Қазы табыс көзіне айналды

5294
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық тағамның қадірі артып, сұраныс ұлғайып келеді. Шетелдің жартылай піскен тағамдарынан бас тартып, мал бағу, ет және ет өнімдерін жасау жолға қойылды. Ақтөбелік кәсіпкер ысталған қазы жасап, оны «Саржайлау» атады. «Жергілікті кәсіпкерлер жылқы етін тапсырып үлгерсе» дейді Данат Шураханов. Ол алдағы жылдары қазы айналдырудың түрлі тәсілін пайдаланып, тіл үйірер тағамның бірнеше сортын жасауды көздеп отыр.

Қазының дәм-тұзы ерекше. Әсіресе, сүрленген тағам тіл үйіріп, «жесең тісіңе, жемесең түсіңе» кіреді. Соғымға жылқы сойғанның дастарқанынан табылатын қазы қазір базарда самсап тұр. Тек таңдап, нағыз тағамды ажырата білу қажет. Ақ­төбелік кәсіпкер Данат Шураханов шағын қазы цехын озық технологиямен жабдық­тады. Мұнда 10 жұмысшы тәулігіне 500 келі ұлттық тағам әзірлейді. Басты мақсат – қазының құндылығын жоғалтпай көп­шілікке ұсыну, дайындау технологиясын сақтау. Ол үшін жылқы етін дәстүрлі әдіс­пен айналдырады. Әзірге қазының екі түрі ғана шығарылады. Кәсіпкер Д.Шураханов: «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарла­масының көмегі тиді. Шетелден өндіріске қажет құрылғылар алу үшін несие ал­ғанбыз. Оның 70 пайызына «Даму» кәсіп­керлікті қолдау қоры кепілдік берді. Суб­сидияға ілігіп, несиенің 7 пайызы мем­­лекеттің көмегі ретінде төленіп отыр» дейді. Өндіріс орны жылына 120 тонна жылқы етін өңдейді. Мұнда шетел құрал-жабдықтарымен жұмыс жасайтын маман­дар да оқытылды. Сапаға ден қойған өн­діріске мемлекеттің бақылауы да, қолдауы да мықты.

Ұлттық тағамның қадір-қасиетін жетік білетін қазы айналдырушы Алма Тәженова анадан қалған әдісті пайдаланады. «Кіш­кентай кезімнен көрген жұмысым, әдіс-тәсілім. Әке-шешеміз де мал бақты. Бұл – анамыздың көрсеткен үлгісі. Сондықтан қазыны айналдырғанда тиімді, дәм­ді бол­ғанын ойлаймыз, – дейді ол.

Қазы ай­налдыратын цех мамандары «Әріптестік байланыс» бағдарламасы бойынша Герма­нияда шеберліктерін шыңдады.

Негізгі ой – дәстүрлі ұлттық тағамды әлемдік нарық­қа халықаралық талаппен шығару. Мұнда етті өзің таңдап, қазыны қалауыңша ай­нал­дырып алуға болады. Алдағы жылы цехта шығарылатын ұлттық тағамның түрі көбейтіледі. Қоректік қуаты жоғары, дәрумені мол қазақтың қазысы – Кедендік одаққа енген көрші елдерге де экспорт­талады.
Шағын цех 40 миллион теңгеге салын­ды, тең жартысы – кәсіпкер қаржысы. Қа­зір мұнда жеткізу қызметі де бар. Ар­найы жүк көлігі тапсырысты уақтылы орын­дай­ды.


Алтынай САҒЫНДЫҚОВА,
Ақтөбе

Пікірлер