Тасын түртіп қалсаң, тарихынан сыр суыртпақтайтын салқар даламыздың төсінде тарихи ескерткіштер мен қорымдар көп. Солардың бірі – Астана қаласынан 120 шақырымдай ғана қашықта жатқан «Құмай» түркілік археологиялық–этнографиялық қорым-ескерткіші. Осы қорымдарды зерттеп жүрген ғалымдар оны Астананың дәл іргесіндегі ірі туристік кешенге айналдырудың маңызы зор екенін айтады. Өйткені олар қасиетті қазақ жеріндегі өркениеттің бірден үш дәуірінен сыр шертетіндігімен-ақ шетелдік туристерге ғана емес, бүгінгі өскелең ұрпаққа да қызықты болуы тиіс.
Ақмола облысының Ерейментау ауданы Жыланды тау жотасының етегінде («Бұйратау» ұлттық тарихи саябағына тиіп тұр) жатқан бұл қорым 2009 жылы табылып, содан беріде тарих ғылымының докторы, түркітанушы Айман Досымбаеваның жетекшілігімен қазылып, жан-жақты зерттеліп келеді. Құмай өзенінің сол жағалауындағы алқапта радиусы 3-7 шақырым аумақта жатқандықтарына байланысты мұндағы қорымдар ғылыми айналымға да осы атаумен енген. Ал оның құрамында түркілік ғұрыптағы «Қос батыр» тас мүсінді түркілік қоршауы, қола дәуіріне тән (жерлеу құрылысы) бейіт, түркілік ғұрыптағы Қарағайлы -1, Қарағайлы-2, Қарағайлы-3 тас қоршаулары, қола дәуіріне тән Қарағайлы-4 қорымы, «Мұртты» қорғандары, ежелгі қоныстың орны мен тас мүсіндер, Балықты-1 қорғандар тобы, сондай-ақ ортағасырлық жерлеу құрылымдары секілді аса құнды ескерткіш-жәдігерлер бар. Яғни қорымдарды топырақтан аршып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу барысы бұлардың әрқайсысы біздің арғы бабаларымыздың өмір сүру салтынан, олардың жеткен өркениетінен мағлұмат беретін, аса құнды деректі дәйектердің көрнекті жиынтығы екенін көрсетті. Ендігі жерде осынау құнды жәдігерлерімізді ашық аспан астында тұрған қорым күйінде қалдырмай, ұрпаққа көрсетіп, өнеге қылатын, жатқа көрсетіп, тегімізді таныттыратындай ғылыми-танымдық әрі туристік кешенге айналдырсақ, игі болар еді. Осындай ұлы мақсатты ұстанған ғалым Айман Досымбаеваның аталған қорымдарды ғылыми зерттеу және сақтау, мемлекет қамқорлығына алу тұрғысынан атқарған еңбегі ерен. Ұлттық мұраға жанашырлықпен қараған ғалым ашылған барлық ескерткішті құжаттандыру, картографиялық, топографиялық сызбаларын, суреттерін түсіріп, ғылыми түсініктемелерін жазу, Ақмола облысының Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану басқармасының есебіне тіркету жұмыстарына мұрындық болды.
Археология магистрі, түркітанушы Әбдінұр Нұсқабаймен бірге осы ескерткіштер туралы толыққанды ғылыми-танымдық мағлұматтар беретін «Құмай» түріктік археологиялық-этнографиялық кешені» атты кітапты жарыққа шығарды. Кітаптың тұсаукесерінде ғалым осы ескерткіштер қорымын ірі туристік кешенге айналдыру бойынша «Назарбаев орталығы», Еуразия Ұлттық университеті және Түркия Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (ТІКА) бірлескен жобасында таныстырған еді. Бұл жобаның маңыздылығы сол, ол – «Құмай» археологиялық – этнографиялық кешені» ландшафтты мұражайы мен қазақ –түрік халықаралық орталығын құруды көздейді. Егер бұл жоба іске асатын болса, сөз басында айтқан Астана маңынан бой көтеретін ірі туристік кешен осы болмақ. Мысалы, аталған ескерткіштер қорымын тарихшы Зейнолла Самашев тарихи, мәдени және туристік кешенге айналдырудың маңызды екендігін айтады.
