Қазақ даласында елі алақанына салып құрметтеген ақын-жыраулар, би-шешендер, жыршылар, өнер саңлақтары көп болғаны тарихтан мәлім. Олардың ғажайып шығармашылық өмірлері бүгінгі күн тұрғысынан алғанда терең зерттеуді қажет етеді. Әсіресе, ақын-жыраулардың тілі, сөз қолдану шеберліктері әлі де ашылмай жатқан кеніміз іспетті. Солардың бірі ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Маңғыстау өңірінде өмір сүрген атақты Аралбай жырау Оңғарбекұлының шығармашылық мұрасы дер едім. Аралбай жырау мұсылманша оқып, араб, парсы, шағатай тілдерін еркін меңгерген, осы тілдердегі классикалық әдебиеттен толықтай хабардар, өз заманының сауатты, білімдар адамы болған.
Ол жөнінде Сүгір жыраудың:
Жетімек Жары Аралбай,
Арабы, түркі, парсының
Тілдерін оқып, тауысқан
Сәулесі еді шаршының, –
деп сөз арнауы тегін болмаса
керек.
Жыраудың толғауларында діни мазмұндағы және поэтикалық мақсаттағы араб-парсы сөздерінің еркін қолданылуы, мәселен қызыл гүл мен бұлбұл, реушен шамы, жарқырап жанған панар, миуалы балқаш көлдер тәрізді шығыстық сөз саптау үлгілерінің мол қоры бар. Аралбайдай жыраулық пен ақындық дәстүрді қатар ұстанған сөз зергерінің поэтикалық, танымдық әлеуеті зор болғанымен, өкінішке орай, ақын мұралары өзінің замандас жырауларымен салыстырғанда аз сақталып отыр. Бұл Аралбай жырау шығармашылығын толықтай танып, зерделей түсуге айтарлықтай кедергі келтіреді. Дегенмен, есте жоқ ескі замандардан желі тартқан жыраулық мұралардың қай-қайсысы болса да бізге бүтін күйінде жетпегені белгілі.
Аралбай жырау өлең-толғауларының тілі, қолданған кейбір сөздері жаппай оқырман қауымға түсініксіз болуы да мүмкін. Мұндай сөздердің қатарына: алқа, аңла, ақпар, бүкіржік, қылап, дүр, дүреу, озал және т.б. сөздер жатады. Олай болса, бұл сөздер бүгінгі тілмен айтқанда архаизмге, яғни ұмытылған сөздерге бара-бар. Олар тілдік қазынамызда сақталып қалған көне түркілік түбірлер, Қазақстанның батыс облыстары тұрғындары тілінде жергілікті ерекшелік ретінде қолданыста бар сөздер, ортаазиялық түркі әдеби тілінің әсерімен тілімізге еніп, поэтикалық мақсатта қолданылған араб-парсы кірмелері, Маңғыстау жыраулық дәстүрі туғызған поэтикалық оралымдар болып табылады. Төменде солардың бірқатарына этимологиялық, лексика-семантикалық тұрғыдан сипаттама беріп көрелік.
АЛҚА. В.В.Радловта алқа сөзінің 3 түрлі мағынасы көрсетіледі: 1. кольцо (серьги). 2. ожерелье. 3. собрание, сходка (Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. Спб. 1893-1911 С. 389).
Академик Рәбиға Сыздық алқа сөзінің этимологиясын жан-жақты талдай келіп, осы тұлғаның ерте кезеңде діни сипаты болғанын айтады: «Бейіт басына жиналған әйелдер алқа құрып, қол ұстасып, ауық-ауық алақан соғып, дұға оқып, ортаны айналып жүретін болған, соны алқа деп атаған» [Сыздық Рәбиға. Сөздер сөйлейді. А.: Арыс, 2004, 43-бет]. Қ.Жұбанов – Қ.Ясауидің «Хикмет» еңбегінің тіліне арналған зерттеуінде: «сопылардың алқа жиналысы күні кешеге дейін қазақ, қарақалпақ халықтары арасында кең тараған бақсылардың алқа жиналысы сияқты болған. Тек айырмасы: ондай алқада бақсылар жын шақырады, аруақ шақырады. Ал Қожа Ахметтің толғауларына жиналатын алқада Құдайға ғашықтық сезімін білдіру, діни тәрбие арқылы қоғам арасындағы әлеуметтік қатынастарды тәртіптеу, адамдардың мінез-құлқын жөнге салу ниеттері сөз болып отырған» деп жазады [Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1999. 318-б.].
