Салқар даладағы спорттық дәстүрлер

4315
Adyrna.kz Telegram

Қазiргi Қазақстанның аумағы бұрынғы көне дәуiрде Скифия (Сақстан), Тұран, Дештi Қыпшақ даласы, Қазақ даласы деп аталған. Бұл жерлердi байырғы ата-бабаларымыз сақтар мен ғұндар және т.б. көшпелi тайпалар мекендеген.

– Ерте күнде отты күннен Ғұн туған,
Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам.
Жүзiмдi де, қысық қара көзiмдi
Туа сала жалынменен мен жуғам.
Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен – Күн ұлы, көзiмде күн нұры бар.
Мен келемiн, мен келемiн, мен келем –
Күннен туған, Ғұннан туған пайғамбар, – деп шабыттана жазады ұлы ақын Мағжан Жұмабаев.Мiне, ежелгi Тұранды мекендеген, Алтай таулары мен Атырау теңiзiнiң арасында ұшқан құстың қанаты талар ұлан-байтақ кең жердi мекен еткен ата-бабаларымыздың паш еткен мықтылығын, жауынгерлiгiн көршi Қытай мен басқа елдерде жазылған кейбiр құжаттарға тоқталайық.
Ата-бабаларымыздың ежелден қалыптасқан мықты жауынгерлiк дайындығы дала спортының көне дәстүрлерiне негiзделген болатын.
Сырдария өзенiнiң орта деңгейiнде Қаратау тауларында шығысы Алатауға тiрелген ұлан-байтақ жерде Қаңлы (Кан гую) тайпалары мемлекет құрған. Олар еркек адамдар қайтыс болғанда қабiрiне қылыш, қанжар, жебе мен садақ салып жерлейдi екен. Бұл қаңлыларды жастайынан жауынгерлiк рухта тәрбиелегендiгiн дәлелдейдi. Қытай жазбаларында қаңлылардың олардан 12300 ли қашықтықта, батыс жақта өмiр сүретiнiн айтады. Бiздiң заманымыздан 200 жыл бұрын қаңлылардың 200 мың түтiн, 600 мың адам және 120 мың сарбазды соғысқа шығара алатындығы туралы айтылған. Кейде олар 5 мың ли жерге дейiн көшiп-қонып жүрсе де, өмiр сүретiн аумағында қалалары болған. Археологиялық қазба жұмыстары кезiнде осы қалалардың көне жұрттарынан дене тәрбиесiмен айналысатын құрал-жабдықтар табылған. Көшпелi тұрмыстан отырықшылыққа көшу қаңлы жұртында ерте басталғандықтан олар өз мекендерiн қорғау үшiн үнемi дене тәрбиесiмен айналысып отырған. Ескендiр Зұлқарнайын (Александр Македонский) Самарқандты жаулап алғанда өзiне Цен Цзы есiмдi қытай философын шақырып алып кеңеседi, бiраз жерлердi аралайды, сонда Самарқандтың терiскейiндегi қаңлылардың жүйрiк жылқыларын көргенде қытай кемеңгерi: «Егер осындай желден де ұшқыр жануарлар бiздiң (қытайлардың) қолымызда болса, онда батыл жауынгерлерiмiз жаһанды уысында ұстар едi», – деген аңыз бар.
Сол заманда Қаңлы мемлекетiмен қатар Үйсiн мемлекетi де өмiр сүрген. Бiздiң заманымызға дейiнгi III ғасырда олар Қаңлы мемлекетiнiң шығыс жағындағы Алатаудың баурайын жайлап, терiскейi Балқаш көлiне барып тiреледi екен. Өз заманында көшпелi рулардың үлкен одағын құрған үйсiндерде ол кезде 120 мың шаңырақ, 630 мың адам, әскерi 188 мың адам болыпты. Үйсiндер мен Қытайдың арасы 8900 ли қашықтықта жатса керек. Олардың мемлекетiн Елжау қаған (гуньмо) басқарған. Олардың жылқысы да желден жүйрiк тұлпарлар болған. Дала саңлақтарынан сескенетiн қытай патшасы (б.э.д. 107 жыл) гуньмоға екiншi әйелдiкке өзiнiң қызы – Шижу ханшаны бередi.
Шижу ханшадан кейiн де қытайлар қыздарын үйсiндерге ұзатып, жүйрiк жылқылардан қалың мал алып отырған. Шижу ханша үйсiн ордасында 5 жыл тұрып қайтыс болады. Одан Шау-Фу есiмдi бiр қыз бала қалған деген аңыз бар. Үйсiн-Қытай қарым-қатынастарының арасында ат жарыстары, басқа да спорт бәсекелерiнiң жиi-жиi өтiп тұрғандығы өзiнен-өзi түсiнiктi. Иакинфтың «Описании Джунгарии» деген кiтабында бұған көптеген мысалдар келтiрiлген.
