Ұлттық әуен, дәстүрлі ән деп жаны қалмай жүрген жанкешті жандар жоқ емес. Солардың бірі – қазақтың ұлттық әуеніне қарлығаш-қанатымен су сеуіп, дәстүрлі ән өнерін дәріптеп жүрген, күні кеше ғана ұлттық өнерге қосқан сүбелі үлесі үшін «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағын алған дарынды әнші Айгүл Қосанова.
– Ел алдындағы еңбегіңіздің еленуімен! Әйтсе де көзі қарақты көрермен, құлағы түрік тыңдарман Сізді кейінгі уақытта жоғалтып алғандай. «Қатарынан қара үзіп кетті ме, әлде шығармашылықтан қол үзіп кетті ме?» деген үміт-күдігі аралас сауалдары бар. Сіз өзі қайда жүрсіз?
– Өнер адамының әр секунді ізденістен тұратынын түйсігі бар адамға түсіндірудің өзі артық. Мен үшін «болдым, толдым» деу – үлкен қателікке ұрыну. Ал көрермен алдына көлбеңдеп көп шықпасам – ол менің жетер жеріме жеттім я шығармашылықтан алыстадым дегенді білдірмесе керек. Мен ізденіс жолында жүрмін. «Ел іші – өнер кеніші» десек, сол кеніштің кеншісімін қазір. Бұған дейін облыс орталықтарын аралап, сол жердегі дәстүрлі өнерге сусап отырған тыңдарманға әннен шашу шаштым. Қала берді, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда шәкірттерге дәріс беремін. Сондықтан күллі өмірімді өз жеке басымның жетістігі жолында құрбан етемін деп те айта алмаймын. Менің ұстаздық басты миссиям – шәкірт тәрбиелеу ғой.
– ХХ ғасырдағы қазақ музыкасының ерен құбылысы, бір өзі дәстүрлі ән өнерінің мектебі болған, «бүгінгінің Мұхиты» атанған эпикалық кең тынысты әйгілі әнші Ғарифолла Құрманғалиевті білмейтін қазақ жоқ. Сонда бүгінде ұлы даламыздың дәстүрлі әнін дәріптеп, бүгінге жеткізген Ғарекеңнің артында ізін жалғар шәкірттерінің қалмағаны ма? Әлде бұл сол баяғы дәстүрлі әуенге ден қойып, дәріптеушілердің аздығын аңғарта ма?
– Солай деуге келмес. Біріншіден, Ғарекеңнің осы Алматыда тұратын шәкірттерінің аздығынан болса, екіншіден, білім ордасында қызметке тұру үшін тек талант я дауыс қана керек емес, сондай-ақ қатырма қағазға да бас қатыру керек қой. Әйтпесе, Құдайға шүкір, Ғарекеңдей ұлы мектептің көшін жалғастырып жүргендер жетеді. Сондықтан бұдан Ғарифолла Құрманғалиевтің аты өшті я дәстүрлі ән өнері кенжелеп қалды деген ұғым тумаса екен.
– Десек те, кеше ғана домбырасын қолынан тастамай, оқалы бөркінің үкісі үлбіреп, дәстүрлі ән өнерінің керуенінде өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген әншілердің эстрадаға бет бұрып жататынын жиі байқауға болады. Оған мысалдар да жетеді. Соның бірі – өзіңізсіз…
– Алғаш бірді-екілі эстрадалық әндер айтып сахнаға шыға бастағанымда маған қойылған, дұрысы – қарша бораған сауалдардың бірі осы болатын. Эстрадалық ән айтсам, ол дәстүрлі әннен мүлде қол үздім дегенді білдірмейді. Тіпті менің алдыма дәстүрлі ән, әлде эстрада деп таңдау қойылса да мен қаныма сіңген ұлттық әуенді қалайтыным даусыз. Сондықтан мен ешқашан ештеңеге ұлттық әуенді айырбастамаймын да, жан бағудың қамымен өз жолымнан ауытқымаймын да. Ал эстрадалық ән айтсам – бұл менің өз бойымдағы тағы бір қабілет-қарымымды байқап көрген тәжірибем ғана. Өнер адамының өмір-бақи ізденісте жүруі – заңды құбылыс. Сондықтан олардың өз бойында шертілмей жатқан тылсым пернелерін түртіп көрсе, айып па екен?
