Ақанның әндері әуеледі

3281
Adyrna.kz Telegram

ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқитын болашақ журналистер «Алаштың Ақан серісі» атты дәстүрлі ән кешінен алған әсерімен бөлісіп, мақала жазған еді. Жастардың қаламы ұштала берсін деген тілекпен біз бұл мақалаларды «Адырнаға» жариялауды жөн көрдік.

«Мен қазақпын дегеннің бәрі туыс»

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі бастамасы, Жазушылар одағының қолдауымен «Алаштың Ақан серісі» атты дәстүрлі ән кеші болып өтті. Ақан серіні өнерпаздардың арасында, ресейдің отаршыл жүйесіне қарсы үн көтеріп, бодандықтың арты неге апаратынын кең пайымдаған, отаршылдыққа қарсы өзінің пікірін ашық айтқан ірі өнер саңлақтарының бірегейі десек те болады… Әуелі жазушы Сәкен серінің туған інісі Орал Жүнісовтың «Ақан сері» атты деректі фильмі көрсетілді. Бұл фильм Ақанның ғашықтық хикаяларынан ғана сыр шертіп қоймай, оның ұлттық рухтың ұраншысы, азаттықтың жаршысы екенін көрерменнің көз алдына жайып салды.

Бұл шараның кейінгі жастарға өнеге, ұлттық тәрбие берері сөзсіз. Кешті ф.ғ.д. профессор Тұрсынбек Кәкішев сөз сөйлеп, ашып берді. «Соңғы уақытта, тіпті қазақтың шырқап салатын әндеріне зар болып бара жатқанымыз өтірік емес. Қайдағы тепенкөктерді мініп алып, таңертеңнен кешке шейін билеуге ыңғайланып тұрамыз. Қазақтың дауысын кернеп салатын дәстүрлі әндерге зар болып тұрған уақытта жастардың ұйымдастырып жатқан мына кеші орынды-ақ екен» деп ой түйіндеді ақсақал.

Қазақ елінің өнер ордасы аталатын Алматы қаласында тәуелсіздік қарсаңында ұлттық дәстүрімізді, тарихымызды дәріптейтін бірде-бір шара өткізілмей  жатқанда жастардың бой көрсетіп, дәстүрлі өнерді ұлықтауға ой салуы орынды-ақ екен.

Жоламан Құжиманов («Үш тоты құс», «Шамши қамар» әндерін орындады), Рамазан Стамғазиев («Шырмауық», «Райхан гүл» әндері), Сәуле Жанпейісова («Ақтоқтының аужары» әні), Ардақ Исатаева («Мақпал» әні), Ерлан Төлеутай («Маңмаңгер» әні) сынды өнерпаздар дәстүрлі әнге шөлдеген халықты бір сусындатып тастады. Сонымен қатар, Талғат Әбуғазы («Көкжендет», «Балғадиша» әндері), Гүлсім Арысбаева («Майда қоңыр» әні), Досхан Одаманов («Ақтоқтының зары» әні), Ерлан Құжиманов «Ақтоқты», Жасұлан Базарбеков («Жігітшілік», «Көк ала тай» әндері), Саят Нұрғазин («Құлагер» әні), Жасұлан Сақаев («Сырымбет» әні), Уатқан Заһан («Құлагердің құлыны» авторлық әні) тәрізді ұлттық өнерді бойына серік еткен жас әншілер бабалар аманатын ұмытпағанын көрсетті. Жастардың да арқалы әннен өз сыбағалары бар екенін, ел мұрасын қызғыштай қорғайтын толқын өсіп келе жатқанын сөзсіз дәлелдегендей күй кешірді.

Кештің ең жас өнерпаздары «Арнау» ансамблі (Қуантай Тәтеновтың «Ойтолғау» күйі, қытай қазақтарының күйі «Арнау»)  көрермен қауымның ерекше қошеметіне бөленді. Балғын бүлдіршіндердің барлық аспапты бірдей игерген өнерпаздығы ел ертеңі деген үміттің отын тұтатқандай-ақ. Көкшетаудан арнайы келген жыршы-жырау Жұмабай Есекеевтың өнегелі өсиеті жастарға үлгі болуы әбден тиіс.