Найман ру бiрлестiгiндегi тайпалардың жылқылары аласа бойлы, бiрақ өте күштi, суыққа шыдамды, ыстыққа төзiмдi жүндес болып келетiнi белгiлi. Наймандар салт атпен жүрiске мықты, құралайды көзге атқан мерген, жауынгер халық болған. Сондықтан болар қазiргi Қытай Республикасының шығыс жағын және Қазақстанның 9 облысын мекен еткен, сонау Хинганнан Ұлытауға дейiнгi кең алқапты алып жатыр.
Әрине Қазақстанның үлкен басқа тайпалары арғындар, алшындар, қоңыраттар, керейлер тағы басқалары туралы да көп мағлұматтар келтiруге болады, бiрақ бәрiнде дене тәрбиесi жүйесi жоғарыда келтiрiлген қаңлылардың, үйсiндердiң, наймандардың дене тәрбиесiне ұқсас.
Қазақ халқының бойындағы өзiнiң кең даласындай шексiз дарқандық, сауықшылдық, шаршы топты көрсе делебесi қозып, бәсекеге түскiсi келiп елеңдеп тұратын қызуқандылық бағзы заманалардан берi ата-бабаларымыздан қанымызға сiңiп, басқалармен салыстырғанда бадырайып көзге ұрып тұратын қасиетiмiз бар. Бала кезiмiзде «бiздер жетi жұрттың жұрағатымыз» деген сөздердi талай рет көнекөз қариялардың ауыздарынан естiгенбiз. Осы сөзге мән берiп кейiн зерделеп қарасақ, ата-тарихтың бастауында тұрған Еуразияның шалқар даласын мекендеген көшпелiлер жылқыны қолға үйретiп жолға шықса көлiгi, жауға шапса күлiгi, той жасап, ас берсе бәйгеге шабар сәйгүлiгi еткен екен. Ер-тұрман, ат әбзелдерiн де ойлап тапқан солар, жаратып қазанат мiнiп, шарболаттан құйған алмас қылыштарын үзеңгiге тiреп, ер үстiнде шiренiп тұрып сiлтегенде, кiрiстен шыға ысқырған сұр жебелер көздеген жерге қадалып жатқанда, құйындай ұйытқыған әлгi көшпелiлердiң жауынгер мұрагерлерi түркi тектi тайпаларға ешбiр дұшпан төтеп бере алмаған. Көшпелiлердiң батысы мен шығысындағы халықтар атты ноқталауды ендi-ендi үйренiп жатса, бұлар небiр шүу асауды ырыққа көндiретiн жүген мен ауыздықты ойлап тапты. Егер қазiр бiздер зымыраны мен атом бомбасы бар елге қалай қарасақ, ол заманда жау жарағын асынып, жарау ат мiнген ата-бабаларымызға басқа жұрттар да солай қарайтын.
Қара теңiздiң солтүстiгiндегi далаларға алғаш келген, байырғы эллиндер ат үстiндегi көшпелiлердi жаяу адам мен салт аттыларды айыра алмай, Кентаврлар деп атап аңызға айналдырды. Олардың «киiз үйде тұрып, жылқы асырап, қымыз iшетiнiн» тарихтың атасы – Геродот жазып кеттi. Төрткiл дүниенiң тең жартысын жаулап алған ұлы жиһангер Ескендiр Зұлқарнайынның (Александр Македонский) елшiлерi сақтарға келiп: «Бiздер жеңiлу дегендi бiлмейтiн ұлы патша Александр Македонскийдiң елшiлерiмiз» – деп өздерiн таныстырғанда сақ елшiлерiнiң басшысы: «Сендерде жеңiлмейтiн тек патшаларың ғана, ал бiздерде әрбiр сақ жеңiлмейдi» деп қасқайып тұрып жауап бередi. Бұл сөздiң бекер айтылмағанын, Сейхун дариядан өтiп, қасиеттi жерлерiне табандарын тигiзген грек әскерлерiн тас-талқан еткен көшпелi тайпалардың сарбаздары да дәлелдедi.
Тәртiп пен дәстүрге, қалыптасқан жаттығу тәсiлдерiне негiзделген дене тәрбиесi жүйесi болмайынша мықтылық өзiнен-өзi келмейдi. Көшпелiлер көлеңкеде жатып, жемiс шайнап, мамыражай тiршiлiкте өскен жоқ, «адамның – жаны мал» деп төрт түлiгiнiң соңында қыста қара суыққа, жазда аптап ыстықта шынығып өскен халық. Сән-салтанатында көкпар тартып, бәйге шауып, қыз қуып, шаршы топқа шығып күреске түсiп, бiлекте күшiн бұрқыратса, бейнетiне қарай зейнетi бар, ұлан-асыр қызығы мол тұрмыс елiн, жерiн сүйгiзiп жанын жадыратты. Кең даланың топырағына табаны тиген жатжерлiк кейуана, жиһанкез, әлдебiр елшi болсын оны мекендеген халықтың тұрмыс-тiршiлiгiн, салт-дәстүрiн таңдай қағып, тамсанып тұрып жазды.
