Жалпы, iшектi аспаптарымыздың шығу тарихын, бұлардың қалай, қашан пайда болғанын бiрден «былай едi» деп, дәл айту өте қиын. Себебi, осы күнге дейiнгi iзденулер мен зерттеулер ұлттық аспаптардың пайда болуы жайлы бiрiздi, нақты пiкiрге келген жоқ. Қайсыбiр ғалымдар iшектi аспаптарды (адырна, қобыз, шертер, жетiген, домбыра) ұрмалы аспаптар (дабыл, даңғыра) негiзiнде пайда болды десе, ендi кейбiрi кәдiмгi садақты ғасырлар бойы жетiлдiргеннен пайда болды деп есептейдi.
Ұрмалы аспаптар негiзiнде пайда болды деген пiкiрге келер болсақ, ежелден жауынгер халық дабыл, даңғыра, дауылпаз, керней секiлдi аспаптарсыз жорыққа шықпаған. Бұлардың өз дыбыстық ерекшелiктерiне қарай, олардың бiрiн – сапқа тұруға, екiншiсiн – атой салуға, ендi бiрiн – ұрысты тоқтатуға пайдаланған. «Даңғыра-дабыл қағылып, қырғын соғыс басталды» («Қорқыт Ата кiтабы», 53-бет). «Бұдан қобыз қалай шықты?» деген сұраққа келейiк. Даңғыра немесе дабыл аспабын жорықта жүргенде ат үстiнде қолға ұстап жүруге ыңғайлы болсын деген себеппен бiр шетiн сопақтау, алмұрт пiшiндес етiп жасай бастаған. Және сол даңғыраның бетiне қосымша дыбыстық реңк беру үшiн көнтерi қайыстан жiп (iшек) тартқан. Келе-келе нар садақтың адырнасы үшiн пайдаланатын түйе сiңiрiнен даярланған тарамыс жiп (iшек) тартқан. Оның қайысқа қарағанда дыбыс өшiрмейтiн қасиетiнiң жоғары болуы себептi жиi пайдаланған. Осылай ғасырлар бойы даму, жетiлдiру барысында ең алғашқы қобыз, шертер тектес iшектi аспаптар пайда бола бастаған. Және бұлар бiздiң дәуiрiмiзге дейiн пайда болған.
Екiншi пiкiрге келетiн болсақ, оның да көңiлге қонар қисындары жеткiлiктi. Жауынгер бабаларымыздың жан бағатын бiрден-бiр қаруы садақ болған соң, оны күндiз-түнi қолдарынан тастамаған.
Оның адырнасын шiрене тартып жiберiп кеп қалғанда, одан шығатын «ызың» – нәзiк үнге де көңiл аударған. Жай отырған кездерiнде көңiл-күйлерiнiң ауанына қарай адырнаны жайымен шертiп (пиццикато), оған ыңылдап қосылатын да болған. Адырнаға (iшекке) саусағын қойып, оны жоғары-төмен жылжытса, дыбыс деңгейiнiң өзгеретiнiн де байқаған. Содан келiп, ендi жауға кезенер қару емес, көңiл шерiн тарқатар рухани аспапты ағаштан арнайы жасай бастаған.
Оған нақты дәлел: Африка құрлығындағы елдер арасында әлi күнге дейiн садақ пошымдас бiр iшектi (монохорд) аспапты пайдалантындар кездеседi екен. Және бiздiң ғалымдарымыздың айтуынша, дәл осы бiр iшектi садақ аспап – адырна – арфа Орта Азия, Қазақстан аймағынан Жерорта теңiзi арқылы Мысырға, одан әрi бүкiл Африка құрлығына тараған. Шындығында, садақты скиф, ғұн, сақтардан артық кiм терең меңгерген?!
Тиектi ойлап тапқанға дейiн барлық iшектi аспаптар негiзiнен имек-доға түрiнде жасалған. Өйткенi, таза дыбыс шығару үшiн тербелiске түскен iшек ешнәрсеге тиiп тұрмауы қажет. Осылай барлық көшпелi көне тайпаларда олар өздерi қасиеттi де киелi санаған бөрi, арқар, аққу бейнесiндегi адырна, сазген, қобыз, шертер секiлдi саз аспаптары ежелгi ғасырларда пайда бола бастады.
Ендi Тараз өңiрiнен табылған б.з. дейiнгi IV ғасырға жататын екi iшектi шертер ұстаған мүсiнге назар салсақ (суретте). Басы қайқылау келген шағын ғана iшектi аспап. Кәдiмгi қырғыз ағайындардың қомуз (домбыра) аспабынан айнымайды. Қырғыздар домбыраны осылай атағандарымен қобызды «қияқ» дейдi. Шайыр жағылған ысқыны бiзде де қияқ деп атайды. Бiр көңiл аударарлығы, қырғыз ағайындардың домбырасында (қомузында) бiрде-бiр пернелердiң болмауы. Үндiстан аймағындағы көне тайпалардың да дәл осындай пернесiз үш iшектi аспапты осы күнге дейiн пайдаланып отырғандығы әрi оны қолымен емес, ысқы-қияқпен шалуы түптеп келгенде таңғаларлық ұқсастық емес пе?! Оның үстiне бiздiң қыл-қобызымызда да перне жоқ. П.Пельоның айтуынша, қобызды өзге халықтар көне түркi тайпаларынан көрiп үйренген. Қобыздың көне-ескi түрi Ұлытаудың терiскей баурайындағы мүсiн таста сақталған және бiр түрi Қарқаралының Дегелең тауында VI-VII ғасырларда мүсiн тасқа қашап түсiрiлген. Яғни, қобыз аспабын бiздер айтып жүргендей, Қорқыт баба ойлап тапқан жоқ, оның шығу тарихы тым әрiде жатыр. Бiздiң заманымыздың IX-X ғасырларында өмiр сүрген оғыз-қыпшақ Қорқыт Ата, мүмкiн, қолдан шауып, дыбысы ерекше нарқобыз жасап алған болар.
Кешегi Ықыласты да – қобыздың атасы, Құрманғазыны – күй атасы деп атап жүрмiз. Олар аспапты алғаш ойлап табушылар емес, күй жанрын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған алтын көпiр – дәулескер күйшi, саңлақ сазгерлер.
Бектай ӘЛIМБАЙ, музыкатанушы,
Меркi ауданы, Жамбыл облысы.