Сөздің этимологиялық динамикасына үңілсек, бастапқы мағынасы «дөңгелек, сақина, сырға» дегенді білдіріп, кейін айнала, дөңгеленіп отыруды «алқалап отыру» деп атау қалыптасса керек. Бастапқыда діни рәсімге қатысты алқалап отыру салты кейін жырау-жыршыларды тыңдайтын ортаның алқасы, содан келіп, «мәжіліс, той, орта» мағынасы шыққан.
Маңғыстау жырауларындағы «алқалаған әлеумет», «алқаңа келдім еңменіп», «алқаға түсіп көрінбей», «алқалы жерде шапқандай» қолданыстарындағы «алқаның» төркіні «жыр тыңдайтын топ», «жырды тыңдап бағалайтын орта», жалпы «өнер ортасы» мағынасына ие болған. Аралбай баласына арналған жоқтауында:
Толығып қайрат-ақылға
Алқада атың жатталған, –
десе, өзін таныстыруында:
Адайда “Бес жүйріктің” бірі болып
Алқаға түскен жерде мақталғанмын, –
дейді.
АҢЛА. Э.В.Севортянның сөздігіне сүйенсек, қарашай-балқар, қырғыз, қазақ, ноғай, қарақалпақ, татар, башқұрт, ұйғыр тілдерінде а:ң/а:н: «сана көзі, ес» [Севортян Э.В. Этимологический словарь тюркских языков. – М.: Наука, 1974. С. 767] ұғымын беретін дербес сөз. Көне түркі сөздігінде: аңа – «разуметь, понимать»; аңла – «понимать»; аңлау – «обладающий пониманием, разумный» [Древнетюркский словарь. – Л.: Наука, 1969. – С. 676] дегенді білдіреді. Армян жазуымен қыпшақ тілінде XVI-XVII ғасырларда жазылған «Дана хикар сөзі» жазба ескерткішінде де аң «ойла» етістігін білдіреді [Құдасов С. Армян жазулы қыпшақ ескерткіші «Дана хикар сөзінің» тілі. А.: Ғылым, 1990. – 87-бет.]
Олай болса, Аралбай ақын:
Алты жаста аңланып,
Араластың ақылға.
Он жасыңда ой ойлап,
Он төртте алқа алдында
Топырағың шашылған, –
деп алты жасынан ой ойлап, сана көзі ашылуын (Араластың ақылға…) меңзеп отыр. Қазақ тіліндегі аңсыз, аңқию, аңыраю тұлғаларының ортақ дефинициясы: «ессіз, есінен айырылу» дегенді білдіреді. Яғни аң+ла+н+у – қазіргі әдеби тіл нормасында «белгілі болу» мәніндегі аң+да+лу емес, көне түркі тіліндегі «ақылға келу, түсінікті, зерделі болу» мағынасындағы аңлану сөзі. Қазіргі тілде «сана, ес» мағынасындағы аң түбірінен жасалған аңла тұлғасы қолданылмайды, жыр тіліндегі көнелік белгі деп түйеміз.
АҚПАР. Маңғыстау өңірінде биік шыңнан құлай ағатын суды, бұлақты ақпар деп атайды. Жырауларда ақындық жүйріктікті Қаратаудың басынан құлай аққан, бөгесе, бөгет бермейтін адуынды ақпарға балау кездеседі. Аралбай жырау:
Ақпары кетсе, арнаның,
Айдынның толмас кемері, –
деп ақпарынан айырылған (суы тартылған, екпіні қайтқан) арна арқылы өзінің жалғыз ұлынан айырылған қайғылы, күйзелісті күйін суреттеп отыр.
БҮКІРЖІК.