Көне дәуiрден «жердi ұстап тұрған үш тiрек бар, олар – Ұрым, (Рим империясы),Тұран және Иран» – деген сөз қалған екен. Соның Тұраны мына бiздер өмiр сүрiп отырған қазiргi Қазақстан мен Орта Азия республикаларының солт. аумағы.
…668 жыл. Шығыс Ұрым империясы Византияның астанасы Константинопольде Юстиан екiншiнiң патшалық құрғанының төрт жылдығы тойланып жатты. Осындай апақ-сапақ шақта ұлы шаһардың қапелiмде дүрлiгiп кетуiнiң себебi мынада болатын:
Кенеттен шығыс жақтағы дарбазадан жал-құйрықтары сүзiлген шетiнен сұлу сәйгүлiктер мiнген, түстерi қатқыл бiр топ салт атты ендi. Олар астарындағы аттарын арындатып, той дастарқанынан масайып, бейқам тұрған легионерлерге ырық бермей тура императордың сарайына қарай тартты. Iлгерiрек бiр заманда Ескендiр Зұлқарнайынның шатырына атпен кiрiп, шаужайға жармасқан жиһангердiң досы Гефестионға: «Бiздердi ат пен адамды ажыратпайды, сондықтан астымыздағы тұлпарымызбен қай жерде де бiргемiз» – деп ақырған сақтардың батыры сияқты, жолындағыларды басып-таптап алтындатқан қақпаның алдынан бiр-ақ шықты. Көздi ашып-жұмғанша аттарынан лып етiп түскен олардың жартысы көлiктерiн шылбырынан ұстап тұра қалды да, қалғандары қадамдарын нық басып император Юстиан екiншiнiң алдына жеттi.
Император да, оның жасауылдары да мастықтан әп-сәтте айығып, естерiн тез жиып алды.
– Бiздер, Сейхун дарияның арғы бетiндегi Тұран деген жердi мекендеген түркi халқының елшiлерiмiз. Шабысқалы келген жоқпыз, сiздермен сауда-саттық жасап, өзара қарым-қатынас орнатып табысқалы келдiк, – деп салт аттылардың басшысы қолындағы қамшысын кеудесiне апарып, iлтипатпен иiлдi.
Мына сақал-шашы ағарған, бiрақ кескiн-кейпiнде қарттықтың бiр қылауы байқалмайтын, бойы шынардай тiп-тiк сырт көзге асқан тәкаппар қарияның кiшiпейiлдiгiне Юстиан патшаның iшi жылып жүре бердi. Қалғандарының өрiмдей жас жүздерiнде әлдеқандай бiр ызғар, қатқылдық бар.
Бұл жұмыр жердiң батысы мен шығысын жалғастырған Ұлы Жiбек жолының ашылуына себеп болған тұрандықтардың күнбатыс елдерiне шығатын қақпа – Константинопольге жiберген алғашқы елшiсi едi. Әрбiр iстi ыждағатпен қағазға түсiрiп әдеттенген римдiктер осы елшiлiк туралы кейiн көп жазды. Солардың бiздерге жеткендерiнiң арасында көңiл аударарлығы – Менандер Протектордың еңбегi. Онда: «көшпелiлердiң елшiлерi шеттерiнен шымыр, олардың әрқайсысы күштi деген екi-үш легионерге татиды» деген сөздер кездеседi.
Байқадыңыздар ма, кезiнде әлемдi тiтiреткен ұлы Рим империясының екi-үш легионерiне бiр көшпелiнiң пара-пар келуi неткен мықтылық!
Бұл көшпелi түркi тайпаларының батыстағы елдермен қарым-қатынас орнату жолындағы үшiншi рет талпынуы болатын. Алғашқыда Қытай жiбегiн артқан түркiлердiң керуенiн парсы патшасы Лаврос Византияға жеткiзбедi. Ол эфталит Катульердiң кеңесi бойынша барлық жiбектi мемлекеттiң есебiнен сатып алғызады да, өртетiп жiбередi. Екiншi елшiлiк қарақшыларға тоналып, саудагерлер мен елшiлер түгелдей қаза табады. Тек бiз жоғарыда айтқан үшiншi керуен ғана Византияға жетiп, келiсiм жасалғаннан кейiн Юстиан екiншi өзiнiң сенiмдi адамы Соғды сатрапы Маниах бастаған қарсы елшiлiктi Тұран түркiлерiне жiбередi.
Батыс пен Шығыс мекендеген елдер мен халықтар, ұлттар мен ұлыстар арасындағы сауда-саттықты жөнге қойып, адамзат жасаған мәдениеттiң сапырылыса араласуына бастау берген Ұлы жiбек жолы осылайша ашылады. Осы ұлы жол Яссы шаһарына жеткенде (Түркiстан) сан айрыққа бөлiнiп, тарам-тарам болып, бiрi – оңтүстiкке Ауған мен Үндiге, екiншiсi –Атырау теңiзiнiң оңтүстiгiн ала Иран мен Византияны басып өтiп, одан әрi Еуропа елдерiн, үшiншiсi-Сырдың бойымен, Арал асып, Жайық пен Едiлдiң құяр сағасынан өтiп, Қап тауының солтүстiгiндегi қуаң (Кубань) далалармен жүрiп отырып Азау мен Қырымға жетiп, сақлаб (славян) халықтарына барады екен.
