- Мұрат, сіз дәулескер күйші ғана емес, бірталай сүбелі еңбекті дүниеге әкелген өнер зерттеушісіз. Сіз әр өңірден жинақтап, қағазға түсіріп, қайта таспаға жазып, ноталық өңдеуден өткізген ән-күйлер халықтың жауһар қазынасына айналғанын біреу біліп, біреу білмес. Сондықтан осы ізденген жұмыстарыңыздың бір парасын өз аузыңыздан естісек…
- Мен негізінен Шығыс Қазақстанның тумасымын. Бала жасымнан сол аймақтың күйлерін тартып өстім. Ауылда жүрген кезімде, шығыс өңірінің елге таныла қоймаған күйлерін жарыққа шығарсам, бүкіл халыққа танытсам деген арманым болатын. Кейін П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде, одан соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқып жүргенімде де, осы ойдан бір сәт арылған емеспін. Сондықтан болса керек, студент шағымда-ақ ұстазым, профессор Айтжан Тоқтағанның жетекшілігімен зерттеу жұмыстарымен айналыса бастадым. Әуелі Шығыс Қазақстан және Алтай-Тарбағатай күйшілерінің мұраларын жинақтауға кірістім. «Алтай-Тарбағатай күйлері» деген тақырыпта диплом қорғадым. Консерватория бітіргеннен кейін де ізденісімді жалғастырып, шертпе, төкпе күйлердің тарихына үңілуiмді тоқтатпадым. Сөйтіп,
2005 жылы Айтжан Тоқтағанмен бірлесіп, Құрманғазының 75 күйін жарыққа шығардық. Күй атасының шығармалары бізге дейін де аз зерттелмеген. Академик Ахмет Жұбанов бастаған өнертанушылардың, күй зерттеушілерінің назарынан тыс қалмаған. Дегенмен біз ол кісінің туындыларын түп қазығына сүйене отырып, қазіргі күнгі талапқа сай ноталық жүйесін бір ізге түсіріп, қайта сүзгіден өткіздік. Бұрынғы кеткен кемшіліктерді түзеп, қосымша үш СД дискісін ел игілігіне ұсындық. Бұдан кейін «Тәттімбет және Арқа күйлері» жаңа нұсқада өмірге келді. Жинаққа Тәттімбеттің отызға тарта күйлері енді. Сондай-ақ Тәттімбет мұрагерлерінің, сол кісінің ізін жалғастырушылардың, яғни Тәттімбет пен Мағауия Қамзинге дейінгі орталықтағы шертпе күй шеберлерінің алпыстан астам күйі қамтылды. Жалпы, шертпе күй дәстүрінде жарық көрген кітаптар бұрын да, қазір де аз.
Бұл тұрғыда 2006 жылы шығарған жинағымыз «Сүгір. Қаратау шертпесі» деп аталды. Сүгірдің мұралары осыған дейін әдеби-көркем шығармаларға ғана арқау болып келген. Жазушылар тарапынан күйдің шығу тарихы айтылғанымен, нотаға түсіру жағынан кемшіліктер кездесті. Осы олқылықтардың орнын толтырып, Жаппас Қаламбаев, Генерал Асқаров, Төлеген Момбеков, Файзолла Үрмізов, Жанғали Жүзбаев сынды домбырашылардың орындауында Сүгір күйлері нотаға түсіріліп, топтастырылды. Осындай-осындай жұмыстарды атқарып, музыкалық мұраларды шығара жүріп, өзім де үлкен тәжірибе жинақтадым десем болады. Соның арқасында бала күнгі шығыс күйлерін насихаттасам деген арманым былтыр жүзеге асып, шығыс өңірінің 300 күйі қазақ мәдениетінің алтын қорына қосылды. Жалпы, шығыс күйлерін алғаш жинақтаған — Уәли Бекенов. Зерттеуші Талиға Бекхожина да осы салаға көп еңбек сіңірді. Менің алдымда бұған дейін табылған, өзім тапқан күйлерді ноталап, жүйелеп шығару міндеті тұрды. Осы міндетті шамам келгенше атқаруға күш салдым. «Шығыстың шыңырау күйлері» жиырма жылдық еңбектің жемісі. Кітаптың тұсаукесері аясында домбырашылар байқауын өткіздік. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық Мәдениет басқармасы мұрындық болып, қолдау танытты. Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қадағалауымен шыққан «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясына шығыс аймағының 130-дан астам күй кіргенін үлкен жетістік деуге болады деп ойлаймын.