Қатықсыз көже, қара шай,
Бүкіржік дерті табылған.
Маңғыстау тұрғындарының ауызекі тіл ерекшелігін көп зерттеген ғалым С.Омарбековтің еңбегінде бүкіржік сөзіне «құрғұлақ ауруының аты» деп түсінік берілген (Омарбеков С. Қазақтың ауызекі тіліндегі жергілікті ерекшеліктер. А.: Ғылым, 1965. – 120). Жалпы, бүкіржік ауруының белгілері құрғұлақ ауруына жақын болғанмен, жергілікті тұрғындар тілінде бүкіржік сөзі кұрғұлақ атауының орнына жүре алмайды. Мұнда екі аурудың атауы да қолданылады. Бүкіржік болған адам бойын жаза алмай, бүкірейіп қалады. Ол – ұзақ уақыт ақ (сүт тағамдарын) көрмегенде шалдығатын дерттің түрі.
Бүкіржік тұлғасы тілдегі бүкір сын есіміне -жік – көне морфемасының жалғануынан жасалған. -Жік морфемасының жуан вариантын құбыжық сөзінің құрамында кездестіреміз. Сол сияқты «Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендегі «албасты, жын, шайтан» мәнін беретін жік сөзінің де біз ден қойып отырған -жік морфемасына қатысы бар ма дедік. Олай болса, бүкіржік сөзінің құрамындағы -жік морфемасының семантикасында «ауру, бәле-бәтер, албасты» ұғымдарына қатысты мифтік сипат жатуы мүмкін. Жалпы, Аралбай ақынның өзі де осы дертке ұшыраған. Оған жыраудың толғауларындағы:
Еңбектей басып Арекең,
Үйін әрең тапқанда…
Арқалап сордан шығардың,
Халықтың біздей мешелін…
Мен – мүсәпір Аралбай
Үйде жатқан мешелің, –
деген жолдардағы «еңбектей басу», «мешел» сөздері дәйек бола алады.
ДҮР.
Тәуекел – ердің ісі-дүр,
Ер ісімен қор болмас.
Е.Жұбанов дүр тұлғасын түрік (осман) тілінде модальдылық мән туғызатын -дір аффиксімен байланыстырады: «Қазақтың халық поэзиясында жиі ұшырасатын дүр шылауының түпкі төркіні осы -дір аффиксіне қатысты болуы тиіс. Алайда поэзия тілінде ол есімдерге де тіркесіп келе береді. Батырлық дастандардағы:
Мен, мендүрмін, мендүрмін,
Мен де өзіңдей кеңдүрмін, – болып айтылатын дүр өз алдына лексикаланып кеткен. Одан «дүрдей», «дүрдию» секілді туынды түбір жасалған. Тегінде – дүр (-дыр/дір) тұлғасының есім сөзге жалғанып айтылуы түркі поэзиясының әрідегі нұсқаларына да тән болса керек» деген қорытындыға келеді (Жұбанов Е. Эпос тілінің өрнектері А.: Ғылым, 1978). Жоғарыда келтірілген контекстегі -дүр шылауы есім баяндауышпен келіп сөйлемді аяқтап, тиянақтауға қызмет етеді әрі кесімділік мағына үстеп тұр. Түркі тіліне тән -дыр/дір аффиксі кейіннен көмекші сөзге (дүр), одан әрі толық мағыналы негізгі сөзге (дүрдей, дүрдию) айналуы мүмкін. Грамматикалық морфеманың лексика-грамматикалық морфемаға айналу үдерісінің ортаңғы (өтпелі) сатысы жыраулар поэзиясында, соның ішінде, оғызтілді халықтармен көбірек қарым-қатынас жасаған Маңғыстау жыраулары тілінде сақталып қалған болса керек.