Маниах өлген соң Ұрым мен Тұран арасындағы елшiлiкте Земарх жүредi. Мiне, бiздердiң байырғы ата-бабаларымыз жайлы көбiрек мәлiмет жинаған да, жазған да – осы Земарх. Ол келгенде түркiлердiң ұлы қағаны Бумынның ақ ордасы Алатауда екен. Бумынның ордасында қонақ болып, әңгiмелесiп, айызын қандырған соң Земарх қаған берген жолбасшыларға ерiп Алтын тауға (Алтай) дейiн сапар шегiп қайтады. Ол осы жолғы өзiнiң жазбаларында түркi тайпалары еркектерiнiң де, әйелдерiнiң де «шеттерiнен шабандоз, мерген, жауынгер, ыстыққа да, суыққа да төзiмдi» екендiктерi жайлы баяндайды.
Қазақ күресi, көкпар, бәйге сияқты қазақтың ұлттық спорт ойындарының бұрынғы уақытта да үлкен халықтармен достыққа қызмет еткенiн 1879 жылғы «Русский Вестниктiң» тоғызыншы санында жарияланған «Сырдария облысының қазiргi уездерi қырғыздар отбасының жанұялық кейбiр әдеттерi» деген мақаладан-ақ көруге болады. «Маңайда тұратын орыс шаруалары, – деп жазды «Русский Вестник», – қырғыздардың тойларына ықыласымен барады, бiреулерi салт атпен, екiншi бiреулерi арбаға мiнiп келедi, мұнда олар базар ашып, қарбыз-қауын, нан, квас және тұқым сатады, орыстар, әсiресе, бәйге және күрес болатын күндерi көп келедi» .
Мұның өзi қазақ даласына қоныстанған орыс шаруаларының сол уақытта-ақ еңбекшi халықтың өкiлдерiмен достық қарым-қатынаста болғандығын, бұл iсте ұлттық спорт түрлерiнiң аз мiндет атқармағандығын көрсетедi.
Геродоттың бiр жазбасында Парсы патшасы Кир массагеттердiң қолынан қаза тапқаннан кейiн осы өр халықты өзiне бағындыру үшiн оның мирасқоры Дарий Дунай өзенiнен өтiп Тұранға батыс жағынан тиiседi. Дарийдiң елшiлерiне көшпелiлердiң көсемi Иданфирс төрт зат: құс, тышқан, құрбақа, жебе берiп жiбередi. Осылай зат арқылы сөйлесу қазақтарда кешегi күнге дейiн болып келедi.
Дарий: «Құс аспанда ұшады, тышқан жерде, құрбақа суда өмiр сүредi, жебе – жауынгерлер, ендеше сақтар аспанымыз да, жер-суымыз да, жанымыз да сендердiкi» – деген екен ғой деп ойлайды. Бiрақ бiр батыл адам патшаға келiп әлгi жұмбақтың шешуiн: «Егер сендер, парсылар, құс болып аспанға ұшып, тышқан болып жердiң астына кiрiп, құрбақа болып суға жүзiп кетпесеңдер сақтардың жебесiнен құтыла алмайсыздар деген», – деп түсiндiредi.
Бiр күнi екi жақ қарсы келiп шешушi ұрысқа дайындалады. Адамдар ендi-ендi алапат жанкештi шайқасқа шықпақ. Осы сәтте сақ жауынгерлерiнiң бiр тобы айқайлап әлдеқайда шаба жөнеледi. Таң қалған Дарий мұның себебiн түсiндiрудi сұрайды. Сөйтсе, ұрысқа дайындалып тұрған сақ сарбаздарының алдындағы тоғайдан қоян қашыпты. Әлгi дүрлiгуге себеп аң болған екен. Қан майданның алдында өлiм жайлы ойламай, мынадай қызуқандылыққа баратын халықпен ұрысу жеңiске жеткiзбейдi екен, – деп ой түйген Дарий қалың қолын кейiн шегiндiредi.
Тарихтың атасы Геродот осылайша сақ тайпаларының өте жауынгер болғанын дәрiптесе, Платон: «Жер бетiнде сақтардан асқан мерген жоқ», – деп жазады. Әрине жауынгерлiк, төзiмдiлiк, күштiлiк, батылдық сияқты қасиеттер адамның өзiн қоршаған ортамен, ана сүтiмен, ата дәстүрiмен, отбасылық тәрбиемен тiкелей байланысты екендiгi белгiлi.