- Зерттеген күйлерді ғана айтып, әндерге тоқталмай кеттіңіз ғой…
- 12 жылдай болды, Ұлттық консерваторияның «Халық әні» кафедрасында домбырадан дәріс беремін.
- Аға оқытушысыз…
- Иә. Күй өнерін кәсіби түрде жүйелеп зерттеп, оқыту 1936 жылдардан бастау алады. Ал ән өнерін кәсіби түрде қолға алған консерваториядан бұрын Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі. Бұл шаңырақта Жүсекеңдер, Ғарекеңдер дәріс беріп, әншілік мектептің іргетасын қалап, негізін салып кетті. Кейіннен Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Алмас Алматовтар бастама болып, консерватория қабырғасынан «Халық әні» кафедрасы ашылды. 2009 жылы кафедрамыз 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы тойға сый ретінде Қайрат Байбосынов, Қошқарбек Тасбергенов ағаларымызбен бірігіп, «Сарыарқа әндері» деген 250 әннен тұратын жинақ құрастырдық. Белгілі меценат Амангелді Ермегияевтың демеуімен халық әндері мен халық композиторларының әндерін жүйелеп, нотаға түсіру ісіне өз үлесімді қостым. Оның бер жағында әнші-жыршы Ақан Әбдуәлі Жетісудың ән-жыр мұрасын нотаға түсіру туралы ұсыныс білдірді. Жамбыл, Сүйінбай, Қабан жырау, Пішән, Шалтабай, Қырбай, Үмбетәлі, Сәдіқожа, Бармақ, Әсімханның мұраларын топтап, 2008 жылы «Жетісу ақындарының жыр-сарындары» деген кітап шығардық. Төрткен Кененқызының айтуымен «Алатау алабында» атты Кенен әндерінің, тағы басқа да өнер иелерінің жинақтары жарық көріп, бүгінгі таңда оқу жүйесінде пайдаланылып жүр.
- Орындаушылық және зерттеушілік еңбегіңіз бірін-бірі толықтыра ма, жоқ кейде кедергісін тигізе ме?
- Сұрағыңыздың жаны бар. Меніңше, тыңғылықты ізденушілік орындаушыға үлкен көмегін тигізеді. Мәселен, мен Құрманғазыны зерттеу арқылы 75 күйін миыма сіңіріп, санамнан зерделеп өткіздім. «Колледжде бес жыл, консерваторияда төрт жыл оқып жүріп, Құрманғазы мектебін толық таныдым» деп айта алмаймын. Ал өзім зерттеп, танысқаннан кейін Құрманғазы шығармашылығын толық түсінбесем де, бір табан жақындадым. Бұрынғыдан басқаша тартатын болдым. Сол зерттеушілігімнің арқасында Құрманғазының 75 күйін, Сүгірдің 35 күйін, Тәттімбеттің 40 күйін репертуарыма қостым. Репертуарың кеңейген сайын орындаушылық деңгейің де байып, өсе түсетіні сөзсіз. Сондықтан орындаушылық пен зерттеушілікті жүйрік аттың тізгіні сияқты қатар ұстасам деймін.
- Дегенмен шығыс күйлеріне бүйрегіңіз бұрып тұратын шығар…
- Жалпы, бүгінде «қазақтың әр аймағында қалыптасқан сегіз түрлі күйшілік-орындаушылық мектебі бар» деп айтып жүрміз ғой, осы аталған күйшілік мектептердің барлығын меңгеруге талпынып жүрмін. Осы дәстүрлі мектептердің бір жерден бір күйін естіп, я болмаса тың күй кездесіп қалса, жаттап алуға, жарыққа шығаруға ұмтыламын. Жаңа күйді халыққа жеткізгенше асығамын. Қолыма қара домбыра ұстап жүргеннен кейін бір өңірдің ғана емес, қазақтың төрт бұрышындағы күйлердің барлығы мен үшін асыл жауһарлар. Оны әрі қарай болашаққа насихаттау- менің азаматтық, күйшілік парызым, кәсіби міндетім деп білемін. Консерваторияда оқытқанда да шығыс-батыс деп бөлмейді. Жеке-жеке мектеп болып, әркім өз алдына отау тігіп отырған жоқ. Әр күйші кәсіби маман ретінде барлық өңірдің күйін үйреніп, біліп шығуы керек. Туған топырағына тартып жататындар жоқ емес, әрине. Бірақ күй өнері қазақтың қанында болғаннан кейін, Құрманғазының мұрасы еш қазаққа жат емес.