ДҮРЕУ. Ғалым Ә.Нұрмағанбетов Қазақстанның батысындағы ру-тайпалардың Алтай, Моңғол төңірегінде өмір сүрген тайпалармен тарихи тамырластығының тілдегі көрінісін сөз ету барысында дүреу сөзінің этимологиясына тоқталады: Дүреу «тарау, өрбу» мағынасында Орта ғасыр жазба ескерткіштері тілінде кездеседі: X ғасырдағы жазуларда: tory – «происходить, рождаться». XVI ғасырдағы «Нехджуль-Ферадись» қолжазбасында –творить (Якуб Кемаль. Тюрко-татарский рукопись XIV в. Нехджуль-Ферадись» Симферопль. 1930. 20). Рабғузидің «Пайғамбарлар тарихында: torat- творит (Малов ПДП М-Л. 1951). Түркмен, қарақалпақ тілдерінде де осындай мағынада қолданылады. Алтай төңірегі және одан әрі түрік халықтарында кең таралған. Якуттарда: tого – родиться, происходить от кого, тува-кижилерде торо «родиться», тува тілінде – төрег: 1. «родственник». 2. «родовой», хакас тілінде: төрі – «рождаться». Моңғол тобы тілдерінде: моңғ. «торол» – туу, қалмақ: төрх – «родить», бурят (моңғол говоры) түрөл – «родственник» деп аталған. Яғни «төрө» сөзі түркі-моңғолға ортақ сөз. Казақ тіліндегі дүреу, төркін сөздері «төрө»-мен тамырлас» (Нұрмағанбетов Ә. Қазақ тілі говорларының батыс тобы. А.: Ғылым, 1965. – 32-бет).
Аралбай жырауда:
Жаралғалы жан болып,
Дүрегелі сан болып.
Жұрият болып дүредік,
Әуелде жалғыз Адамнан
Бір теректен көгеріп,
Бұтағымыз көбейіп
Жер жиһанға таралған.
Ал Қашаған жырау:
Атамыз – Алшын, Қыдуар,
Үдіреппіз төрт баладан, –
деп дүреудің екінші бір тұлғасы «үдіреуді» қолданады. Осындағы дүреу де, үдіреу де – бір сөз. Дұрысы дүреу болуы керек, ал дүреудің үдіреу болып та айтылуы (ауызша сөйлеуде, жыраулар тілінде) тілдегі метатеза құбылысы (д және ү). Маңғыстау жырауларындағы мағынасы: «тарау, өсіп-өну, көбею» дегенді білдіреді.
ОЗАЛ. Түсіндірме сөздікте Маңғыстау тұрғындары тілінде кездесетін диалектілік ерекшелік ретінде көрсетілген [ҚТТС. А.: Ғылым, 1974. – 7-том. 78-бет].
Аралбай жырауда:
Тебіреніп тердік ырзықты,
Бұйырған әуел-озалдан.
Жалпы, озал сөзі көне түркі тілінен қалған тайпалық диалект. М.Қашқари, Ж.Баласағұни еңбектерінде «ерте, бұрынғы» мағынасындағы оза сөзі бар [Древ нетюркский словарь. – Л.: Наука, 1969. – С. 375]. Куман тілінің сөздігінде де озау – «өткен іс» мағынасында [Құрышжанов Ә., Жұбанов А., Белботаев А. Куманша-қазақша жиілік сөздік. Алматы, 1978. – 103-бет].
Озал сөзінің түбірін оз етістігімен байланысты қараған дұрыс. Себебі ауыспалы мағынасында озу – «дүниеден өту» немесе «заманы өту» дегенді білдіреді. Немесе оз етістігінің «озу, бұдан бұрын, бұның алдында болып кету» деген қимылдық мәнінен «бұның алдындағы, бұрынғы, өткен» деген мезгілдік мәні туындап қалыптасуы мүмкін.
Мұрат ақын бұл сөздің азал вариантын қолданады:
Адыра қалғыр бұл қоныс,
Қайырсыз екен азалдан [Алқалаған әлеумет. А.: Жазушы, 1991. – 107-бет].
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде осы сөз: «Азалда – «әзелде», ауызекі тілдегі қолданыс деп берілген [I том, 895 бет]. Біз азал сөзін озал тұлғасының фонетикалык варианты деп түсінеміз.
ЗЫБАННАН ҰШҚЫНДАП ШЫҒУ.
