Жасыратыны жоқ, күй өнерi әлi де өзгеше дамуды, қайта қарауды қажет ететiнi сөзсiз. Ол жөнiнде жастайынан күйдiң сөлiн қанып iшкен домбырашы, прозашы, мифология зерттеушiсi, музыка сыншысы, аудармашы, домбыра жасау шеберi, “Бiржан сал” фильмi сценарийiнiң авторы Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ былай ой қозғайды.
– Мен бұрынғы Семей облысы Айғыз ауылында нағашы атам, күйшi Жүнiсбай Стамбаевтың қолында өстiм. Байдың баласы болғандықтан абақтыға айдалған атам 1944 жылы елге келгенiмен, 9 жыл НКВД-дың назарында болады. Тек Сталин өлген соң ғана еркiндiктi сезiнген атам атқа мiне салып, Қарқаралыны бетке алады. Ондағы ойы – әншiлер мен күйшiлер мекенi Қарқаралымен қауышу. Келсе, өнерпаздардың бәрiн жау шауып өткендей. Бiрi де қалмапты. Бiрi аштықта өлсе, ендi бiрi соғыстан қайтпаған. Солармен бiрге ұлттық дәстүр де ғайып болған. XVIII ғасырдан, Абылай заманынан бастау алатын күйлердi атамнан, Қарқаралының атақты күйшiсi Ғазиз Нұрпейiсовтен, Ақсуаттағы Бағаналы Саятөлековтен, Әдiлбек Атығаевтан үйрендiм. Жасыратын несi бар, шертпе күй теперiш көрiп, оқу орындарынан аластатылып келдi. Әлi күнге адымы ашылған жоқ. Кеңес дәуiрiнде күй өнерi Тәттiмбеттен, Құрманғазыдан басталады делiнiп келдi. Ал шындығында олар – күйдiң ғасырлар бойғы дамуының нәтижесi, шарықтау шегi. 18 жасымда Алматыға келгенiмде Байжiгiттiң 40 шақты күйiн әкелдiм. Бiрақ шертпе күйдi алып келген менi алғашында концерттерге жолатпай жүрдi. Күндердiң күнiнде мен туралы классик жазушы Мұхтар Мағауин естiп, үш iшектi домбыра тартатын Жарқын Шәкәрiмовке ертiп келуiн тапсырады. Сөйтiп, бiз шертпе күйлердi әрең дегенде теледидарға шығардық.
Дарынды актер Досқан Жолжақсыновтың өтiнiшiмен “Бiржан сал” фильмiнiң сценарийiн, өмiрiнiң соңғы екi жылын қамтитын сценарийдi 20 күнде жазып, Досқанға табыстап ем, ол қатты ұнатты. Фильмге лайықты режиссердi табудың ретi келмеген соң Досқан өзi түсiруге бел буды. Әлемдiк кино тарихында дебюттiң сәттi шығуы – сирек құбылыс. Ал шамалы қаржыға дебютi шебер орындалған “Бiржан салды” ел жылы қабылдады. Әндерiн Еркiн Шүкiманов орындайды. Фильм жаз ортасында Көкшедегi Майбалықта түсiрiлдi.
Тәттiмбет домбыра шертiп отырып, көбелектi қондыратын болған. Оны тыңдағаннан кейiн iште қайғы-қасiрет қалмайды екен. Нағашы атам Тәттiмбеттiң шерткенiн көрген. Тәттiмбеттiң тұқымдарын большевиктер Новосiбiрден қуған ғой. Абайдың ауылын қалай талқандаса солай еткен. Тәттiмбеттiң бар кiнәсi полковник, зауыт, фабрикасы бар бай Қазанғаптың баласы болғандығында. Кеңес үкiметi Тәттiмбеттiң атын өшiруге жанын салды. Бiрақ, өшпейдi ғой. Ел iшiнде күйшiлердiң бәрiн қырып тастасаң ғана өшетiн шығар. Айтайын дегенiм, сол Тәттiмбеттiң бiрнеше күйлерi менде ғана бар екен. Шертпе күйдiң хас шеберi Тәттiмбеттiң Исатай, Мұсатай деген балалары болған. Мұсатайдың кiндiгiнен тараған Парижде тұратын ұрпақтары менi 2004 жылы қонаққа шақырды. Ардақ Исатаева, Нұржан Жанпейiсов, Саян Ақмолда бәрiмiз барып, Парижде бiр апта концерт бердiк.
Бүгiнгi балалар күйдi оқу орнына келгенде бiрақ үйренедi. Сосын нотаның оң және керi әсерi бар. Нотаның арқасында көне күйлердi бiлгенмен, күйшiлердiң қағыстары берiлмейдi. Күйдi нотамен үйренген адамның есту қабiлетi дамымайды. Сондықтан да әр домбырашы тек нотамен шектелмей, күйшiнiң орындауына көз қанықтырып, көп естiсе болады. Қазiр консерваториядағы жас домбырашылардың қағыстары инкубатордың балапандарындай бiрдей. Күйдi әркiм өзiнше тартуы шарт. Мәселен, Дина Нұрпейiсова мен Қали Жантiлеуовтi, Мағауия Хамзин мен Әбiкен Хасеновтi шатастыра алмайсыз. Неге? Өйткенi олардың әрқайсысының қайталанбайтын керемет стильi бар.
Большевиктердiң кесiрiнен бiздiң тарих қисық арнаға түстi. Құрманғазыны Дәулеткерейден биiк қойдық. Дәулеткерейдiң кiнәсi төре болғандығында. Ал негiзiнде Дәулеткерей – ең ұлы күйшi. Оның арғы жағындағы Арынғазы Дәулеткерейден екi есе ұлы күйшi болған.
Күй өнерi – басынан бағы тайған нәзiк өнер. Ал оның iшiнде шертпе күйлердi сақтап қалу үшiн жергiлiктi ауқаттылардың қаржысына қаржыландырылатын, мемлекеттiк жүйеге бағынбайтын аймақтық консерваториялар болуы керек. Баяғыда елдегi балалардың оқуына ақы төлейтiн Күшiкбай деген байдың жалғыз баласы қайтыс болады. Сонда ол “Елге шарапат қылдым, балаларын оқыттым. Қай қылығымнан таптым екен” деп налиды. У iшiп өлейiн десе, удың бәрiн тығып тасталған. Пышақталып өлейiн десе де, ол да тығулы. Ендеше, аштан өлемiн деп жатып алғанда, қайғысын Тәттiмбет қана күйiмен сейiлтiптi деседi жұрт. Сонда Тәттiмбет табалдырыққа келiп “Табалдырық қосбасар” күйiн, төрге озып “Зар қосбасар” күйiн, одан кейiн “Жайдары қосбасарға” басады. Соңғы күйi “Қырмызы қосбасар” екен. Қырмызының гүлi бiр-екi күннен соң желге ұшып кетедi ғой. Күшiкбай сонда “не айтайын деп едiң?” дегенде, “Қырмызыдай екi-ақ күндiк өмiрдi онан сайын қысқартып қайтесiз?” деп соңғы күйi “Қырмызы қосбасарға” ойысқан екен.
Осы әңгiмеден соң Таласбек күйшi: “Кейде бiз, домбырашылар, өзiмiздi жойылып кеткен қалада жүргендей сезiнемiз”, – дедi. Күйге де, күйшiге де, күйшiлiк өнерге де қамқорлық керек-ақ.
Рауза Мұсабай,
Екiбастұз қаласы.
«Жас Алаш».