белдемені көрсетіп: «Білімділік, тапқырлықтың өзі – болымсыз нәрсеге мән бере білу деген сөз. Сондықтан бұған асыл күйеу Ағлақ, қадірлі құда Жүкей екеуі куә болсын. Егер ұлттық ойынды шешіп бере алмаса, қызымызды бермейміз. Ойынды жақсы құрастырса, қызымызды қалың малымен риза қош аттандырамыз», –дейді.  

Ағлақ белдемені алып, әр бір мүшелерін жеке-жеке сынап: «Алып қара құстың қанаты, батырдың маңдайы, шешеннің таңдайы, шебердің ыңғыруы, жүйрік аттың азуы, бәйбішенің көпшігі, Жолқынның өзені, Тәпкінің тауы», – деп сегіз түрлі сын тағады.

- «Енді сегіз сынға сегіз ауыз өлең қоссын», – деп Жүкейге ұсынады. Сонда Жүкей, Ағлақ айтқан сегіз сынды домбыраға қосып былайша әнге салады:

Мирас боп бабамыздан бізге қалған,

Білмесек бізге де арман, сізге де арман.

Осы екен сегіз сынның біріншісі,

Қанаты қыран құстың бұлтты жарған.

Сан найза садақ ұстап саралаған,

Ерлер бар туған жерін аялаған.

Батырдың маңдайы деп мұны айтады,

Бар жанын елі үшін аямаған.

Шешендік ешқашан да қайтпас қылыш,

Асыл сөз атамыздан қалған ырыс.

Шешеннің таңдайы деп сыналыпты,

Бақытқа бастаса екен осы жүріс.

Құралған өнер шіркін асыл ойдан,

Сүйінем талапты ерге құшақ жайған.

Шебердің ыңғыруы делінген бұл,

Тобына қосылатын асыл сайман.

Өлеңге жүргенім жоқ құр мақтанып,

Жастарға әнім қалсын шумақталып.

Азуы жүйрік аттың деп сыналған,

Соңында құйын қалған будақталып.

Алтайдай  не жетеді асыл жерге,

Тең болсын наймандардай есіл елге.

Анасыз жоқ тіршілік тиянағы,

Аналар мініп келген мұндай ерге.

Айдынды аласұрып ала толқын,

Толқиды, дөнбекшиді ширап ол тым,

Тентегі табиғаттың есімі бұл,

Жолында тауды тескен асау Жолқын.

Көрдің бе қызыл тілдің шапқылауын,

Күйреткен Жолқын өзен нақты жауын.

Осымен сегіз сының теңеледі,

Астынан өткізіп тұр Тәпкі тауын,

– деп Жүкей төрдегі ақсақалдарға иіліп сәлем етеді. Күйеу жігіттің алуан түрлі өнеріне риза болған наймандар келісті тойын жасап, қыздарын беріп, Ағлақты еліне шығарып салған екен деседі»(Ел аузынан жазып алып «Жаңа өмір» газетіне жариялаған Моңғолиялық ақын Солдатхан Орайханұлы (1938-2004).Қолжазбаны ұсынған – ақынның ұлы Дәурен Солдатханұлы).

Белдеменің сегіз сынының ел арасында басқадай үлгілері бар болғанымен негізгі теңеулер, баламалар ортақ. Қазақта кездесетін белдеме сынының арқауы моңғол мен түркі текті  аз санды халық хотондарда айтылатын сынмен де ұқсас келеді. Моңғолдардағы мәтін былай:

1.- Бұл неге ұқсайды?

-Самұрық құстың қанатына.

-Неліктен самұрық құстың қанатына ұқсас?

-Бұрқасында бүгілмей,

Боранда иілмей  жүретіндіктен,

Самұрықтың қанатына сай келеді.

2.- Бұл неге ұқсайды?

-Алтай мен Ханғайдың асуына ұқсайды.

-Неліктен Алтай мен Ханғайдың асуына ұқсас?

-Теріскейі айран мен қымызға бай жайлы,

Күнгейі жал-жаялы, майлы болғандықтан.

3. -Бұл неге ұқсайды?