…Мен қазақпын дегеннің бәрі туыс,Біреуге іні, біреудің ағасымын.Ал Алашты алалайтын жан емеспін,Үш жүздің алтын көпір арасымын.Бір қолда бір-ірімен қатар өскен,Алақанның бес саусақтай саласымын, –деп жастарды бірлікке шақырып, бірлік болған жерде тәуелсіздігіміз мәңгі болатынын баса айтты.

Жиналған қауым қария сөзіне разылығын білдірді. «Орамал тон болмайды, жол болады» демекші, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі проректордың орынбасары Жұлдыз Сүлейменова Жұмабай ақсақалға шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.

Кеш барысында Ақан серінің айтылмай жүрген әндері, тың тарихи деректері мен дәйекті ойлар айтылып, кеңес кезінде бұрмаланып жеткен кейбір жайттар әңгімеге арқау болды. «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі жаңа бастамаларына өнер жанашырлары, мемлекет  тарапынан қолдаушылар, демеушілер табылып жатса, алдағы уақытта да осындай дәстүрлі ән кештерін, басқа да ұлттық болмысымызды ұлықтайтын, салт-дәстүрімізді жаңғыртатын іс-шараларды жиі ұйымдастыратынын жеткізді.


Нұран АСҚАРҰЛЫ

 

«Алаштың Ақан серісі»

Жуырда Жазушылар одағында «Алаштың Ақан серісі» атты дәстүрлі ән кеш болды. Бір кездері атағын жер жарған Ақан әндерінің шырқалғанын жастар да асыға күтеді, іздейді. Бірақ, бізде ондай асыл әндерді табу қиынның қиыны. «Бүгінгі жастар халық әндерін ұмытқан, тыңдайтындары – мағынасы жоқ әндер» деп жатады ел ағалары. Бір анадан ала да, құла да туады емес пе? Бәріне бірдей топырақ шаша беруге болмайды. Атаулы кеште ән айтушылардың негізін жастар құраса, көрермен ретінде де жас буын өкілдері көптеп келді. Күмбірлеген саз аспаптарымен, қоңыр да әуезді дауыстарымен Ақан серінің ізін басуға тырысқан жас әншілерге мемлекеттік қолдау керек.

Жоламан Құжиманов («Үш тоты құс», «Шамши қамар» әндерін орындады), Рамазан Стамғазиев («Шырмауық», «Райхан гүл» әндері), Сәуле Жанпейісова («Ақтоқтының аужары» әні), Ардақ Исатаева («Мақпал» әні), Ерлан Төлеутай («Маңмаңгер» әні)Талғат Әбуғазы («Көкжендет», «Балғадиша» әндері), Гүлсім Арысбаева («Майда қоңыр» әні), Досхан Одаманов («Ақтоқтының зары» әні), Ерлан Құжиманов «Ақтоқты», Жасұлан Базарбеков («Жігітшілік», «Көк ала тай» әндері), Саят Нұрғазин («Құлагер» әні), Жасұлан Сақаев («Сырымбет» әні), дәстүрлі ән ізімен Ақанға ән арнаған Уатхан Заһан («Құлагердің құлыны» авторлық әні) тәрізді өнерпаздар көпшілік ықыласына бөленді. «Арнау» ансаблі күймен бірге ортекені ойнатып (Қуантай Тәтеновтың «Ойтолғау» күйі, қытай қазақтарының күйі «Арнау»), «Самғау» этно тобы (халық күйі «Көроғлы») әртүрлі ұлттық саз аспаптарымызбен-ақ көрермен көңілін баурап алды. Ілияс Шырмолдаев Сүгірдің «Тоғыз тарау» күйін қобызбен ғажайып орындап шықты.

Ақан сері мен Ақтоқтыны сомдап, көрініс қойған жастар қос ғашықтың жүрек қылын шерткен сәттерін жеткізе білді. Тұрсынбек Кәкішев, Жұмабай Есекеев секілді ақсақалдардың ақ баталы әңгімесі, тәлім-тәрбиелік өнегесі ешқашан көкейден кетпестей болып орын алды.