– Мектептерде бастауыш сыныптарда «музыка» деген пән жүреді. Қазір сол пәннің сағатының қысқартылып, аптасына бір-ақ рет жүретін деңгейге түскеніне көзіміз жетіп отыр. Ал сол пәннің бағдарламасына көз жүгірттік пе? Қай халықтың әуені, қай әншінің әні еніпті? Ондағы дәстүрлі әуеннің үлесі қанша?
– Баяғы, түптеп келгенде, бізге жетіспейтіні ұлттық идеология болып шығады. Қай қоғам, қандай адамдар болсын, бір идеология болатыны – заңдылық. Мәселен, кешегі Кеңес қоғамында да қатып қалған қағиадамен, санамызға сіңіп қалған идеологиямен өмір сүрдік.
Тілі шыққан баладан бастап бәрі «Күн көсем» деп өлең оқып, ән салды. Ал ол әнді я жырды білмесең, сен қоғамнан аластатыласың. Міне, бізге дәл қазір осы жетіспейді. Тап осындай, бірақ ұлттық бағыттағы идеология. Ал ол болмай біз өзіміз аңсаған мұраттың үдесінен көріне алмауымыз мүмкін. Сондықтан алдымен ата-ана баласының жүз жерден жат жерде білім алып, мың жерден мықты маман болса да қаны һәм жаны қазақ болып қалуы үшін жанын салуы керек.
Екіншіден, мектептер, әсіресе, осы музыка пәніне қатысты түрлі музыкалық өнер ордалары, білім ошақтарымен байланыс орнатса деймін.
– Қазір өзін танымал ету әрі осалдау әннің өзін өткізіп жіберу мақсатында бейнебаян, яғни клиптің дәурені жүріп тұр ғой. Мүмкін дәстүрлі әндерді клип арқылы дәріптерміз? Алайда Сіздің ұлттық әнге түсірген клиптеріңіз көрінбейді? Неге?
– Заманның заңды талабына айналған клип өндірісін жоққа шығара алмасымыз анық. Тіпті оны өз сәтімен пайдалансақ, көп жағынан ұтуға мүмкіндік болар еді. Декорация, қазақтың ұлттық киімі, дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі – бәрі-бәрі көрініс табар еді. Алайда қысқа жіп күрмеуге келтірмей тұрған жайы бар. Мен Мұхиттың «Айнамкөз» әніне клип түсіргім-ақ келді. Ұлттық әуен, әйгілі ән болғандықтан, оған салғырт қарауға болмайды, әрине. Сондықтан сол әннің тарихы клиптен көрінсе деген тілегім болды. Алайда мен көздеген көкжиекті қалтам көтермей тұрғандықтан, клип мәселесі кейінге қалып отыр.
– Кейінгі уақытта қазақтың көзқуанышына айналған қазақтың дәстүрлі 1000 әні, 1000 күйі жинақталып, жарыққа шықты. Осынау ұлттық жоба қазаққа не берді?
– Бұл – қазақ деген ұлы халықтың ұшан-теңіз байлығының хатқа түскен бір парасы ғана. Сондықтан бұл жобаларды игі һәм іргелі істердің бастамасына балаған жөн. Бұл жинақтарға жоғарыда айтып өткен бір өзі жүз әнге, жүз күйге татитын туындылар енгізілді. Сирек кезігетіндері де бар. Сол себепті бұл үлгілі үрдіс өз жалғасын тауып жатса жақсы еді. Ал енді жарыққа шыққан «Қазақтың 1000 әні» сынды жинақтар әр қазақтың көзінің қарашығындай сақтайтын, төрінен табылатын, ұрпаққа табысталатын ұлы да қасиетті мұрасы, қонағына ұсынатын керемет кәдесіне айналса екен.
Әңгімелескен Динара ІЗТІЛЕУ
«Ана тілі».