Аралбай ақында:
Қайғы толса қалыбыңа,
Ұшқындап шығар зыбаннан, –
деген жолдар бар. Осындағы қалыбыңа қайғы толу да, зыбаннан ұшқындап шығу да көркем кестелі әрі мағыналық оралымы күрделі тың фразеологизмдер. Алдымен айтарымыз, қалыб сөзін араб тілінен енген әдеттегі қолданысымызға етене, – «бір нәрсенің тұрақты күйі» немесе «бір затты жасап шығару үшін қолданылатын үлгі» деген мағыналарды беретін қалып сөзімен шатастыруға болмайды. Бұл жердегі қалыб – арабтың хәләб – «жүрек» деген сөзі [Баранов Х.К. Арабско-русский словарь. —М.: Русский язык. 1984. С.349]. Егер алдыңғы мағынадағы қалып сөзі болса, «қалыбынан қайғы асса» түрінде болу керек еді (Ауыспалы мағыналарында «қалыпқа толмайды», «қалыпқа келеді» немесе «қалпынан асады»). Сондай-ақ қалыб сөзінің аталған тіркес құрамында үшінші, яғни бейтарап жақта қолданылмай, II жақта қолданылуы (І-жақта қолданылса да солай) қалыбыңа қайғы толу деп «жүрегіңе қайғы толуды» айтып отырғанын көрсетеді (қалып – абстрактілі, жалпылама ұғым, жүрек (халәб) – нақты зат, оның үстіне, адамның дене мүшесінің атауы).
Сәттіғұл жыраудың қолданысында да бар:
Қалыбымда толған қайғым көп,
Көңілімнің қошын кетірген [Аманат. А.: Ердәулет, 1996. – 143-бет].
Зыбаннан ұшқындап шығу деген тіркестің поэтикалық мәйегі зыбан сөзінің семантикасына байлаулы. Зыбан – парсының 1) тіл, 2) сөз, әңгіме дегенді білдіретін сөзі. Бастапқы заттық мағынасынан (ауыздағы тіл) абстракцияланып, түрліше ауыспалы, поэтикалық мағынаға ие болған, оған мысал ретінде парсы тілінде збан сөзінен туып қалыптасқан бірнеше тұлғаларды келтіруге болады: збан нұр – «тіл, сөйлеу, әңгіме, сөзшең, шешен»; збандан – «ақын, бірнеше тіл білетін адам»; збандаран – «көп сөйлейтін мылжың»; фринзбан – «өтірікші, суайт» [Л.З.Будагов «Сравнительный словарь турецко-татарских наречий. С-Петербург, 1871. – I том. – С. 603].
Маңғыстау ақын-жыраулар тілінде «үн, жыр, әуен, әуез» мағыналарын беретін поэтикалық қолданыс ретінде кездеседі:
Қайғы толса қалыбыңа,
Ұшқындап шығар зыбаннан (Аралбай);
немесе
Әлеумет тұрса анталап,
Ортаңызда отырып
Тарқатайын құмардан (Ізбас Есімұлы).
Қызылорда облысының Арал ауданында зыбан ұру тіркесі «әлек салу, айғай шығару» [ҚТТС 139] деген мағынада қолданылады. Сонда қайғы толса қалыбыңа, ұшқындап шығар зыбаннан – «жүрекке толған қайғы тілмен, үнмен қайғы-қасіретті, шерлі жыр болып сыртқа шығады» деген ұғымды береді. Сыртқа жай шықпайды, ұшқындап шығады. Осы жерде жоғарғы кернеулі тоқ жіңішке сымның бойына сыймай жарқ-жұрқ сыртқа шығып, отты ұшқын шашатыны көзге елестейді. Жүрегін қайғы-қасірет қамаған ақынның тілі де өткір, жыры да барынша қаралы, қайғылы.
ҚАЛАЛ.
Іздеп келсем басыңа,
Атаңа сәлем бермедің.
Қалалдан болған асылым,
Айырылған бізден жөндерің (Аралбай «АБ» 186).