- Студент кезіңізден зерттеумен айналысып, уақытыңыздың басым бөлігі қағазға шұқшиып отырып өтіп жатқан сияқты. Сал-серілік құрып, еркін жүрмегендей көрінесіз…
- ХІХ ғасырдағыдай қазақтың кең-байтақ даласында ауыл-ауылды атпен аралап, сайран салып жүрген жоқпыз. Бірақ қалалық болғаннан кейін де сал-серіліктен құр қалып кеттім деп айта алмаймын. Республикалық, халықаралық деңгейдегі бірнеше байқауларға қатыстым. «Қазақстан», «Хабар» арнасынан ілгеріде берілген бағдарламаларға түгел атсалыстым. Орындаушылық өнерден тыс қалып, күйді тастап кеткенім шамалы. Домбыраға қол созбаған бір күнім болған емес. Мемлекеттік деңгейдегі, басқа да түрлі мәдени шаралардан тыс қалып көргенім жоқ. Шақырылған жерден қалмаймын. Рас, зерттеу жұмыстарына көп уақытым кетті. Алдағы уақытта орындаушылық қырымды дамыта түспекпін.
- ДЭККО жанры қызықтырмай ма?
- Консерватория бітірген жылы «Азия дауысы» халықаралық ән фестивалі дерекциясының директоры Мұрат Ерғалиев мені тыңдап көріп, «Бір жыл ішінде Қазақстанға, үш-төрт жылда дүниежүзіне танытамыз» деп ДЭККО жанрда жұмыс істеуге ұсыныс жасаған. Ақыры әрі ойланып, бері ойланып, бас тарттым. Келіссем, күйшіліктен де, зерттеушіліктен де айырылып қалатын едім. Оның үстіне, ол кезде әлі толыққанды күйші емеспін. Қолыма жаңадан диплом алып, оқу жүйесінен енді ғана шыққан адаммын. Ал күйшілік жылдап келетін тәжірибе. Өзімді бір шеңбердің ішінде ұстағанды дұрыс көрмедім. Қазір дәстүрлі бағытта қалғаныма еш өкінбеймін.
- Күйді солақай тартасыз. Оң қолыңыз мүлде икемге келмей ме?
- Мен негізі табиғатымда оңқай адаммын. Қалам ұстағанда оң қолыммен жазамын. Бірақ кей жағдайда оң қолымнан бұрын сол қолым жылдам іске қосылып кетеді. Радио-журналист Жаулыбай Иман-әлиев ағамыз «Көкем-ау, сен домбыраны сол қолыңмен тартқаныңмен, оңқайсың ғой. Баяғыда сұхбат алғанымда Нұрғиса ағаңның да оңқай екенін байқап едім» деп таңғалған.
Бала кезде әкем домбыра үйреткенде де, әуелі оң ұстатқан көрінеді. Сонда ағам Қайрат пен інім Маратқа қарағанда есту қабілетім анағұрлым мықты болса да, ештеңе игеріп кете алмаппын. Содан әкем «неге бұлай?» деп ойлана келе, домбыраны солақай беріп, бір-екі қағыс жасатқанда бірден тартып кетіппін. Қазір оң қолымман ақырындап ойнай аламын. Бірақ кәсіби түрде бейімім бәрібір сол жағымда. Қазанғап күйді оңқай да, солақай да тартқан екен. Ондай күйшілер тарихта аз кездеседі. Ал солақай күйшілер бәрімізге белгілі-Сүгір, Ұлықпан Мұхитов, Нұрғиса Тілендиев, сондай-ақ менің өкшемді басып келе жатқан Мұрагер Сауранбаев бар.
- Башпаймен тартқан да күйшілер бар дейді…
- Бұл астарлы дүние.
Қыз бен жігіттің күй айтысында «жігіт башпайымен тартып, қызды жеңіпті» деп айтылады. Бұл қазақтың салт-санасына, әдет-ғұрпына байланысты ер адамның алдында қыз баланың жол бергендігін меңзеу үшін айтылған сияқты.
Мен бұл жөнінде біраз ойланып, сұрастырып көрдім. Домбыраны башпаймен тарту, қисынға келе қоймайды.
- Жалпы, күйді нотамен тартқан дұрыс па, жоқ есту қабілетіне сүйенген жөн бе?