Зейнолла САМАШЕВ, тарихшы:
– Бұл қорымды үлкен тарихи, мәдени және туристік кешенге айналдыру – болашақтың ісі. Өйткені бұл қорым көне түркі дәуіріне жататын тас мүсіндер кешені болып есептеледі. Орта ғасырларда өмір сүрген көне түркі халықтарының мәдени дамуының ескерткіштеріне жатады. Олар бір жағынан бейнелеу, тас қашау өнерінің көріністерін берсе, екінші жағынан орта ғасырларда өмір сүрген ата-бабаларымыздың тұрмыс-салтынан, діни-нанымынан хабар береді. Соларды зерттеуге қажетті материал, дереккөз.
Расында да, кешенді ғалымдар айтып отырғандай деңгейге жеткізіп, дамытуға әбден болады екен. Оған осы жобаға сараптамалық қорытынды берген ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымының докторы Оразақ Исмағұловтың пікірін дәлел ретінде келтіруге болады. Осы сараптамалық қорытындысында:
«Құмай» археологиялық – этнографиялық кешені» ландшафтты мұражайы мен қазақ –түрік халықаралық орталығын құру өзекті және ғылыми ойлау, ғылыми орта үшін өте маңызды, мемлекеттің әлеуметтік және имидждік саясаты саласынан лайықты орын алады», – деп тұжырымдаған академик болашақ мұражайды ғылыми орталық және тарихи қалыптасқан өндіріс технологияларын визуалды түрде қалпына келтіретін зертхана ретінде пайдалануға болатынын айтыпты.
Оразақ ИСМАҒҰЛОВ, ҚР ҰҒА академигі:
– Атап айтсақ, Қазақстан аумағында қола дәуірінен бері үздіксіз қолданылып келе жатқан ежелгі металлургия дағдысы, дәстүрлі қолөнердің көптеген түрлері, керамикалық, зергерлік, былғары, мата бұйымдары мен қару үлгілерін жасау секілді әлемдік тәжірибеде аналогы бар мұраларды сақтау жөніндегі авторлардың идеясы халық арасында қызығушылық тудырады және жастарды тәрбиелеп, оқытуда маңызы өте зор.
Ал енді аталған жоба жөнінде берген қорытындысында Хельсинки университетінің (Финляндия) әлемдік мәдениет кафедрасының классикалық археология доценті доктор Збигнев Т. Фиема: «Бұл – Қазақстанның мәдени мұраларының экспозициялары негізінде туризмді дамыту мен мұражайтану, этно-археологияны ғылыми-зерттеу тұрғысынан инновациялық тұжырымдарды қамтыған өте амбициялық және көрнекті жоба», – деп бағалапты. Соған орай, ол бұл кешенді жоспарлы дамытудың шешуші тетігі қаржыландыру мәселесіне тірелетінін де меңзеген. «Өйткені бұл жоба Қазақстан ауқымында, тіпті Орталық Азия өңірінде бірегей кешенге айналуы мүмкін», – дейді З. Т. Фиема.
Бүгінгі қазақ даласы әлемдік өркениеттің ошағы болғанын айғақтайтын асыл қазынамыз ашық аспан астында жел мен жаңбырға мүжіліп, жоғала бермек. Олармен бірге адамзаттан алғаш болып асауды жуасытып, темірден түйін түйген, беріде төрткүл дүниені тітіреткен бабаларымыздың асыл рухы да өшпесін десек, ұрпаққа мысал етер көненің осындай көздерін сақтауға жұмылғанымыз жөн-ақ.
Айбын БАҚЫТҰЛЫ,
Астана, «Алаш айнасы».