-Жүйрік аттың азуына ұқсайды.

Неліктен десең,

Айылсыз шауып,

Ақбөкенге жететіндіктен.

 Құйысқансыз шауып,

Құланды қуып жететіндіктен,

Тұлпардың азуына ұқсайды.

4. -Бұл неге ұқсайды?

-Бұл шебер адамның тырнағына ұқсайды.

Неге десең,

Келетін ханның сіресін жайлы етіп,

Кететін ханның сіресін жарасымды етіп жасайтындықтан,

Хас шебердің тырнағына ұқсайды.

5. -Бұл неге ұқсайды?

-Хөхрөөнің қуыс сайына ұқсайды.

Неге десең,

Түмен әскер түйіліспей,

Мың әскер мыңқ етпей шұбайтындықтан,

Хөхрөө сайындай аңғарлы.

6.- Бұл неге ұқсайды?

-Хас батырдың маңдайына ұқсайды?

-Неге десең,

Түмен шеріктің,

Ту басында,

Мың шеріктің,

Мұқым басында маңдайы жарқырап жүретіндіктен,

Хас батырдың маңдайына ұқсайды.

7. -Бұл неге ұқсайды?

-Бұл ханшайымның орындығына ұқсайды.

Неге десең,

Келетін ханның дастархан сіресін жайлы етіп,

Кететін ханның дастархан сіресін жарасымды етіп жаятындықтан солай.

8. -Бұл неге ұқсайды?

-Құзғынның тұмсығына ұқсайды.

Неге десең,

Жетпіс жыраны,

Жіті қарап.

Сексен жылғаны,

Тінте қарап.

Таудай,

Жемтікті көріп.

Теңіздей,

Жараны шоқып жүргендіктен,

Құзғынның тұмсығына ұқсайды.

-Барлығы қосылып неге ұқсайды?

-Жатқан пілдей жайлы,

Тұрған пілдей тұлғалы...»,– деп жауап берген (Монгол ардын аман зохиолын дээж бичиг. Улаанбаатар, 1978.Х.87-88.Қазақ тіліне аударған А.Тойшанұлы).

Салыстырулар жасағанда моңғолдар мен хотондардағы мәтінде ешқандай айырма жоқ, демек хотондарға моңғол фольклорының тікелей ықпалы болған, екіншіден үлгі хотон тілінде емес, моңғол тілінде  таралғанын айта кеткен жөн.

Моңғол мен қазақ мәтіндерінде ортақ сипат үстем болғанымен азын-аулақ айырмашылықтар да кездеседі. Моңғолдар қазақтағы «шешеннің таңдайы» деген 2-сынды «ханшайымның орындығы», «жұмыр жердің жаннаты» деген 3-сынды  «Алтай, Хаңғайдың асуы», «асқар таудың заңғары» деген 5-сынды «қарға-құзғынның тұмсығы», «ұстаның ыңғыруы» деген 8-сынды «шебердің тырнағы» деп атаған. Олар «Барлығы неге ұқсас» деген сауалға «Жатқан пілдей жайлы, тұрған пілдей тұлғалы» деп белдеме омыртқа тұтас сымбатын пілге теңесе, қазақтар «жүйрік аттың ер-тұрманына» балап  суреттеген. Жалпы, қазақпен салыстырғанда моңғол фольклорында  ертегілік-мифологиялық  піл бейнесі мол кездеседі, бұл оларға үнді руханиятының әсерінен орныққан рәміз деуге болар.

Кейбір деректе моңғолдар да белдемені «алтын  қасты ер» десе, кейде қазақтар 3-сынды  «бәйбішенің көпшігі», «алтын ер» деп атаған. Бұл сын туралы «Анасыз жоқ тіршілік тиянағы, аналар мініп келген мұндай ерге» деген.  

Моңғол мәтінінде белдеме сыны диалог түрінде айтылған, әр бір сынға тапқырлықпен түсініктер берілген. Қазақта таралған көптеген нұсқада белдеме сынына мұндай түсінік берілмеген, үлгі шағын ғана ұйқасты өлең пішінінде таралған. Тек қана С.Орайханұлы нұсқасында  белдеме сыны көлемді де көрікті өлеңге айналғанын көруге болады.

