- Сізге сұхбат алмақ ниетпен хабарласқанымда, «менен бе?» деп қайыра сұрадыңыз. Неге таңдандыңыз?
- Көп жағдайда әріптестеріңіз мен арқылы бірқатар әншілерге шығып, тілдесіп жатады. Сондықтан табан асты, дәл бүгін менен біреу сұхбат ала қояр деп күтпеген едім.
- Жалпы, сұхбаттасудан қашпайсыз ғой…
- Егер сұрақ тікелей маған қатысты болса, менің білетін саламмен байланысты қойылса, өз ойымды ортаға салып, бөлісуге әрқашан дайынмын.Ал менің шамам келмейтін дүниеге жанымды жеп, шырқырап алға шығуға тырыспаймын. Көрпеме қарай көсілемін. Онда да сәті түсіп, реті келіп тұрса… Жөн-жосықсыз атымды шығарайын деген өлермендікпен килікпейтін жерге кіріспеймін. Жалған жарнама маған қажет емес.
- Қазақ радиосындағы «Назқоңыр», «Сал домбыра» авторлық хабарыңызда өзіңіз де өнер адамдарымен бір кісідей сұхбат жүргізесіз… Өз салаңыз болғаннан кейін аса қиындық тудырмайтын сияқты…
- Қазақ радиосынан 1 мамырдан бастап қысқартуға ұшырап, жұмыстан кеттім. Оған дейін дәстүрлі ән өнерінің өкілдерін жақсы танығаннан соң, кімнің бейімі қай бағытта екенін біліп жүргеннен кейін, өз қазанымда қайнап, емін-еркін көсілу оңайырақ болғаны рас. Барлық хабарларымда талай топты жарып шыққан кіл жүйріктерді сөйлетіп, үзеңгілестерімді әңгімеге тартып, талпынып жүрген жастардың да тұсауын кесіп, бар мүмкіндігімше дәстүрдің дәріптелуін мақсат тұттым деп айта аламын.
- Ұлттық мұраға арналған хабардың жабылуына не себеп болды?
- «Бағдарлама неге жабылды?» деген сұрақ радионың басшылығына қойылатын сұрақ секілді. Өз басым «Неге бұлай?» деп түсіндірулерін сұрап, әділдік іздеген жоқпын. Себебі пайғамбарымыз «Араларыңдағы әміршіге қарадан шыққан құл болса да бағыныңдар» дейді. Мен осы қағиданы ұстанамын. Әміршім болғаннан кейін Қазақ радиосындағы басшылыққа бағынуым керек. Олар солай шешкен екен, мен келістім. Қалғанын өздері біледі.
- Ал кезінде телеарнадан неге кеттіңіз?
- Онда да қысқарту жүрді. Бірақ араға уақыт салмай, бір жұманың ішінде Жүрсін Ерманов ағамыз шақырып, «Ұлттық өнерге қатысты халыққа керек хабарларды дүниеге әкелерсің» деп радиоға қабылдаған еді…
- Бірақ әйтеуір нәпақасыз қалмаған көрінесіз. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында дәріс беретініңізді бүгін біліп отырмын…
- Жұмыссыз қалдым деп еш қайғырмаймын. Мені асырайтын да, бағатын да, қолдайтын да әлемді асыраушы — Алла Тағала. Қазақ радиосынан кете салысымен, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы ұсыныс білдіріп, осы ұжымға әнші ретінде жұмысқа орналастым. Ал академияға келуіме себепші болған — әрі курстасым, әрі өнердегі ағам Ақан Әбдуәлі.
2010 жылдың қыркүйегінен бастап осында Арқаның дәстүрлі ән мектебінен дәріс беруге алдыртты. Құдай қаласа, осы салаға біржолата ден қоймақпын.
- Шамасы, ұстаздық қызметіңіз ұнаған-ау…
- Ұнайды. Бір жылдың ішінде қызығын да, қиындығын да көріп үлгердім.
Өзім Жүсіпбек Елебековтің көзін көрген, алғашқы шәкірті болған Санақ Әбеуов пен Бекболат ағамыздан тәлім алдым. Екеуінің де сабақ беру әдісі тілге жеңіл, жүрекке қонымды. Оның үстіне, жүрген жерімде небір мықты домбырашылар мен әнші-жыраулармен етене араластым. Қазір соның пайдасы тиіп, өнердегі ағаларымнан көрген-білген, жиған-терген тәжірибемді өзімнен кейінгілерге үйретіп жатқан жайым бар. Алдыма келген әр балаға әннің нақышын бұздырмауға күш салып, талантына қарай тапсырма беруге тырысамын. Жеке өз әнің болса, не істеймін десең де өзің білесің. Ал қазақтың әні — ұлттың бет пердесі, айнасы, тарихы. Қалаған жеріңнен иірімін алып тастап, өз жаныңнан қалағаныңша қоса алмайсың. Қазақ әніне, қазақ өнеріне немқұрайлылық таныту- ұлттың тамырына балта шапқанмен бірдей деп білемін.