Қоянды көргендегi қызбалықтан бiздер сақтар тумысынан саятшыл, аңшылық олардың тiршiлiгiнiң бiр көзi екендiгiн көремiз. Аң аулау, құс ату, бас бiлмеген жартылай жабайы асауды ұстау, үйрету үшiн адам үнемi шынығуға, күшiн, ептiлiгiн, мергендiгiн арттыруға мәжбүр болды. Олар бұл үшiн түрлi қолайлы құралдарды ойлап шығарды. Көшпелiлердiң жабайы бұғыны ұстау үшiн шаңғыны, мұзда конькидi пайдаланғаны сөзсiз. Қостанай өңiрiнде бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi алғашқы мыңжылдықта өмiр сүрген адамдардың тұрағынан сүйектен жасалған алты коньки табылған. Тарих ғылымының кандидаты А.Хазанов бұл конькидi жасауға жылқының алдыңғы тiлерсек сүйегi алынған деген пiкiр айтады. Конькидiң төменгi жағынан аяққа байлайтын жiп өткiзетiн тесiк жасалынған. Мұндай сүйек конькилер Норвегияда ХVII ғасырдың аяғына дейiн қолданылып келдi. Сөз жоқ, Қостанай маңынан табылған алғашқы сүйек конькилер аңшылық, тез жүру үшiн қолданылған, сонымен қатар көшпелiлер оларды мұз үстiнде түрлi ойындар ойнауға да пайдалануы мүмкiн ғой. Тiптi қазiргi хоккейге ұқсас әлдебiр ойындардың болғандығына күмән келтiруге бола ма? Мұны да ата-бабаларымыздың дене тәрбиесiнiң бiрi ретiнде ескi жазбалардан, тастардағы суреттерден iздеуiмiз керек.
ХIII ғасырда Қазақстан жерiмен өткен белгiлi саяхатшы Гильом Рубрук түркi тайпаларының конькимен сырғанайтындығын көрiп: «Олар аяқтарына егелген сүйектердi байлап алып, қатып қалған қардың үстiмен сырғиды да, тiптi құс пен аңдарды қуып жетiп ұстап алады» – деп жазған.
Түркi тайпалары шаңғымен де жүрген. Бұл сiрә оларға көршiлес тұратын славян және Сiбiр халықтарынан тараса керек. Бұл жөнiнде көрнектi ғалым Н.Я.Бичурин:«Олар аяғына шаңғы байлап, қолтығына таяқ қысып жүредi. Шаңғышы адам таяққа сүйенiп жылжыған сайын жүз адымдай алға кетедi», – дейдi. Шаңғымен жүру түркi-тектес халықтар арасында кең тарағанын қытайлардың оларды «ағаш атты түркiлер» деп атағанынан да аңғаруға болады. Шаңғымен жүру әдiсi Рашид-ад-диннiң шежiресiнде суреттелген.
Славян, сақ, сармат тайпаларының дене тәрбиесi туралы жазған пiкiрлерi көп. Солардың арасында Е.Е.Тявяшев: «… сақтар жебенi тек соғыста ғана емес, сонымен қатар аң аулауда, күнделiктi жаттығуларда да кеңiнен пайдаланады»– дейдi. Қара теңiз жағалауындағы грек қаласын қазғанда табылған қабырғаға салынған суретте сақ садағын жоғары кезеген бала бейнеленген. Жебе жерден 35-40 градус шамасында бұрыш жасап көтерiлген. Бұл туралы жоғарыдағы Е.Е.Тявашев: «… жебенi алысқа түсiрудi сақтардан алынған деу керек, себебi гректер мұндай жарыстар ұйымдастырмаған», – дейдi. Ал Геродоттың «Тарихында» садақ тартуды үйрету үшiн сақ жауынгерлерiнiң шетелдерге де шақырылғандығы туралы айтылады.
Сарматтардың да жауынгер халық болғандығын бiлемiз. Тiптi олардың қыздары мен әйелдерi де аң аулауға, жорықтарға қатысқан. Әрбiр сармат қызы бiр жауды өлтiргеннен кейiн ғана тұрмысқа шығатын дәстүр де болған. IV ғасырдағы Рим тарихшысы Марцеллан олардың әртүрлi жаттығулармен үнемi айналысуының арқасында күштi жауынгер болғандықтарын жазады.
Қазақ жерiнде дене тәрбиесi мен спорттың болуының тарихы өте көне замандарға жол тартады. Бiздiң заманымыздан көп бұрын қазiргi Қазақстан аумағында елдi мекендер болғандығын археологиялық қазба жұмыстары мен көне жазулар дәлелдеп отыр. Осы жердi мекендеген көне түркi тайпалары – түргештер, оғыздар, қарлұқтар, қимақтар, қыпшақтар және басқаларының өзiндiк мәдениеттерi мен жазулары болған. Олар бәйгеге ат қосып, садақ тартып мергендiк сынасып, шаршы топта күресiп, тоғызқұмалақтан бәсекелер ұйымдастырған. Қаратаудың көне сiлемдерiнен б.з.д. III-IV ғасырларда тасқа қашалып жасалған тоғызқұмалақ тақталарының, Iле өзенiнiң аңғарындағы Тамғалы тастан садақ тартқан мергендер мен ат үстiндегi шабандоздар бейнелерiнiң т.б. көне суреттердiң табылуы осының дәлелi болса керек. Бiр мекеннен екiншi жерге қоныс аударып отыру көшпелiлердiң бойынан күш пен қажырды, ыстыққа да, суыққа да төзiмдiлiктi, тапқырлықты, табиғатты түсiнудi, жан-жақты дайындықты қажет ететiн. Адамдардың бойындағы осындай қасиеттердi дамытудың өзi ежелгi түркi тайпаларында өмiрлiк маңызы бар дене тәрбиесiнiң алғашқы нысандарының пайда болуына тiкелей әсер еттi.