 Моңғол сынында кездесетін Хөхрөө сайы, қазақта кездесетін Жолқын (кейде Жөлкін) өзені мен Тәпкі тауы – жергілікті жағырапиялық мекеннің атаулары. Табиғаттың ерекше жаратылысы – биік  құз жартасты жарып шығып, арқырап атылған өзен-бұлақ, үңгірлі де аңғарлы сай  ел қиялын ерекше тербейтін, сол үшін де белдеменің жұлын өтетін тесігі осындай ғажайып «өзен аңғарына» баланған. Ондай ерекше құбылысты «Толқиды, дөнбекшиді ширап ол тым... Жолында тауды тескен асау Жолқын» деп жырға қосқан. Белдемені төңкергенде жоғары қарап сертиіп, сеңгір шыңды елестетін белдеменің «етегін» «биік таудың заңғары», кейде «Тәпкінің тауы» деген. Ол туралы «Күйреткен Жолқын өзен нақты жауын... Астынан өткізіп тұр Тәпкі тауын» деген өлеңде.  

Белдеме сынында кездесетін бір көне сөз – ыңғыру. Ол – ұстаның ағашты үңгіп жонып,  іші қуыс  ыдыс (қасық, тостаған, табақ, келі) жасауға арналған қайқы пышақ тәрізді сайманы. Ыңғыру сөзі үңгі, ұңғы, үңгуір түбірлерінен туындаған болу керек. Бұл сын моңғолда «ұстаның тырнағына» баланған.

Үлгілерді тексергенде  қазақ пен моңғол белдеме сыны негізінен ортақ екені анық байқалады. Әсілі бұл – түркі-моңғол тайпалары араласып-құраласып тіршілік еткен ежелгі ғұн заманынан қалыптасқан малшылық мәдениеттің ортақ жорасы, тамырлас рәсімі. Бір ғана айырмашылық – қазақта «асқар таудың заңғары» делінген 5-сынды моңғолдар «қарға-құзғынның тұмсығы» деген. Белдемені төңкергенде жоғары қараған оның тік қырлы «етегі» расымен асқар таудың жалды шыңына ұқсайды. Бұл сынды кейбір айтушылар Тәпкі тауы деген. «Күйреткен Жолқын өзен нақты жауын... Астынан өткізіп тұр Тәпкі тауын» дейді өлеңде. Ал осы сынды моңғол ағайындар қарға-құзғынның тұмсығына теңеп «жетпіс жыраны, жіті қарайтын, сексен жылғаны, тінте қарайтын» сақ құзғынның тұмсығына балайды. Мұның сыры,  біздің ойымызша, моңғолдар қарғаны тотем еткен ежелгі дәуірдегі сенімге тіреледі. Қырағы қырғи, зерек қарға, иісшіл ит секілді қастерлі хайуанаттар туралы небір кестелі сөздер, өрнекті өлеңдер «Моңғолдың құпия шежіресінде» жиі кездесетін себебін ежелгі тайпалардың ескі танымынан іздеген жөн. «Моңғолдың құпия шежіресінде» Шыңғысханға Сүбээдэй бахадүр былай деп серт береді:

«Тышқан сынды жыбырлап,

Үйдегіңді қориын.

Қарға сынды барқылдап,

Түздегіңді ториын» (Қазақстан тарихы туралы моңғол деректемелері.І том. Моңғолдың құпия шежіресі. /Көне моңғол тіліндегі түпнұсқалық транскрипциясын, ғылыми мағыналық аудармасы мен түсіндірмелерін, көрсеткіштерін жасаған Н.Базылхан.–Алматы, 2006. 140-б. Өлең шумағын  басқадай нұсқалармен салыстырып қазақ тіліне тәржұмалаған А.Тойшанұлы).

Ал Шыңғысхан тағы да  батырларын мадақтағанда былай дейді:

«Қара түнде,

Қасқырдай төзіп.