- «Молдабайдың әніне» әдемі иірім, ерекше нақыш алып келдіңіз. Осы ән сізді танымалдылық шыңына көтерді десек, қателеспейтін шығармыз…
- Бұл әнді жеткізуші негізі ақтөбелік атақты әнші-термеші Әли Құрманов. Одан кейін бүгінгі заманға лайықтап, өңдеп, бізге түрлендіріп таныстырған- Бекболат Тілеуханов. Мен екінші нұсқаны аздап толықтырдым.
Жалпы, менің консерватория қабырғасынан бастап дәстүрлі ортаға Ерлан Рысқали ретінде танылуыма ықпал еткен — Нияз серінің «Балқурай», Жаяу Мұсаның «Ақ сисасы», Уәйіс Шондыбайұлының «Бозқарағаны» мен Молдабайдың әні «Молдабай». Қайда бармайын, көпшілік Молдабайдың әнін жиі сұрайды, жақсы қабылдайды. Шынында, маған танымалдылық алып келді десек болады.
Негізі, ата-анам өнерден құр алақан емес. Шешем — мұғалім. Әкем — мал дәрігері. Баянмен, домбырамен ән айтады. Кезінде Жәнібек Кәрменовпен қоян-қолтық араласқан. Осыдан төрт жыл бұрын ауылға барғанымызда, шешем шай үстінде «Қарағым, айналайын Молдабайдың әнін айтқаның дұрыс қой, жақсы орындайсың. Бірақ одан басқа ән білмейді емессің, неге халықтың алдына басқасын алып шықпайсың?» деп айтып тастағаны бар. Содан кейін біраз уақыт Молдабайдың әнін шырқамауға тырыстым. Өйткені шешем үлкен сыншы. Өнерді жақсы түсінеді. Көзі тірі кезінде әкем марқұм да артық-кемімді жонып, ақыл-кеңесін беріп отыратын. Мәдениет Ешекеев, Санақ Әбеуов, Жәнібек Кәрменовтер әкемді көргенде ««Қаламқас», «Дудар-ай» келе жатыр» деп қауқылдасып қалады екен. Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасы» мен «Мариям Жагорқызының әні» деп жүрген Үдебайдың «Дудар-айын» айтқанда, алдына жан салмайтын көрінеді. Атағынан ат үркетін осындай айтулы кісілер мойындаған соң, әкемнің тегін әнші болмағаны ғой. Өкінетінім, еш жерде дауысы сақталмады. Енді жазып алып қалайық деп жүргенде, аяқ астынан науқасқа шалдығып, арманда кетті. Ұзынқұлақтан естуімше, Кеңес үкіметінің тұсында Семей радиосынан әндері, концерттері беріліп тұрған көрінеді. Қазір іздестіріп жатырмын, әзірге нәтижесіз. Сіздердің газеттеріңізді пайдалана отырып, егер де әкем Рысқали Әзімбаевтың таспалары бір кісілердің қолында сақталған болса, хабарласуын өтінгім келеді.
- Үйдің үлкенісіз бе?
- Жоқ, кенжесімін. Шешем 11 құрсақ көтерген. Оның үшеуі қыз, тоғызы ұл. Бір ағамыз жігіт жасы — жиырма беске келген кезінде қайтыс болды. Бір апайым ертеректе дүниеден өтіпті.
- Қара шаңырақтың иесі екенсіз ғой…
- Иә, қара шаңырақтың иесі болу — кенже ұлдың мойнындағы аманат. Шешем де әлі күнге айтып отырады. Алайда қалаға кетіп, өнердің жолына түскеннен кейін әкем де, шешем де рұқсаттарын берген. Қазір, анамның қолында ортаншы ағам Айдын мен жеңгем Жанар бар.