Парсы тілінде тұлғасы қалалға жақындайтын екі сөз бар: һелал – «заңды рұқсат етілген», һәлал – «туған айдай, таза, пәк» [Ислам Жеменей Парсыша-қазақша және қазақша-парсыша сөздік. А.: Санат, 1994. – 267-бет]. Ұйғыр тілінде һалал – «адал» деген сөз (Уйгур.русс.слов.). С.Нақысбековтің көрсетуінше, әдеби тілдегі адал сөзі Қазақстанның оңтүстік говорында алал болып айтылады [С.Нақысбеков Қазақ тілінің оңтүстік говорлар тілі. А.: Ғылым, 1982 – 15-бет]. Келтірілген контексте қалал сөзі «жаңа туған айдан жаратылған» немесе «таза адал, пәктіктен жаратылған» мағынасында алынып тұр. Қазіргі күнделікті қолданыстағы адал сөзінің түп-төркіні парсының «туған айдай таза пәк, заңды» мағыналарын беретін һелал немесе һәлал тұлғаларынан шыққан. Оған дәлел жыр тілінде сақталып қалған қалал сөзі.
ҚҰЛДАНУ. Бұл тұлға ұ/о, о/ұ алмасуына ұшырап, әдеби нормадағы қолдану сөзіне балама түрде қазақ тілінің батыс говорында кездесетін диалектизм ретінде түсіндіріліп жүр. Бірақ әдеби тілдегі қолдану сөзі қол түбірінен шықса, құлдану – құл түбірінен шыққан болуы керек, өйткені мұнда «пайдалану, тұтыну» мағынасынан гөрі «меншікті ету» ұғымы басымдау. Айталық, Аралбай ақын:
Жиырма бес жыл құлданып,
Қызығына қолым сермедім, –
дегенінде баласын жиырма бес жыл меншіктеп, қызықтағанын айтса,
Дәуіттің ұлы Сүлеймен,
Аспан мен Жердің арасын,
Патша болып құлданған, –
деп, елді иеленіп, билеуді айтып отыр. Сонда әдеби нормадағы қолдану сөзі мен диалектілік ерекшелік ретіндегі (сонымен бірге жыр тіліндегі) құлдану тұлғалары бір морфеманың (қол, құл) екі түрлі морфтары емес, әрқайсысы дербес морфемалар болуы керек. Осыған ұқсас тілдік құбылыс Маңғыстау диалектісіне тән ұқсату және оқсату тұлғаларынан да байқалады. Мысалы, Сәттіғұл:
Шайырың жақсы көреді,
Оқсаулы байрақ алғанын, –
деп оқсаулы байрақты – «дұрыс, келісті жүлде» деген мағынада қолданған. Ал Маңғыстау өңірінің ауызекі тілінде оқсау, оқсап қалу, оқсатты сөздері «келісі келу, келісті» деген жағымды мағынасына қара ма-қарсы «қатты жапа шектіру, бүлдіру» деген мағынада да қолданылады (ол мұны оқсатқан екен).
МҰРАДЫ, МҰРАЛЫ.
Байрақты жерде күресіп,
Талайдың аттап басынан,
Бұдан да бітті мұрадың.
…Сен дүниеге келгенде,
Болынып еді мұралым.
Бермесе Алла қайырын,
Мен мұраттан айырылып,
Тарқады қолдан құралым.
Белімді мықтап таңғандай,
Болып отыр бүгін мұрадым.
Маңғыстау тұрғындарының тілінде: мұралы беру, мұрады болу тіркестері «айтқаны болу, дегеніне жету» мәнінде қолданылады. Қалыпты қолданыстағы мұрат, мұратына жету тұлғаларынан мүлде алшақ кетпесе де, мағыналарында реңктік айырма бары байқалады.
ҚЫЛАП.
Қоспасыз нағыз алтыным –
Тоңға салса тосырқап,
Қайтпады сенің қылабың.
Осы "қылап" сөзі алтын, күміс, болаттан жасалған асыл бұйымдардың жарқылдаған, көз қарықтырар сұлулығын, мұқалып, майырылмайтын беріктігін суреттеуде қолданылатын поэтикалық тұлға болса керек. Нұрым жырау сұлу қыздың бейнесін:
Ақ жүзің ақ күмістің қылабындай,
Мойының самаурынның сылабындай, – деп суреттейді.
