Алматы облысы Жамбыл ауданындағы «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) Бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіргеніне 2014 жылы 10 жыл толмақ. Орталық Азия аумағындағы жартастағы сурет өнері бойынша Бүкіләлемдік мұралар тізіміне бірінші боп кірген қорық-мұражайдың алғашқы мерейтойы қарсаңында қазақ мәдениетінің жанашырлары үшін зор қуанышты хабар естілді.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің полигоны орналасқан Iле өзенінің бойындағы Таңбалы тастары болашақта Таңбалы қорық-мұражайы аумағына қосылуы мүмкін. Қазіргі таңда Мәдениет және ақпарат миниcтрлігінің ұйытқы болуымен құрылған арнайы комиссия оған сараптама жасап жатқан көрінеді. Табиғаты ерекше көрікті Таңбалы жартастары Таңбалы қорық-мұражайына қосылса, оның атақ-даңқы бұрынғыдан артпаса еш кемімейді. Қайта қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін толықтыруға жаңа мүмкіндік туады. Өйткені Таңбалы қорық-мұражайының ғылыми ортада таныла бастағанына 50 жылдан енді ғана асты. Ондағы қорымдар мен қоныстарды айтпағанның өзінде, қола дәуірден орта ғасырдың түркілік кезеңіне дейінгі қазіргі таңда белгілі болып отырған 5000-ға жуық суреттің өзіне әлі күнге дейін толықтай баға берілген жоқ. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, оған елімізде жартас суреттерін зерттейтін мамандардың тапшылығы өз ықпалын тигізуде. Өйткені кезең-кезеңімен, өзара үйлесіммен салынған бұл суреттерді әлі ешкім толық сөйлете алған жоқ. Оның бұл ерекшеліктеріне қарап кейбір ғалымдардың түйгені – қазақ жерін мекендеген бұл халықта қола дәуірінің өзінде суретшілердің өзіндік мектептері болған болуы керек. Себебі олар кез келген тасқа бейберекет салынбаған. Онда белгілі бір құрылым бар деген тұжырымдар жасалған болатын. Әзірге кеңестік дәуірде ашылған ғылыми жаңалықтар әлі жаңартылған жоқ. Бұған елімізде Тәуелсіздік жылдары жартастағы сурет өнерімен айналысатын ғалымдардың жаңа толқынының қалыптаспауы өз әсерін тигізіп отыр. Отар әскери полигонынан 20 шақырым жердегі Таңбалы шатқалының ортаңғы бөлігіндегі кейбір тастар мен ондағы суреттер өткен ғасырдың 70-80- жылдары біршама бүлінген. Оны қалпына келтіруге мемлекет соңғы жылдары айтарлықтай қаржы мен күш жұмсауға мәжбүр болып отырғанын ескерсек, Құдайдың құтты күні демалушылардан арылмайтын Тамғалы тастағы ахуалдың қандай екенін сезіп отырған шығарсыздар. Оған осыдан бірнеше жыл бұрын әлдебір әумесерлердің жартастағы будданың суретін мылтықпен атып бүлдіргенін еске түсірсек жеткілікті шығар. Бұл – тек белгілі болғаны, ал белгісіз қалып жатқандары қаншама.
Тарихи-мәдени маңызы өте жоғары мұндай орындарды тездетіп мемлекет қорғауына алмасақ, кейін опық жеп қалуымыз мүмкін екенін мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан Таңбалы қорық-мұражайының директоры Ерлікбай Әлімқұлов та мойындап отыр. Өйткені мәдениетке қатысы жоқ өзге салалардың иелігіндегі мұндай жерлерде оның ғылыми құндылығы барлық жағдайда бірдей ескеріле бермейтіні – баршаға белгілі жайт. Іле өзені бойындағы Таңбалы тастар аумағындағы түрлі деңгейдегі оқу-жаттығу жиындары мен көңіл көтеруге арналған әрқилы ойын-сауықтық шаралардан кейін онда шашылып қалатын қоқыстарды көрген сайын бұған еріксіз келісесің.
Жалпы, Алматыдан 170 шақырым жердегі Таңбалы шатқалындағы Таңбалы қорық-мұражайы 2003 жылы ҚР Үкіметінің №1052 қаулысымен құрылған болатын. Онда біздің заманымызға дейінгі ХІІІ-XIV ғасырлардағы қола дәуірінен орта ғасырлардағы түркі кезеңіне дейінгі 5000-ға жуық жартас суреті мен 100-ге жуық ескерткіш орналасқан. Олар, негізінен, қорықтың 900 гектарлық орталық бөлігінде орналасқан. Таңбалы аталатын мұндай орындар Қазақстанның барлық аймағында кездеседі. Алайда оларда жартастағы суреттер шашыраңқы орналасқан. Ондағы бейнелер көп жағдайда аса айқын емес. Таңбалы біршама көрнекті және бірегей ескерткіш болса да, Құлжабасы, Аққайнар, Хантау тауындағы петроглифтерді, Аңырақай, Қарақыр, Қоғалы және басқа да ескерткіштерді одан бөліп алып қарастыру мүмкін емес. Осыған орай, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңіріндегі жартас өнері ескерткіштер топтамасын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіргізу жөніндегі бастамаларды аяқсыз қалдырмауға құзырлы органдар мұрындық болуы керек сияқты.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, Алматы облысы,
«Алаш айнасы».