Ел осындай ұлттық салт-санамызды, рухымызды оятатын кештердің көп болғанын қалайды.

Шараны ұйымдастырушы «Адырна» ұлттық-этногрфиялық бірлестігіне бұдан кейін де осы тәріздес жұмыстар атқара беруіне тілектеспіз. Биыл Үкілі Ыбырайдың 150 жылдығы, Біржан салдың 175 жылдығы, Мәди Бәпиұлының 130 жылдығы, Рамазан Елеубаевтың 100 жылдығы жетім қыздың тойындай болып өтуде. Мерейтойсыз-ақ әрдайым ұлықталуы тиіс тұлғаларымыз ескерусіз қалатыны өкінішті-ақ.

Жас болсада баспыз деп тәуесіздік мерекесі қарсаңында ұлттық өнерді дәріптегені, көрермендер мен  өнер жолындағы ағаларымыздан қолдау тапты, енді бұл шараға мемлкет тарапынан оң көзқарас болса «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің жұмысы жандана түсері сөзсіз.


Ботагөз ШАМШАҚЫЗЫ

 

«Тәуелсіздіктің құрдасымын»

Биыл тәуелсіздік алғанымызға, міне 19 жыл толды. Мен тәуелсіздіктің құрдасы екенімді әрқашан мақтанышпен айтып жүремін. Сол тәуелсіздік күнінің қарсаңында «Адырна» ұлттық-этнографиялық клубының ұйымдастыруымен Қазақстан жазушылар одағында «Алаштың Ақан серісі» атты қазақ халқының дәстүрлі ән кеші өтті. «Адырна» ұлттық-этнографиялық клубы ашылғанына көп болмаса да, қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерін, халық әндерін насихаттап келеді.

Соның бір көрінісі осы – дәстүрлі ән кеші. Бір қуантарлық жайт,  зал жасы-кәрісімен толып отырды. Сонымен қатар, қазіргі кездегі жастардың дәстүрлі әнге деген қызығушылығының артқанын байқауға болады. Өзін қазақпын дейтін, бойында намысы, журегінде иманы бар әр қазақ осындай жерлерден табылу керек деп ойлаймын. Бұл кештен алған әсерім мол.

Кештің ұйымдастырылуы да көрермендер көңілінен шықты. Қазақтың Біржан салдан кейінгі ұлы тұлғамыз Ақан сері жайлы тың деректер, кейінгі зертеулерден алынған материалдар айтылып, бұрын айтылмаған әндер шырқалды. Кештің өзін Ақан серінің жастық шағы, оның «Құлагерге», құсына арналған өлеңдері және «Ақтотыға», «Мақпалға» деп бөлімдерге бөліп, жастарымыз көріністер көрсетіп, жаңа өсіп келе жатқан балғын балапандардың өнерін тамашаладық. Жас әншілер мен болашағынан үлкен үміт күтер күшілеріміз өз өнерлерін паш етті. Қонаққа сонау Көкшетаудан ат шалдырып келген атамыз өзінің естеліктерін, жырларын айтқанда таңға дейін тыңдауға әзір болдық. Бірақ қазіргі кезде уақыт деген саналып қойған емес пе, амал не. Режиссер Орал Жүнісовтің Ақан сері туралы түсірген кинофильмін қысқаша тамашалап өттік. Кешті қазақ халқының ардақты да аяулы әншісі, бұлбұлы Рамазан Стамғазиев өз орындауындағы әнімен жапты. Келген қонақтар өздерінің қазақ екендерін түйсініп, жан рахатын сезініп қайтқанына еш күмәнім жоқ. Бұл «Адырна» клубының тек бір ғана жұмысы, ал жіпке тізсек қаншама. Сол «Адырна» клубының басы-қасында, ыстығы мен суығына күйіп жүрген жас журналист ағаларымыздың еңбектеріне табыс тілеп, «Адырна»  клубының басқан қадамы нық, жеткен жетістігі көп болсын дегім келеді.


Айдана Хамзақызы

 
Пікірлер