Жарық күнде,

Қарғадай кезіп қызмет еткендер» (Сонда 272-б.).

Әрине, белдеме сынында айтылатын қарға тотемдік арғы мәнінен әлдеқашан алшақтап, енді «қырда жауыр көрінсе, қиқаңдатқан сауысқан, ойда жауыр көрінсе, ойбайлатқан сауысқан» дегенге ұқсас балалардың ұғымына икемделіп, күлдіргі реңге ие болған.

Тұжырымдап айтқанда, белдеме сынында айтылатын сегіз теңеу –көшпелі түркі-моңғол халықтарының өмірінде маңызды да киелі мағынаға ие болған қастерлі құндылықтар, қасиетті нысандар. Бұл шағын өлеңге көшпелілердің ғалам туралы ұғым-түсінігі сығымдалып  сыйып кеткен. Туған жер «Жұмыр жердің жаннатына» баланады немесе «Теріскейі айран мен қымызға бай жайлы, күнгейі жал-жаялы, майлы» Алтай мен Хаңғай тауының  қасиетті жотасы дәріптеледі. Осындай құзар таудың шатқалын жарып шыққан асау арналы Жолқын өзені мен Хөхрөө сайының сиқырлы табиғаты да таңғажайып мәнде. Тәпкі секілді сеңгір таудың  қиясында ұядан ұшып, қияғы бұлтты жарған қыранның, ертегілік самұрықтың талмас қанаты көшпеліге өрлік пен асқақтықтың рухын сіңірген. Ал осындай тамаша туған жерді найзаның ұшымен қорғайтын дулығалы батырдың жарқыраған маңдайы, қара сөздің күшімен баурайтын шешеннің дуалы таңдайы, алысты жақындатқан, биікті аласартқан желдей жүйрік арғымақтың азуы жасөспірімнің арманын алысқа самғатады.

 «Сан найза садақ ұстап саралаған,

Ерлер бар туған жерін аялаған.

Батырдың маңдайы деп мұны айтады,

Бар жанын елі үшін аямаған»,–

деген жолдар жастардың қанын қыздырып,  намысын қоздыратыны анық.

Әсіресе, моңғолдағы белдеме сынында әскери тәрбие мен хандық биліктің түзімі айқын бедерленгенін айта кеткен орынды. Мысалы, «Түмен шеріктің, ту басында, мың шеріктің, мұқым басында»  маңдайы жарқырап жүретін хас батыр,  «Түмен әскер түйіліспей, мың әскер мыңқ етпей шұбайтын» Хөхрөөнің сайы,  «келетін ханның дастархан сіресін жайлы етіп, кететін ханның дастархан сіресін жарасымды етіп жаятын» ханшайым мен ұста – осы сөзімізге дәлел.  Екі халықта кездесетін «жүйрік аттың ер тұрманы», «бәйбішенің көпшігі», «ханшайымның орындығы» секілді ажарлы айшықтаулар – тұрақтылық пен мызғымастықтың, құт-берекенің ишарасы.

Қорыта айтқанда, бұл салт арқылы ата-бабалар соғымбасының дәмді дастарханынан ауқаттанған қонақтарды қызық-думанға бөлеумен  қоса малдың белдеме  құрылысының атауларын балалар мен жастарға дұрыс үйретіп, кәсіптік бағдар берген, сонымен бірге  олардың санасына отаншылдық сезім мен табиғатты аялауды, өрелі де өжет азамат болуды  қаршадайынан сіңіре білген.  


 

Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,

фольклортанушы ғалым


 

Әдебиеттер:

1.Қазақтың этнографиялық атаулар, ұғымдар мен категорияларының дәстүрлі жүйесі (2011). 1.Том. Алматы.421-б.

2.Медеубекұлы С.  Беломыртқа // АТ. 1993, 01.07. №326.

3. Орайханұлы. С. Белдеменің сегіз сыны // Қолжазба.

4.Монгол ардын аман зохиолын дээж бичиг. Улаанбаатар, 1978.Х.87-88

5.Хотон ардын аман зохиол. Улаанбаатар, 2014.Х426-427.

 

Пікірлер