Ол заманда шексiз-шетсiз кең даладағы қатынас көлiктерiнiң ең бастысы атпен салт жүру болатын. Осыған байланысты жылқы түлегi көшпелi тайпалардың өмiрiнде маңызды орын алды. Бiздiң дәуiрiмiзден 8-10 мың жылдай бұрын осы күнгi жылқының түпкi аталары – жабайы тарпаңдарды алғаш қолға үйреткендер де, оларға лайықты әбзелдер мен ер-тұрмандарды ойлап тапқандардың көшпелiлер екендiгiне сөз жоқ. Мұны «тарихтың атасы» Геродоттың, одан кейiнiрек Плутархтың, Страбонның, византиялық Менендар Протектордың, қытай ғалымы Сюань Цзиньнiң, араб саяхатшылары Ивн Хаукалдың, еуропалық жиһангездер – Марко Поло, Рубрук, Карпинидiң жазбаларынан көремiз.
V-VI ғасырлардың өзiнде қазiргi қазақ жерiнде әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайы өркендеген көптеген қалалар болды. Осы елдi мекендердiң шарықтау кезi шығыстың ұлы ғұламалары Әбу Насыр әл-Фараби, Махмұт Қашқари, Жүсiп Баласағұни, Исмаил Жаухари сияқты энциклопедист ғалымдар еңбек еткен Х-ХI ғасырларды айтуға болады. Мiне, осы уақытта Әбу Насыр әл-Фарабидiң (870-950 ж.ж.) «Iзгiлiктi қала» атты еңбегiнде адамның өмiрi қоршаған ортаның әсерiне байланысты болатындығы жайлы тұңғыш ғылыми тұжырымдама жасалынып, адамның жан-жақты рухани, мүсiн жағынан дамуы үшiн жағдай жасау керектiгi айтылды. Ал медицинаның ғылыми негiзiн салушы, философ әрi зерттеушi Әбу Әли ибн Сина (980-1037 ж.ж.) өзiнiң «Дәрiгерлiк ғылымының қағидалары» атты өлмес еңбегiнде дене тәрбиесiмен, шынығумен үнемi айналысудың қажеттiгi, мұның адам денсаулығына өте пайдалы екендiгi айтылады. Бұған жетудiң ең төте жолдары халықтық дене тәрбиесiмен айналысу: күрес, жұдырықтасу, нысана көздеу, жаяу, атпен салт жүру”, – дейдi ұлы дәрiгер. Қолжазба күйiнде үш нұсқасы сақталып бiздiң заманымызға жеткен Жүсiп Баласағұнның «Құтадғу бiлiк» атты еңбегiнде көшпелiлердiң салт-дәстүрлерi, әсiресе олардың аң аулау түрлерi туралы жазылған. Көшпелi халықтардың тұрмысында аң аулау тек қана күнкөрiс үшiн ғана емес, сонымен қатар демалу, көңiл-көтеру, жан-жақты шынығу, дене мәдениетiн дамыту ретiнде пайдаланылған. Осы уақытта қазақ күресi, бәйге түрлерi, көкпар, күмiс iлу, қыз қуу, сайыс, аударыспақ сияқты т.б. ұлттық спорт түрлерi бiр қалыпқа түсiп, той-думанның салтанатына айналған. Тоғызқұмалақ, шатраш сияқты ойындар барлық ауылдарда дамып, балалар арасында асық, тағы да басқа қимыл-қозғалыс ойындары пайда болған.
Қазақ халқының ата-бабалары туралы 1832 жылы Бұхара қаласынан табылған, авторының аты-жөнi белгiсiз «Худад әл әлем» атты араб тiлiндегi еңбекте жан-жақты жазылған. Кiтап 1930 жылы атақты ғалым Бартольдтың басшылығымен орыс тiлiне аударылып, Ташкентте қайтадан басылып шықты.
Бұл кiтапта Мауераннахрдың солтүстiгiндегi далаларды мекендеген көшпелi тайпалар туралы: «Оларда қала жоқ, киiз үйлерiне сан жетпейдi, шеттерiнен батыр әрi батыл, қолдарындағы қаруларын ешқашан тастамайды, ұрыс десе жандарын салады, күш пен ептiлiк сыналатын бәсекелерге өте құмар. Олар көбiнесе оңтүстiктегi көршiлерi мұсылман шаһарларын шауып алады да, тез-тез жиналып, iлезде көзден ғайып болып далаларына оралады. Олар бастарына iс түскенде, қуаныш пен қайғыда, басқа бiр жағдайларда да бiр-бiрлерiнен шалғайда көшiп жүрсе де әрқашан өз руластарының қасынан табылады», – деген пiкiрлер бар.