ЖОСПАЛ (ЖОСПАЛДАУ).
Артыма үш жыл қарап жалтақтадым,
Айтар деп оқиғаны жас балдарым.
Жас балдар оқиғаны айтпаған соң,
Азырақ тыңдасаңыз жоспалдадым.
Жоспал сөзі – жосы, жосыл, жосық негіздерімен түбірлес. Аталған тұлғалардың тағы бір нұсқасы – жосын – Алпамыс батыр жырында бар:
Берейін саған осыны,
Айуан тілін аңғарар
Сөзіңнің жота-жосыны.
Р.Сыздықтың еңбегінде жосын сөзі «сөздің жөні», «жөн, рет, тәртіп, «әдет-ғұрып, салт» мағыналарымен түсіндіріледі (Сыздық Рәбиға. Сөздер сөйлейді. А.: Арыс, 2004. – 83 б.).
Елдің басынан өткен оқиғаны жыр тіліне түсірмес бұрын Аралбай ақын тындаушысына сөз арнайды: Бір кезде «дуды көрсе дүсірлеткен дүлдүл» болғаныммен, енді жас ұлғайып, «арнасы қайтқан дариядай таусыла бастаған шақта амалсыз жырлап отырмын. Оқиғаның жосығын айтып отырмын» дейді.
Сәттіғұлда:
Мұндай еткен ісіңнің,
Ете алмас ешкім жоспалын, –
түрінде қолданылған. Олай болса, жоспал сөзі де «әңгіменің жөні, реті» мағынасындағы туынды зат есім.
ЕҢСЕСІ КЕТКЕН ЖҮЙРІК.
Еңсесі кеткен жүйрікпін,
Еріксіз шауып бұланған.
Жырау өзінің жалғыз баласынан айырылып, қайғыменен зар төккен қалпын еңсесі кеткен жүйрік образымен береді. Әдеби нормада еңсесі түсу («көңіл-күйі болмау, қайғыру, жүнжу») тіркесі бар. Еңсе сөзінің дербес, негізгі мағынасы көне түркі ескерткіштері тілінде де, туыстас түркі тілдерінде де «желке, мойын, екі жауырынның арасы» мағынасында [Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. «Кодекс куманикустің жиілік сөздігі», т.б. сөздіктер бойынша] В.В.Радловтың [718-бет], Э.В.Севортянның [Этимологический словарь тюркских языков. – Москва: Наука, 1974. – 190 б] сөздіктерінде де негізінен осы мағынасы көрсетілген. Севортян еңсе сөзінің «күш, қайрат» деген ауыспалы мағынасын да береді.
Аралбайдағы еңсесі кеткен жүйрік тіркесінің мағыналық астарында осы ауыспалы мәні жатуы мүмкін. Немесе бұл жерде еңсе сөзінің сөздіктердегі мағынасы емес, оның уақыт өтуімен ұмытыла бастаған бастапқы ішкі формасы, ішкі мәні тіркестің поэтикалық мағынасына негізге алынса керек. Себебі еңсесі кету алдымен адамға емес, жүйрік атқа қатысты алынып тұр (адамды жүйрік атқа ұқсату – екінші орында). Бұнда «мұқалу, шабысынан жаңылу, болдыру» деген образды мағына бар. Тұлпардың желкесіндегі жалы оның мықтылығының белгісі. Жалы кеткен жүйрік шаба алмайды. Соған қарағанда осы тіркестегі еңсе сөзі «аттың желкесіндегі жалы» мәнінде алынбады ма екен деген ой келеді.
Нұрым Шыршығұлұлында:
Бәйгеден келген боз шұбар,
Мұны көркем көрсеткен.
Құйрығы менен жал болар,
Жал, құйрықтан айырылса,
Шұбар шолақ тай болар [Алқалаған әлеумет. 68-бет], – деген жолдар бар. Осында «боз шұбардың» құйрығы мен жалы оның сыртқы көркемдігінің ғана емес, бәйгеден келген жүйріктігінің, мықтылығының да белгісі, кепілі болып тұр. Бәйгеден келер боз шұбар мен шұбар шолақ тайды салыстыра қарағанда бұған көз жеткізуте болады.