Бауырларымның барлығы өнерлі. Баян, гитара, домбырада ойнайды. Балалық шағымызда әнді де, күйді де бірімізден-біріміз үйреніп өстік қой. Негізі, ең алғаш тұсауымды кесіп, өнерге баулып, ән құдіретін сездірткен әкем. Біржан салдың «Жонып алды» әні мен халық әні «Сұржекейді» құлағыма әбден сіңіріп еді. Осындай сүйекті әндермен сауатымды ашқаннан кейін бе, жеңіл-желпі әуенге мүлде құмартпадым. Ауылда да, Алматыда А.Жұбанов атындағы музыкалық мектепте оқып жүргенімде де, консерватория қабырғасында да тек халық әндерін насихаттайтынмын. Әу баста ірге тасымның берік қаланғандығынан шығар, қазақтың ұлттық классикалық өнерінен басқа әуенге менде қызығушылық сезім болған емес.
- Жиын-тойда жұртты билету үшін жазып қойған эстрадалық әніңіз жоқ па?
- Кейде өз ортамызда Тоқтар Серіковтің репертуарындағы «Сыған серенадасы» әнін сол өңдеумен орындайтыным бар. Басқа арнайы ән жаздыртқан емеспін. «Эстрадалық ән орындау маған керек пе, керек емес пе?» деген сұраққа әлі күнге ойланып, бір шешімге келе алмай жүрмін.
- Қара шаңырақты тастап, қалаға келгенде «Құрқылтайдың ұясына» қол жеткізе алдыңыз ба?
- Кейде «Атам қазақтың дәстүрін сақтап, ұлттық өнердің соңында жүрген соң, анда-мында бас сауғалап, көшпелі қазақ болып жүрміз» деп күлемін. Қарапайым қазақтың бір ұлымын. Алып бара жатқан дәулетім жоқ. Барым да, нарым да — Құдай берген талантым, дауысым, әншілігім, отбасым, дос-жараным. Менің бар байлығым — осы. Адам ретінде өзімді бақыттымын деп есептеймін. Әуелі Алла Тағала өзін танытып, тура жолына салды. Пайғамбардың сүннетімен жүруге нәсіп етті. Мұсылман болып жаратылғаныма шүкіршілік етемін. Үш жұртым түгел. 2007 жылы Жадыра Жұмакүлбай есімді Абай өңірінің қызымен шаңырақ көтердім. Қызым бар.
Бұл дүниеде үйсіз жүрсем де, о дүниеде жұмақтан жақсы орын бұйырса деп тілеймін.
- Елбасының алдында жиі өнер көрсететін әншілердің бірісіз. Алғашқы кездесу қалай болып еді?
- 2005 жылы Елбасының алдына ән айтуға бардық. Сегіз серінің әні «Ғайни» мен Жаяу Мұсаның әні «Ақ сисаны» айтып бердім. Ол кісі риза болып, жанына шақырып алып, қолымнан қысты. Сосын «Қазақта «Ас асату» деген ұлағатты дәстүр бар. Мен саған өз қолыммен асатайын» деп жайнап тұрған дастарқанның ішінен бір түйір құрт алып, аузыма салды. «Сен сонша дәмнің ішінен неге құртты ғана берді деп ойлап тұрған шығарсың. Біріншіден, құрт — қазақтың ұлттық тағамы. Бірақ қатты. Құрттың қаттылығымен өмірдің қаттылығы бірдей. Ал сенің жүрген жолың ақ, ашық болсын!» деп батасын берген еді.
- Көп жағдайда алдыңғы толқын кейінгі жастарға осындай сенім білдіре бермейді. Сіз соңыңыздан өсіп келе жатқан өнерлі жастарға сенесіз бе?
- Сенемін. «Ел іші — өнер кеніші» дегендей, өкшемізді басып келе жатқан іні-қарындастарымыз жетерлік. Ұлттық өнер жақсы дамып келеді. Әңгіме оларды дұрыс тәрбиелеп, дұрыс бағыт-бағдар беріп, жағдайын жасауда. Дәстүрлі өнерге бет бұрған қазіргі жастар жан-жақты білім алады. Күй болсын, дауыс қою, фортепиано, сольфеджио дейсіз бе, әйтеуір музыкаға қатысты дүниенің барлығын меңгеріп жатыр. Әрине, кері кетіп жатқан тұстары да жоқ емес. Әннің тарихына үңілмей, күйді түсінбей, техникаға салып, зырылдататындар бар. Солардың арасынан ілуде біреу жарып шығады ғой. Жүректеріне сөз, көкейлеріне ән қонбаса да қиын. Менің ойымша, дәстүрлі әншілік-жыршылық, күйшілік мектептерді, олардың бұрынғы, қазіргі орындаушыларын салалап отырып, ән-күй сабағынан бастап оқу бағдарламасына енгізу керек. Бізде, өкінішке қарай, ауыл мектептерінде музыка сабағынан сауатты маман жоқ. Өнерге үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын, қолы бос адам жүргізе береді. Бұл дұрыс емес. Оқушының барлығы ертең өнер адамы болып кетуі шарт емес, бірақ ән сабағы кәсіби деңгейде өтіп, титтейінен ұлттық өнерді танып, білген баладан өсе келе, мықты тыңдарман шығатыны анық. Тыңдарман түзелсе, өнерпаздан да сұраныс екі есеге артады.
