Несібесін ұлттық өнерден тапқан жан

2305
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысының Ескелді ауданына қарасты Бақтыбай ауылының тұрғыны Мейірхан Данышпанов бала күнінен өзге қатарластарымен бірге күрес өнеріне ықылас қойып, боз кілемде біраз тер төккен. Әйтсе де уақыт өте келе денсаулығы сыр беріп, жүріп-тұруы қиындап, бірте-бірте қос балдаққа күні қарап қалды. Мұндай жағдайда спортпен шындап айналысу қайда? Кезінде дұрыс қойылмаған диагноздың салдарынан боз кілемге шығып белдесу бірте-бірте орындалмас арманға айналып кете барды. Алдына қойған мақсатына жету жолында күресерге қайран болмаған соң, біраз уақыт абдырап, не істерін білмей, айдың-күннің аманында тура жолдан адасқандай күй кешкені рас.

Еліміз тәуелсіздігін алып, жо­ғымызды іздеп, барымызды тү­ген­дей бастаған шақта Мәкең де ежелгі қолөнер бұйымдарына ден қойды. Ер шапқысы келді. Бірақ бұрын-соңды оның жасалып жатқанын көзімен көрмеген соң ұқсата алмай, біраз әбігерге түс­кені бар. Сол кездері ағасы Мәжит «Қазақтың ер-тоқымын сатамын» деген хабарландыруды көріп, телефонын жазып алып «Бауырым ер-тоқым жасағысы келеді. Сізге алып келіп жолықтырсам қарсы емессіз бе?» деп сұрайды. Сөйтіп, ауылдағы Мейірханға хабар беріп, Сейіткер Медеубаев деген ше­берге алып келеді.
- Сейіткер шебер сол кездері 60-ты алқымдап қалған қазақтың ақ­сақалы-тын, — дейді Мейірхан аға. — Көзі ашық, Алматы мал дәрігерлік институтын бітірген, ғылым докторы. Алматының іргесіндегі «Красный восток» ауылындағы саяжайында 4-5 жігіт­тің басын қосып, шеберхана ашқан. «Мирас» кәсіпорнының не­гізін қалаған сол жігіттер. Менің де іздегенім осындай қай­наған орта еді. Сол жігіттер найза, қылыш, садақ, ер-тұрман, қамшы, не керек қазақтың көне қолөнер бұйымдарының бәрін жасайды. Сол жерде табан аудармай 8 ай бойы жұмыс істеп, істің қыр-сырын үйреніп шықтым. Қазақ­тың аса мықты шебері Дәркембай Шоқпаров та сол жерге жиі ке­летін. Олардың әңгімесін естідік, үйрендік. Негізі, біраз уақыт жұ­мыссыз отырған адам өзі қалаған ісімен айналысса, шаршау деген­нің не екенін білмейді екен. Дүниежүзі қазақтарының алғаш­қы құрылтайы кезінде 10 күннің ішінде қайысты тарта-тарта қол­дың қанап, жара болып кеткеніне қарамай 8 қамшы жасап, еңбек еттік.
Қолөнер жасауға біраз машық­танып алған соң, Мейірхан Жұ­ма­тайұлы өзі туып-өскен ауылға қайтып келді. Сол кезде ағасы Мәжит тағы да қолұшын созып, ауылдан шеберхана ашып, құрал-саймандарын алып берді. Міне, осылайша жұмыс дөңгеленіп жүре берді.

Қазір Мейірхан ағаның үйінде 140 жылдық тарихы бар ер тұр. Ескінің көзін аттай қалап иесінен сатып алған. Үнемі қолданыста болғанына қарамай, әлі жаңадан жасалғандай әдемі қалпында. Осындай дүниелерден сол кез­дердегі шеберлердің деңгейін бай­қауға болады. Мұндай дүниені қолмен ұстап, көзбен көргенге не жетсін?!

Бір кездері Мәкеңнің қасында жүріп қолөнер бұйымдарын жа­сау­дың қыр-сырын үйренген төрт шәкірті болған. Қазір олар бала­лы-шағалы болып өз беттерімен кетті. Қуанарлығы, өз балала­ры­ның әкеден көрген өнерді қағып алып, үйренуге ынта-ықыла­сының барлығы. Жеті бала бағып-қағып өсіріп отырған Даныш­пановтар отбасы күнделікті нә­пақасын осы өнерлері арқылы тауып отыр деуге болады. Жеті баланың үшеуі — екі қыз, бір ұл дүниеден ертерек озып кеткен аға-жеңгесінің аманаты Мейір­хан­ның қамқорлығында. Қызы Гүлшаттан туған екі жиен немересі Жомарт пен Мақсаттың атасының әрбір бұйымын ұстап көріп, керегін әкеліп беріп қасында жү­ретіні үлкен қуаныш. «Менің нағыз көмекшілерім осы екеуі» дейді Мәкең риза көңілмен. Демек, қазақтың қолөнер бұйым­дарын жасайтын кішкентай ше­берлер өсіп келеді. Бүгін ердің жасы 50-ге толып отырған Мейір­хан ағаның болашақта жасасам деген ұлттық қолөнер бұйымдары баршылық. Сол үшін тынбай ізденіп, еңбектеніп келеді. Ал еңбек жасаған адам қашан да мұ­рат-мақсатына жетері даусыз.


Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ, «Айқын».

 

 

 

Пікірлер