Ал Аралбай ақынның:
Еңсеме түсті ауыр жүк,
Тарта алмай жүкті зорландым, –
деген жолдарындағы еңсеге ауыр жүк түсудің «басына қайғы түсуді» беретін образды ұғымына еңсенің «желке, мойын» мағынасы негіз болып тұр.
ШАРШЫ. Қаума, құрма, алқа сөздері сияқты жыраулар тілінде «жыр тыңдауға жиналған топ, өнер ортасы» деген мағынада жұмсалатын поэтикалық тұлға. Ақтан жырауда:
Мәжілісті жерге келгесін,
Тәңірім жел сөз бергесін,
Тартпайын басым шаршыдан
немесе:
Шешендіктің белгісі,
Алқалы топ-шаршыда.
Әлеуметті иіріп,
Үгіт айтқан термеден.
[Жыр дария. Ақтау, 1995. – 155-156-бет].
Аралбай жырау шаршы сөзін «басына іс түсу, басы талауға түсу» деген эмоциональды-экспрессивті реңкте қолданады:
Замандас ағам, Қашеке-ай,
Мен – қанаты сынған қаршыға.
Қанатынан айырылса
Қаршыға түсер шаршыға.
Қашеке-ау, «өлең айт» дедің,
Біздей бір ғаріп-жартыға.
Аралбай жырау – ауызша поэтикалық мектептің өкілі. Ауызша авторлы поэзиядағы уақыт талқысына көнбей, «қатарын жоғалтпай», жыраудан-жырауға, жыршыдан-жыршыға эстафетадай беріліп келе жатқан жәдігер сөздер жыраулық поэзияның көркемдігін беруде өзіндік орны бар поэтизмдер болып саналады.
Мұндай тілдік жәдігерліктердің ауызша поэзия тілінде ұмытылып не өзгертіліп, болмаса түсіп қалмай, сақталып жетуіне бірнеше факторлар себеп болуы мүмкін. Жыраулық дәстүр арнайы мектеп болып қалыптасқан, ғасырдан-ғасырға халықтық мұра ретінде мақсатты түрде жалғасып келе жатқан ұлттың мәдени қоры, рухани байлығы болып есептеледі. Өнер жолына түскен адам ұрпағына материалдық байлықты емес, сөз байлығын мұра етуді көбірек мақсат тұтқан. Сол үшін арнайы шәкірттер тәрбиеленіп, өнер ортасының сынынан өткізілген. Қазақ халқы өзінің ата тек шежіресін қалай қастерлеп, сақтаса, сөз өнерін де солай кие тұтып сақтаған.
Жыраулық мектептер жыр мазмұны мен мақамын ұрпақтан-ұрпаққа қастерлеп жеткізумен қатар, «жырдың көркем кестесін» де бұзбай кейінгіге жеткізуді қатты қадағалаған. Бұған жырды жеткізушілердің өз кәсібіне адалдығымен қатар өзіндік ерекше қабілеті де үлесін қосқан дей аламыз. Мұндай көне не кірме, поэтикалық мақсаттағы сөздер қарапайым тыңдаушыға түсініксіз болып көрінгенмен, сол жыршылық мектептің өкілі үшін (дәстүрдің жалғастығы мезгілге бағынбайды) поэтикалық дәстүрлі, түсінікті сөз болуы да мүмкін. Себебі жыршылық танымға тән менталдық білім, дүниенің танымдық бейнеленуі жыраулық үрдіс үшін ортақ болуы керек. Онсыз кейінгі жыраулар мен (Сәттіғұл, Ыбырайым ахун, т.б.) алдыңғы толқындардың (Абыл, Нұрым, Қалнияз, т.б.) арасындағы поэтикалық «шынжыр» үзілген болар еді.
Бибайша Нұрдәулетова,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Ш.Есенов атындағы Каспиaй мемлекеттік
технологиялар және инжиниринг университеті,
Ақтау.
«Ана тілі».