Күнде көзiмiз көрiп жүрген қазақтың бауырмалдығы.
Рим папасы Инокентий төртiншiнiң тапсырмасымен монах Плано Карпини 1243 жылы Ватиканнан шығып, 1246 жылы Қарақорымға, Күйiк қағанға жеткен едi. Карпини тек Дештi Қыпшақ жерiнiң өзiмен түстене-жастана жүрiп отырып, бiр жылдам астам уақыт сапар шектi. Осы сапар жайлы жолжазбаларында ол көшпелiлердiң сол кездегi тұрмыс-салты туралы жан-жақты мол мәлiметтер қалдырды. «Жiгiттерi шетiнен мерген, нысанаға алғандарын қалт жiбермейдi» – дей келе Карпини: – балаларын екi-үш жасында атқа отырғызады, қыздары мен әйелдерi де атқа жақсы шабады. Олардың жылқы түлiгiне деген сүйiспеншiлiгi мен көзқарастары ерекше, басқа мал түлiктерiн де жақсы күтедi, ер-тұрман мен ат әбзелдерiн әшекейлеуге ерекше назар аударады, әйелдерi садақты жiгiттерден кем тартпайды, еркектерiнiң қару-жарақ жасау мен малға қараудан басқа жұмыстары жоқ. кейде аң аулайды. Бiр ғажабы олардың еңбектеген балаларынан бастап еңкейген қарттарына дейiн шетiнен аңшы әрi мерген. Әсiресе ат үстiнде ұзақ жүрудегi шыдамдылықтарына таң қалмасқа болмайды, мұнда да әйелдерi ерлерiнен бiрде-бiр кем түспейдi» – деп жазады.
Кемеңгер бабамыз Қорқыттың заманында түркi тайпалары кең далаға сыймай бөлшектене бастаған. Сарыарқаны жайлаған қыпшақтар Сейхун мен Жейхун дарияның бойындағы Оғыз бен Салжұқ түркiлердi атақоныстарынан ығыстыра бастады.
Мiне, түркi халықтары осылайша әрқайсысы өз отауын тiгiп, iргелерiн алшақтата бастаған тұста араб саясатшысы Ибн Батута қазiргi қазақ елi жайлаған жерге, қыпшақ даласы атанған Дештi Қыпшаққа келедi. Ол түркi-қыпшақтар туралы:«Үйiрден ат ұстау керек болған жағдайда, жiгiттердiң бiреуi қолына құрық алып, атқа салт мiнедi де, бей-жай жайылып жатқан жылқыларға жәйiмен жақындайды. Содан кейiн әлгi жартылай тағы жылқының мойынына қолындағы құрықты немесе бұғалықты тастап жiберiп, өзiне қарай қапталына тартып әкелiп, сауырына қарғып мiнедi. Содан соң мiнген бұрынғы атын бос қоя бередi де, асаудың арқасына жабысып құйғытып шаба жөнеледi», – деп жазады.
Жылқылы ауылға барғанда бүгiнгi күнi де аңғаруға болатын көрiнiс.
1740 жылы қазақ даласында, Әбiлқайыр ханның ордасында болған ағылшын көпестерi Томпсон мен Гогганың мiндетiне тек сауда-саттық жұмыстары ғана емес, жер байлығы, ел тiршiлiгi, қазақтардың күш-қуаты мен әскери мүмкiндiктерi жайлы барлау мәлiметтерiн жинау да енген болатын. Гогганың: «Олардың тойлары мен өлген ата-бабаларына ас беру рәсiмi бiрнеше күнге созылады, өлең айтады, би билейдi. Бiрақ ең қызығы ат жарыстары; сәйгүлiктерiн бәйгеге қосады, көкпар тартысады, садақты алысқа атысады, белдесiп күш сынасады. Жеңгендерге жүлделер тiгiлiп, киiм, мал үлестiредi, сый-сияпаттан ешкiм де құр алақан қалмайды», – деген күнделiгiндегi жазбалар айна-қатесiз бiздiң уақытымызға жеттi.
Вице-канцлер Биронның үкiмiмен Орынбор әкiмшiлiгi 1773 жылы Қазақстанның батысына немiс этнографы Паллас бастаған ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастырады. Осы топтың құрамында швед ботанигi Фальк, немiстiң табиғат зерттеушi ғалымы Георги Паллас, грек Берденес сияқты өз уақытындағы белгiлi оқымыстылар болды. Өзiнiң жазбаларында: «қазақтардың арасында мал шаруашылығы мен аңшылықтың қатар жүретiн, олардың көптеген жыртқыш құстарды да қолға үйрететiндiгiн, сонымен бiрге аран қазып, қамыстың ұшын өткiрлеп, қалың шөптiң арасынан қадап қойып киiк ұстайтынын» – жаза келiп, ауқатты қазақтардың аңшылықты көңiл көтеру, бой жазу үшiн ермек ететiн: «бұдан олар қажет десе көп пайда түсiредi, негiзiнен қасқыр, түлкi, борсық, суыр, қарақұйрық, барыс, тарпаң, бұлан, жолбарыс аулайды», – деп жазады Георги.
