Заманауи балалар контенті. Қандай болуы керек?

609
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Балаларға арналған контент жасау – үлкен жауапкершілікті қажет ететін шығармашылық процесс. Оның мақсаты – балаларға пайдалы, қызықты және танымдық ақпарат ұсыну. Жас ерекшелігіне қарай ақпаратты түсіндіру тәсілдері де әртүрлі болуы мүмкін. Жалпы, балаларға арналған контент әзірлегенде нені ескеру керек? 

Алдымен, тілінің қарапайымдылығы.  Балалар қиын сөздер мен күрделі сөйлемдерді қабылдай алмайды. Сондықтан, ақпаратты жеңіл әрі түсінікті тілмен жеткізу керек. Қарапайым сөздер мен қысқа сөйлемдерді қолдану – контенттің қолжетімділігін арттырады. Сондай-ақ, нақты мысалдар келтіріп, балалардың өмірімен байланыстыру ақпаратты жақсы меңгеруге көмектеседі. 

Қазақстандағы балалар контенті соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Көптеген отандық жобалар балалардың жас ерекшеліктеріне, қызығушылықтарына және мәдени ерекшеліктеріне сай сапалы ақпарат, ойын-сауық және білім беру контентін ұсына бастады.

Мәселен, «Balapan» телеарнасы - Қазақстандағы балаларға арналған басты телеарналардың бірі. 2010 жылы құрылған бұл арна 3–12 жас аралығындағы балаларға арналған мультфильмдер, танымдық бағдарламалар және фильмдер көрсетеді. «Balapan» контенті қазақ тілінде ұсынылып, балалардың ана тілін үйренуіне және ұлттық құндылықтарды тануға мүмкіндік береді. Арнадағы «Қобыланды», «Ер Төстік», «Алдар Көсе» сынды қазақ ертегілері мен аңыздарына негізделген анимациялық фильмдер арқылы балалар өз тарихын таниды. Сонымен қатар, арнада балалардың логикасын дамытуға, табиғат туралы білімін арттыруға бағытталған «Томпақ», «Айсұлу мен Айдар», «Дала ойындары» сияқты бағдарламалар бар.

Екіншісі, көрнекілік пен графиканың болуы балалар контентін дамытуға көмектеседі. Балалар визуалды ақпаратты жақсы қабылдайды. Иллюстрациялар, суреттер, графикалар, видеолар мен анимацияларды пайдалану – маңызды элемент. Мысалы, қарапайым жазбаша ақпаратты суретпен толықтыру баланың қызығушылығын арттырады, ал анимациялар мен қысқа бейнероликтер материалды түсіндіруді жеңілдетеді. Түрлі-түсті графикалық элементтер және қызықты кейіпкерлер баланың назарын аударып, оқуға деген ынтасын арттырады.

Үшіншісі, ойын элементтері. Ойын – баланың өмірінде ерекше орын алады. Сол себепті балаларға арналған контентке ойын элементтерін қосу маңызды. Әртүрлі жұмбақтар, тапсырмалар, викториналар мен қимыл ойындары балаларды қызықтырып, танымдық процесті қызықты етеді. Ойындар арқылы балалар күрделі ақпаратты да жеңіл қабылдай алады.

Мысал ретінде еліміздегі «Oyla» — балалар мен жасөспірімдерге арналған Қазақстандағы алғашқы ғылыми журналдардың бірін алуға болады. Бұл журнал 12 жастан асқан балалар үшін ғылыми және танымдық материалдар ұсынады. Мұнда балалар мен жасөспірімдерге қарапайым тілмен түсіндірілген ғылым, техника, математика, экология, мәдениет тақырыптары қамтылған. «Oyla» журналы арқылы балалар әлемді тануға, ғылымға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік алады. Журналдың мақсаты — балалардың логикалық ойлауын, шығармашылық қабілетін дамыту және оларды болашақта ғылымға бағыттау.

Төртінші, тақырыпқа бейімдеу. Балаларға арналған контент балалардың жасына, қызығушылықтарына сай болуы керек. Мысалы, жас балаға арналған контентті мультфильмдердегі сүйікті кейіпкерлер арқылы жеткізу тиімді болуы мүмкін. Ал мектеп жасындағы балалар ғылым, табиғат немесе техника тақырыбындағы ақпаратты қызығушылықпен қабылдайды. Баланың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларды қызықтыратын тақырыптарды таңдау маңызды.

Бесіншісі, әңгіме мен ертегі. Ертегілер мен қызықты оқиғалар арқылы балаларға ақпаратты жеткізу – ең тиімді әдістердің бірі. Ертегі кейіпкерлерінің басынан өткен оқиғалар, қиындықтар мен олардың шешімдері балаларды ойлануға, үйренуге ынталандырады. Бұл әдіс, әсіресе, кішкентай балалар үшін тиімді, себебі олар кез келген мәліметті қиял мен фантазия арқылы жақсы қабылдайды.

Алтыншысы, ең маңыздысы да - қауіпсіздік. Балаларға арналған контентте олардың психологиялық дамуына, мәдениетіне, тіліне сәйкес келмейтін материалдарды пайдалануға болмайды. Әр контент қауіпсіздік стандарттарына сай болуы шарт. Балалар үшін зорлық-зомбылықсыз, әдепті, достық қарым-қатынасты насихаттайтын материалдарды таңдаған жөн. 

Жетіншісі, интерактивтілік. Балалардың белсенді қатысуына мүмкіндік беретін интерактивті контент жасау олардың қызығушылығын арттырады. Мысалы, сұрақтар қойып, жауап беруін сұрау немесе түрлі тапсырмалар беру арқылы балаларды диалогқа тартуға болады. Бұл олардың ойлау қабілетін дамытып, өзіндік пікірін айтуға ынталандырады.

Балалар – еліміздің болашағы. Сондықтан оларға арналған контент әзірлеу тек танымдық ақпарат ұсыну ғана емес, олардың ой-өрісін дамытуға, дүниетанымын кеңейтуге, шығармашылық қабілеттерін оятуға ықпал етуі қажет. Жоғары сапалы контент балалардың оқу процесін қызықты етіп, оларға өмірлік маңызы бар дағдыларды меңгеруге көмектесуі керек. 

Пікірлер