- Күйді нотаға түсіру — хатқа түсіру. «Қаламсаппен жазылған дүниені балтамен шауып кетіре алмайсың» деген нақыл сөз бар ғой. Бірақ нота, былайша айтқанда, күйдің қаңқасын ғана береді. Ал арғы жағындағы жанры, негізгі айтар ойын құлақпен тыңдасаң, қателеспейтінің анық. Тыңдап отырып, қағысынан жаңылуың да мүмкін. Қағыстан қателік кетсе, күйден мағына кетеді. Күйдің әуен мен әуезі бұзылмау үшін екеуін қабаттастыра жүргізген дұрыс. Кәсіби музыкалық мектептерде домбыраны бірінші сабақтан бастап оқыса да, кейде балалардан өскенде күйші шықпай жатады. Оның себебі олардың нотаға сүйеніп кеткендігінде. Ал қазақтың күйшілік қабілеті — құлақпен қабылдап, сана арқылы зердеге түйіп, ары қарай дамыта алуында. Атадан балаға жалғасып келе жатқан осы дәстүрді үзіп алмауымыз керек.
- Жасап жүрген еңбектеріңізге қарап, сізді бұрын үлкен кісі деп ойлаушы едім. Қаншадасыз?
- Отыз алтыдамын. Әрине, атыңның шығу-шықпауы еңбекке байланысты ғой. Адам алпыс жасқа келсе де ештеңе істемеуі мүмкін. Отыз алты жас та аз емес қой. Ізденген адамға біраз жұмысты бітіретін уақыт. Шоқан Уәлиханов отызға келмей қаншама еңбек қалдырып кетті. Оның қасында біздікі теңізге тамған тамшыдай дүние. Шамамыз келгенше атқарып келеміз. Болашақта да жоспарларым көп. «Қазақтың домбыра өнері» деген үлкен жинақ құрастыру ойымда жүр. Өйткені бізде қазақтың күй өнерін танытатын үлкен энциклопедиялық жинақ жоқ. Құрманғазының, Тәттімбеттің мұралары бөлек-бөлек шығарылған. Күйлерді мектеп-мектеп, сала-саласына, орындаушыларына қарай жіктеп бөліп, күйдің қалай шыққанын, орындаушылары кімдер болғанын, оларды суреттерімен бере отырып, шегелеп таныстаратын бір еңбек керек. Осыны қолға алсам деймін.
- Ініңіз Талғат Әбуғазы — дәстүрлі әнші. Сіздерге өнер кімнен дарыған?
- Әкеміз Қазен Әбуғазы — шығыс өңіріне белгілі күйші. Өз жанынан бірталай күй шығарған. Отбасымызда жеті ұл, бір қыз. Жалғыз қарындасым бар. Мен үйдің ортаншысымын, Талғат кенжесі. Әкем күй тартумен қатар, кезінде «Аңшының әнін», Балуан Шолақтың «Ғалиясын» шырқатып салған екен. Алматыға да шақырып, ауылдан осында алдырмақ болыпты. Бірақ тұрмыс жағдайына байланысты туған жерден ұзай алмаған. Кейін даусына зақым келіп, күйшілік қырын көбірек дамытқан. Әкеміздің күйшілігі маған қонып, әншілігі Талғатқа дарыған болуы керек. Қалған бауырларым да өнерден құр алақан емес. Кәсіби түрде шұғылданбаса да бәрі домбыра тартады.
- Өз әкеңіздің күйлерін қаншалықты насихаттап жүрсіз?
- «Шығыстың шыңырау күйлері» жинағына он күйін қостым. Қырыққа жуық күйі бар. Болашақта жеке кітап, жинақ етіп шығара жатармыз.
- Домбыраңыз әдемі екен. Жасаған шеберді білсек бола ма?
- Домбырашыны табиғи талантымен бірге мықты аспап танытады. Бес-алты жылдай болып қалды, Айтмұхамбет Тежекенов деген шебермен жұмыс жасау үстіндемін. Шебер мен домбырашы тығыз байланыста болған жағдайда ғана мықты аспап жасалады. Страдиваридің скрипкасын сызылған үні үшін дүниежүзі миллион долларға бағалайды. Домбыраның дауысы одан бір мысқал кем түспейді. Тек қоңыр үнді аспапты жасап, биік деңгейге көтеру қажет. Қазір қолымда Айтмұхамбет ағаның екі домбырасы бар. Домбыра қолға алғаннан кейін бірден сөйлеп, шешіліп кетеді деп айта алмаймын. Кемі бір-екі жылдан соң ашылып, жақсы дыбыс бере бастайды. Болашақта бұдан да мықты домбырам болатынына сенімдімін.
Әңгімелескен
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, «Айқын».