Ал Фальктың аңшылық жайлы жазғаны: «бұл пайда табатын, сол арқылы баюды мақсат етуден гөрi, қазақтардың көңiл көтеретiн ермегiне көбiрек ұқсайды. Солай бола тұра ұсталған аңның етi мен терiсi де далада қалмайды. Мұны көбiнесе өздерi тұрмыста пайдаланады. Киiм-кешек жасайды, артылғанын сатады, басқа заттарға, мүлiкке айырбастайды, қасқырды, түлкiнi, қарсақты атпен қуып жетiп қамшымен, сойылмен соғып алады. Қазақтардың аңшылықта iзiне ертетiн иттерi көбiнесе тазы тұқымынан болып келедi, қарулары көбiнесе садақ, ара-тұра бiлтелi мылтық. Кейбiр қазақтар орыс ұсталарына қақпан жасатып, аңдарға құрады. Бiрақ барлығынан қызықтысы саят. Жыртқыш құстардың балапандарын ұядан ұстап алған саятшы оларды бiр жасқа дейiн үйретедi, әр күн сайын далаға шығып жаттықтырады. Iшiне Садан тыққан терiнi оларға «шырға» деп айтады. Ал шырғаға түскен құсына азғантай ет берiп, мақтайды. Күн сайын осылай, бүркiттi түлету төрт-бес аптаға созылады».
… «Қыс айларында семiрiп кетпес үшiн бүркiттiң астына мұз қояды. Жемдiк еттi де шағындап берiп, ашықтырып ұстайды. Ашынған, қатты ашыққан бүркiттiң кейде иесiне де түсетiн кездерi болады. Қолға үйренген жетi-сегiз жыл саятқа жарайтын жақсы бүркiттiң бағасы екi түйенiң құнына пара-пар. Қазақтар бүркiттен басқа тұрымтай, ителгi, сұңқар, қаршыға, бөктергi, бидайық сияқты саят құстарын аң-құс аулауға үйреткен. Жыртқыш құстармен аң аулаудың осыншама тәсiлдерiн бiлетiн басқа халық туралы естiген емеспiн» – деген жазбаларының өте зор екендiгiне ешкiм де күмән келтiре қоймас.
Қашаннан көршi тұрып, аралас-құраласқан орыс халқы да қазақтардың дене тәрбиесiне көңiл бөлген. Ит жүгiртiп, құс салу, ат баптау жөнiнен олар қазақ саятшылары мен атбегiлерiнен көп нәрсенi үйрендi. ХIХ ғасырдың орта шенiнде өздерiнiң германдық гимнастикасын көкке көтерiп, тым қатты мақтап жiберген, немiстердiң ұлттық дене тәрбиесiнiң негiзiн ғылыми жолға түсiрген Гутс Мутс және Вит дегендерге қарсы революционер-демократ Николай Александрович Добролюбов: «Өкiнiшке қарай, байырғы Грекиядағы спорт жарыстарын көрудiң мүмкiндiгi болмағандықтан, германдықтардың ұлттық гимнастикасына бас июшiлер бiздiң қырғыз (бұл арада қазақты айтып отыр – автор) немесе Башкирияға келер ме едi?! Мұнда өзiндiк олимпиялық ойындар iспеттi күрес пен сырыққа өрмелеу, жүгiрiп жарысу сияқты дене тәрбиесiнiң жүйесi кең қанат жайған», – деп жазады. Осылайша таңғалу қазақ жерiнде болған басқа ғалымдардың еңбектерiнде де жеткiлiктi, сондықтан олардың барлығын тiзбелеудi жөн деп таппадық.
Орта ғасырлардағы қанқұйлы соғыстар, «тұрымтай тұсымен, балапан басымен» кеткен сұрапыл ғасырлар көшпелiлер өркениетiнiң бiршама кiдiрiс табуына, үзiлуiне мәжбүр еттi. Бiрақ салынған iз бiржолата жоғалған жоқ. Ұлттық спорт түрлерi мен дене тәрбиесi шашылып, өшiп кетпей үзiлiп-созылып бiздiң күндерiмiзге де жеттi. Қазiр бұлар халқымыздың денсаулығын сақтау мен қорғаудағы қоғамның маңызды бiр саласына айналып, әлемдiк спорттың, Олимпиялық қозғалысының дамуымен бiте-қайнаса дамып, ұлттың ұлы мұраттарының бiрiне айналып отыр.


Өмiрзақ ЖОЛЫМБЕТ,

ҚР Еңбек сiңiрген жаттықтырушысы, профессор,

«Түркістан».

 

Пікірлер