Осының барлығын тезге салып, бір жөнге түсірсе, қазақ өнерінің болашағы бұдан да жарқын болары сөзсіз. Бұлыңғыр деп айтуға аузым бармайды.
- Кейде дәстүрлі ән кештерінде микрофон істемей қалып немесе дұрыс қойылмай, әнші неге ұятқа қалып жатады?
- Өйткені бізде дәстүрлі әншінің дауыс мүмкіндігін айшықтап, ерекшелігін ескеріп, оны қадағалап, реттеп отыратын дыбыс режиссерлері жоқтың қасы. Әбден бір тетікті басып, фонограмма қосып үйреніп алғандардың бұған шамасы жетпейді. Бірде әншінің дауысы, бірде домбыраның дауысы басым түсіп, қиюы кетіп жататыны, сондықтан. Әріптестеріме ұлттық өнерпаздарға микрофон қоя білетін Мақсат Мұхитдинов, Бейбіт Ақош, Ермек Күсенов сияқты азаматтардың көмегіне жүгінуге кеңес берер едім. Мақсат ағамыз уақытында Жүсіпбектің, Ғарифолланың, Жәнібектің дауысын жазған кісі. Ол білмегенде кім біледі?! Осындай білікті азаматтарға жағдай жасалып, оқу ордаларында тәжірибесімен бөлісетін ашық сабақтар жүргізілсе, дұрыс болар еді. Ертең кімнен үйренеміз? Онсыз да жоқ режиссерді қайдан табамыз?
- Телеарнаға, радиоға төселіп қалдыңыз. Телебағдарлама ашу ойыңызда жоқ па?
- Бізде телеарналарда ұлттық мұраны насихаттау жағы ақсап жатқаны айтылмаса да белгілі. Қазіргі продюсерлер шоу-бағдарламаларға, арзан, жеңіл күлкіге бейім. Санада ұлттық өнерге қатысты неше түрлі бағдарламалар тұр. Мұрат Әбуғазы, Жасұлан Базарбеков деген әнші-күйшілермен бірігіп, бір телебағдарламаның жоспарын жасап едік, қолдау жоқ. Сценарийіңізді берсеңіз, идеяңызды алып қалады да, өзіңізге «сау бол» дейді. Өкінішке қарай, ешқандай арнаның эфирінен шығара алмадық.
- Қандай атағыңыз бар деп жазайын…
-Менің атағым — Ерлан Рысқали. Басқа атақ-мансаптың керегі не?! Маған сол жетеді. Менің аты-жөнімді ешкім тартып ала алмайды. Бұған қосымша, халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазымын. Өз орнымен, жөнімен берілген атақтан қашпау керек. Бірақ өзімді-өзім ешқашан атақ, құрметке ұсынбаймын.
«Ат шығару жолында арын аттап, ант бұзған,
Пайғамбар мен перғауын болудан да дәмелі.
Құдай басқа бермесін,
Ондай кесел, пәлені» дейді ақын ағамыз Жарылқасын Аманұлы. Ешкім атақпен көрге кірмейді. Қанша атың дүрілдеп тұрса да, ахирет күні жаныңа араша болмайды. Халық жырларында айтылғандай, «Бұл дүниеде ақын да, хан да, қара да, батыр да өткен». Біреуіміз ерте, біреуіміз кеш, біз де өтерміз. Хакім Абай ешқандай Нобель сыйлығының иегері немесе Халық қаһарманы емес қой. Қазақ үшін қалдырған мұрасымен мәңгілік жасай бермек. Алла Тағаланың «Қайда барсаңдар да ұстаймын. Қайда барсаңдар да ажалдың дәмін татасыңдар» деген сөзі бар. Қанша атақты болсаң да ажалдың дәмін татуға тура келеді. Ең бастысы, сондай сәт туғанда артыңда жақсы амалдарың мен ұрпаққа аталы мұраң қалса игі.
Әңгімелескен
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ,
«Айқын».